Тамақ индустриясын дамытудағы әріптестік       

Тамақ индустриясын дамытудағы әріптестік       

Тамақ индустриясын дамытудағы әріптестік       
ашық дереккөзі
Шымкент қаласындағы Көрме орталығында «Тамақ өнеркәсiбi саласындағы жабдық пен технологиялар» – «AgroProm Shymkent 2016» көрмесi өттi. Ол ҚР Ауыл шаруашылығы министрлiгi, облыстық әкiмдiк, «Атамекен» Ұлттық кәсiпкерлер палатасы және «Оңтүстiк» индустриалды аймақтарды басқарушы компаниясы» ЖШС-нiң қолдауымен ұйымдастырылды. Iс-шараның басты мақсаты – облыстың агроөнеркәсiп кешенiне инвестициялар мен технологияларды тарту арқылы өңiрде шағын және орта бизнестi дамыту. Шараға облыс әкiмiнiң орынбасары С.Тұяқбаев, ОҚО кәсiпкерлiк, индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасының басшысы М.Қарабаев қатысты. Көрмеде азық-түлiк және сусын түрлерiн, оларды шығаруға арналған жабдықтар мен технологияларды, ыдыс пен қаптаманы өндiруге арналған материалдар мен жабдықтар ұсынылды. «Бүгiнгi көрмеге 70-тен астам түрлi кәсiпорындар қатысып отыр. Бiр қуанарлығы, олардың 30 пайызы шетелдiк инвесторлардың қатысуымен ашылған компаниялар. Биыл екiншi жыл қатарынан өткiзiлiп отырған көрменiң мақсаты – тамақ өнеркәсiбi саласындағы жаңа технологияларды халыққа таныту. Бұдан бөлек, мұндай басқосу кәсiпкерлер арасындағы өзара бизнес-байланысты нығайтады, жалпы тамақ индустриясында тәжiрибе алмасуға көмектеседi. Көрмеге Қазақстанның өзге өңiрлерiнен де кәсiпкерлер қатысуда. Шара аясында Елбасы тапсырмасына сәйкес, Жамбыл облысымен өңiраралық кооперация жұмысын бастады. Яғни Жамбыл өңiрiнiң 12 кәсiпорны мен бiздiң кәсiпорындар өз мүмкiндiктерiн бiр-бiрiне таныстырады. Соның арқасында екi өңiр арасындағы кооперация нығая түсер деген сенiм мол», – дедi облыстық кәсiпкерлiк, индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасының басшысы Марат Қарабаев журналистерге берген сұхбатында. Басқарма басшысының айтуынша, көрменi өткiзуге Оңтүстiк өңiрi кездейсоқ таңдалған жоқ. Себебi мұнда тамақ өнеркәсiбiн дамытуға ерекше назар аударылуда. Мәлiметтерге сүйенсек, облыста ет өңдейтiн 43, сүт өңдейтiн 38, жемiс-жидек пен көкөнiс өңдейтiн 35 кәсiпорын бар. «Үдемелi индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасының 2015-2019 жылдарға арналған екiншi бесжылдығында тамақ өнеркәсiбiн дамытуға 47,1 млрд теңге инвестиция жұмсау көзделуде. Жеке кәсiпкер Гүлбағира Сыпабекова «Түлкiбас нан» зауытын осыдан бiр жыл бұрын ашқан. 40 шақты адам жұмыс iстейтiн зауытта бүгiнде нанның оншақты түрi, қосымша кондитерлiк өнiмдер шығарылады. «Күнiне 9-10 мың дана нан жабамыз. Оған 7-8 тоннадай ұн кетедi. Солтүстiктiң және өзiмiздiң ұнды араластырып қолданамыз. «Даму» кәсiпкерлiктi дамыту қоры» арқылы жылдық үстемеақысы 6 пайызбен несие алдық. Түркиялық қондырғының көмегiмен жабатын нан сапасы өте жоғары. Бiрнеше күнге дейiн жұмсақтығын жоғалтпайды», – дейдi Г.Сыпабекова. Ал Жамбыл облысынан келген «Мерке» iрiмшiк зауытының басшысы Дастан Айтөленовтiң айтуынша, 80 жылдық тарихы бар аталған кәсiпорынды осыдан 15 жыл бұрын құрдымға кеткелi тұрған жерiнен бiлiктi мамандардың арқасында аман алып қалыпты. Содан берi 40 түрлi сүт өнiмiн тұтынушыға ұсынып келедi. Балық өндiрумен айналысатын шардаралық «Хамит» ӘКК өнiмiнiң 70 пайызын Германия, АҚШ, Грузия, Израиль, Ресей елдерiне экспортқа шығарады. «Көрмеге қатысудағы мақсатымыз – отандық өнiмдi өз елiмiзде насихаттау», – дейдi компания өкiлi Ернұр Ақболатов. Германиядан алынған заманауи құрылғымен кептiрiлген, мұздатылған балықтың 4-5 түрiн шығаратын зауыт 350 адамды жұмыспен қамтамасыз етiп отыр. Осы сынды әр түрлі кәсіппен айналысып жүрген бизнес өкілдері жетерлік. Соның бірі түркiстандық жеке кәсiпкер Еркебай Жыңғылтаевтың шарнирлi тор шығарумен айналыса бастағанына бiр жарым айдың ғана жүзi болыпты. Соның өзiнде бүгiнде бұл өнiмге түсiп жатқан тапсырыс мол екен. Көрме аясында «Оңтүстiк Қазақстан облысында агроөнеркәсiп кешенiн дамыту: үрдiстерi мен перспективалары» тақырыбында дөңгелек үстел   өттi. Сондай-ақ, Оңтүстiк өңiрi мен Жамбыл облысының арасында кооперацияны дамыту аясында меморандумға қол қойылды. Айта өту керек, жыл басынан берi Оңтүстiк өңiрiнде тамақ өнеркәсiбiне 3 млрд теңгеден астам инвестиция салынған. Дәл осы көрсеткiш жыл соңына дейiн еселене түседi деген жоспар бар. Мәселен, таяуда Қазығұрт ауданында «Lotus Food Company LLC» ЖШС-нiң тез дайындалатын кеспе жобасы жүзеге асырылды. Дәл осы жобаға 471 млн теңге көлемiнде инвестиция салынған.