Қоғамдық қабылдауға келушілер саны 4 есеге артты

Қоғамдық қабылдауға келушілер саны 4 есеге артты

Қоғамдық қабылдауға келушілер саны 4 есеге артты
ашық дереккөзі

«Nur Otan» партиясы облыстық филиалы Партиялық бақылау комиссиясының кезекті отырысында қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Үміт Ибраймова осылай деді.

«Былтыр қаңтар-желтоқсан айларында партияның облыстық және аумақтық филиалдарына барлығы 13 384 өтініш түскен. Оның 9021-і немесе 67 пайызы оң шешімін тапқан. Партияның қоғамдық қабылдау бөлмесіне түскен өтініштер саны 2019 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 4 есеге артты», – деді Ү.Ибраймова.

Өтініш иелерінің 83,6 пайызы әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерін (материалдық және атаулы әлеуметтік көмек алу, «BIZBIRGEMIZ» қорынан 50 мың теңге, азық-тұлік себеттерін алу) көтерген. Сонымен бірге тұрғын үймен қамтамасыз ету және жер телімдерін беру, жұмыспен қамту  да жиі көтерілген мәселелер санатына жатады.

«2021 жылдың қаңтар-ақпан айларында партияның облыстық және аумақтық филиалдарына 731 өтініш түсіп, оның  354-і немесе 47 пайызы оң шешімін тапты. Есепті кезеңде облыс, қала, аудан әкімдері мен мемлекеттік мекеме басшылары 153 қабылдау жүргізіп, қабылдауға келген 347 адамның өтініштерін жан-жақты қараған. Оның 89-ы оң шешімін тапқан. Орталық мемлекеттік орган басшылары мен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының бейнеконференц-байланысы арқылы 7 қабылдауы  ұйымдастырылып, 23 азаматтың өтініштері қаралған», – деді Үміт Серікқызы.

Айта кету керек Партиялық бақылау комиссиясының кезекті отырысында жергілікті тұрғындардан түскен  өтініштерді қарау бойынша  2020 жылдың қорытындысы мен 2021 жылдың қаңтар-ақпан айындағы жағдайы туралы мәселе қаралған болатын.

Жиында «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесімен бірге облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, Тараз қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы сынды мемлекеттік мекемелердегі азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеудің алгоритмі әңгіме өзегіне айналды.