Жас мемлекеттің жаңарған наурызы

«Мыңжылдық қазақ мәдениеті жас елдің тәуелсіздігінің сенімді тірегіне айналды. Мемлекеттің мәдени саясаты қазақ халқының аса бай мұрасын іздеумен қоса, оның дәстүрлері мен ғұрыптарын жандандыруды да қамтыды – олар елдің күнделікті өмірін рухани тұрғыда байытып, біздің өткенімізді қазіргі кезеңмен және болашақпен жалғауға тиісті еді.

1834685

1988 жылы Наурыз мерекесі қайта аталып өтіле бастады. Менің «Халықтық Наурыз мейрамы – көктем мерекесі туралы» Жарлығым шыққаннан кейін, 1991 жылдың 15 наурызында осы ежелгі мереке ресми мойындауға ие болды. Күн мен түн теңелетін 22 наурыз мереке күні болып белгіленді», − деп жазған еді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабында.

Елбасының бұл сөзі тәуелсіз жас мемлекетіміздің өз рухани негізін іздеу мен тарихи мәдениетіне деген бетбұрысының басталу кезеңінде қандай маңызды қадамдар жасағанын білдірсе керек.

Әлі толық тәуелсіздікке қол жетпей тұрған кездің өзінде Қазақстанның ру­­хани дүниесіне зор серпін берген, 1991 жы­лы 15 наурызда Н.Назарбаев қол қойған, қа­зір тарихқа айналған сол құжатта елі­міз­де алғаш рет «Жалпыадамдық құндылық­тар­ды орнықтыру, республика халық­тары­ның достығы мен бауырластығын нығайту, ежелгі халық дәстүрлерін жандандыру, сондай-ақ адам мен табиғаттың үйлесіміне қол жеткізу, оның шынайы имандылық ру­хында ізгілікті тазаруы мақсатында көк­темгі күн мен түннің теңесу күні − нау­рыз­дың 22-сі халықтық мереке − Наурыз мей­ра­мы болып» жарияланған еді.

1926 жылдан кейін елімізде Наурыз ме­ре­кесін тойлау ресми түрде тоқтатылғаны бел­гілі. Өйткені большевиктік саясат өтке­ні­міздің бәрін бекерлеп, төл мәдени құн­ды­лықтарымызды тарих күресініне лақтырту ар­қылы ұлттық сана-сезімімізді комму­нис­тік идеяға біржола байлап беруді ойлағаны анық. Үздіксіз қысым жасап, болмашы нәрсе үшін айыптап, өзгеше ойлайтындардың бәрін «социалистік құрылыстың хас жауы» атандырып қоғамнан шеттетіп отырған кі­сәпір заманның қорлық-қиянаты нәти­же­сін бермей қалған жоқ. Алпыс жылдан аса уақыт ішінде «Кеңестер Одағы жасасын», «Ура» деген ұрандар миын шырмаған бірне­ше буын алмасып, және Наурызға байла­ныс­ты ешқандай ақпарат берілмегендіктен қазақ халқы жыл басын қарсы алу үрдісін мүлде ұмытып кеткендей еді. Тек КСРО-ның соңғы тұяқ серпер кезінде өмірімізге ене бастаған демократиялық үрдістің толқыны талай нәрсенің бетін ашып, талай жай әш­кере болғанда бір кезде тыйым салынған дәс­түрлердің бәрі өмірімізге ене бастады. Со­ның алдына Наурыз мерекесі тұрды.

1988 жылдан бастап Орталық Азия мен Кав­каз елдерінде Наурызды қарсы алу бас­талып, ол ұлттық сана-сезімнің тезірек оянуы­на әсер еткен оқиға болды. Алғашқы Нау­рыз мерекелерінде ұлттық салт-дәс­түр­лер кең түрде насихатталып, ұлттық киім киген адамдар көшелерде мәдени шеру жа­сап, ұлттық ойындарды тамашалады. Үл­кен алаңдарда ұлттық тағамдар пісіріліп, ел бір-бірімен емен-жарқын араласып, ежел­гі мейрамның гуманистік сипатын тез та­нытты. Осының арқасында Наурыз мей­ра­мы аз ғана уақыттың ішінде халықтық мей­рамға айналды.

