БҰҰ-да саяси кеңесші болып жұмыс істейтін қазақ: БҰҰ-дағы бір бос орынға 800-дей адам үміткер болады
БҰҰ-да саяси кеңесші болып жұмыс істейтін қазақ: БҰҰ-дағы бір бос орынға 800-дей адам үміткер болады
Ғалымжан Кирбасов БҰҰ Бас хатшысының Сирия бойынша арнайы өкілінің кеңсесінде саяси мәселелер жөніндегі кеңесші болып жұмыс істейді. Бұған дейін БҰҰ-ның Сомалидегі кеңсесінде екі жылдай қызмет еткен ол бүгінде Сирия үкіметі мен оппозицияның арасында диалог орнату, конституциялық реформа дайындау, әскери-саяси жанжалдардың алдын алу, тараптардың татуласуына түрткі болу, бітімгерлікке шақыру сияқты істерге жауапты. Осы секілді маңызды мәселелерді шешудің басы-қасында жүрген Ғалымжанмен хабарласып, әңгімелескен едік.
[caption id="attachment_141235" align="aligncenter" width="566"] Сомали. Жұмыс барысында[/caption]
– БҰҰ аясында жұмыс істейтін болғандықтан, Сомалидегі кеңседен Женевадағы штаб-пәтерге ауысу оңайырақ болған шығар. Екі жыл бұрынғыдай емтихан, сұхбаттасу кезеңінен өтпеген боларсыз?
– Жоқ, ешкім сені БҰҰ аясында басқа кеңседе жұмыс істеп жүр екенсің деп, басыңнан сипап, екінші кеңсеге оңай ауыстыра салмайды. Басқа кеңсеге ауысқың келсе де, алдымен хабарландыруларды қарайсың. Алғаш рет жұмысқа тұрғанда қандай ұзақмерзімді сынақтан өтсең, осында да тура сол сынақтан қайта өтесің. Айта кетерлігі, БҰҰ-да жұмыс істейтін қызметкер запаста болады. Алайда мұның айтарлықтай артықшылығы жоқ. Егер басқа аймақтан атқарып жүрген қызметіңе ұқсас бір жұмысқа өз еркіңмен ауысқың келсе, қайтадан құжат тапсырасың. Бірақ емтихан тапсырған соң, келесі кезең сұхбаттасуды өткізбей-ақ, емтихан нәтижелері бойынша жұмысқа тұруға мүмкіндік беруі әбден мүмкін. Десек те, кей кездері қызметкерден жұмысқа тұрғалы жатқан миссияның жұмысынан хабардар екеніңді білу үшін сұхбат алуы мүмкін. Женевадағы кеңсеге жұмысқа тұрмас бұрын, хабарландыру қарап, нәтижесінде көп кеңсеге өтінім жібердім. Көп ұзамай, бірнеше кеңседен жауап келді. Запастағы қызметкер болсам да, емтихан алып, сұхбаттасып, нәтижесінде жолым болып, Женевада БҰҰ-ның Сириядағы саяси процеске көмектесу үшін ашылған кеңсесіне жұмысқа тұрдым. Әу баста, бұл кеңсеге БҰҰ-ның Сирия мәселесі бойынша арнайы өкілі болған Кофи Аннан басшылық еткен. Сосын бұл қызметті Лактар Брахими, Стефан де Мистура жалғастырды. Қазір арнайы өкілі қызметін Гейр Педерсен атқарады.
[caption id="attachment_141229" align="aligncenter" width="566"] Сирия мәселелері бойынша Астана форматындағы халықаралық кездесу кезінде[/caption]
– Сирияны әлемде от пен оқтың ортасы деп танитыны белгілі. Басшылығыңыз аталған елдегі шиеленіскен саяси мәселелерді реттеу міндетін жүктегенде, бірден келістіңіз бе, жоқ әлде бұл өз таңдауыңыз ба?
