«Баға өзгеріп тұрады»: министрлік жанармай бағасына қатысты пікір білдірді

«Баға өзгеріп тұрады»: министрлік жанармай бағасына қатысты пікір білдірді

«Баға өзгеріп тұрады»: министрлік жанармай бағасына қатысты пікір білдірді
ашық дереккөзі
Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов еліміздің ішкі нарығында жанар-жағармай бағасының қалай қалыптасатынын түсіндірді. «ҚР ішкі нарығында жанар-жағармай бағасы сұраныс пен ұсыныс негізінде қалыптасады, яғни нарық арқылы реттеледі. Баға белгілеу кезіндегі негізгі факторлар – Қазақстандағы мұнай құны (ішкі бағалар), процессинг (мұнай өңдеу қызметі), салықтар мен акциздер, зертханалық сынақтар мен қоспалар шығындары, банк несиесіне қызмет көрсету, цистерналарды беру-жинау, тауарды тасымалдау және басқа да ілеспе шығындар», – деді Әсет Мағауов. Тұтынушылар үшін түпкілікті баға мұнай өнімінің көтерме құны, автожанармай құю стансасына дейінгі барлық көлік шығындары, мұнай базаларында сақтау, бөлшек саудада өткізуші шығыстары және акциздер мен салықтар негізінде қалыптасады. «Қазіргі уақытта Қазақстанда Аи-92 жанармайының бір литрі 160 теңге болып тұр. Салыстырмалы түрде айтсақ, Қырғыз Республикасында баға – 185 теңге (16% жоғары), Өзбекстанда – 261 теңге (63% жоғары), Ресейде – 255 теңге (59%). Өздеріңіз білетіндей, мұнай өнімдерінің нарығы жоғары құбылмалы болады және жанар-жағармай бағасының қалыптасуына әсер ететін бірқатар факторлар бар: РФ және ҚР ішкі нарығында жанар-жағармайға баға белгілеу және қамтамасыз ету, көрші елдермен шекаралас облыстарда жанар-жағармайға баға белгілеу. Бұл жағдайларды ескере отырып, баға өзгеріп тұрады», – дейді вице-министр.