Абдулла қажы Исмаилов: Ислам ақидасының негізі – иман

Абдулла қажы Исмаилов: Ислам ақидасының негізі – иман

Абдулла қажы Исмаилов: Ислам ақидасының негізі – иман
ашық дереккөзі
«Ақылды адамда иман бар, иман­ды адамда ғибадат бар» деген сөз бар. Сондықтан адам иманға ұмтылады, ұғым-түсінігін дамытады, жетіледі. Жетілген сайын Аллаға мұқтаждығы ар­тып, көп нәрсені білгісі де келеді. Осы­ған орай, қадірлі Яхия қажы Абдуллаұлы, бүгін Сіздей өмір жолы бай, ислам ілімінің білікті де білімді ма­­­манымен әңгімелесудің сәті түсіп, сөз сұрап отырмыз. – Мейірімді, рақымды Алланың атымен бас­таймын! Иман – ислам дінінің іргетасы, адалдық пен исламдық идеологияны күшейтетін, ой-сезімімізді, дүниетанымымызды ислами тұр­ғыдан қуаттайтын, бұл дүниенің бас­талуы Жаратушыдан екенін, бүкіл ғаламның жаратылысы да соның қолында екенін дә­лел­дейтін ғылым, ол Аллаға келтіру, яғни Ал­ланың барлығына сену деген ұғымды береді. Иманы мықты адамға ерік беріп, «Сен ауыр күнә жасауың керек, болмаса қиын­шылыққа душар боласың» десе ол, әлбетте, қиыншылықты өзіне таңдап алады, сөйтіп Алланың алдында кінәлі болуды немесе бір мұсылман бауырына қиянат жасауды өзіне лайық көрмейді. Осы ретте Құраннан Жүсіп пен Зылиха туралы мына бір қиссаны мы­сал есебінде келтіруге болады. «Күйеуі Мысыр патшасының уәзірі бола тұра, Зылиха Жүсіпті арбап, азғырып өз са­райына кіргізіп, онымен төсектес болуды ой­­лайды. Зылиханың сарайында бір тастан жа­­салған пұт тұратын. Есік-терезені жауып бол­ған соң, ол сол пұттың үстін де бір шү­бе­рек­пен жабады. Жүсіп (ғ.с.) Зылихадан: «Не­ге бұлай істедің?» – деп сұрағанда, Зылиха: «Бұл пұт менің Құдайым, оның көз алдында се­німен болғанымнан және күйеуіме істеген қия­натымнан ұяламын» дейді. Сол кезде Жүсіп (ғ.с.) Зылихаға: «Бұл тас не көрмейді, не естімейді, бірақ сен оның алдында күнә жа­саудан ұяласың, үстін шүберекпен жа­ба­сың. Сонда сенімен күнәға барғаныма, күні-түні менімен бірге болатын өзімнің Құ­дайым­нан ұялмаймын ба?» деп, қаша жө­неледі. Зылиха енді оны қорқытуға кіріседі. Зылиха Мысыр шаһарының ең сұлу әрі ең бай әйелдерінің бірі болатын. Зылиханың: «Менің айтқанымды іс­те­месең сені зынданға тастаймын, қол-аяғыңа кі­сен салып қамап қоямын деген ноқайына, Жүсіп (ғ.с.): «Ия, Алла, Зылиханың айтқанына көніп, күнәға барғанымнан бұл дүниенің қиыншылығы, зынданның қиыншылықтары мен үшін жақын болады. Яғни бұл дүниенің бар қиыншылықтарына шыдауға дайынмын, тек сенің ғазабыңнан, қаһарыңнан қорқам» – деп ағынан жарылады. Бұл қисса мықты иман­ның белгісі ғана емес, сонымен бірге үлгі-өнеге ретінде де бүгінгі жастарға иман­ды­лық туралы сабақ болуы керек, олар да Жүсіп сияқты амал етулері керек! – Иә, имандылық – ең басты құнды­лы­ғымыз. Атамзаманнан бері қариялар жас өскіндерге алғысын «иманды, ырыс­ты» бол деп білдірді. Яғни иманды ырыс пен байлықтан жоғары қойды, осыны бала санасына