Өтеген Оралбайұлы: Қазақтың ең бақытты күні...

Өтеген Оралбайұлы: Қазақтың ең бақытты күні...

Өтеген Оралбайұлы: Қазақтың ең бақытты күні...
ашық дереккөзі
Белгілі ақын, мәдениет және қоғам қайраткері, Мем­ле­кеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Өтеген Оралбайұлы газетімізге берген сұх­батында келелі әңгіменің түйінін Тәуелсіздігіміздің 30 жыл­дығына орай ұлық мерекенің ұлағаттары хақында тұжырым­дады. – Қазақстанның тәуелсіз ел атанға­нын ең алғаш естіген сәтті есіңізге тү­сі­ріп көріңізші. Халықтың сол кездегі көңіл күйі, өзіңіздің ішкі сезімдеріңіз ұмы­тыла қоймаған болар? – Ол күнді ұмыту мүмкін емес. Өзім сол кез­дегі Жоғарғы Кеңестің тілшілер қосы­нын­да болатынмын. Тәуелсіздік туралы тарихи сөз­ді естігенде сол депутаттық корпус отыр­ған залда, халық қалаулылары дүр етіп орын­да­рынан көтеріліп, дүркіретіп қол соғып тұр­ғанда жанарым жасаурап, қуаныш пен ба­қыттан шалқып тұрдым. Халқымыз мұн­дайда «ақ түйенің қарны жарылған күн» деп жа­тады ғой, бұл оқиға одан да зор болатын. Өш­кен жанып, өлген тірілген, ардақты ата-ба­баларымыздың аруағы атойлаған күн бо­латын. Жұртымыз бұл оқиғаны жүректері лү­пілдеп, төрт көзі түгел, тікесінен тұрып күт­кен-ді. Бір-бірімізді құшақтап, бірге ту­ғандай, бір үйдің баласындай болып қуандық. Қазақтың ең бақытты күні қайсы десе, осы күн болар деймін. Сол күні Жоғарғы Кеңестің сессия за­лын­да бірнеше күн бойы жан алып, жан бе­ріскен пікірталаста аймаңдайы жарқырап, мін­беге сан рет шығып, сансыз да саңылаусыз сұрақ­тарға сындарлы жауап берген топтың ал­дында Алаш алыптарының соңғы тұяқ­тары­ның бірі, академик, заңғар заңгер Салық Зи­манов пен көрнекті мемлекет және қоғам қай­раткері, ұлы қаламгер  Әбіш Кекілбаев тұр­ды. Кемеңгер Кекілбаевтың сол кездегі та­рихи сөзі тәуелсіздіктің тағдырын шешкен еді. Әбекең осы сөзін ерекше толқып, көзіне жас алып, әрі шамырқанып тұрып айтқанда, зал сілтідей тынып, әпербақандар абыржып қал­ғанда, сол сәтті қалт жібермей қағып түс­кен Нұрсұлтан Назарбаев дауысқа салып жі­­б­­­ергенде, тәуелсіздіктің тұсауы кесіліп,  қа­зақ даласын сүйінші шарлап кеткен бо­латын. Сол күні Салық аға Зимановтың үйіне бір­­­ге барып, бір-бірімізді құшақтап, жа­нар­ларымыз боталап тұрып, құттықтап едік. Ертесіне сол кездегі «Дала дидары» газетінде ме­нің Салық Зимановпен жүргізген «Ежелден ер­кін ел едік» деген көлемді сұхбатым жария­лан­ды. Әр қазақтың үйінде осындай көңіл күй болған шығар деп ойлаймын. Осындай сәтке куә болғаным үшін тағдырыма риза­мын. Кейін Парламент депутаты болғанымда осы сәтті Салық аға екеуміз жиі еске алып, қуа­на қол алысушы едік.  Әбіш ағамен отба­сы­лық жағдайда араласқан 30 жылдық ке­зеңде оның сол сөзін сан рет еске түсіріп, те­біренген кездеріміз енді өткен шақ  екені өкі­нішті.  Жеке адамның бақыты деген мұ­ның қасында не тәйірі, елдің бақытынан ар­тық ерекше күн бар ма! – Егемендік алғалы елдің саяси өмі­рі, әлеуметтік-экономикалық жағдайы қа­лай өзгергені көз алдымызда. Ал әде­бие­тіміз қалай түрленді? – Егемендік алған соң елдің еңсесі кө­те­ріл­ді, рухы оянды, өзіне деген сенімі күшейді. Сол кездегі ел өмірінде басталған жарқын жаңа­лықтар жақсы күндерге деген дерек пен дәйек еді. Тұншыққан намыс туын көтерді, жа­сыған жігер жалауын желбіретті. Нарық қыс­пағы мен әлеуметтік проблемалар дендеп тұр­са да, елдің ертеңге деген сенімі мен үміті бәрін ретке келтіріп келе жатты. Қазақ мұнайы қайрат көрсетті. Қатарға қай­раткер азаматтар келді, солардың нәти­же­сінде ақшасы бар алпауыт компаниялар Қа­зақ­станға ат басын бұрды. «Шеврон» бас­таған АҚШ компаниялары қазақ мұнайының ке­пілдігі арқасында нарықтың қиын күр­меуін шешуге жол ашты. Экономика белін кө­тере бастады, бірақ алда әлі де күрделі ке­зең тұр­ған болатын. Әдебиет әркезде өмірдің көшірмесі бола бер­мейді. Оған әуелі бап, сосын бақ керек. Отыра қалып өлең жазып, жылдамдатып ма­қала жазып тастауға болар, бірақ ол көр­кем сөздің көкжиегіне дендеп үлес қоса ал­май­ды.  