Жаңалықтар

Омар ҚЫЙҚЫМОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: Ата-баба аманат еткен дәстүрді сақтап келеміз

ашық дереккөзі

Омар ҚЫЙҚЫМОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: Ата-баба аманат еткен дәстүрді сақтап келеміз

– Наурыз – қазақ үшін ұлы мереке. Жыл ішін­­де болатын мерекелердің ішінде ең әуелі ар­­дақ тұтатыным Тәуелсіздік күні болса, екінші асы­­ға күтетінім – әз-Наурыз. Наурыз – мен үшін жақсылықтың, жаңалықтың бастауы. Кеңес Одағы кезінде Қазақстанның кейбір өңір­лерінде Наурыз мерекесі тойланбаған екен. Ал мен туып-өскен Алматы облысы Кеген ауданында біз ес білгелі бұл мейрам атаусыз қал­ған емес. Бала күнімізде ата-әжелерімізден көріп өскен әдет-ғұрып­тары­мызды кейін отбасылы болған соң кейін өз шаңырағымызда жалғас­ты­рып, Наурызды тойлау дәстүрін сақтап келеміз. Наурыз көже дайындап, ағайын-туыс, дос-жаран, көрші-қолаңға дәм татқызу – жылдағы айны­мас дәстүріміз. Күзде соғым сойған кезде жолдасым міндетті түрде нау­рыз көжеге арналған етті бөлек сақтап, көктемге дейін сүрлейді. Әбден бапталған еттен дайындалған асты мейрам күні үлкен де, кіші де сүйсіне ішеді. Наурыз көже десе, бала күнімдегі әдемі естеліктер ойға оралады. Мей­рам қарсаңында көршілер кезектесе наурыз көже беретін. Бала біт­кен бір-бір кесемізді көтеріп, жылғадан аққан қар суын аттап-пұттап, дәмді астың иісі шыққан үйге қарай асығушы едік. Үлкен қазанға мол етіп дайындалған наурыз көже бүкіл ауылға жететін. Шақырылған, шақырылмаған қонақ деген болмайтын. Осыдан біраз жыл бұрын Алматының «Ақсай» ықшамауданында тұра­тын кезімізде көршілерімізбен бірлесе өткізген аула Наурызы да ерекше естелік болып қалды. Қала бойынша мұндай дәстүрді алғаш рет біз бастаған екенбіз. Ауламыз жайлы газет-журналдар жазып, тіпті те­леар­налар мерекелік шарамызды арнайы келіп түсіріп кеткен еді. «Ақсайдан» көшкенше ынтымағы жарасқан көршілерімізбен бірге Наурызды тойлау дәстүрін үзген жоқпыз. Ұлттық ойындарымызды жаң­ғартып, түрлі жарыстар ұйымдастырып, жеңімпаздарды анықтау үшін өз ішімізден комиссия құрып, әуре-сарсаң болып жататын күн­дерді еске алсам, жаным жадырап сала береді.