Оңтүстіктің алмасы брендке айналатын күн жақын

Оңтүстіктің алмасы брендке айналатын күн жақын

Оңтүстіктің алмасы брендке айналатын күн жақын
ашық дереккөзі
Оңтүстік өңірде алма бау шаруашылығын дамыту, оның келешегiн кемелдi ету мақсатында Түлкiбас ауданында өткен семинар-кеңестің берері мол. Оған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының жауапты мамандары, аудандар мен қалалар әкiмдерiнiң орынбасарлары, бау шаруашылығымен айналысушы бағбандар қатысты. Таңдаудың осы ауданға түсуi де тегiн емес. Өйткенi бұрын алмасымен атағы шыққан аймақтың даңқын қайта оралту жолында игі бастамалар көп.   Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы С.Тұрбеков бұл басқосу әр аймақтың өз ерекшелiгiн ескере отырып, осы маңызды саланы дамыту үшiн өзара тәжiрибе алмасу, жемiс көшеттерiн егу, оған күтiм жасаудың жаңа технологиялары мен озық әдiстерiн үйрену мақсатында ұйымдастырылып отырғанын тiлге тиек еттi. Аталмыш ауданда алма бауы шаруашылығының қарқынды түрде дамып келе жатқаны рас. Семинарға қатысушылар алдымен Мичурин ауылдық округiне қарасты «Мөлдiр» жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгiнде болып, жұмысымен жете танысты. Жергiлiктi бағбандар Түркияның «Яула Филис» компаниясымен бiрлесiп, осы мерзiмде 110 гектар алқапта қарқынды бау және 5 гектар танапта тұқым бақ өсiріп жатқан көрінеді. Сонымен қатар ауданда «Көктал», «Кентау» ЖШС, «Түлкiбас транссервис» жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктерi де қарқынды бау өсiрудi қолға алған. Түлкiбастық бағбандардың тыныс-тiршiлiгiмен толық танысқан семинарға қатысушылар өздерiн толғандырып жүрген сұрақтарына жауап алып, оңды тәжiрибелерiмен бөлiстi. Бұл кеңесте сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен кездесетiн кедергiлер де ортаға салынды. Жалпы таулы аймақта орналасқан, ауа райы қоңырсалқын Түлкiбас ауданы жемiс ағаштарын өсiруге өте қолайлы. Бүгiнгi таңда баудың көлемi 3115 гектарды құрайды. 2007-2015 жылдар аралығында мемлекеттiк бағдарламаға сәйкес алма бауы мен жүзiмдiк көлемi ұлғайтылып, 1 429 гектар алқапқа жаңа алма ағашының көшеттерi отырғызылды. Осылайша, облыс әкiмiнiң Түлкiбас ауданын жемiс-жидектi аймаққа айналдыру туралы бастамасы сәтті жүзеге асуда. Алма ағаштарын өсiруге ниет бiлдiрген ауыл шаруашылығы тауарларын өндiрушiлерге қосымша жер телiмдерi берiлiп, алма бауының көлемi жылдан-жылға ұлғайып келедi. «Кентау» ЖШС, «Зерде агро» ШҚ, «Түлкiбас транссервис» ЖШС бау өсірумен белсендi айналысуда. Шаруашылықтар жемiс ағаштарын күтiп-баптауда өркениеттi елдердiң, оның iшiнде Түркия, Польша мемлекеттерiнiң соңғы үлгiдегi озық тәжiрибелерiн пайдаланады. Бұл интенсивтi бауларға негiзiнен тамшылатып суару технологиясы кеңiнен қолданылады. Барлық қажеттi техникасы бар шаруашылық қызметкерлерiнiң еңбегi айтарлықтай жеңiлдетiлген. Агротехникалық шараларды уақтылы әрi сапалы жүргiзуге ыңғайлы. Мемлекет тарапынан жеңiлдiктер бар. Қарқынды бау үшiн көшеттер отырғызған кезде инвестициялық жобаларды субсидиялау бағдарламасы бойынша алғашқы жылы әрбiр гектарына кеткен шығынның 40 пайызы қайтарылып берiледi. Бұл аймақтың кезiнде алманың «Апорт» сортын өсiрумен де аты шыққаны мәлiм. Белгiленген талап бойынша апорт өсiру үшiн таңдалып алынған жер алқабы теңiз деңгейiнен 900 метрден жоғары биiктiкте болуы керек. Қазiргi кезде алманың осындай сортын өсiрiп жүрген шаруашылықтардың саны жылдан-жылға көбейiп келе жатқаны көңiлге қуаныш ұялатады. Аудан бойынша оның көлемi 200 гектарға жеттi. Бұл сорт қысқа мейлiнше төзiмдi, 7-8 жылдан кейiн өнiм бередi. Жемiсi iрi, бiр алманың салмағы 500-600 грамға дейiн тартады. Ал түсi алқызыл болып көз сүйсiнтетін сұрпы қыркүйек айында пiседi. Демек, апорт алмаларын келесi жылдың қаңтар, ақпан айларына дейiн сақтауға болады. 