COVID-19: Еуропада індеттің үшінші толқыны басталды
COVID-19: Еуропада індеттің үшінші толқыны басталды
Еуропа коронавирустың үшінші толқынымен күресе бастады. Вирустың жаңа мутациясы және халықты вакцинациялау қарқынының әлсіздігі індеттің өршуіне әкеліп соқты, деп жазады The Guardian газеті.
Еуропада коронавирус жұқтырудың тәуліктік өсімі ақпан айының басынан бастап рекордтық деңгейге жетті, бұл кейбір елдерде карантиндік шектеулердің, коменданттық сағаттың, тіпті локдаунның қайта енгізілуіне себеп болды.
Германия билігі аурудың үшінші толқыны басталғанын ресми түрде мойындады. Ал Италия өткен жылдың көктеміндегі жағдайдың қайталануынан қорқып, қатаң шектеулер енгізді. Бүгіннен бастап елде мектептер, мейрамханалар, дүкендер мен мұражайлар жабылды. Католиктік Пасха мейрамы уақытында шектеулер өз күшінде қалады.
Францияда да жағдай мәз емес: елдің денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, Парижде әр 12 минут сайын бір адам реанимация бөліміне түседі. Сондай-ақ, Польшада, Венгрияда және Чехияда індет жұқтыру жағдайларының тәуліктік өсімі рекордтық көрсеткішке жетті.
Еске сала кетейік, өткен тәулікте Қазақстанда 1011 адамнан коронавирус анықталды. Әсіресе, Алматы қаласында эпидемиологиялық жағдай ушығып тұр. Бір тәулікте оңтүстік астанамызда 342 адам вирус жұқтырған. Жалпы, індет таралғалы республика бойынша коронавирусқа шалдыққандардың жалпы саны 225 мыңға жуықтады.