сіңірді. Аталарымыздың айтуынша иман адамның жүрегінде мықтап орын алып, көкірегінде берік сақталуы тиіс. Ендеше, имандылық та­қыры­бын тарқата түссеңіз. – Жүректегі иманның тағы бір пайдасы – ол адам бойындағы ар-ожданды оятып, ті­ріл­теді. Осы ретте, тәрбиелік ождан, әдептілік ож­дан нені білдіреді деген сауалға жауап бере кетейін. Ождан – сол адамның ішкі дүние­та­ны­мы, ол адамды нақты бір амал істемес бұ­рын «Аллаға бойұсын, Аллаға құлшылық ет, көпшілікке қызмет ет, қиыншылыққа түс­кен адамға көмектес» деп ескертеді. Қашан бұл адам осы жүректегі айтқандарын, яғни өз ожданының айтқандарын істеп, тапсыр­маларын орындаса, содан кейін оған рақмет айтылады. Ол адамда тыныштық, қуаныш пайда болады, яғни ол: «Мен бүгін бір жақсы амал істедім, бір қиыншылыққа түскен адам­ды құтқардым» деп ойлайды. Осылай, адам бір жақсылық іс жасар болса, оның жүрегінде бір қуаныш орын алады, яғни ішкі дүние­та­нымы рухани байлыққа кенеледі және де бұл сол адамның діндарлық ожданының иман­дылық белгілері негізінде пайда болады. Егерде адам бір жамандыққа кез келсе, бұл діни ождан оны қорқытады, «Жамандық істеме, бір адамға қиянат жасама, зұлымдық жа­сама, адамдардың ақысын жеме» деп үгіт­тейді. Содан кейін барып адам өзінің істе­геніне өкінеді немесе тәубеге келеді, тіпті кей жағдайда өзіне өзі қол салуға дейін барады. Алла Тағалаға деген сеніміміздің күшті не­месе кемшін болуы жүректегі иманның қа­діріне қарай болады. Бұл жайында Имам ибн Таймия былай деп айтқан: «Егер әрбір адамның мойнына міндет болған салих амал­дары кеми бастаса, онда ол жүректегі иманның кеми бастағанының белгісі, сон­дықтан көзге көрінер салиқалы амалдары жоқ болса, онда жүректегі парыз болған иман­­ның кәмілдігін сөз ету ақылға сыйым­сыз. Амалдың кәмілдігі иманның кәмілдігін көрсетеді, ал иманның кемістігі амалдың ке­міс­тігін көрсетеді. Бұл екеуі бір-біріне бай­ланысты болады, яғни жүректегі иман сыртқы амалдарға, сыртқы амалдар жүрек­тегі иманға әсер етеді. Бірақ, жүрек – негізі та­мыр, ал дене соған қосымшаларға ұқсас бұтақтар, ол тамырға сүйенеді, одан нәр ала­ды, тамыр сулармен қуаттанады». Бір сөзбен айтқанда, жүрегінде иманы, ар-ұяты бар мұсылман ешқашан өзге жанға тілімен де, ісімен де зиян тигізбейді. Мына дү­ниеде жасаған жақсы-жаман іс-амалына ақы­ретте жауап беретінінен қорқады, жаса­ған жақсылығының бақытқа, ал жамандығы­ның зиянға себепкер болатынын жадында ұстайды. – Әрбір пенде Алланы көріп тұрған­дай Оған құлшылық етуі тиіс. Бұл жө­нін­де Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Себебі сен Оны көрмесең де, шүбәсіз, Ол сені көру­де», – деді. Дейтұрғанмен пендеші­лікпен бұған күмәнмен қарайтындар да жоқ емес. Осы бір дүдамал уәжге қатыс­ты не айтуға болады? – Иә, бұрынғы заманда православие, ка­то­лик сияқты діндердің ғұламалары, тіпті атеист адамдар да келіп ислам дінінің ғұ­ла­маларымен пікір алмасып отыратын болған. Сол