2020 жылға дейiн Түлкiбас ауданында алма бау көлемi 3 600 гектарға жеткiзiлмек. Осылайша қарқынды бау өсiру дамытылып, өнiм көлемiн ұлғайту жоспарлануда. Алдағы мерзiмде алманы Түлкiбас ауданының брендiне айналдыру жолында жұмыстар атқарылатын болады. Жалпы, бау-бақша өнiмдерiн көршi мемлекеттерден тасымалдамай-ақ өзiмiзде өндiруге толық мүмкiндiк бар. Облыстың 7376,5 гектар алқабында алма бауы жайқалып тұр. Мәселен, Сарыағаш ауданында 15 гектар жерге итальяндық алма егiлдi. «Ынтымақ – Бес арыс» ЖШС директоры Жомарт Әбдiмаев оңтүстiктiң климатына көндiгiп, өнiм беретiн алма түрлерiн таңдағанда қателеспегендерiн айтады. «Ұзатылған» алманы итальяндықтардың өздерi келiп көрiп, таңырқап кетiптi. «Сiздердiң жер бiздiкiне қарағанда құнарлы екен» дегендi де сол итальяндықтар айтқан. Итальяндық алма көшеттерi тез өсумен бiрге жемiсiн де көп күттiрмей бередi екен. Ал Түлкiбастың алмасын ауданның брендiне айналдыру бағытындағы жұмыстарды жүзеге асыру үшiн «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығынан 400 миллион теңге бөлiнген. Ауданда алма бауларды қайта жаңғыртып, жемiс-жидектi аймаққа айналдыру мақсатында 2015 жылы 725 гектар жерге алма бауы егiлiп, жалпы көлемi 2791 гектарға жеткен. Биыл «Максимум» АИО-дан алынатын қаржы кәсiп ашуға ниеттi әлеуметтiк жағдайлары төмен және жас отбасыларға жататын 50 шақты отбасыға берiлiп, алма бауының көлемiн 4 мың гектарға жеткiзу жоспарланған. Сол сияқты қазiр түлкiбастық бағбандар өнiмнiң ысырапсыз сақталып, өңделуi жөнiнде бас қатырмайды. Жоспарлы жұмыстарды атқару үшiн жергiлiктi әкiмдiк жемiс-жидектер сақтайтын 9 қойма, «Үдемелi индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы» аясында iске асқан жемiс-жидек концентраттарын және табиғи сусындар шығаратын 3 кәсiпорын ашты. Ауданда бау-бақша, жемiс-жидек, көкөнiс өнiмдерiн барынша көбейту және өңдеу, сонымен қатар сақтау бойынша жұмыстар алдағы күндерi де жалғасын таппақ. Қысқасы, Түлкiбас ауданы алманың отанына айналатын күн алыс емес. Қасиеттi Қазығұрт тауының етегiндегi бағбандар да бұл бағытта жемiстi еңбек етiп келедi. Қазығұрттықтар былтыр 1950 гектар жерге бау егiп, 28590 тонна өнiм жинаған. Биыл алма бауының көлемi 300 гектарға ұлғайып отыр. Сонымен көп жылдық екпелер 2250 гектарға жеттi. Қазығұрт ауданындағы «Амангелдi» ЖШС 530 гектар жерге бау, 120 гектар жерге жүзiм ектi. Серiктестiк 276,2 миллион теңгеге сыйымдылығы 2 мың тонналық жемiс-жидек және көкөнiс қоймасын iске қосты. Аудан көлемiндегi агроқұрылымдарды сапалы жемiс-жидек екпелерiнiң көпжылдық көшеттерiмен қамтамасыз ету мақсатында «Амангелдi» ЖШС «тұқымбақ» мәртебесiн алған едi. Биыл 1,4 миллион көшет өндiрiп, облыстағы барлық шаруашылықтарға сатқан. Серiктестiк 2017 жылы 1,8 миллион түп көшет дайындауды жоспарлап отыр. Аталған тұқымбақта «Голден делишес», «Ренет семиренко», «Старкримсон» сортты алмалары, «Исполинская» сортты алқоры, «Чемпион», «Эльберта» сортты шабдалы, «Тайфи розовый», «Киш-миш черный» сортты жүзiм көшеттерi өсiрiледi. Қазығұрт аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлiмiнiң бас маманы Марат Жолдасовтың айтуынша, былтыр серiктестiкке мемлекет тарапынан өсiрген көшеттер үшiн 45 миллион теңге субсидия төленген. Алтынтөбе ауылдық округiнде iрiлендiру жұмыстарының нәтижесiнде 4 кәсiпкер бiрлесiп, «Қаржан алма» ауыл шаруашылығы өндiрiстiк кооперативiн құрған. Қазiр олар 20 гектар жерге жемiс-жидек егiп отыр. Шарбұлақ ауыл округiндегi «Бiрлiк» өндiрiстiк кооперативi 70 гектар жерге жемiс-жидек жайқалтуда. Қазiр екi кооперативте 180 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Демек, алма Оңтүстiктiң брендiне айналады деген сенiм зор. Өңiрде өсетін алманың жүздеген сорты сөзімізге дәлел. Оның iшiнде ерте пiсетiнi, қысқа сақтайтыны да көп. Тiптi, келесi алма пiскенге дейiн хош иiсi бұрқырап тұратындары қаншама. Әрине, өнiмдердi экспорттаудан экономикамызға едәуiр көлемде табыс түседi. Осындайда отандық өнім базарды жаулап алған шетелдің дәм-сөлсіз жеміс-жидегін, бау-бақша өнімдерін ығыстырса, қанекей?! Ол үшін нарықта импорттан келетін өнімнен гөрі, отандық өнім көлемін ұлғайтуымыз қажет екені айтпаса да түсінікті.