Алматының кіреберісіне 19 экопост қойылады
Алматының кіреберісіне 19 экопост қойылады
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев газанализатормен және түтін өлшеуішпен жабдықталған Құлжа тас жолы бойындағы экопостың дайындығын тексерді.
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Instagram-дағы парақшасында қалада 19 экопостың орнатылатынын және оның екеуі жақын күндері жұмыстарын бастайтынын айтты.
«Жұмыс сапарымен Құлжа тас жолында орнатылған жаңа экологиялық бекетке бардым. Мұнда көп компонентті газ талдағыштың көмегімен бензин және газбен жүретін көліктен шығатын улы газдың құрамындағы көмірсутегі, көміртегі оксиді, көміртегі диоксиді, азот оксиді, оттегі тексеріледі. Дизельді отынмен жүретін көліктердегі газдың түтіні де тексеріледі», - деп жазды Б. Сағынтаев.
Оның мәліментінше, қалаға кіре берісте барлығы 19 экопост жұмыс істейді. Жақында алғашқы екеуі Құлжа трактісі мен Бұқтырма көшесінде іске қосылады. Тестілік режимдегі тексеру кезінде түтіні нормадан асатын шамамен 5 мың жеңіл және 1 мыңнан астам жүк көлігі анықталды. Жақында газ талдағышы мен түтін өлшегіші бар жылжымалы экопатрульдер іске қосылады. Сондай-ақ барлық экопостарда ауа сапасын өлшеп, оның дерегін онлайн-карта мен LЕD-дисплейде көрсететін стансалар орнатылады.