Үмітке толы Үкімет сағаты

Үмітке толы Үкімет сағаты

Үмітке толы Үкімет сағаты
ашық дереккөзі
«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында қазақстандықтарға 10 сотық жер беру қарастырылмақ Алтыншы шақырылымның екінші сессиясына білек сыбана кіріскен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары осы аптада алғашқы Үкімет сағатына қатысты. Онда экономикалық өсім мен «Нұрлы жол» бағдарламасының орындалуы туралы маңызды мәселе талқыланды. Жиында ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишiмбаев «Нұрлы жолдың» жетістігін айтып берді. Экономикалық жүйенің ақ-қарасын анықтағысы келген 36 депутат алдын ала тізімге жазылып, министрді үш жарым сағат сұрақтың астына алды. Қуандық Бишiмбаевтың баяндамасында ел экономикасының тетігі саналатын бірқатар салалардың бүгінгі ахуалы тұрғын үй мәселесі де қозалды. Жақында Ақордада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жеке тұрғын үй құрылысына арналған «Нұрлы жер» бағдарламасын әзірлеуді тапсырған болатын. Оның аясында инженерлік инфрақұрылымды тартқаннан кейін қазақстандықтарға 10 сотық жер беру қарастырылған. Аталған бағдарламаға қазіргі ипотекалық және тұрғын үй жинақ тетіктері енгізілетін болады. Премьер-министрдің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов, «Нұрлы жер» бойынша игерілмей жатқан жерлерді қайтару тетігі жылдың аяғына дейін қабылданатындығын айтқан-ды. Қазіргі таңда еліміз бойынша 350 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде тұр. Ал баспана салу үшін жер алғысы келетіндердің саны миллионға жетті. Үкімет сағатында депутат Нұртай Сабильянов осы мәселенің шешімін табу керектігін айтқан. Мәжілісменнің айтуынша, мемлекеттік бағдарлама операторлары қаражатты тең бөле білмегендіктен алаңдауға негіз бар. Мәселен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ тұрғын үй-жинақ жүйесі арқылы 30 млрд теңге алып, былтыр жоспарланған 2 мың пәтердің орнына 3700-ден астам баспана өткізген. Ал Ұлттық қордан бұдан 4 есе көп, яғни 115 млрд теңге бөлінген «Бәйтерек» холдингі қаражатты толық көлемде игермеген. Айта кетерлігі, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 100 мың жер телімі беріледі. Бұл ретте аталған мемлекеттік бағдарламаны нақты үш бағытта іске асыру жоспарланған. Біріншіден, ипотека арқылы жаңа баспананы сатып алу шараларына басымдық берілмек. Екіншіден, тұрғынүй жинақ жүйесі бойынша халықты баспанамен қамтамасыз ету жұмысы жалғаса береді. Осының аясында әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтар үшін аймақтық тұрғын үй қорларын құру жоспарланып отыр. Үшіншіден, жеке тұрғын үй құрылысын дамытуға баса назар аударылмақ. Бағдарлама аясында осы уақытқа дейін берілген жер телімдеріне де инженерлік желілер тарту қарастырылған. ̶ Инженерлік желілер тартып, жекеменшік тұрғын үй саласын дамыту осы саланың басты бағыты болмақ. Осы жұмысқа қосымша инвестиция тартудың арқасында біз бюджетке түсетін салмақты азайта аламыз. Сондықтан бұл бағыттар жаңа бағдарламада көрініс табатын болады, ̶ деді Қ.Бишімбаев. Министрдің сөзіне қарағанда, «Нұрлы жер» бағдарламасының барлық үш бағыты бойынша инфрақұрылымды барынша дамыту жоспарланып отыр. 2015-2016 жылдары осы мақсатқа 151,8 млрд теңге қарастырылған. Соның арқасында 2016-2017 жылдары 101 мыңға жуық жаңа жер телімдерінің инженерлік инфрақұрылымы дайын болмақ. Бұдан бөлек, осы уақытқа дейін берілген 57,4 мың жерге инженерлік желілер тартылады. Соның нәтижесінде қосымша 43,5 мың жаңа  жер телімін дайындауға мүмкіндік бар. 2017 жылы инженерлік инфрақұрылымды дамыту шараларына тағы 84 млрд теңге жұмсалады, ̶  дейді Қуандық Бишiмбаев. Өз сөзінде Нұртай Сабильянов елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі әлі күнге дейін толық шешілмегенін айтты. Оның есебінше, кей өңірлерде сумен жабдықтау небәрі 20 пайызды құрайды екен. Ол аздай, жылу жүйелерінің 40 пайызының мүлдем тозығы жеткен. Бұл мәселені шешу үшін қазір құны 100 млрд теңгенің сумен жабдықтау жобалары дайын. Бұл мақсатқа биыл 640 миллион теңге бөлінсе, келер жылға шамамен 20 млрд теңге қарастырылып отыр.