тұста әңгіме төркіні негізінен «сіздер өз­деріңізді Құдайға сиынатын, оны та­ни­тындар деп есептейсіздер, осы сіздер өз көз­деріңізбен Құдайды көргендеріңіз бар ма?» де­генге саятын. Осындай сұрақ қойған атеис­тің біріне имам Ағзам былайша жауабын айт­қан: «фиһиллайли уаннаһ уа һһууал уаһи­дул қаһһар», яғни менің Құдайым сондай бір дүние (зат): оны біздің дене мүшелеріміздің бірі, мысалы көзіміз көруге қабілеті жетпейді, оған күн де, түн де ешбір әсер етпейді, оны ешбір өзгерте алмайды, оған ізін қалдыра ал­майды. Ал сол күн мен түн біздің өмірімізге өзі­нің ізін қалдырады, яғни әсер ете алады. Мә­селен, адам баласы сәби болып туып, күн­дер мен түндерді өткізе келе жігіт болады, қар­таяды, ақырында дүниеден өтеді. Кері­сінше, сол күндер мен түндер Құдайға еш әсер етпейді, оны ешқандай өзгеріске түсіре алмайды». Әлгі атеистің тағы да: «Һал са­миғтаһу, һал шамамтаһу», яғни сіз құла­ғыңызбен Құдайдың даусын естідіңіз бе, не иісін иіскедіңіз бе, не қолмен ұстап көрдіңіз бе?» деген сауалына имам Ағзам: «Лайса ка­мис­лиһи шайун фил ардзи уалафиссамаи». Сенің қойған бұл сұрақтарың дүниедегі жаратылыстарға қатысты сұрақтар. Оларды есту, ұстау арқылы ғана сезінуге болады (яғни, материяның адам мүшелері арқылы анық­тауға болатын формасы). Бұларды Құ­дайға тең етуге болмайды. Оған жара­ты­лысты адамның қабілеті (мүмкіндігі) жет­пейді», – деді. Өз кезегінде атеистке имам Ағзам былай деп қарсы сұрақ қояды: «Сен өз басыңдағы ақы­лыңды бірде-бір рет көрдің бе? – Жоқ; Сен ақылыңды естідің бе? – Жоқ; Сен ақы­лың­ды ұстадың ба? – Жоқ; Ендеше, ақы­лың­ды ұстамасаң, көрмесең сен қандай адам бол­ғаның: ақылы бар адамсың ба, әлде ақы­лы жоқ адамсың ба? – Ақылым бар адаммын. Ен­деше «қолыңмен ұстайтын немесе көзің­мен көретін Құдайды көргім келеді деген сияқты өзіңнің ақылыңды маған көрсетші» деген имамның өтінішіне атеист: «Менің ақы­лым бар» деп тұрып алады». Сол кезде имам Ағзам оған былай дейді: «Казаликаллаһу мау­жудун», яғни сен ақылыңды көрмесең де, естімесең де, ұстамасаң да, ақылым бар деп айтып жатырсың, сен тәрізді көрмесем де, есті­месем де, қолмен ұстамасам да менің де Құдайым бар». Расында, адамның есту, ұстау, көру мүм­кіндіктері шектеулі. Сондықтан да адам дүниеде бар нәрсені көре де, ести де, ұстай да бермейді. Оған бірнеше мысалдар келтіруге болады. Айталық, Ньютон ашқан бүкіләлем­дік тартылыс заңы, магнит және электр өріс­тері – адамның ақылымен мүмкін бол­ған жағдай. Біз солардың барлығын олардың бас­қа нәрсеге әсері арқылы білеміз. Магнит жә­не темір заттарды тартады, электр өрісі ток тудырады, содан барып жарық жанады не­месе электромагнит пайда болады. Басқа нәрсеге әсерді адам сезінеді. Олай болс­а, адам баласы Құдайды да сезіну арқылы біледі немесе оны ақыл, түйсік арқылы біле ала­ды. Хазірет Әли разилаһу ғанхудан: «Иә Әли, Құдайды сіз көрдіңіз бе?» дегенде, ха­зірет: «Мен көрінетін