Абдулла қажы Исмаилов: Ислам ақидасының негізі – иман
Абдулла қажы Исмаилов: Ислам ақидасының негізі – иман
«Ақылды адамда иман бар, иманды адамда ғибадат бар» деген сөз бар. Сондықтан адам иманға ұмтылады, ұғым-түсінігін дамытады, жетіледі. Жетілген сайын Аллаға мұқтаждығы артып, көп нәрсені білгісі де келеді. Осыған орай, қадірлі Яхия қажы Абдуллаұлы, бүгін Сіздей өмір жолы бай, ислам ілімінің білікті де білімді маманымен әңгімелесудің сәті түсіп, сөз сұрап отырмыз.
– Мейірімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!
Иман – ислам дінінің іргетасы, адалдық пен исламдық идеологияны күшейтетін, ой-сезімімізді, дүниетанымымызды ислами тұрғыдан қуаттайтын, бұл дүниенің басталуы Жаратушыдан екенін, бүкіл ғаламның жаратылысы да соның қолында екенін дәлелдейтін ғылым, ол Аллаға келтіру, яғни Алланың барлығына сену деген ұғымды береді.
Иманы мықты адамға ерік беріп, «Сен ауыр күнә жасауың керек, болмаса қиыншылыққа душар боласың» десе ол, әлбетте, қиыншылықты өзіне таңдап алады, сөйтіп Алланың алдында кінәлі болуды немесе бір мұсылман бауырына қиянат жасауды өзіне лайық көрмейді. Осы ретте Құраннан Жүсіп пен Зылиха туралы мына бір қиссаны мысал есебінде келтіруге болады.
«Күйеуі Мысыр патшасының уәзірі бола тұра, Зылиха Жүсіпті арбап, азғырып өз сарайына кіргізіп, онымен төсектес болуды ойлайды. Зылиханың сарайында бір тастан жасалған пұт тұратын. Есік-терезені жауып болған соң, ол сол пұттың үстін де бір шүберекпен жабады. Жүсіп (ғ.с.) Зылихадан: «Неге бұлай істедің?» – деп сұрағанда, Зылиха: «Бұл пұт менің Құдайым, оның көз алдында сенімен болғанымнан және күйеуіме істеген қиянатымнан ұяламын» дейді. Сол кезде Жүсіп (ғ.с.) Зылихаға: «Бұл тас не көрмейді, не естімейді, бірақ сен оның алдында күнә жасаудан ұяласың, үстін шүберекпен жабасың. Сонда сенімен күнәға барғаныма, күні-түні менімен бірге болатын өзімнің Құдайымнан ұялмаймын ба?» деп, қаша жөнеледі. Зылиха енді оны қорқытуға кіріседі. Зылиха Мысыр шаһарының ең сұлу әрі ең бай әйелдерінің бірі болатын.
Зылиханың: «Менің айтқанымды істемесең сені зынданға тастаймын, қол-аяғыңа кісен салып қамап қоямын деген ноқайына, Жүсіп (ғ.с.): «Ия, Алла, Зылиханың айтқанына көніп, күнәға барғанымнан бұл дүниенің қиыншылығы, зынданның қиыншылықтары мен үшін жақын болады. Яғни бұл дүниенің бар қиыншылықтарына шыдауға дайынмын, тек сенің ғазабыңнан, қаһарыңнан қорқам» – деп ағынан жарылады. Бұл қисса мықты иманның белгісі ғана емес, сонымен бірге үлгі-өнеге ретінде де бүгінгі жастарға имандылық туралы сабақ болуы керек, олар да Жүсіп сияқты амал етулері керек!
– Иә, имандылық – ең басты құндылығымыз. Атамзаманнан бері қариялар жас өскіндерге алғысын «иманды, ырысты» бол деп білдірді. Яғни иманды ырыс пен байлықтан жоғары қойды, осыны бала санасына сіңірді. Аталарымыздың айтуынша иман адамның жүрегінде мықтап орын алып, көкірегінде берік сақталуы тиіс. Ендеше, имандылық тақырыбын тарқата түссеңіз.
