Картоп бағасының әлемдік экономикаға қатысы жоқ

Картоп бағасының әлемдік экономикаға қатысы жоқ

Картоп бағасының әлемдік экономикаға қатысы жоқ
ашық дереккөзі
Былтыр теңге құны құлдырағанда отандық өнімнің де бағасы шарықтап шыға келген еді. «Импорттық» өнімнің бағасы өсті, ал өз елімізде өсетін, облыстардан жеткізілетін көкөніс пен жеміс-жидектің қымбаттауына не жорық деп таңдай қағысты көпшілік. Бірақ баға сол қалпында деп сендіріп бақты басшылық. Апта басында Үкімет отырысында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев шенеуніктер үшін бір баға, олар кеткен соң базарда басқа баға қойылатынын әжуаға балады. Әлеуметтік маңызы бар тауарлар дегеніміз  тұрмысқа қажет 33 тауар түрі – макарон өнімдері, жарма, ет-сүт өнімдері, жұмыртқа мен тұз. Осы өнімдердің барлығы елімізде жасалады, кейбірі тіпті экспортқа шығарылатыны белгілі. Жұмыртқа мен тұздың шетелден импортталмайтыны да айдан анық. Ресми статистика  мәліметтеріне сүйенсек, жыл басынан бері азық-түлік өнімдері бағасының индексі 5,4 пайызды құраған. Ал 2016 жылдың 30 тамызында азық-түлік өнімдері бағасының индексі 9 пайызға жеткен. Қант бағасы – 30 пайызға, жармалардың бағасы – 23 пайызға, бірінші сұрыпты ұннан жасалған нан бағасы 18 пайызға дейін қымбаттаған. Десе де әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қымбаттауын   Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Үкімет отырысында түсіндіріп берді. – Бізде өндірісті жандандыруға, ба­ғаны өсірмеуге ықпал ететін қан­шама мүмкіндік бар. Бірақ оның бәрі жұмыс істемейді, өйткені жер­гі­лікті әкімшіліктер тарапынан қатаң бақылау жоқ. Жүйелі шара қол­данудың орнына, біздің кейбір әріп­тестер қызметке ие болғаннан кейін базарға барып, тексеруді ғана жақсы көреді. Сөйте тұра, олар келгенде базардағы бағалар басқадай, кеткеннен кейін өзгеріп кететінін өздері де жақсы біледі. Мұндай беделқұмарлық бізге ештеңе бермейді. Бұл күлкіңді келтіреді.  Бәрі жеңіл-желпі. Егер сіз электр энергиясы туралы айтып тұрсаңыз, дұрыстап жазыңыз: өнімнің қай түрі қаншалықты электр энергиясы есебінен қымбаттады.  Реттегіштер өздеріңде бар. Жанар-жағармай биыл емес,  былтыр қымбаттаған.  Ал, қазір жанар-жағармай әсер етті дейсіңдер, – деді Премьер-министр. Сөз соңында ауылшаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовке азық-түлік бағасын ай соңында жүйелеп, қабылдап, келесі отырыста қандай шара қолданып, одан қандай нәтиже күтілетінін нақты жүйелеу тапсырылды. Бағаны ұстап тұру мәселесін қарас­тыр­ғанда аймақ басшылары базардағы ба­ғаны өз көзімен көріп қайтуды әдет­ке айналдырған. Базардағы баға әкімнің көңіліне қонымды болса, бағаны реттеу саясаты сол күйінде қала береді. Көпшіліктің айтуынша, әкімдер кеткеннен кейін қымбат баға қайта қалпына келеді. Осы орайда Премьер-министр Үкімет отырысы барысында әкім­дер­ден әлеуметтік маңызы бар тауарларға және дәрі-дәрмек бағасының өсуін бақы­лауды күшейтуді тапсырды.  «Бірінші кезектегі қажетті өнімдердің және дәрі-дәрмектердің бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу мәселесі айрықша бақылауда болуы тиіс және бағалардың ауытқуы болған жағдайда дер кезінде әрекет ету керек. Нәтижесінде қандай да бір өңірде азық-түліктің жекелеген түрлерінде үнемі бағаның күрт өсуі орын алады. Бұл жер-жерлердегі әкімдердің бақылауының әлсіздігін және бар тетіктерді толық пайдалан­бай­тындығын көрсетеді, – деп мәлім­деді ҚР Премьер-министрі. Сондай-ақ, бағаға әсер етудің заңды тетіктері мен құралдары қазіргі таңда бар болғанмен, олар ылғи да жұмыс істемейтінін баса айтты. «Сіздерде қанттың, қарақұмық жар­ма­сының, тұз, ет және ет өнім­дерінің, пияздың бағасының өсуі байқалуда. Аграрлық өңірде ең қымбат нанның болуын қалай түсіндіресіз?!», – деп сұрады Сағынтаев Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтановтан. Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, тауарлардың үстеме бағалары 200 пайыздан асқан жайттар анықталды. Министрлік әлеуметтік маңызды тауарларға бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында жұмыс жүргізуде. Монополияға қарсы орган ағымдағы жылдың басынан бері 27 тексеру жүргізген, олардың 12-сі аяқталды, 15 тексеру әлі жүргізілуде. Монополияға қарсы орган жүргізген тескерулердің қорытындысы бойын­ша, материалдық санкциялардың жалпы сомасы  монополиялық кірісті есеп­тегенде шамамен 23 миллион тең­гені құрады, оның ішінде мемлекет бюд­жетіне 12 миллион жуық теңге түскен. Ал бағаны реттеу тетігі ретінде Бишімбаев мырза сауда үстемесіне қа­тысты нормативтік-құқықтық ак­тілерге тауар өнімдері бағасын ең көп дегенде 25-30 пайызға дейін көтеру үшін өзгертулер енгізуді ұсынды. Оның пайымдауынша, әкімдіктегілер нарықтағы бағаға әсер ете алмайды. Сондай-ақ, отандық өнім шығарушылар сауда орындарының 25-30 пайыз аумағына ие болу үшін заңды түрде осы мәселемен айнылысу керек.  

Ақниет ОСПАНБАЙ