АҚШ-та мигранттардың соңғы 20 жылдағы рекордты ағыны тіркелді
АҚШ-та мигранттардың соңғы 20 жылдағы рекордты ағыны тіркелді
АҚШ-та мигранттар ағыны соңғы 20 жылдағы ең жоғары көрсеткішке жетті. Бұл туралы АҚШ-тың ішкі қауіпсіздік министрі Алехандро Майоркасқа сілтеме жасап Reuters хабарлады.
Министрдің айтуынша, Орталық Америка мен Мексикадан азаматтарының ел шекарасынан өтуі 2020 жылдың сәуірінен бастап артып келеді, бірақ жалғызбасты ересектер мен отбасылардың көпшілігіне ел аумағына өтуге тыйым салынуда.
Мексикадан, Гватемаладан және Сальвадордан АҚШ-қа қоныс аударудың негізгі себептері — бұл елдердегі кедейлік, зорлық-зомбылық және сыбайлас жемқорлық. Аталған мемлекеттерде өмір сүру жағдайлары жыл өткен сайын нашарлай түсуде.
2021 жылдың ақпан айында АҚШ-тың шекара қызметкерлері Мексика шекарасында мигранттарды ұстау/шығарып жіберудің 100 441 операциясын өткізді. Бұл — 2019 жылғы шекара дағдарысынан кейінгі ең жоғары айлық көрсеткіш. Бұл ретте ұсталғандардың көпшілігі некеде тұрмайтын ересектер.
Еске сала кетейік, бұған дейін АҚШ президенті Джо Байден өзіне дейінгі мемлекет басшысы Дональд Трамптың мигранттарға қатысты бірқатар бұйрықтарының күшін жойған болатын. Байден бұрынғы әкімшіліктің көші-қон саясатын ұлттық масқара деп атады.