Қазақстандағы өзге ұлт өкілдері Наурызды қалай тойлайды?

Қазақстандағы өзге ұлт өкілдері Наурызды қалай тойлайды?

Қазақстандағы өзге ұлт өкілдері Наурызды қалай тойлайды?
ашық дереккөзі
Қазақстан – мемлекет құраушы қазақ ұлты және көптеген ұлт өкілдері тірлік кешіп жатқан құқықтық-де­мократиялық мем­лекет. Соның бір көрінісі – еліміздегі Қазақстан халқы Ассам­блея­сы ат­ты қоғамдық ұйым. Ассамблея еліміздегі көптеген ұлттың мәдениеті мен тілін дамытуға көмектеседі. Ал салт-дәстүрі мен діни наным-сені­міне келсек, елімізде тұратын өзбек, ұйғыр, түрік, түркімен, әзер­байжан, татар, башқұрт, но­ғай, қырым татары т.б. түркітектес ха­лықтардың әдет-ғұрпы бір-біріне жақын. Сондықтан олардың Наурыз мерекесін тойлауы да ұқсас деуге болады. Өзбек ұлты наурызды қалай қарсы алса, келер жыл солай өтеді деп се­неді. Сол себепті бір-бірін кешіріп, жа­қын­дарына сыйлық ұсынып, қуанышқа бө­ленуді мақсат етеді. Жұрт ұлттық киім­дерін киіп, ән айтып, биге басады. Әтеш тө­белестіріп, ит таластырады, қошқар сү­­зіс­тіріп, қы­зыққа батады. Кей өңірлерде бәй­­ге, жорға салады. Алуан түрлі тағам жа­­сайтын өзбек әйелдері бұл күні «қазан тол­­ды» дайындап, наурыздың сыйлы асы − сумалякты жа­сайды. Бидай ұнынан жа­салатын сумаляк­ты бақытты өмірдің, мол­­шылық пен жылылықтың тағамы деп ырым­дап ішеді. (Өзбекстанда Наурыз мей­­рамы 21 наурыз күні тойланады). Түркімен халқы жыл басын «Нев­руз» деп атайды. Мереке қарсаңын­да үй-іші тазартылып, ұлттық тағамдар әзірленеді. Бұл күні дайындалатын тағам неғұрлым көп болса, соғұрлым келер жыл ырысқа толы болады деп болжайды. Нев­руз күні­не орай түрікмен халқы «семени» деп ата­латын ұлттық тағамдарын дайын­дап, кел­ген қонақтарға ұсынады. (Түр­кі­менс­тан­да наурыз мерекесі наурыздың 21-22-сінде тойланады). Наурызды түрік халқы «Жыл басы» деп санайды. Мереке қарсаңында ұлт­тық тағамдар (әсіресе ашура) пісіріп, ха­лық таза киімдерін киіп, бір-бірінің үйі­не барып, мерекемен құттықтайды. Ме­реке күндері халық көңіл көтеруі тиіс. Ме­рекеден бұрын ренжісіп қалған болса, нау­рызда дереу татуласып, бар өкпе-реніштерді ұмытуы тиіс. Сондай-ақ нау­рызда бейіт басына барып, дүниеден өт­кендер рухына дұға бағыштайды. Бұл күні от жағып, оның үстінен жеті рет се­кіреді, бұл отбасына жетістік әкеледі де­ген се­нім­нен туған дәстүр. (Түркияда 21 наурыз күні Наурыз мерекесі аталып өті­леді. Сонымен бірге Түркияның әр ай­ма­ғында Наурыз мерекесін тойлаудың өз дәстүрі болғандықтан, бұл мерекенің ел ара­сында «Айдың соңы», «Сұлтан невру­зы», «Невруз сұлтан» деген де атаулары бар). Әзербайжан халқы Наурыз мей­ра­мын күн мен түннің теңес­кен күні ре­тін­де атап өтеді. Мереке күні дас­тарқанның басты тағамы шекербура дайын­далады. Ол – ай пішіндес қамырдан жа­салған тәтті тағам. Мұнан сырт, бидай қуырылып, жұмыртқалар қызылға боя­лады. Бұл күні адамдар бір-біріне бақыт пен молшылық тілейді. Дәстүр бойынша «тонгал» деп аталатын от жағып, одан жеті рет секіре­тін болған. Әзербайжан халқында Наурыз күні жаңбыр жауса, «келер жыл жақсы, берекетті, өнімді жыл болады» деген сенім бар. Наурыз айындағы барлық сәрсенбі күн­дер қасиетті болып саналады. Бұл күн­дерді «юскю» деп атайды. Сейсенбі кү­ні ер адамдар қайтқан туған-туыс­тары­ның бейітіне барып, дұға қылады. Бейіт басына әйелдер де барады. Өздерімен бірге алуа, шәрбәт сияқты тағамдарды ала барып, бейіттен қайтқан соң, оны кедей-кепшіктерге үлестіріп береді. Невруз қар­саңындағы сәрсенбі күнін «ахыр чер­шен­бе» деп атайды. Бұл күні үй-ішін жинас­тырып, ыдыс-аяқтарды тазалайды. 7 ұлт­тық тағам қосылған «йеди-левин» та­ғамы әзірленеді. (Әзербайжан Респуб­ликасында Наурыз мейрамы бес күн бойы тойланады). Ұйғырлар наурыз мерекесінде «сан­за» деп аталатын тағамды пісіреді. Сон­дай-ақ түрлі өсімдіктен жасалған «Би­дашүшір» тұш­парасы да осы күні әзір­ленеді. Мейрам қар­саңында ұлттық та­ғам­дарды әзір­леу­ден әйелдер арасында сайыстар ұйым­дас­тырады. Мейрамда би билеп, ән салып көңіл көтергенді жақсы көреді. Ақсақал­дардан бата алып, үй-үйді аралап қонақ болады, барған үйлерінің адамдарын міндетті түрде өз үйіне ша­қырады, себебі наурыз күні үйіне келген қонақ өзімен бірге құт-береке әкеледі деп сенеді. Татарлар Наурыз мейрамы қар­саңын­да үй-іштерін жаңалап, аулаларын тазартады. Мейрам күні кәрі-жасы көшеге әдемі киініп шығып, бір-бірінің үйіне барады. Ал татардың жас балалары Ұлыс­тың ұлы күні әдемі тілектерін айтып, жа­қын маңдағы үйлерді аралайды. Ере­сектер балаларға боялған жұмыртқа мен арнайы даярлаған тәттілерін ұстатады. Мейрам күні татар халқы дастарқанына чак-чак, коштеле, күлше, куллама, тукмач, пәрәмәч, губадия секілді ұлттық тағам­дарды қояды және мейрам күні арнайы бөлінген алаңдарда ән салып, би билеп, бәйге, шелекпен жүгіру, таяқ тартысы се­кілді татардың ұлттық ойындарын ой­найды. Қазақстанда тұратын шығыс халық­тарының бірі − күрдтер. Наурыз мейрамы ежелгі күрд халқында 31 тамызда тойла­натын болыпты. Кейін араб күнтізбесін қабылдағаннан кейін наурыз айына ауысыпты. Қазір наурыз мейрамын күрд­тер 21, 22 және 23 наурызда тойлайды. Мере­кеде адамдар ашық алаңқайларда жиы­лып, көптен күткен көктем мереке­сі­мен бірін-бірі құтықтайды. Қыз-келін­шектер түрлі түсті көйлектер киіп, бас­тарына мата қиындылармен безендірілген орамал тартады. Жиылған халық от жа­ғып үстінен секіреді, ән айтылып, би би­леп ­соңы үлкен мерекелік кешке айна­лады. Жалпы, шығыс халықтарында, оның ішінде түркітектес халықтар арасында Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі өте ұқсас. Наурызға қатысты ырым-тыйымдары да жақын. Біз жоғарыда еліміздегі бірнеше диаспораның наурызды қалай тойлайтынын айтып өттік. Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы түрлі ұлттардың наурызды қалай тойлайтынын көрсете отырып, Қазақстандағы Наурыз мейрамын елімізде белгіленген күнде өзгелермен бірге тойлайды. Өйткені еліміздегі Наурыз мерекесі жалпыға бірдей жаңа жыл, көктем мерекесі ретінде орныққан.

Бетті дайындаған

Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