Наурыз мейрамы жай ғана көктем ме­рекесі емес, бұл шығыс халық­тары үшін жыл басы, жаңа жылдың өмірі­міз­ге енуі. Осындай символикалық мәні бар Нау­рыз мерекесінің ХХ ғасырдың соңында ала­сапыран кезеңдерде қоғамдық өмірге қай­та оралуы зор жаңалық болды. Өйткені жет­піс төрт жыл бойы әлемнің алтыдан бір бө­лігін алып тұрған алып мемлекет құлап, сон­ша жыл бойы бір орталыққа бағынған ұлт­тық мемлекеттер, оның ішінде түр­кітек­тес елдер өз тәуелсіздігін алып, азат елге айналып жатқанда халықтың болашаққа деген сенімін оятатын үлкен идеологиялық ұстын керек еді. Сондықтан алғашқы жыл­дарда ұлттық идеологияның қозғаушысы осы Наурыз мерекесі болғаны хақ. Өйткені ұлттық әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлер кеңі­нен насихатталатын Наурыз мерекесі бір ғасырға жуық ұлттық құндылықтары-нан ажы­рап қалған халықтардың есін жи­нат­қызып, өткені мен бүгінгісін салыстыра қарауға мүмкіндік берді.

2010 жылғы 10 мамырдан бастап Бі­ріккен Ұлттар Ұйымының Бас ас­самб­лея­сының 64-қарарына сәйкес 21 наурыз «Халықаралық Наурыз күні» болып аталып келеді. БҰҰ Бас ассамблеясы бұл туралы тү­­сі­ніктемесінде «Наурызды көктем мере­кесі ретінде 3000 жылдан бері Балқан тү­бе­гінде, Қара теңіз аймағында, Кавказда, Ор­та Азияда және Таяу Шығыста 300 мил­лион адам тойлап келе жатқанын» мә­лім­деді. Ал 2016 жылы ЮНЕСКО 12 ел – Ауған­стан, Әзер­байжан, Үндістан, Иран, Ирак, Қа­­зақ­стан, Қырғыз Республикасы, Өзбек­стан, Пә­­кістан, Тәжікстан, Түрікменстан және Түр­­кия атынан Наурызды адамзаттың ма­те­­риал­дық емес мәдени мұра тізіміне енгізді.

Қазақстанның Тұңғыш Президентінің Жарлығымен елімізде Наурыз мей­рамы 2010 жылдан бері үш күн тойланып келді. Әрине, Наурыз – өзгелер сияқты бізде де жаңару, жаңғыру мерекесі. Дегенмен жыл өткен сайын оны шынайы халықтық мерекеге айналдыру үшін өзгеше түрде, жаңа форматта тойлау қажеттігі көріне бастады. Сондықтан Қазақстан Президенті Қа­сым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 5 қаң­тарда жарияланған «Тәуелсіздік бәрі­нен қымбат» атты мақаласында айтылған ой-тұжырымдар жоғарыда атап өткен мә­селеге серпін берері сөзсіз. Аталған мақа­ла­сында қоғам мен құндылықтардың бір-бі­ріне қатысы туралы ой толғай келіп былай де­ген еді: «Біздің ұлтаралық келісім сая­сатымыз әлемді мойындатты. Халқымыздың осын­дай ырыс-ынтымаққа негізделген жара­сымын бағалай білуіміз керек. Бұл – ке­мел келешекке бастайтын бірден-бір дұрыс жол. Сондықтан, ұлтаралық татулық пен келі­сімді сақтау – мемлекеттік орган­дар­дың ғана емес, бүкіл қоғамның және әрбір аза­мат­тың міндеті. Түптеп келген­де, еліміздегі тұрақтылық пен береке-бірлік үшін бар­лығымыз бірдей жауаптымыз. Осы орайда, халқымызды біріктіретін ортақ құн­ды­лықтарды барынша дәріптеп, ой-са­наға берік орнықтыруымыз керек. Мысалы, Наурыз мейрамын атап өту тұжырым­дама­сын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түскен жөн».

Осыған орай, өткен жылы Қазақ­стан­да Наурыз мейрамын тойлаудың жо­басы жасалған еді. Биыл Премьер-Ми­нистр Асқар Мамин Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын бекіту туралы қаулы­ға қол қойды. Тұжырымдама бойынша биыл­дан бастап елімізде Наурыз мерекесі атау­лы он күн ретінде тойланады.

14 наурыз – «Көрісу күні». Бұл күні жұрт бір-бірін ұлыстың алғашқы күнімен құт­­тық­тап, төс қағыстырып сәлемдесіп, кө­рісу рәсі­мін жасайды. «Ұлыстың ұлы күні құт­ты бол­сын!», «Ақ мол болсын!», «Ұлыс оң бол­­сын!», «Жаңа жыл құтты болсын!» деген се­­кіл­ді сөздер арқылы жаңа жылдың келуі­мен құт­тықтап, арқа-жарқа болады. Бір-бірімен араздасқан адамдар өзара ке­шірім сұрай­тын, арасы алыстаған ағайын жа­қындасатын күн.

