Қазақстанда ғылымды дамытуға бөлінетін қаражат көлемі өседі

16 наурыз, 2021 / Асыл ТҰМАР
ашық дереккөзі
Қазақстанда ғылымды дамытуға бөлінетін қаражат көлемі өседі Білім және ғылым министрлігі 2025 жылға қарай ғылымға бөлінетін қаражат көлемі ЖІӨ-нің 1 пайызына дейін өсетінін мәлімдеді.  «Былтыр Ұлттық ғылыми кеңестің құрамы жаңартылып, жұмысының жаңа қағидалары бекітілген болатын. Жобалардың экономикалық сараптамасы мен Ұлттық ғылыми кеңес көрсеткішін саралау рәсімі, мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама енгізілді. 2021 жылы алғаш рет ғылыми ұйымдарды жаңғыртуға 2,8 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді. Бұл 22 ғылыми-зерттеу институтының материалдық-техникалық базасын нығайтуға мүмкіндік берді», – делінген министрлік таратқан хабарламада. Қысқа уақыт ішінде биологиялық қауіпсіздік ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары өте маңызды жұмыс жүргізіп, бірден 5 вакцина әзірледі. «Олардың алғашқы екеуі клиникаға дейінгі және клиникалық сынақтардан сәтті өтуде. Отандық вакциналар өндірісін іске қосу үшін GMP-нің барлық талабына сәйкес келетін зауыт салынып жатыр», – делінген ведомство хабарламасында. Сондай-ақ, бұл ақпараттық қағазда ғылымды қаржыландыруды одан әрі ұлғайту жоспарланып отырғаны сөз болған. «2025 жылға қарай ғылымға арналған қаражат ЖІӨ-нің 1 пайызына дейін өседі. Бұл қазақстандық ғылымның дамуына жаңа серпін береді», – делінген хабарламада.