– Жүректегі иманның тағы бір пайдасы – ол адам бойындағы ар-ожданды оятып, тірілтеді. Осы ретте, тәрбиелік ождан, әдептілік ождан нені білдіреді деген сауалға жауап бере кетейін. Ождан – сол адамның ішкі дүниетанымы, ол адамды нақты бір амал істемес бұрын «Аллаға бойұсын, Аллаға құлшылық ет, көпшілікке қызмет ет, қиыншылыққа түскен адамға көмектес» деп ескертеді. Қашан бұл адам осы жүректегі айтқандарын, яғни өз ожданының айтқандарын істеп, тапсырмаларын орындаса, содан кейін оған рақмет айтылады. Ол адамда тыныштық, қуаныш пайда болады, яғни ол: «Мен бүгін бір жақсы амал істедім, бір қиыншылыққа түскен адамды құтқардым» деп ойлайды. Осылай, адам бір жақсылық іс жасар болса, оның жүрегінде бір қуаныш орын алады, яғни ішкі дүниетанымы рухани байлыққа кенеледі және де бұл сол адамның діндарлық ожданының имандылық белгілері негізінде пайда болады.
Егерде адам бір жамандыққа кез келсе, бұл діни ождан оны қорқытады, «Жамандық істеме, бір адамға қиянат жасама, зұлымдық жасама, адамдардың ақысын жеме» деп үгіттейді. Содан кейін барып адам өзінің істегеніне өкінеді немесе тәубеге келеді, тіпті кей жағдайда өзіне өзі қол салуға дейін барады.
Алла Тағалаға деген сеніміміздің күшті немесе кемшін болуы жүректегі иманның қадіріне қарай болады. Бұл жайында Имам ибн Таймия былай деп айтқан: «Егер әрбір адамның мойнына міндет болған салих амалдары кеми бастаса, онда ол жүректегі иманның кеми бастағанының белгісі, сондықтан көзге көрінер салиқалы амалдары жоқ болса, онда жүректегі парыз болған иманның кәмілдігін сөз ету ақылға сыйымсыз. Амалдың кәмілдігі иманның кәмілдігін көрсетеді, ал иманның кемістігі амалдың кемістігін көрсетеді. Бұл екеуі бір-біріне байланысты болады, яғни жүректегі иман сыртқы амалдарға, сыртқы амалдар жүректегі иманға әсер етеді. Бірақ, жүрек – негізі тамыр, ал дене соған қосымшаларға ұқсас бұтақтар, ол тамырға сүйенеді, одан нәр алады, тамыр сулармен қуаттанады».
Бір сөзбен айтқанда, жүрегінде иманы, ар-ұяты бар мұсылман ешқашан өзге жанға тілімен де, ісімен де зиян тигізбейді. Мына дүниеде жасаған жақсы-жаман іс-амалына ақыретте жауап беретінінен қорқады, жасаған жақсылығының бақытқа, ал жамандығының зиянға себепкер болатынын жадында ұстайды.
– Әрбір пенде Алланы көріп тұрғандай Оған құлшылық етуі тиіс. Бұл жөнінде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Себебі сен Оны көрмесең де, шүбәсіз, Ол сені көруде», – деді. Дейтұрғанмен пендешілікпен бұған күмәнмен қарайтындар да жоқ емес. Осы бір дүдамал уәжге қатысты не айтуға болады?
– Иә, бұрынғы заманда православие, католик сияқты діндердің ғұламалары, тіпті атеист адамдар да келіп ислам дінінің ғұламаларымен пікір алмасып отыратын болған. Сол тұста әңгіме төркіні негізінен «сіздер өздеріңізді Құдайға сиынатын, оны танитындар деп есептейсіздер, осы сіздер өз көздеріңізбен Құдайды көргендеріңіз бар ма?» дегенге саятын. Осындай сұрақ қойған атеистің біріне имам Ағзам былайша жауабын айтқан: «фиһиллайли уаннаһ уа һһууал уаһидул қаһһар», яғни менің Құдайым сондай бір дүние (зат): оны біздің дене мүшелеріміздің бірі, мысалы көзіміз көруге қабілеті жетпейді, оған күн де, түн де ешбір әсер етпейді, оны ешбір өзгерте алмайды, оған ізін қалдыра алмайды. Ал сол күн мен түн біздің өмірімізге өзінің ізін қалдырады, яғни әсер ете алады. Мәселен, адам баласы сәби болып туып, күндер мен түндерді өткізе келе жігіт болады, қартаяды, ақырында дүниеден өтеді. Керісінше, сол күндер мен түндер Құдайға еш әсер етпейді, оны ешқандай өзгеріске түсіре алмайды». Әлгі атеистің тағы да: «Һал самиғтаһу, һал шамамтаһу», яғни сіз құлағыңызбен Құдайдың даусын естідіңіз бе, не иісін иіскедіңіз бе, не қолмен ұстап көрдіңіз бе?» деген сауалына имам Ағзам: «Лайса камислиһи шайун фил ардзи уалафиссамаи». Сенің қойған бұл сұрақтарың дүниедегі жаратылыстарға қатысты сұрақтар. Оларды есту, ұстау арқылы ғана сезінуге болады (яғни, материяның адам мүшелері арқылы анықтауға болатын формасы). Бұларды Құдайға тең етуге болмайды. Оған жаратылысты адамның қабілеті (мүмкіндігі) жетпейді», – деді.