15 наурыз – «Жайлау күні». Айнала та­­­­би­­­ғатпен біте қайнасып өмір сүру көш­пе­лі қазақ дүниетанымының бір бөлігін құра­ған. Сол себепті жаратылысты аялау мақ­сатында табиғат аясында бір күн өт­кізу маңызды. Бұл өскелең ұрпақтың эко­логиялық, зият­керлік санасын да­мыту­ға септігін тигізеді және денсаулығын жақсартады.

16 наурыз – «Шежіре күні». Бұл күні жұр­т­шылық мал сойып, шелпек пісіріп, өт­кен-кеткен ата-бабаларына құран бағыш­тайды.  Ағайын-туған, көрші-қолаң таяуда ғана жақынынан айырылған отбасылардың үйіне барып, көңіл айтып, дастарқанынан дәм татады. Әр отба­сының үлкендері өмір­ден өткен ата-ба­баларының, ағайын-бауыр­дың жақсы іс­терін, қуанышты сәттерін кейін­гі ұрпақ­қа әңгімелеп береді. Сонымен қа­тар бұл күні отбасының, жеті атаның, ел-жұрт­тың тарихы айтылып, шежіресі тара­тылады.

17 наурыз – «Тарихқа тағзым күні». Мeк­­тeпке дейінгі және мектеп жасындағы ба­лалардың caнacынa ұлттық құнды­лық­тapымызды ciңipу, оларды ұлттық pухпeн тәpбиeлеу, сондай-ақ тарихын білуіне, eлi­­нe, жеріне дeгeн cүйicпeншiлікті apт­тыру мақ­сатында ұлттық, тapихи, өлке­тану, өнер жә­не әcкepи музeйлepгe апару қажет.

18 наурыз – «Игі істер күні». Бұл күні әр адам мүмкіндігі келетін бір жақсы іс ат­қара­ды. Волонтерлердің қатысуымен түрлі іс-шара өтеді. Жаппай халықтың қа­тысуымен тазалық іс-шарасы өт­кізі­леді.

19 наурыз – «Шымырлық пен ше­бер­лік күні». Наурызды тойлау декада­сының бұл күні ұлттық спортқа арналады. Жер-жер­лерде, ипподромдарда ересектерге арналған көк­пар, бәйге, қыз қуу, жамбы ату, аударыс­пақ ұйымдастырылады. Ал ба­лалардың асық ату,  ләңгі, тоғызқұмалақ, дойбы, арқан тар­тыс, қап киіп жарысу, жаяу тартыс, садақ ату, күрес, ақсерек пен көксерек т.б. спорт­тық ойындар ой­науына арнайы орындар жа­салады.

20 наурыз – «Зияткерлік күні». Бұл күні балалардың зияткерлік әлеуетін, ақыл-ойын дамыту мақсатында мақал-мәтелдер, жұмбақтар, жаңылтпаштар, жырлар мен эпостардан үзінділер ай­тыла­ды. Бұған қоса, кітапханаларда, жастар орталықтары мен білім беру ұйымдарында жасөспірімдер мен жастар арасында байқаулар, зияткерлік сайыстар және та­бысқа жеткен еңбек адамдарының, кә­сіп иелерінің, түрлі ұлт өкілдерінің қа­тысуы­мен кездесулер ұйымдастырылады.

21 наурыз – «Ұлттық тағамдар кү­ні». Бұл күні әр үйдің дастарқанында ұлт­тық тағамдар самсап тұрады. Қазақ ас мәзіріндегі көптеген тағам түрлері әзір­ленеді. Ал этнографтардың айтуынша, қа­зақ­та тағамның 200-ден аса түрі бол­ған. Ұмыт бола бастаған, кең таралмаған тағамдарды жасаудың әдістері үйретіледі.

22 наурыз – «Ұлыстың ұлы күні». Таңмен таласа барлығы күн шапағын қар­сы алатын 10 сағаттық «Бастаңғы» таңды қарсы алу шарасы өткізіледі. Бұл күні арнайы орындарда мерекелік іс-ша­ралар ұйымдастырылады. Одан әрі бұ­қаралық мереке Наурыз шеруге ұласады. Сахнада театрландырылған қойылымдар мен жергілікті қала, аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасы көпшілікке ұсынылып, ұлттық спорт түрлерінен жа­рыстар және цирктердің көше қойы­лым­дық бағдарламасы ұйымдастырылады.

23 наурыз – «Жоралғы күні». Бұл күні әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер айшықта­лады. Ұмыт бола бастаған жоралғылар жаң­ғыртылады, ал барлары заман та­лабына сай дамытылады. Салт-дәстүрдің, ырым-тыйымдарың адам мен қоғам өміріндегі маңызы түсіндіріледі. Мұндай құн­дылықтар ұлттық кодты сақтаудың ком­поненті екені айтылады.

Бетті дайындаған

Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ

Back to top button