Мәйітті құдыққа тастаған: Жоғалған келіншегін жұртпен бірге іздеген ер адам күдікке ілінді
Мәйітті құдыққа тастаған: Жоғалған келіншегін жұртпен бірге іздеген ер адам күдікке ілінді
Қостанай облысының 36 жастағы тұрғыны 21 жастағы әйелін тұншықтырып, оның мәйітін құдыққа тастаған деген күдікке ілінді, деп хабарлайды tobolinfo.kz.
Басылымның жазуынша, 8 наурыз қарсаңында Қостанай облысындағы Лаврентьевка ауылының тұрғыны әйелінің жоғалып кеткені туралы полицияға хабарлаған. 36 жастағы ер адам жұбайы үйден кеткен соң байланысқа шықпай жатқанын мәлімдеген. Айтуынша, әйелі екі жастағы ұлын үйінде қалдырып кетіпті.
Келіншекті полиция, ауыл тұрғындары және оның күйеуі жұмыла іздеген. Алайда біршама уақыт өткен соң күйеуі күдікке ілініпті.
Жас келіншек жолдасымен ажыраспақшы болғаны анықталды. Полиция болжамы бойынша, екеуі жанжалдасып, 36 жастағы ер адам әйелін тұншықтырып, оның денесін құдыққа тастаған. Ал анасына әйелі киім-кешегін жинап үйден кетіп қалғанын айтқан.
Келіншектің денесі 8 наурызда табылып, келесі күні жер қойнына тапсырылды. Екі жастағы бала қазір күдіктінің туыстарының үйінде тұрып жатыр. Ер адам қамауға алынды. Егер оның кінәсі дәлелденсе, 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.