Санымызға ғана емес, сапамызға да әсері бар
Санымызға ғана емес, сапамызға да әсері бар
Соңғы уақытта көші-қон сальдосының көрсеткіші алаңдатарлық екені жиі айтылып жүр. Яғни, кеткендер – көп, келгендер – аз. 2020 жылғы қаңтар-қыркүйек аралығында елден 21 мың адам біржола көшіп кеткен. Осы 9 айда елге 9 233 адам келген. Айырмашылық – 11 846 адам. Тек биыл ғана емес, 2017 жылы – 37 704, 2018 жылы – 41 894, 2019 жылы 45 231 адам шетелдің азаматы атанған. Жалпы, соңғы 5 жыл ішінде елден 190 мыңға жуық адам кеткен. Олардың жартысы – 34 жасқа дейінгі жастар. Мәселе санның азаюында емес, оған қоса сапаның кемуінде болып тұр.
Қоныс аударушылардың 54 пайызы – жоғары білімділер
2020 жылғы үш тоқсан ішінде 15 жастан асқан 11,4 мың жоғары білімді маман басқа елдің азаматы атанған. Бұл – барлық эмигранттардың 54,3 пайызы. Көшіп келген дәрігерлерден көшіп кеткендер 3 есе, техника мамандары 5 есе, педагогтер 4 есе көп. Сондай-ақ 387 заңгер, 280 сәулетші мен құрылысшы, ауыл шаруашылығы саласындағы 155 маман кеткен. Пандемияға байланысты шекара жабылғанның өзінде, көрсеткіш кемімеген. 2019 жылдың дәл осы кезеңінде елден қоныс аударушылардың ішіндегі жоғары білімді азаматтардың үлесі 50,6 пайыз болған.
2020 жылғы қаңтар-қыркүйекте көшіп келген мамандар 3,5 мыңға да жетпейді. Яғни, елге келген мамандар кеткен кадрлардың үштен бірінің де орнын толтырмайды.
Мәселенің шешімі қандай?
Hays халықаралық рекрутингтік компаниясы мен Oxford Economics Британдық зерттеу орталығының мәліметінше, ресейлік білікті мамандар да шетелде жұмыс істеуді жөн санайды екен. Басты себеп – жалақының аздығы. Ресей үкіметі бұл мәселені реттеу үшін 2024 жылдың соңына дейін 13 ауқымды бағдарламаны жүзеге асырмақ. Ол үшін 26 триллион рубль қаражат қарастырылыпты.
Өткен ғасырдың 70-жылдары Сингапур да осындай мәселеге тап болған. Жыл сайын қаншама жоғары білімді азаматтар шетелге кетіп отырған. 1980 жылы Сингапур үкіметі бұл мәселені мықтап қолға алды. Жоғары білім алып жатқан студенттерге көңіл бөліне бастады. Сонымен қатар үкімет Ұлыбритания, АҚШ, Аустралия, Жаңа Зеландия және Канададан Сингапурға жастарды тартатын Халықаралық HR агенттігін құрды. Қазір Сингапур әлемдегі перспективалы елдердің қатарына жатады.
Әлемнің түкпір-түкпіріндегі алпауыт компанияларда еңбек етіп жүрген қазақ жастары жетерлік. Олардың басым бөлігі негізгі білімді, қала берді жоғары білімді де елден алған. Қатарында қазір біз үшін ауадай қажет IT саласының мамандары, ғалымдар, дәрігерлер көп. Бәрінің де елге келуге ниеті жоқ емес. Арасында келіп, орнын таппай, қайта кеткендері де бар.
Көшіп келген азаматтардың арасында білікті, білімді, өз саласында жетістікке жеткен азаматтар жоқ деуге болмас. Оларға да түрлі кедергі көп.
Әрине, жаһандану мен ақпараттың ашықтығы адамдарды өзі қалаған, ыңғайлы мекенде өмір сүруге ықпал етіп отыр. Екінші жағынан, бұл – құндылықтардың, заманның өзгеруімен де тығыз байланысты. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дейтіндер аз, ол үшін ренжудің өзі орынсыздау. Десек те, білікті мамандарды лайықты жұмыспен қамту, шетелде жүрген білімді жастарды елге тарту мәселесін кешіктірмей басты назарға алу керек. Қазір біз үшін сапа да, сан да аса маңызды.