– Иә, Сириядағы жағдай – дүниежүзіндегі ең қиын тартыстардың бірі. Бұл соғысқа бір ел емес, бірнеше мемлекет қатысқан. Бірі үкіметті қолдаса, енді бірі оппозицияны жақтайды. Негізі, тартыстарды шешуге тырысу, ортақ мәмілеге шақыруды қызықты іс деп білемін. Сөйтіп, бітімгершілікке шақыру қызық болып көрінген соң, осы кеңседе жұмыс істеуге келістім. Қазір атқарып жүрген жұмысым өзіме ұнайды. Негізі, Сирияға бес-алты айда бір барамын. Кейде өзім барамын, кейде басқа әріптестерім барады. Десек те, Сирияның басқа аймағы болмаса, біздің кеңсе орналасқан Дамаск анау айтқандай қатерлі аймақ емес. Оның үстіне, Сирия үкіметі бақылауды күшейтіп, қауіпсіздікпен қамтамасыз етіп отыр.
[caption id="attachment_141230" align="aligncenter" width="566"] Альпі бөктеріндегі марафон кезінде[/caption]
– Сізге отандастарыңыз тарапынан «БҰҰ-ға қалай жұмысқа тұруға болады?» деген сұрақ жиі қойылатын болар?
– Әрине. Менің жұмысыма қызығушылық танытатындарға айтарым, халықаралық ұйымда қызмет істеу үшін, ең алдымен кем дегенде БҰҰ-ның екі тілін, ағылшын және француз тілін білу қажет. Үшінші тіл ретінде араб тілін меңгеріп алсаңыз, мұның пайдасы орасан зор. Мысалы, қазір БҰҰ-ның Таяу Шығыстағы кеңселеріне жұмысқа тұру мүмкіндігі мол. Байқағаным, БҰҰ-ға жұмысқа тұруға өтінім беріп жатқандардың арасында араб тілін білетін мамандар аз. Дәл қазір араб тілінде еркін сөйлей алатын, сол аймақты жақсы білетін мамандарға сұраныс жоғары. Сосын бірден БҰҰ-ға жұмысқа тұру қиынға соқса, біздің ұйыммен бірге жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдардан жұмыс қарастырған абзал. Онда жинаған тәжірибе БҰҰ-ға жұмысқа тұруға оң әсерін тигізеді. Бұл ұйымдарға БҰҰ-ға қарағанда жұмысқа орналасу оңайырақ. Десек те, аталған ұйымдар БҰҰ қызметкеріне қажетті іс-тәжірибе жинақтауда таптырмас мүмкіндік береді. Тағы бір айтатын маңызды нәрсе, БҰҰ-да немесе БҰҰ аясындағы жобаларды іске асырумен айналысатын көптеген үкіметтік емес ұйымдарда жұмыс істейтін қызметкерлермен байланыс орнатып, нетворкинг жасау керек. Олар жол көрсетіп, жөн сілтейтініне сенімдімін. Сонымен қатар көмек көрсетуге бағытталған миссиялардан бөлек, БҰҰ-ның бағдарламалары өте көп. Атап айтсақ, БҰҰ-ның Даму жөніндегі бағдарламасы (БҰҰДБ), БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ), БҰҰ Халық қоныстану қоры (ЮНФПА), БҰҰ есірткі және қылмыс мәселелері жөніндегі басқармасы (БҰҰ ЕҚБ), БҰҰ Жоғарғы комиссарының босқындар ісі жөніндегі басқармасы (БҰҰ ЖКББ), Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ), БҰҰ білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы (ЮНЕСКО), Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ), БҰҰ өнеркәсіптік даму жөніндегі ұйымы (ЮНИДО), АТҚБ/ЖТҚБ жөніндегі БҰҰ бағдарламасы (ЮНЭЙДС) және тағы басқа ұйымдарының бос жұмыс орны туралы хабарландыруы арқылы жұмысқа орналасуға болады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