Өз кезегінде атеистке имам Ағзам былай деп қарсы сұрақ қояды: «Сен өз басыңдағы ақылыңды бірде-бір рет көрдің бе? – Жоқ; Сен ақылыңды естідің бе? – Жоқ; Сен ақылыңды ұстадың ба? – Жоқ; Ендеше, ақылыңды ұстамасаң, көрмесең сен қандай адам болғаның: ақылы бар адамсың ба, әлде ақылы жоқ адамсың ба? – Ақылым бар адаммын. Ендеше «қолыңмен ұстайтын немесе көзіңмен көретін Құдайды көргім келеді деген сияқты өзіңнің ақылыңды маған көрсетші» деген имамның өтінішіне атеист: «Менің ақылым бар» деп тұрып алады». Сол кезде имам Ағзам оған былай дейді: «Казаликаллаһу маужудун», яғни сен ақылыңды көрмесең де, естімесең де, ұстамасаң да, ақылым бар деп айтып жатырсың, сен тәрізді көрмесем де, естімесем де, қолмен ұстамасам да менің де Құдайым бар».
Расында, адамның есту, ұстау, көру мүмкіндіктері шектеулі. Сондықтан да адам дүниеде бар нәрсені көре де, ести де, ұстай да бермейді. Оған бірнеше мысалдар келтіруге болады. Айталық, Ньютон ашқан бүкіләлемдік тартылыс заңы, магнит және электр өрістері – адамның ақылымен мүмкін болған жағдай. Біз солардың барлығын олардың басқа нәрсеге әсері арқылы білеміз. Магнит және темір заттарды тартады, электр өрісі ток тудырады, содан барып жарық жанады немесе электромагнит пайда болады.
Басқа нәрсеге әсерді адам сезінеді. Олай болса, адам баласы Құдайды да сезіну арқылы біледі немесе оны ақыл, түйсік арқылы біле алады. Хазірет Әли разилаһу ғанхудан: «Иә Әли, Құдайды сіз көрдіңіз бе?» дегенде, хазірет: «Мен көрінетін Құдайға құлшылық та, ғибадат та етпеймін. Егер Құдай адамдарға көрінетін болса онда Алланың жаратылысының адамдардан айырмашылығы болмаған болады. Онда ерекше қасиеттері де болмас еді» – депті.
– Менің байқауымша әңгіме негізінен Құдайға сенбейтіндерге қатысты болып отыр. Ал Аллаға сенетін, оған құлшылық қылатын, Аллаға иман келтіретін адамдардың Алланың барлығына қандай дәлелі бар?
– Ондай мысалдар жеткілікті, олар кітаптарда да келтірілген және бірнеше бөліктерден тұрады. Мәселен, адам баласының өмірін алайықшы. Адамның өз жаратылысы, оның ақыл-ойы, сезімі және бір Жаратушыға деген ілтипаты болады. Бірақ көп адамдар оған мән бермейді, көңіл бөлмейді. Адамзат қалай жаратылды, оған ақыл-ой қайдан келді, сезімді оған кім сыйлады? Міне осы сұрақтарға жауап іздесек, оны ой елегінен өткізсек, адамды бір Құдіреттің жаратқаны белгілі. Ол Құдірет – Алла Тағала.
Бір хикаятта мынадай жайт баяндалады: Бір кісінің Құдайдан безген атеист досы болады. Досының жалғыз ұлы бір күндері Алланың әмірімен өте қауіпті ауруға шалдығады. Дәрігерлерге көрсеткенде аурудың жаман екені, оған міндетті түрде ота жасалу қажет екені анықталады. Дәрігерлер балаға ота жасауға келіскендерімен, оның аман-есен болатынына ешқандай кепілдік бермейді. Басқа жолы болмаған соң, атеист досы баласына ота жасауға келісім береді. Балаға ота жасайтын күні, оны ішке алып кеткенде, досының есіктің сыртында жылап отырғанын, Аллаға жалбарынып, екі қолын көтеріп: «Иә, Алла, жалғызымды маған қалдыр, менің жағдайыма рахым ет, баламның ауруын, отасын жеңілдет, ауруына шипа бере көр» деп дұға жасап жатқанын байқайды. Кезінде қанша айтса да, түсіндірсе де атеистік жолынан қайтпаған ғалым досына: «Сен Құдайға сенбейтін, мойындамайтын едің ғой, енді Аллаға жалбарынып жатқаның қалай?» деп айтқан тұста үнсіз қалғанымен, ол кейін қасында жанашыр болып жүрген досына: «Маған үміт артар жер қалмады, баламның өмірін, оның шипасын, баламның амандығын тілейтін, сұрайтын жерім қалмады. Енді жалғыз жалбарынарым да, сұранарым да, тіленерім де бір Алла болды. Бүгінге дейін мен Құдірет күшін түсінбейтін, білмейтін надан болдым. Алланың барлығына күмән келтіріп жүрген едім. Сондықтан, достым мен енді тек бір Алладан ғана баламның амандығын тілеймін, мүмкін дұғамды, әрі тілегімді қабыл етер» деген өзінің жүрекжарды сөзін жеткізеді. Міне, кімде-кім қайсы бір уақытта бір қиыншылыққа түссе ең бірінші оның аузына түсетіні бір Алла болады.