Ұлттық қор қатаң қадағалауда

Үкімет сағатында көпшілік назарын аударған мәселе  ̶  Қазақстанның бере­шегі. Ұлттық экономика министрi Қуандық Бишiмбаев Қазақстанның мемлекеттiк борышы 10,9 трлн теңгеге жеткенін және оның бұдан әрі өсуiне жол бермейтінін айтты. Айта кетерлігі, 2008 жылы Қазақстанның мемлекеттік қарызы 2,2 млрд долларды құраған. Соңғы төрт жылда қарыз 8 есеге өскен. Тіпті бұл медицина және білім саласына бөлінетін республикалық бюджет шығындарынан да көп. Бұл туралы Парламент мәжілісінде депутат Аманжан Жамалов мәлімдеді. ̶  Мемлекеттік қарыздың бірден артып кетуі бюджетке қысым көрсетеді. Әсіресе, бұл Ұлтық қор қаржысына айтарлықтай қауіп төндіреді. Мысалы, Ұлттық банк мұнай бағасы 35-30-25-20 доллар болған жағдайдағы экономиканы дамыту туралы сценарийді дайындады. Ал осыны ескеретін болсақ және доллар 360 теңгені құраса, қор қаржысы бар болғаны бес жылға жетеді, – деді мәжілісмен. Қазіргі кезде мемлекеттік және мемлекет тікелей кепіл болатын қарыз 32  миллиард доллардан асады. Бұл соманы ұлттық валютаға айналдырғанда 11 триллион теңге. Оның үстіне алдағы үш жылда бюджетке табыс тек теңгемен түседі деп жоспарлануда. Ал Үкімет халықаралық банктерден алған қарызды доллармен қайтаруы керек. Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбев бұны кең көлемде түсіндіріп өтті. ̶  Қазір шынымен қарыз деңгейі өскен, бірақ бұл мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға кеткен шығын мен кірістің төмендеуі есебінен артып отыр. ҰЭМ алдына мемлекеттiк борыштың өсуiне жол бермеу мiндетiн қояды. Бүгiнгi күнi Қазақстанның мемлекеттiк борышы әлемнiң басқа елдерiмен салыстырғанда төмен деңгейде. 2016 жылдың 1 шiлдесіндегi жағдай бойынша жиынтық мемлекеттiк борыш 10,9 трлн теңгеге жетті. Бұл – 2016 жылғы ЖIӨ-ге шаққанда 24,6 пайыз, оның iшiнде iшкi борыш ЖIӨ-ге шаққанда 13,5 пайыз және сыртқы борыш ЖIӨ-ге шаққанда 11,1 пайыз, ̶  деді ол. Оның айтуынша, 2017-2019 жылдары мемлекеттiк борышты қолайлы деңгейде ұстап тұру үшiн республикалық бюджет тапшылығын 2017 жылы 1,2 пайызға, 2019 жылға қарай 1,0 пайызға дейiн төмендету жоспарланып отыр. Бұл ретте министрлік Ұлттық қордың қаржысын басқарудың жаңа концепциясын дайындау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Аталған концепцияны жылдың соңына дейін аяқтап, үкімет қарауына ұсыну жоспарланып отыр. Мемлекет қарызын қайтару мақса­тында 2018 жылдан бастап Ұлттық қордан тартылатын қаржы қысқартылмақ. Қазынадағы қаражатты үнемдеуге көшудің мәні тікелей мұнай бағасымен байланысты болып отыр. ̶  Мұнай бағасы төмендеп тұрғанда келешек ұрпақ үшiн Ұлттық қордың сақталуын қамтамасыз ету маңызды. Бiздiң негiзгi болжамымыз бойынша Ұлттық қордан бөлiнетiн трансферттердiң жыл сайынғы көлемi түсiмдердi 2017 жылы 1,4 трлн теңгеге және 2018-2019 жылдары 1 трлн теңгеге дейін арттырады. Нәтижесiнде, Ұлттық қор активтерiнiң көлемiн 2015 жылғы 63,4 млрд доллардан 2019 жылы 50,7 млрд долларға дейiн қысқартуға алып келуi мүмкiн. Осыған байланысты Ұлттық қордан қосымша қаражат тартылмайды. Алдымен 2018 жылдан бастап қаржы қысқара бастайды. Бiз экономиканың жеке инвестициялар мен кәсiпкерлiктi дамытуға негiзделген iшкi мүмкiндiктерiн пайдаланамыз, ̶ дейдi министр.