Құдайға құлшылық та, ғибадат та етпеймін. Егер Құдай адамдарға көрі­нетін болса онда Алланың жараты­лы­сы­ның адамдардан айырмашылығы болмаған болады. Онда ерекше қасиеттері де болмас еді» – депті. – Менің байқауымша әңгіме негізі­нен Құдай­ға сенбейтіндерге қатысты бо­­лып отыр. Ал Аллаға сенетін, оған құл­­шылық қы­латын, Аллаға иман кел­тіре­тін адам­дар­дың Алланың барлы­ғы­на қандай дәлелі бар? – Ондай мысалдар жеткілікті, олар кітап­тар­­да да келтірілген және бірнеше бөлік­тер­ден тұрады. Мәселен, адам баласының өмірін алайықшы. Адамның өз жаратылысы, оның ақыл-ойы, сезімі және бір Жаратушыға деген іл­­ти­паты болады. Бірақ көп адамдар оған мән бермейді, көңіл бөлмейді. Адамзат қалай жаратылды, оған ақыл-ой қайдан келді, сезімді оған кім сыйлады? Міне осы сұрақ­тарға жауап іздесек, оны ой елегінен өткізсек, адамды бір Құдіреттің жаратқаны белгілі. Ол Құдірет – Алла Тағала. Бір хикаятта мынадай жайт баяндалады: Бір кісінің Құдайдан безген атеист досы болады. Досының жалғыз ұлы бір күндері Алланың әмірімен өте қауіпті ауруға шал­дығады. Дәрігерлерге көрсеткенде аурудың жаман екені, оған міндетті түрде ота жасалу қажет екені анықталады. Дәрігерлер балаға ота жасауға келіскендерімен, оның аман-есен болатынына ешқандай кепілдік бермейді. Басқа жолы болмаған соң, атеист досы бала­сына ота жасауға келісім береді. Балаға ота жасайтын күні, оны ішке алып кеткенде, досы­ның есіктің сыртында жылап отырға­нын, Аллаға жалбарынып, екі қолын көтеріп: «Иә, Алла, жалғызымды маған қалдыр, менің жағдайыма рахым ет, баламның ауруын, отасын жеңілдет, ауруына шипа бере көр» деп дұға жасап жатқанын байқайды. Кезінде қанша айтса да, түсіндірсе де атеистік жолы­нан қайтпаған ғалым досына: «Сен Құдайға сенбейтін, мойындамайтын едің ғой, енді Аллаға жалбарынып жатқаның қалай?» деп айтқан тұста үнсіз қалғанымен, ол кейін қасында жанашыр болып жүрген досына: «Маған үміт артар жер қалмады, баламның өмірін, оның шипасын, баламның аманды­ғын тілейтін, сұрайтын жерім қалмады. Енді жалғыз жалбарынарым да, сұранарым да, тіленерім де бір Алла болды. Бүгінге дейін мен Құдірет күшін түсінбейтін, білмейтін надан болдым. Алланың барлығына күмән келтіріп жүрген едім. Сондықтан, достым мен енді тек бір Алладан ғана баламның амандығын тілеймін, мүмкін дұғамды, әрі тілегімді қабыл етер» деген өзінің жүрек­жарды сөзін жеткізеді. Міне, кімде-кім қайсы бір уақытта бір қиыншылыққа түссе ең бірін­ші оның аузына түсетіні бір Алла болады. Перғауын төрт жүз жыл патшалық жа­сапты. Осы төрт жүз жыл ішінде, ғалымдар мен тарихшылар жазып кеткендей, ол ешуа­қытта ауырмаған, тіпті өмірбақи не басы, не тісі ауырып көрмеген. Бірақ бұл ауырмағаны Перғауын үшін не бір нығмет, не бір жақ­сылық болмаған, керісінше, оған қасірет бол­ды. Өмірінде аурудың тауқыметін тарт­пағандықтан, қиналыс көрмегендіктен оған күпірлік кірді. Өйткені, оның көргені