Амалда амандасып, көріскенде кешірімді бол!
Амалда амандасып, көріскенде кешірімді бол!
Жыл сайын наурыздың 14-інде қазақтардың басым көпшілігі Амал мерекесін немесе Көрісу күнін тойлайды. Көрісу мерекесі Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау облыстарында және Ақтөбенің кейбір аудандарында, Ресейдің Астрахан, Саратов, Орынбор өңірлерінде, Қарақалпақстанда аталып өтіледі. Амалдың ерекшелігі − Наурыздан бір апта бұрын тойланатыны жалпыға белгілі. Шынында, Көрісу күнінің әлі нақты ғылыми тұжырымы жоқ. Кейбір археолог ғалымдар дәстүрдің тамыры моңғол мен тывалық халықтарда жатқанын айтады. Дегенмен Көрісу күні (Амал мерекесі) туралы түрлі болжам бар. Солардың бір парасын назарларыңызға ұсынамыз.
Серік ЕРҒАЛИ,
мәдениеттанушы, этнолог:
– Наурыздама («наурызнама» емес, қазақтың тойлату секілді «наурыздату» етістігінен) дәстүрі бұрынырақта наурыздың алғашқы күнінен бастап елдің батыс өңіріне қоса, Сыр өңірінің барлығы, Қостанай, Торғай аймағы, ресейлік Ажтархан (Астрахан), Сарытау, Самар, Орынбор облыстары атап өтетін. Бірақ оны «амал» деп те, «көрісу» деп те атамаған, «Наурыз» деген. «Амал» деп атау 1988 жылдан мерекенің 21-22 наурызға ресмиленуінен бастап, халықтық Жыл басы күнінен ажырағысы келмеген бұқара 14 наурызды «Амал» деп атауға мәжбүр болды.
Бір мейрамның екі сипатының бірігуінен Жыл мерекесінің мазмұны мен маңызы бүгінде барынша тарылды, рухани құндылығымызды біршама шатасуға итермелеп отыр.
Шын мәнінде, халқымыз Наурыз айының алғашқы (ескіше – 1 наурыз қазіргі 14-не сәйкес) күнінен бастап, Наурыз мерекесін бір ай бойы мейрамдаған. Қазақтың белгілі білімдары − Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өзінің 8 күндік наурыздама өтетінін жазады. Ол ескіше: 1-8 наурыз, қазіргі күнтізбеде 14-21 наурыз аралығы.
Тағы бір дәйек: Шәкәрім атамыздың баласы Ахаттың естелігінде: «14 март – ескіше 1 март. Әкей айтты: «Бүгін ескіше 1 март, қазақша жаңа жыл, ұлыстың (ұлы істің) ұлы күні дейді. Ал жаңа жылдың бұрынғы аты – Наурыз, бұл – фарсы тілі. Жаңа күн деген сөз. Қожа-молдалар ескі әдетті қалдырамыз деп, құрбан, ораза айттарын ұлыс (ұлы іс) күні дегізіп жіберген. Ескі қазақша, ескі түрікше жаңа жыл күнінің аты – ұлы іс. Жаңа жыл басының ұлыс екеніне мынадай дәлел бар. «Ұлыс (ұлы іс) күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар. Ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы жол болар».
Шындығында, 13 наурызбен 90 күндік ескі жылдың қысқы маусымы бітетінін ескеріп, астрономиялық үдеріс кезінде күннің Амал жұлдызына беттеуі жыл басымен сәйкесуі «табиғи Жыл межесі» болып табылады. Жылдың ауысуы да осы құбылысқа тән. Және тоңның жібіп, көктемнің келуі осы жайтқа қатысты.
14 наурыз – жылдың, көктемнің басы! Сол себепті қазақтар бір бірімен қауышу рәсімін жасап көріскен, яғни қауышу рәсімін жасаған. Бір жылдың артта қалғанын және жаңа жылдың келгенін осылай қарсы алған.
Мүшел жылы 1 қаңтарда да, 22 наурызда да кірмейді, қазақтың есебі бойынша 14 наурызда кіреді. Жылқы жылы мүшел жүйесі бойынша 14 наурызда кіріп, көктемнің алғашқы күнін, жаңа жылдың маусымашар күнін бастайды. Ескі жылмен қоштасу 13 наурызда болып өтеді.
«Көрісу күніне» телініп жүрген мына ғұрыптың бәрі кәдімгі наурыздама жоралғылары болып табылады.
Бұл күні ауыл тұрғындары ерте тұрып, елең-алаңнан жасы үлкен адамдарға сәлем береді. Көрші-көлем бір-біріне «Жасың құтты болсын!», «Жасыңа жас қосылып, ғұмырың ұзақ болғай!» деп тілек айтады. Көшпелі ғұмыр кешкен ата-бабамыз алты ай қыстан аман-есен шығып, көктемге иек артқан шақта ағайынды іздеп барып, амандық сұрасады. Төс қағыстырып, «Бір жас қосуыңмен», «Жас құтты болсын!» деген тілек айтады.
Көрісу күні бұрынғы өкпе-реніш кешіріліп, араздық ұмытылады, көрші-көлем бір-бірін наурызкөжеге шақырып, меймандардың отбасына, ағайын-туыстарына амандық-саулық, құт-береке тілейді. Көрісу – тек адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес, сондай-ақ жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін дәстүрлі көрініс. Қариялардың айтуынша, бұл күні реніште жүрген жандар бас араздығын ұмытып, татуласады. Сондықтан көрісу айты – ағайын мен туыс арасындағы байланысты бекіте түсетін дәстүр.