Алға басқан ауылшаруашылығы

2016 жылдың сегіз айында Қазақстанда ЖІӨ өсімі 0,3%-ды құраған. ҚР Ұлттық экономика министрінің айтуына қарағанда, 2016 жылдың алғашқы 5 айында экономикалық өсімнің төмендеуінен кейін, маусым айынан бастап, экономиканың оң өсімі тіркелді. Ағымдағы жылғы 8 айдың нәтижесі бойынша ЖІӨ өсімі 0,3%-ды құрап отыр. Министр бұл өсім Үкімет пен Ұлттық банктің дағдарысқа қарсы шаралары, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында қолға алынған іс-шаралардың арқасы екендігін айтты. Қ.Бишімбаев атап көрсеткеніндей, өсім қарқынының баяулығына қарамастан, Қазақстандағы аxуал серіктес-мемлекеттерге қара­ған­да жақсырақ. Әсіресе, елдің көсе­гесін көгертіп отырған сала  ̶  ауыл­шаруашылығы. Қазақстанда ауыл­ша­руашылық өнімдерінің көлемі 4,9 пайызға ұлғайған. ҚР Ұлттық экономика министрінің айтуынша, өсімдік шаруашылығында өсім көрсеткіші 12 пайызды құраса, ал мал шаруашылығында бұл көрсеткіш 2,3 пайызға артқан. Бұл салаға тартылған  инвестиция көлемі де өткен жылмен салыстырғанда  6,1 млрд теңгеден 12,7 млрд теңгеге өскен. Ведомствоның ақпаратынша, негізгі капиталға инвестициялардың жалпы көлемі 4,3 трлн теңгені, оның ішінде үштен бір бөлігінен астамын – 1,5 трлн теңгені мемлекеттік инвестициялар мен ұлттық холдингтер қаражаты құрады. Тікелей шетел инвестицияларының ағыны бірінші жартыжылдықта бес есе  ̶ 5,7 млрд АҚШ долларға дейін ұлғайғаны тағы бар. Экономикалық өсу көбіне шикізаттық емес секторлар есебінен қамтамасыз етілуде. ̶  Ағымдағы жылғы 8 айдың ішінде өңдеу өнеркәсібінің өсуі 0,7 пайызды құрады. Металлургия өнімдері (8,3 пайызға), тамақ өнімдері (3,8 пайызға), мұнай өңдеу (0,6 пайызға), пластмасса (2,4 пайызға), сондай-ақ фармацияның (2,5 пайызға) өндірісі өсті. Сонымен қатар, экспорт құрылымында да шикізат емес тауарлар үлесі ұлғайған. Өңделуі жоғары өнімдердің экспорты өсті. Тамақ өнеркәсібі  химиялық тыңайтқыштар  тоқыма материалдарын өндіру, дайын металл бұйымдар өндіру өсті, – деді ол. Министр келтірген мәліметке сүйенсек, өңірлік бөліністе өнеркәсіптің өсуі 9 өңірде және төмендеуі 7 өңірде байқалып отыр. Өнеркәсіптік өндірістің едәуір өсуі Оңтүстік Қазақстан(4 жарым пайыз), Ақмола (4,2 пайыз) және Шығыс Қазақстан облыстарында (4,1 пайыз) байқалады. Ал мұнай өндірудің қысқаруы есебінен Қызылорда (10,6 пайыз) және Маңғыстау (3,9 пайыз) облыстарында, темір (16,3 пайыз) және құрамында алтыны бар рудаларды өндірудің азаюы есебінен Қостанай облысында (4,1 пайыз) өнеркәсіптің едәуір төмендегені байқалады.  

Еркежан ЖҰМАТАЙ

Астана қаласы