СҚО-да Қытайда жасалған қауіпті ойыншықтар анықталды

СҚО-да Қытайда жасалған қауіпті ойыншықтар анықталды

СҚО-да Қытайда жасалған қауіпті ойыншықтар анықталды
ашық дереккөзі
Солтүстік Қазақстан облысында санитар дәрігерлер былтыр 200-ден астам ойыншықтың сынамасын зерттеп, тоғызының бала денсаулығына қауіпті екенін анықтады. СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, былтыр балалар ойыншықтарының 212 сынамасы зерттелді. Олардың ішінде 99 ойыншық сынамасы техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмеген, 96-сының таңбалау бойынша көрсеткіштері дұрыс болмаған. Ал 9 ойыншық үлгісі қауіпсіздік көрсеткіштері – токсикологиялық-гигиеналық және физикалық-химиялық параметрлер бойынша бала денсаулығына қауіпті болып шықты. Ойыншықтардың барлығы Қытайда жасалған екен. «Қауіпті ойыншықтардың ішінде «Doctor play set», «Сүйікті қуыршақ», «погремушка», моншақтар жиынтығы, жануарлар жиынтығы, Doll, Bearity ойыншықтары бар. Олардан негізінен ацетальдегид, фенол анықталды. Бұл заттар нормадан бірнеше есе артық болған. Бұл өнімдер Есіл, Тимирязев және Петропавлдағы сауда орындарынан сатып алынды», – дейді СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті техникалық регламенттердің талаптарын бақылау бөлімінің басшысы Данияр Оспанов. Ал таңбалау бойынша 96 түрлі ойыншықта тиісті мәліметтер: дайындаушының атауы мен орналасқан жері, импорттаушы, онымен байланысуға арналған ақпарат, дайындалған күні, ЕАЭК белгісі, таңбалау және ойыншықпен жиынтықта жеткізілетін, орыс және мемлекеттік тілдерде орындалған техникалық құжаттамалар болмаған. «Мониторинг нәтижесі бойынша талапқа сай келмеген өнімді өткізушілерге оларды жою туралы ұйғарымдар берілді, қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылдау үшін санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне хаттар жіберілді. Қауіпті өнімдердің аудандар мен Петропавлда бірлі-жарымы ғана сатылды, сауда нысандарында ойыншықтардың қалдығы анықталған жоқ», – дейді Данияр Оспанов.