рахат, байлық, нығмет және атқарғаны патшалық болды. Соның арқасында масаттанып, хал­қына былай жар салады: «Ана Раббукумулағ­ла», яғни «Мен сендердің ең ұлы Раббыларың­мын» (Назиат сүресі - 24), ал басқа бір аятта: «Ей шонжарлар! – дейді Перғауын, – Мен сендер үшін, менен басқа тәңір барлығын біл­меймін. Бұл ғаламда менен басқа жарату­шы жоқ. Кімде-кім табынам десе, маған та­бын­сын» – дейді (Қасас сүресі – 38). Мұндай күпірлік сөз, өмір бойы ауырмаған, жаны қиналмаған адамнан ғана шығады. Олар он­дай жағдайда өзінің жаратушысын ұмытады, не мойындамайды. Осылайша, өмір бойы Құдайды мойында­маған Перғауын өлім жағдайына жақында­ған­да ғана Аллаға иман келтіргісі келген. Бұл туралы Құранда былай айтылған: «Мен де иман келтірдім Мұсаның және оның қауы­мына иман келтірген Аллаға, Жаратушыға». Ол қашан дарияның топанына түскенде және өзінің ажалының жеткенін көргенде ғана, бар даусын шығарып, Алланы айтып, иман келтірген. Бірақ оның иманы қабыл болмады, себебі кеш қалған еді. Мінеки, осын­дай жағдайға түскенде ғана бір Алла­ның барлығын, бір Жаратушының барлығын мойындаймыз. Өздеріңіз білетіндей, бүкіл әлемдік тар­тылыс заңын есептеп шығарған, ғылым тари­хында орны аса ерекше Исаак Ньютон Құ­дайға сенген. Оған түрткі осы әлемдегі тар­тылыс заңы болатын. Бұл дүние әрқа­шанда айналыста жүреді (айналып тұрады), ал оны айналдыратын күш керек болады десек, ол ғаламның кілтін айналдырып, әре­кетке кіргізген сол күш бір Алланың қо­лын­да. Мектеп оқушылары Галактиканың жан-жағында тоғыз жұлдыз (планета) барын, олар тартылыс заңына орай бір-бірінен ажы­рамай, сырт көзге ғажайып көрінетінін бі­леді деген ойдамын. Бірде Ньютон жұмыс кабинетінде тар­тылыс заңын сипаттайтын әлемнің пла­не­таларын орналастыру макетін жасап, іске қо­сады. Досы ол макетті көріп, таңданады, ой­ланады, Ньютоннан: «Досым, мұны кім жа­сады?» деп сұрайды. Ньютон онша мән бер­мей: «Ешкім жасаған жоқ» – дейді. Досы та­ғы қайталап: «Кешіріңіз, менің сөзімді ес­тіген жоқ шығарсыз, мен мұны кім жасады деп сұрап отырмын?». Ньютон оған: «Мен сіздің сұрағыңызды жақсы түсіндім, жауап беріп отырмын ғой, мұны ешкім салмаған, еш­кім жасамаған, бұл өзінен-өзі пайда бол­ған» – дейді. Сонда досы Ньютонға: «Сен не­ме­не менімен әзілдеп, ойнап тұрсың ба не­месе мені ақымақ санайсың ба? Осындай әде­мі дүниені жасаған кісі бары анық қой. Бұл дүниедегі құбылысты көрсететін осындай макетті ешкім жасамағаны қалай?» деп таңданысын білдіреді. Ньютон: «Сен ме­нің жұмыс кабинетімде осындай ғаламдағы пла­неталардың көрінісін көріп отырып, оның салушысы, жасаушысы жоқ екендігіне сен­бейсің, макеттің өзінен-өзі пайда бол­ғанын қабыл алмайсың, ендеше бар ғаламды, ас­пандағы жұлдыздарды, күн мен айдың сис­темасын және олардың керемет жүйелері өзінен-өзі пайда болды деуді, сенің ақылың қалай қабыл етеді?» деп, досының өзіне сауал тас­тайды. Осыдан кейін Ньютонның досы