Перғауын төрт жүз жыл патшалық жасапты. Осы төрт жүз жыл ішінде, ғалымдар мен тарихшылар жазып кеткендей, ол ешуақытта ауырмаған, тіпті өмірбақи не басы, не тісі ауырып көрмеген. Бірақ бұл ауырмағаны Перғауын үшін не бір нығмет, не бір жақсылық болмаған, керісінше, оған қасірет болды. Өмірінде аурудың тауқыметін тартпағандықтан, қиналыс көрмегендіктен оған күпірлік кірді. Өйткені, оның көргені рахат, байлық, нығмет және атқарғаны патшалық болды. Соның арқасында масаттанып, халқына былай жар салады: «Ана Раббукумулағла», яғни «Мен сендердің ең ұлы Раббыларыңмын» (Назиат сүресі - 24), ал басқа бір аятта: «Ей шонжарлар! – дейді Перғауын, – Мен сендер үшін, менен басқа тәңір барлығын білмеймін. Бұл ғаламда менен басқа жаратушы жоқ. Кімде-кім табынам десе, маған табынсын» – дейді (Қасас сүресі – 38). Мұндай күпірлік сөз, өмір бойы ауырмаған, жаны қиналмаған адамнан ғана шығады. Олар ондай жағдайда өзінің жаратушысын ұмытады, не мойындамайды.
Осылайша, өмір бойы Құдайды мойындамаған Перғауын өлім жағдайына жақындағанда ғана Аллаға иман келтіргісі келген. Бұл туралы Құранда былай айтылған: «Мен де иман келтірдім Мұсаның және оның қауымына иман келтірген Аллаға, Жаратушыға». Ол қашан дарияның топанына түскенде және өзінің ажалының жеткенін көргенде ғана, бар даусын шығарып, Алланы айтып, иман келтірген. Бірақ оның иманы қабыл болмады, себебі кеш қалған еді. Мінеки, осындай жағдайға түскенде ғана бір Алланың барлығын, бір Жаратушының барлығын мойындаймыз.
Өздеріңіз білетіндей, бүкіл әлемдік тартылыс заңын есептеп шығарған, ғылым тарихында орны аса ерекше Исаак Ньютон Құдайға сенген. Оған түрткі осы әлемдегі тартылыс заңы болатын. Бұл дүние әрқашанда айналыста жүреді (айналып тұрады), ал оны айналдыратын күш керек болады десек, ол ғаламның кілтін айналдырып, әрекетке кіргізген сол күш бір Алланың қолында. Мектеп оқушылары Галактиканың жан-жағында тоғыз жұлдыз (планета) барын, олар тартылыс заңына орай бір-бірінен ажырамай, сырт көзге ғажайып көрінетінін біледі деген ойдамын.
Бірде Ньютон жұмыс кабинетінде тартылыс заңын сипаттайтын әлемнің планеталарын орналастыру макетін жасап, іске қосады. Досы ол макетті көріп, таңданады, ойланады, Ньютоннан: «Досым, мұны кім жасады?» деп сұрайды. Ньютон онша мән бермей: «Ешкім жасаған жоқ» – дейді. Досы тағы қайталап: «Кешіріңіз, менің сөзімді естіген жоқ шығарсыз, мен мұны кім жасады деп сұрап отырмын?». Ньютон оған: «Мен сіздің сұрағыңызды жақсы түсіндім, жауап беріп отырмын ғой, мұны ешкім салмаған, ешкім жасамаған, бұл өзінен-өзі пайда болған» – дейді. Сонда досы Ньютонға: «Сен немене менімен әзілдеп, ойнап тұрсың ба немесе мені ақымақ санайсың ба? Осындай әдемі дүниені жасаған кісі бары анық қой. Бұл дүниедегі құбылысты көрсететін осындай макетті ешкім жасамағаны қалай?» деп таңданысын білдіреді. Ньютон: «Сен менің жұмыс кабинетімде осындай ғаламдағы планеталардың көрінісін көріп отырып, оның салушысы, жасаушысы жоқ екендігіне сенбейсің, макеттің өзінен-өзі пайда болғанын қабыл алмайсың, ендеше бар ғаламды, аспандағы жұлдыздарды, күн мен айдың системасын және олардың керемет жүйелері өзінен-өзі пайда болды деуді, сенің ақылың қалай қабыл етеді?» деп, досының өзіне сауал тастайды.
