Қазақстандық полицейлердің зейнет жасы ұлғаяды
Қазақстандық полицейлердің зейнет жасы ұлғаяды
Елімізде полиция қызметкерлеріне зейнетке шығу жасы ұлғайтылмақ. Бұл туралы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев айтты.
"Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері өте тәжірибелі, кәсіби шеберлігі жоғары. Соған қарамастан 45-55 жасында зейнетке шығып, жұмыстан кетуге мәжбүр. Кейін олар әртүрлі коммерциялық құрылымда жұмыс істейді. Біз бұл мәселені көтеріп жатырмыз және зейнетке шығу жасын да қарастырамыз", - деді министр.
Тұрғымбаевтың айтуынша, майор шеніндегі қызметкерлерге зейнеткерлік жасты 52 жасқа дейін көтеру жоспарланған. Подполковниктер үшін - 55 жас, полковниктер үшін - 58 жас, жоғары басшылық құрам үшін - 63 жасқа дейін.
"Біз әлі де жобаны талқылап жатырмыз. Басқа елдерде зейнет жасы басқаша. Мысалы, Ресейде - 60 жас, Жапония, Германияда - 65 жас. Біз бұл мәселені де қарастырамыз", - деді ол.