қатты ойға кетіп, ғалымға: «Шынында да осы ма­кет­тің жасаушысы, салушысы бар болса, онда бұл жер мен көктің, жұлдыздардың да Жа­рату­шысы, Иесі бар ғой» деп, мойындамасқа еш лажы қалмады. Сөйтіп діншіл ұлы ғалым Исаак Ньютон атеист досының көзқарасын өз­гертіп, Алланың барлығына оның көзін жет­кізіпті. Әлбетте, ғаламның әрбір жара­ты­лысына осылай ақылмен жіті көз салған адам Алланы табады. Былайша айтқанда, ағаш­тардың әр жапырағы Жаратушыны тану жо­лының бір дәптері іспетті десе де болады. – Иә, хакім Абай: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз ешуақытта жалған болмас. Көп кітап келді Алладан, оның төрті Алланы танытуға сөз айырмас...» деп әсте бекер айтпаған ғой. – Дәл солай. Сондықтан жастарымыздың ең басты міндеті – Құран аяттары мен Пай­ғам­­барымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадистері ар­қылы, не ғылым негізінде Алланың барлығын дә­лел­деу үшін білімді болу. Өйткені, олар ХХІ ға­сырда өмір сүріп жатыр. Бұл ғасыр – ғы­лым ғасыры, білім ғасыры, мәдениет ғасыры. Бейнелеп айтар болсақ, бұл ғасырда кетпен­мен жауап беруге болмайды. Әрине, бұл сол заманға лайықты жауап еді, мүмкін сол ғасырда пайдасы тиген де шы­ғар. Бірақ, біздің заманымыз – ғылым, бі­лім заманы, сондықтан адамдармен білім, ғы­лым тілімен сөйлесу керек. Өкінішке қа­рай, біздің кейбір діндарлар түрлі сұрақтар қойылғанда білмей қалса ренжіп, ал білсе оған дұрыс жауап бере алмай, өздерінің дінге деген, исламға деген көңілдері қалып қойып жатады. Нәтижесінде, әлі де дінді мойындай алмай жүрген жастарымыздың құлағына тиісті уағыз жетпейді, жеткен күнде де түй­сі­гіне әсер етпейді. Соның салдарынан түрлі ағым­дағы миссионерлер кей жастардың са­насын уландырып әрі дүниеге қызықтырып, түрлі амал-тәсілдер арқылы басқа діндердің жетегіне әкетуге тырысады. Бұл дегеніміз аса қа­терлі қауіп. Ол ислам дініміз үшін ғана емес, Отанымыз үшін де, ел тыныштығы үшін де кері әсерін тигізері анық. Түрлі қауіп-қатерлерге қарсы тұрудың ту­ра жолы – имандылық десек, ол жаста­ры­мыз­ға өте қажет. Сондықтан біздің ендігі межелі мақ­сатымыз ел ішінде имандылық ілімін кеңінен насихаттау. Сізбен болған бү­гінгі әңгіменің де өзегі иман туралы болуы кез­дейсоқ емес. Себебі, иман дегеніміз таза­лық, пәктік. Тазалық болғанда тек тән таза­лығы ғана емес, мәселе көңіл тазалығы, сенім тазалығы, ар тазалығы, ой тазалығы, жалпы айтқанда жан тазалығы деген құндылықтарға саяды. Міне, осы ислам ақидасының негізі – иман. Қадірлі Яхия қажы Абдуллаұлы, са­ли­қа­­лы әңгімеңізге көп рақмет! Алла Сізге күш-қуат беріп, «Ырыскелді қажы» ме­шітінің бас има­мы ретінде жасап жат­қан қызметіңізді баян­ды етсін. Жа­ма­ғаттың иманын бекемдеп, құл­шылыққа деген құлшынысын артты­ра­тын, адам­гер­шілікке тән игі қасиеттерді ке­мел­ден­діре түсетін игі істеріңіз мол болсын!

Әңгімелескен

Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі