Елбасы кітапханасында «Корея түстері: кеше және бүгін» көрмесінің ашылуы өтті
Елбасы кітапханасында «Корея түстері: кеше және бүгін» көрмесінің ашылуы өтті
Елбасы кітапханасының оң жағалаудағы музейінде «Корея түстері: кеше және бүгін» көрмесінің ашылуы өтті.
– Елбасы кітапханасы қазақстандықтарға шетелдің дәстүрі мен мәдениетін таныстыруды жалғастырып, бүгін «Корея түстері: кеше және бүгін» көрмесін назарларыңызға ұсынып отыр. Бірнеше жылдар бойы Корей мәдени орталығымен бірлескен жобалар сәтті жүзеге асырылды. Кезекті көрменің шымылдығын түре отырып, екі ел арасындағы достық байланысын бекіте түсетіндігіміз анық. Дәл осындай шаралардың шеңберінде елорда тұрғындары мен қонақтарына Корея Республикасының тарихи мұрасы мен бағалы өнерімен жақын танысуға мүмкіндік туады. «Корея түстері: кеше және бүгін» көрмесі бізді дәстүрлі корей тұрмысымен таныстырады. Бүгінгі ұсынылған костюмдерден, керамика мен ағаштан жасалған үй керек-жарақтарынан корей халқының көздің қарашығындай сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғап келе жатқан ұлттық әдет-ғұрыптарының бояуын көре аламыз, - деді көрмені ашқан Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат.
Іс-шараға шетелдік елшілер, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, оқу орындары мен мәдени мекемелерінің, ғылыми-зерттеу және ұлттық мәдени орталықтардың басшылары қатысты.
«Корея түстері: кеше және бүгін» көрмесінің экспозициясында корейлердің дәстүрлі киім үлгілерінің артефактері мен репродукциялары саналатын жәдігерлер, кореялық дәстүрлі тұрмыстық заттарын ұсынған Корея авторларының, Сукмён әйелдер университеті түлектерінің заманауи жұмыстары ұсынылған. Көрме жәдігерлері «бес түс – бес негізгі бағыт» тұжырымдамасы негізінде дайындалды.
Көрмемен танысу үшін әлеуметтік қашықтықты сақтауға және экспозицияда еркін жүруге мүмкіндік беретін аудиогидтерді қолдануға болады. Аудиогидтер көмегімен көрме туралы ақпаратты мемлекеттік, орыс, ағылшын және корей тілдерінде тыңдауға болады.