Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті: Алматы – егемен Қазақстанның алғашқы астанасы

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті: Алматы – егемен Қазақстанның алғашқы астанасы

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті: Алматы – егемен Қазақстанның алғашқы астанасы
ашық дереккөзі
  Мың жасаған Алматы шаһары мерейтойын дүбірлетіп атап өтті. Алматы қаласының 1000 жылдығына орай Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев оңтүстік астанаға арнайы келді. Алмалы қаланың тұрғындарын айтулы датамен құттықтаған Мемлекет басшысы «Алматы Арена» мұз сарайында өткен «Алматының 25 шыңы» атты салтанатты шараға қатысты. «Алматы Арена» мұз сарайының мерекелі күні ашылуы алматылықтар үшін үлкен тарту болды. Аталмыш мұз айдыны әлем бойынша техникалық тұрғыдан үздік жабдықталған айдындардың қатарына енеді. Тіпті, «Алматы Арена» – Орталық Азияда теңдесі жоқ спорттық нысан ретінде бағаланып отыр. Мұз айдыны, жаттығу айдыны және жүзу бассейнінен тұратын кешенге 12 мың адам сияды. Алматы қаласында 2017 жылы өтетін 28-ші Бүкіләлемдік қысқы универсиаданың ашылу және жабылу салтанаты, байрақты бәсекенің шорт-трек, конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, хоккей жарыстары осы мұз сарайында өтетін болады. Теңдессіз спорттық кешеннің салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ең алдымен Алматының 1000 жылдық тарихына көз жүгіртті. «Бұл дата ЮНЕСКО-ның Адамзаттың атаулы және мерекелік күндері күнтізбесіне енген. Аталған шешім Алматының өңірлік және жаһандық дамудағы бірегей рөлінің айрықша екенін көрсетеді. Алатау бөктеріндегі қастерлі өлке өз тарихында көп нәрсені басынан өткерді. Бұл жерден алып Еуразияның Шығысы мен Батысын, Солтүстігі мен Оңтүстігін жалғаған алғашқы сауда жолы және жалпы адамзаттық магистраль – Ұлы Жібек жолы өткен. Бес жүз елу жыл бұрын Жетісу Қазақ хандығының бесігі болды. Бұл жерде бүкіл Орталық Азия аймағының урбанистік мәдениетінің басты ошағының бірі пайда болды», – деп атап өтті. Өз сөзінде Елбасы мың жасаған шаһардың ХХ ғасырда орын алған оқиғалар тізбегінде маңызды рөл атқарғанын тілге тиек етіп, еліміз үшін маңызды шаралардың бірқатары Алматы қаласымен тікелей байланысты екендігін еске салды. «Қала 1929 жылы Қазақстанның кезекті астанасына айналып, кейіннен миллиондаған тұрғыны бар мегаполиске дейін өсті. Алматыға егемен Қазақстанның алғашқы астанасы болу мәртебесі бұйырды. Сондықтан біз бүкіл халық болып қаланың мыңжылдығын Отанымыздың Тәуелсіздігінің 25 жылдығы белесінде мерекелеудеміз. 1995 жылы жалпы халықтық рефе­рендумда республика Конституциясы қа­былданды. Осы қалада «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң қабылданды. Алматыда Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Нақ осы жерде жаңа елорда – Астана туралы тарихи қаулы қабылданды», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Одан әрі Президент Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталып, шағын және орта бизнес субъектілерінің маңызды рөлін атап өтті. Алматы шаһарын Қазақстанның батыл әрі қарқынды дамуының көрінісі деп бағалаған Елбасы 5 жылдың ішінде қала аумағының 2 есеге өскендігіне де назар аударды. Алдағы уақытта өтетін Универсиаданың дайындық жұмыстары да бұл күні Мемлекет басшысының көңілін аудартпай қоймады. Нұрсұлтан Назарбаев дүбірлі додаға арналған спорттық нысандарды салу жұмыстары халықты жұмыспен қамтуға мүмкіндік бергендігін айтып өтті. «Оның бірегей нысандарының құрылысына 107 миллиард теңге инвестиция тартылды. Соның арқасында мың жарым шағын және орта бизнес субъектілері жұмыспен қамтылып, 30 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылды. Қысқы Универсиадаға 57 елден 2 мыңнан астам спортшы қатысады. Алматының туристік кластерін дамыту арқылы 90 мың қала тұрғыны жұмыспен қамтамасыз етіледі», – деді. Сонымен қатар, Мемлекет бас­шысы осы сапарында «Халық Арена» спорт кешенінің де ашылу сал­та­натына қатысты. Медеу ауданында ашылған «Халық Арена» мұз айдыны 3000 адамға арналған. 11 гектар аумақты қамтитын мұз айдыны үш блоктан тұрады. Универсиада кезінде бұл нысанда хоккейден жарыстар өткізілмек. Спорттық нысанның ашы­лу рәсімінде Нұрсұлтан Назарбаев спортшылармен және Олимпиада жүлде­герлерімен жүздесті. Олардың қатарында Рио олимпиадасының чемпионы Дмитрий Баландин, Олимпиада-2000 ойындарының күміс жүлдегері Ислам Байрамуков және қысқы Олимпиаданың қола жүлдегері Денис Тен болды. Олимпиада жүл­дегерлерімен әңгімелескен Мемлекет басшысы өскелең ұрпақты спортқа баулу керектігіне баса назар аударды. Салтанатты жиында Нұрсұлтан Назарбаев: «Жүзуден бізде бірінші жұлдызымыз бар. Менің ойымша, оның артынан ерушілер көп болады. Балалардың әр түрлі спортпен айналысқанын қалаймын. Бізде жеңіл атлетикадан Ольга Рыпакова бар, бұрын Ольга Шишигина болды, ал қазіргі кезде артынан ерушілер көрінбейді. Ата-аналар балаларын мектептерге беруі тиіс, біздің елде барлық жағ­дай жасалған. Еліміздің барлық өңір­лерінде спорт орталықтары, бала­лар мен жасөспірімдерге арналған орталықтар мен алаңдар құрылған. Бассейндер салып жатырмыз, Астанада неше түрлі орталықтар салынды. Бұл мыңдаған балаларды қызықтырып, спортпен айна­лысып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға септігін тигізеді», – деді. Спорт саласына ерекше көңіл бөлуді әдетке айналдырған Мемлекет басшысы байрақты бәсекелерде орын алатын әділетсіздіктер жөнінде сөз қозғауды да ұмыт қалдырған жоқ. Тіпті, талай ауыр атлеттеріміздің жолына бөгет болған допинг дауына қатысты да ойын білдірді. «Біздің қыздар өткен Ойындарда жақсы өнер көрсетті, медаль алудан рекордты жаңартты. Соның өзінде де алға қарай жылжу керек. Қазақстан өзін спорттық держава ретінде көрсетті. Онда әділетсіздіктер болды, алайда не істей аласың, ондай өмірде де бар. Біреулерді допинг үшін спорттан шеттетеді, біреулерге рұқсат етілген. Қазір барып тұрған әділетсіздік болып жатыр. Өмір де солай, күресу қажет. Сәттілік тілеймін!», – деп сөзін қорытындылады Президент Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы 28-ші Қысқы универсиада үшін арнайы бой көтерген Атлеттер қалашығында болып, ондағы спорт ғимараттарын аралады. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Бүкіләлемдік қысқы универсиаданың рес­ми өкілдерімен кездесті. Мем­лекет басшысы Универсиада аяқтал­ған соң нысандардың қалай пай­да­ла­нылатыны туралы сөз қоз­ға­ды. Универсиада ойындары тәмам­далғаннан кейін ғимараттар спорт мек­тептерінің, кәсіби және әуесқой командалардың жаттығуларын ұйым­дастыру орталықтарына айналмақ. Алматылықтарды 1000 жылдық мерекелерімен құттықтап, оң­түстік астанаға арнайы келген Қазақстан Президенті өзге де нысандардың бүгінгі жағдайымен танысты. «Дәстүрлі музыка» муль­ти­медиялық орталығына бас сұққан Нұрсұлтан Назарбаев мәдени ордаға өзінің жеке домбырасы мен күйші Дина Нұрпейісоваға арналған «Дала әуендері» мүсінін сыйға тартты. Бұған дейін мультимедиялық орталықта Ықылас атындағы халық аспаптары музейі, Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік музей, Алматы қаласының тарих музейі, сондай-ақ мемлекеттік мұрағаттар қорынан алынған қазақ өнерінің көрнекті қайраткерлерінің бірегей аспаптары орналастырылған еді.  

Әсел ӘНУАРБЕК