Жалғас ТОЛҒАНБАЙ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: Бұл мейрамның мән-маңызын балалардың санасына сіңірген жөн
Жалғас ТОЛҒАНБАЙ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: Бұл мейрамның мән-маңызын балалардың санасына сіңірген жөн
– Ұлыстың ұлы күні – бала кезімізден асыға күткен мейрамдардың бірі. Бүкіл ауыл-ел болып, көршілермен жиналып, наурыз көже ішіп, мәз-мейрам болатынбыз. Күн мен түннің теңеліп, Жер-Ананың жаңарған күні Тәуелсіздік алғалы ұлық мерекеге айналды.
Наурыз мейрамында шаңырағымызда міндетті түрде қазақтың дәстүрімен дастарқан жайылып, наурыз көже дайындалады. Жаңарудың белгісі ретінде жаңа ыдыстар алып, балаларымызды қуанту үшін керегін әперіп, бір-бірімізге сыйлық жасаймыз. Бұл мерекенің қадір-қасиетін арттырып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу үшін оның мән-маңызын балалардың санасына сіңіруге мән берген жөн.
Осындай мейрамдар бізді өнерге баулыды. Кішкентай күнімізде Наурызда үйімізге қонақ келсе, жарыса ән айтатынбыз. Қонақтардың қолымызға ұстатқан тиын-тебені мен тәтті-пәттісіне мәз болысатынбыз. Бұл мереке еріксіз балалық шағымды, ауылымды, ондағы дархан көңіл ағайынды еске түсіреді, сонысымен қымбат.