Осыдан кейін Ньютонның досы қатты ойға кетіп, ғалымға: «Шынында да осы макеттің жасаушысы, салушысы бар болса, онда бұл жер мен көктің, жұлдыздардың да Жаратушысы, Иесі бар ғой» деп, мойындамасқа еш лажы қалмады. Сөйтіп діншіл ұлы ғалым Исаак Ньютон атеист досының көзқарасын өзгертіп, Алланың барлығына оның көзін жеткізіпті. Әлбетте, ғаламның әрбір жаратылысына осылай ақылмен жіті көз салған адам Алланы табады. Былайша айтқанда, ағаштардың әр жапырағы Жаратушыны тану жолының бір дәптері іспетті десе де болады.
– Иә, хакім Абай:
«Алланың өзі де рас, сөзі де рас,
Рас сөз ешуақытта жалған болмас.
Көп кітап келді Алладан, оның төрті
Алланы танытуға сөз айырмас...» деп әсте бекер айтпаған ғой.
– Дәл солай. Сондықтан жастарымыздың ең басты міндеті – Құран аяттары мен Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадистері арқылы, не ғылым негізінде Алланың барлығын дәлелдеу үшін білімді болу. Өйткені, олар ХХІ ғасырда өмір сүріп жатыр. Бұл ғасыр – ғылым ғасыры, білім ғасыры, мәдениет ғасыры. Бейнелеп айтар болсақ, бұл ғасырда кетпенмен жауап беруге болмайды.
Әрине, бұл сол заманға лайықты жауап еді, мүмкін сол ғасырда пайдасы тиген де шығар. Бірақ, біздің заманымыз – ғылым, білім заманы, сондықтан адамдармен білім, ғылым тілімен сөйлесу керек. Өкінішке қарай, біздің кейбір діндарлар түрлі сұрақтар қойылғанда білмей қалса ренжіп, ал білсе оған дұрыс жауап бере алмай, өздерінің дінге деген, исламға деген көңілдері қалып қойып жатады. Нәтижесінде, әлі де дінді мойындай алмай жүрген жастарымыздың құлағына тиісті уағыз жетпейді, жеткен күнде де түйсігіне әсер етпейді. Соның салдарынан түрлі ағымдағы миссионерлер кей жастардың санасын уландырып әрі дүниеге қызықтырып, түрлі амал-тәсілдер арқылы басқа діндердің жетегіне әкетуге тырысады. Бұл дегеніміз аса қатерлі қауіп. Ол ислам дініміз үшін ғана емес, Отанымыз үшін де, ел тыныштығы үшін де кері әсерін тигізері анық.
Түрлі қауіп-қатерлерге қарсы тұрудың тура жолы – имандылық десек, ол жастарымызға өте қажет. Сондықтан біздің ендігі межелі мақсатымыз ел ішінде имандылық ілімін кеңінен насихаттау. Сізбен болған бүгінгі әңгіменің де өзегі иман туралы болуы кездейсоқ емес. Себебі, иман дегеніміз тазалық, пәктік. Тазалық болғанда тек тән тазалығы ғана емес, мәселе көңіл тазалығы, сенім тазалығы, ар тазалығы, ой тазалығы, жалпы айтқанда жан тазалығы деген құндылықтарға саяды. Міне, осы ислам ақидасының негізі – иман.
Қадірлі Яхия қажы Абдуллаұлы, салиқалы әңгімеңізге көп рақмет! Алла Сізге күш-қуат беріп, «Ырыскелді қажы» мешітінің бас имамы ретінде жасап жатқан қызметіңізді баянды етсін. Жамағаттың иманын бекемдеп, құлшылыққа деген құлшынысын арттыратын, адамгершілікке тән игі қасиеттерді кемелдендіре түсетін игі істеріңіз мол болсын!
Әңгімелескен
Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі