Қатонның қара нары
Қатонның қара нары
Таяуда Қатонқарағайдағы орман тұқымы өсетін паркке Шаймардан Оразаевтың есімін берген екен. Қаулы қапысыз дұрыс шыққан. Біз оны Шәкеннің ұлы Құрметтен естігенбіз. Содан бергі күндері Қатонқарағай туралы, оның орманы, орманшысы туралы сол өлкенің перзенті, соны сүйіп өскен азаматтар туралы ой кешіп жүрдік. Ой орманы дейтін сөз бар ғой. Санамызға сондай бір орман ойлар шөкті, көз алдымызға керім өлкенің кербұғылары келді.
«ЕЛІҢДЕ КІМ БАР?» ДЕГЕНДЕ
Қатонқарағайдың жұрты өздерін «Қатон елі» дейді, кейде «Қаратай елі» деп те айтады. Мұндағы «Елі» деген сөз ерекше бір «сүйікті өлке, сүйікті қауым» деген мағынада. Шаймардан сол Қатон елінің азаматы, Қаратай жұртының жігіті.
Қазақта тағы бір сөз бар, «Еліңде кім бар?» деген. Ол салмақты сұрақ. Өзің ғана емес, ұрпағың да осы сұраққа жауап бере алғаны керек.
Әкімді атау «Еліңде кім бар?» деген сөзге жауап болмайды. Ал мынау Шаймардандар сол өзі тірі кезінде, көзі тірі кезінде, күш-қуаты бар кезінде «Еліңде кім бар?» десе, «Сүлейменнің Шаймарданы бар!» дегізген жігіт. Үйіңе келген қонақты да осы үй туралы, осы әулет жайлы біліп аттансын, сүйініп аттансын, осы өлкені, осы жерді құрметтеп аттансын деп қарсы аласың. Ол ел азаматының тілегі. Елінің алдындағы рухани міндеттілігі. Шаймардан да сондай болған кісі екен. Өзінің замандастары, достары солай еске алады. Оның көзі тірі кезіндегі қаламгерлермен сұхбаттары, әңгімелері бізге соны меңзейді. Ол елдің азаматы болған.
ПРЕЗИДЕНТТІ ҚАРСЫ АЛУ
Қазақстан тәуелсіздікті алған кезде сонау шығыс түкпірде, таудың қойнауында жатқан Қатонқарағай былай тұрсын, бүкіл халықты үйіріп ортасына жиып тұрған Алматы, Семей, Қарағанды, Атырау, Шымкент сияқты қалалардың өзі кіріптар күйге түскен. Сондай қиын кезеңдерде ауданды басқарған Жанымхан, Шаймардан қатарлы Қатонның жігіттері Қатонқарағайды аудан ретінде, аумақ ретінде, ел-жұрт ретінде еңсесін түсірмей бар қиындықтан алып өтті. Жай ғана алып өткен жоқ, жарқыратып, жайнатып алып өтті. Бір ғана мысал айтайық: енді ғана тәуелсіздік алған сонау 1993 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Қатонқарағайға барады. Өскеменнен тікұшақпен келіп Қатонқарағайдың аудан орталығына қонады. Президент түсетін үй ретінде Шаймарданның үйі таңдалып еді. Жол соңы Рахман бұлағы болатын. Одан ары қарай 100 шақырымға жуық таулы жол. Сол күндері күн бұлттанып, тікұшаққа ауа райы қолайсыз болады. Ал сонда ауданда жаңадан ғана бұғы мүйізіне айырбасқа келген екі Hyundai машинасы болатын. Сол екі көлікке Елбасын отбасымен отырғызып алып, Шаймардан, Жанымхан бастаған азаматтар Рахман бұлағына тартады ғой.
Жол бойы Шыңғыстай, Өрел, Аршаты, Берел ауылдары. Ал одан ары қиямет қыя тау жолы – екі-үш мың метр биіктіктегі Алтай асуы алда тұрады. Батыл жігіттер, батыр жігіттер Елбасын машинаға отырғызып алып, сол таулы-тасты жолдардан қиялап өтіп, Асқар Алтайдың кезеңін асып, Рахман бұлағына жеткізеді. Әрине, Елбасына лайық ерекше күтіммен қарсы алады. Шын мәнінде осы кезде Шаймардан басқаратын үлкен ұжымшарда он мың марал, үш жарым мың теңбіл бұғы бар еді.
Қараңыз, осыншама марал мен бұғы бір аудандағы бір ұжымшарда болған ғой. Он мың жылқылы бай болып еді, көп болып еді, бірақ он бес мыңдай маралды-бұғылы бай болды ма екен сол тұста, дүниенің қай түкпірінде бар ондай көп бұғы-марал? Шаймардан бастаған азаматтар сол тәуелсіздік қарсаңында аудандағы шаруашылықты бұғы өсіруге бейімдеп, ұйымдастырып, оның мүйізін, оның бітіміндегі дәрілік дүниелерді сонау Кореяға, тағы басқа шығыстың дамыған елдеріне тікелей сатып, аудан тірлігіне өң беріп жатқан кез болған. Мұндай бай шаруашылықты басқарып отырған кісі Алматыдан келген үкімет адамдарын қалай күтіп алатыны түсінікті ғой.
Елбасы айрықша разы болып аттанады. Екі күнге жоспарланған Рахман бұлағындағы демалыс аптаға созылған. Үлкен қойма толы араның балы. Ақ дастарқанға шелек-шелек балдың ақ көбігін қояды. Балға да кілегей түсетін көрінеді ғой. Ағаш аяққа балқымыз құяды. Айтпақшы, Қатонқарағайда «балқымыз» деген ұғым бар. Осы күннің өзінде де әр кісі түсетін әр үйде 10-20-дан, 40-50-ден бие байланады. Аман-сәлеммен отырар-отырмаста астаумен қымыз келеді. Қатонның керемет түрлі дәрілік шөптеріне жайылған жылқы жарықтықтың сүті – қымызы шынымен де дәру ғой. Ал сол сүтке бал сапырып ішетін халық осы Қатонда ғана болу керек. Сары қымыздың жанына қымыздан сәл ғана қоюлау ақшыл сары бал қойып, «қымызға бал сапырып ішіңіз» дейді.
Әрине, біздің Елбасымыз сонан бері Қатонқарағайға бауыр басып кеткені, жиі барып, демалып тұратыны жұртқа аян. Осының бәрі алғашқы күтіп алған елдің азаматтары – Шаймардан және Жанымхандардың тірлігі еді.
ОРАЛХАНДЫ МІНГЕСТІРУ
Қатоннан шыққан күллі қазаққа таныс әйгілі қаламгерлер бар. Кейде суреткерді де суреттей әсем табиғат туатын болу керек. Қалихан Ысқақ, Оралхан Бөкей, Дидахмет Әшімхан. Бұлардың бәрі де Қатонның суретін қағазға қаламмен көшірген суреткерлер. Қалихан Ысқақтың «Менің інілерім» деген бір әнгімесінде Шаймарданның тұлғасына сүйінген жазушы былай жазады: «Өз салмағы жарты тонна, тонна тартатын қарагер аттан қарғып түскенде қара жер солқ ете қалып еді» дейді екен. Шәкеңнің суретін ғана көрген кісі едік, енді оның бейнесі, салмағы, бітімді денесі көзімізге елестейді. Әрине, Қалекең суреткердің көзімен қарайды ғой. Сонда да болмасын, азаматтың алып тұлғасы көз алдыңа келеді. Сондай бітімді Шәкең шын мәнімен, жүрегімен де, жан-дүниесімен де кең болған ғой. Сонау жер-көктің бәрін отаршылар билеп тұрған заманда қазақтың ең шығыс түкпіріндегі Қатон шекаралық аймақ саналатын. Бірде Алматыдан оралған Мемсыйлық иегері Оралхан Бөкейді «шекаралық аймаққа жіберетін рұқсат қағазың жоқ» деп Қатон тұсындағы шекара-күзет бекетінде автобустан түсіріп алып қалады. Егер Оралханның шетен болмысынан хабарыңыз болса, жазушының қалай шамырқанғанын ойлай беріңіз.
Бұл әңгімені бұдан 20 жыл бұрынғы сұхбатында айтыпты. «Егемен Қазақстан» газетінен оқыдық. Жазушы замандасы Қайырды Назырбаевқа Шаймарданның өзі былай деп айтып берген: «Бұрын Кеңес заманында бұл ауданды ғұмыры қазақ басқарған емес. Сол тұста рухани мәселелерге жеткілікті көңіл бөлінбейтін. Ол тұста сыртта жүрген шығармашыл адамдарды бауырына тарту деген атымен жоқ-ты. Өзім куә, РКФСР Мем сыйлығының лауреаты мәскеулік жазушы Николай Горвачевті Нарын жерінде Құдайдай күтіп, ұлан-асыр той тойлап жатқанда Қазақ КСР Мем сыйлығының лауреаты Оралхан Бөкейді «погран зонаға пропускің жоқ» деп, туған жерінде автобустан түсіріп тастаған. Сөйткен Оралханды Шыңғыстайдағы әке-шешесінің үйіне радио комитеттің мотоциклімен түнделетіп мен жеткізіп тастағаным есімде». Шәкеңнің өз сөзі ғой. Оралханды мінгестіріп алып, Шыңғыстайға – жазушының туған үйіне түнделетіп апарғанда қорлыққа қаны қарайған Оралхан да, жазушы ағасының жанынан табылған намысқой Шаймардан да орманды Қатонның бояуы қою түнінде не айтып бара жатқанын тұспалдап ойлаңыз. Шаймарданның сонау жас кезінің өзінде-ақ елдегі ат ұстар азамат болғанын осындайдан көресің.
ОРМАНШЫДАН ОТАНШЫЛҒА
Айтпақшы, тұқым паркінің аты Шаймарданға берілуі тегін емес. Шаймардан – осы орман есімімен аталатын өлкенің орман мектебін оқып тауысқан алғашқы кәсіби маман. Еске осындайда түседі ғой. Бүкіл Алтай елінің ұлтсүйгіш ұлы, Қаратай-Қатон жұртының рухани көсемі Әбдікерім болыс та, сонау патша заманында-ақ орман оқуына барыпты ғой. «Қайда?» дейсіз бе?! Санкт-Петербордың Орманшылық академиясына. Кіммен дейсіз бе? Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханұлымен бір топта оқиды ғой. «Әттең-ай!» дегізетіні екінші курсқа өткенде әкесі істі болып сотталып, оқуын үзіп, Алтайға қайтқан. Әлекең – Әлихан Бөкейхан сол оқуды тәмамдап шыққан.
Тағы бір орманшы Алашорданың әскери қолбасшысы, ең соңғы оғы таусылғанша қызылдармен табандап атысып мерт болған атақты отыншы Әлжан да сонау патша заманында орман мектебін оқып тәмамдаған ғой. Содан ойлайсың, «Орманның оқуын оқып, туған жердің әр бұтасын, әрбір тал-түгін, әрбір қайың-талын, сыңсыған орманын, жайқалған жапырағын қолымен сипайтын, соны жетілдіремін деп, соны аман сақтаймын деп, соны жайқалтам деп, соған жапырақ жайғызамын» деп ғұмыр кешкен кісі туған жерді шексіз сүйеді екен ғой.
Шаймардандар сол туған жерімізге біреу ренжіп кетпесінші, кейіп кетпесінші дейтін, разы болып, сүйіп аттансыншы дейтін кісі ғой. Шаймардан барда Қатон еліне жолы түскен ел азаматтары әрқашан жылы көңіл, сағынышты естелікпен қайтып жүргені анық.
ҚАРАЙЫП ҚАТОНДА ҚАЛУ
Әбдікерім болыс – Қатон елінің – Қаратай жұртының кісілік стандарт биігі, рухани мәйегі болған жан. Қызыл терор кезінде басына қауіп төнген жұрттың біразын Арғыбет асырып кетіп, біраз жылдан соң Қатонын қимай ажал құшарға қайта оралған кісі. Иә, ажал таратып тұрған туған жерді қимай қайтып келген ғой.
Туған жерге деген сүйіспеншілік, туған жерге деген патриотизм ұрпақтан- ұрпаққа беріледі. Ол – қанда болатын дүние. Заманы басқа болғанымен Шәкең де сол туған жерді қиып кете алмаған жанның бірі болды. Жас басынан жұмысқа араласып, 16-17 жасынан, буыны қатпаған кездің өзінен атқа мініп, ауыл тірлігіне кіріскен кісі. Сол ауылдың сай-саласын, өсімдік түрлерін, өзен-бұлағын, әрбір қайнар тумасын санап, қарап өскен кісі, сол өлкені сүймей қайтсін?! Бүкіл саналы ғұмырын деп айтамыз ғой, сондай еңбегі сіңген өлкенің де басынан бағы тайқыған күндер болды. Тәуелсіз мемлекетіміздің тарихында, күн ашық, жер жазықта құлазыды. Сөйтіп, бағанағы он мың марал, теңбіл бұғы қаншама онмыңдаған жылқы, басқа да түліктер жекешелендірудің билеуінде кетті. Қаншама қайрат жұмсаған тірлік қақырап, талан-таражға түсті. Аудан әкімі ретінде сол қарсаңда алған жауап, айтылған уәде бір қиырға тасталды. Қатон Нарынға қосылып, аудан ауылға айналды. Туған жерін қимаған Әбдікерім болыс секілді тағы да Катонның жұртында, Қатонның қара қосында осы Шаймардан қалды.
Қатонқарағайды Үлкен Нарынмен қосып, аудан орталығын Үлкен Нарынға көшіргенде Қатонқарағай елді мекені ауылдық деңгейге дейін төмендеді, ер жасы елуге таяған Шаймарданның да мансабы бірге төмендеді. Ол аудан әкімінің орынбасары болды. Сөйте тұра басқа ауылдармен қақысы жоқ, мен осы Қатонда отыратын орынбасар болайын деп, Қатондағы кеңседе қалды. Ол тұста ұлы ұяға, қызы қияға қонып, Шәкеңнен тәрбие алған іскер текті азаматтар республикалық ірі құрылымдарға басшы қызметке жеткен. Шәкең балаларының артынан еріп үлкен қалаға, рахатты өмірге қарай талпынған жоқ. Қыста қар басып қалатын, жазда да бәсінен айырылып жүдеген халықтың көз алдында елінің еңсесін сүйеп, ес болып, ескі көз болып, Шәкең ғана қалды. Сол тұста іздеп барған тілшілерге айтатын көрінеді: «Бұл ауылдан мен кетсем кім қалады, Қатонның сұлу көркін, атақ-даңқын Оралхандар жазған сұлу суретін, табиғатын іздеп келген жұрттың алдынан кім шығады? Ел мен жерді, сай-саланы, өзен-бұтаны аралатып, оның тарихын сипаттап кім айтып береді? Осы жерді мекен етіп, осы тау-тасты қорғаған Қаратай жұртының тағы да басқа қазақ ұлыстарының бастан кешкенін кім еске салады? Кім дастарқан жайып, сүтіне көңілін қоса қатып, бір шәугім шайын береді? Сондықтан мен бұл жерден кетпей-ақ қояйын. Құдайға шүкір, балаларым мен армандап көрмеген биіктерді жағалап жүр. Келер ұрпақ – олардың өз өмірлері өздеріне. Ал менің өмірім Қатонмен бірге» дейтін көрінеді. Айтпақшы, бағанағы он мыңдап марал қамап, неше мыңдап теңбіл бұғыны тау-тасқа шығарған тұста аудан әкімінің орынбасары болған шаруа қожалығының басшысы деңгейіндегі Шәкең жиырма шақты елді мекенге автобус жүргізіп, Қатонның сай-саласында сарқыраған өзеннің қаншамасына көпір салуға басшылық еткен. Ол да Қатонқарағайдың түкпір-түкпіріне қан жүгірткен тамыр сияқты.
Кейде туған жер деген ұғым одан туған ұрпақпен әйгілі. Туған еліне шын мәнінде еңбек етіп, туған жеріне тура мағынасында орман өсірген, әрбір ағаштың, бұтаның, әрбір гүлдің бүрін, әрбір шөптің қауызын, әрбір орманның қаламшасын қадаған кісіге; орманды өлкенің ойлы жасыл желегін жамаған орманшы азаматына орман тұқымы паркінің атауы беріліп жатса «Оны неге берді екен?» деп бір кісі айтпас еді.
Шәкеңнің отансүйгіштігі, туған жеріне шексіз арналған махаббаты Қатон еліне, Қаратай жұртына мұра болған.
Бүгінде орталығында Оралханның қола мүсіні қасқайып тұрған Қатонқарағайдың кіре берісінде сайгүлігінің белін босатып, тауға қарап қабақ шытқан Қаратай баба ескерткішін көресіз. Бұл да Шаймардандар ұйытқы болып ұйымдастырып кеткен шараның бір белгісі еді. Қазір барсаңыз ескерткішке қарсы алаңқайдағы қабірстанда Дидахмет Әшімханның зиратына, ондағы мәңгілік композициясына бір сәт мұңая көз кідіртесіз.
Қазақтың қайсар елі Қатонқарағай жұртын, оның сүйікті сұлу мекенін, мыңдаған жылдық тарихтың есігі болған Берелді, ұлтымыздың алтын бесігі болған Алтайды біз шексіз сүйеміз. Шаймарданға арналған шара құтты болсын! Елдің де, орманның да тұқымы өссін!
Алмас АХМЕТБЕКҰЛЫ,
ақын, Мәдениет қайраткері