Бұл бір күннің шаруасы емес, бір адам­ның тапсырмасы да емес, жан қалауы­мен, рухтың жаңғырумен болатын нәрсе. Қазақ әдебиеті мен өнері осы жолда жаңа сүр­леуін бастай алды. Кезінде «әдебиетте жаңа заманның шығармалары неге тумай жа­тыр?» деген сыни сұрақ болды. Әдебиеттің керуенінде әлі де ұлтқа қажет емес қоржын­дар бар болатын, олардың теңін шешіп, тілін ашып, жұртқа көрсетудің кезеңі алғашқы бес жылдың шамасында жүзеге аса бастады. Әдебиетте, ең алдымен ақтаңдарды аршу үр­дісі басталды, тарихи тақырыптар хандық дәуірден республикалық дәуірге аяқ артты. Бұған Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тарих толқынында» және «Ға­сырлар тоғысында» деген тарихи-таным­дық кітаптары негіз қалап, қаламгерлердің қай бағытқа қарау керегі сілтенді. Жаңа тарих әуелі адамдардың жадында жаң­ғырады. Жаңа шығармалар сол кезде жазыла бастайды. Бұл тұрғыдан алғанда, қазақ әдебиетінде жаңа, сындарлы да серперлі романдар мен повестер, дастандар мен жырлар дүниеге келе бастады. Бір қы­зығы, алғашқы кезеңде атойлап алға шыққан жүйрік жанр – поэзиялық туындылар қазіргі кезеңде сыни, тұспал, тіпті өкпелі дауысқа ие болып келеді. Мұның себепті-себепсіз жағ­дайы бар. Тәуелсіздікті кісәпір кеңестік, ком­партиялық құрсаудағы санадан сұрап ал­сақ, оның ең басты ұлттық-мемлекеттік ат­рибуттары – тіл мен ділден, тарих пен та­рихи санадан алатын ұпайымыз әзір толық түгенделген жоқ. Қазақ тілі есіктен төрге озып келе жат­қан жүрісін әлі жан-жақты жандандыра ал­мауда. Тіліміздің төрге шығуын енді кімнен сұрай­мыз? Мемлекеттік тіл осы 30 жылда бір­талай дамыды, өсті, өрледі, бірақ қазақтың көңілі әлі де күпті. Біздің тіліміздің дендеп да­мып кетуіне «көп ұлтты елміз» деген қасаң, қор­шаулы қағида әлі де тұсау салуда. Біз көп этнос тұратын елміз, бірақ бір ұлтты мем­ле­кетпіз. Тіпті, «елімізде 140 ұлт тұрады» деген де­ректің шындығын толық біле алмай жүр­міз. Әдебиеттің дамуына бұл да көлеңкесін салып келеді. Қазақтілді әдебиеттің әлеу­меттік-мәдени қамқорлығы әлі де кемшін. Даңға­залық-дақпырттық, даталық сүргін алдыңғы қатарда. Бұл әдебиеттің көркемдік дең­гейінің өкпелік деңгейден аса алмай отыр­ғанын көрсетеді. Ал поэзияда тегеурінді топ қоғамдық са­­­­наның сеңін бұзудай-ақ бұзып келеді. Ақындар Нұрлан Оразалин, Темірхан Ме­дет­бек, Исраил Сапарбаев, Иранбек Оразбаев, Жәркен Бөдеш, Несіпбек Айт, Жүрсін Ерман, Абзал Бөкен, Серік Ақсұңқарұлы, Тыныштық­бек Әбдікәкім, Ғалым Жайлыбай мен Свет­қали Нұржанның және олардан кейін ой­нақ­тап келе жатқан 30-дан енді аса бастаған жас толқынның өлеңдерінде ақиқат атой салып, қоғамның назарын өзіне аударып-ақ келеді. Бірақ соны тыңдайтын құлақ, көретін көзге кел­генде күмілжіп қаламыз. Прозада Тынымбай Нұрмағамбет, Бек­сұлтан Нұржеке, Смағұл Елубай, Несіпбек Дәу­таев, Тұрысбек Сәукетай, Жүсіпбек Қор­ғас­бек, Нұрғали Ораз, Асқар Алтай, Думан Ра­мазан, Дәурен Қуат, тағы басқаларының ш­ы­ғармалары қоғамның тыныс-тіршілігін тамыршыдай тап басып, танытуда. Жалпы алғанда,  бұлардың барша шығармашылық полотносын жинақтап, деректі декорация жа­сасақ, тәуелсіздік бейнесі әр қырынан кө­рі­неді. Бұл үрдіс өнердің басқа сала­ларын­да да осындай деңгейде келе жатыр. Ме­нің­ше, мәдениет мәйегі әлі жалпы май­дандық си­пат­қа толық ие болған жоқ. – Егер өз шығармашылығыңызды тәуел­сіздікке дейінгі және кейінгі ке­зеңге бөлсек, әр кезеңнің қандай си­пат­ты белгілерін атар едіңіз? – Менің қаламгерлік қолтаңбам кеңестік ке­зеңде қалам ұстаған өз қатарларымнан ерек­ше деп айта алмаймын. Бір сапта, бір қа­­тарда жүрдік. Бір идеялардың қоршауында болдық. Біз де өз әлімізше Қадыр Мырза Әли айт­қандай: «өтірік қостық азырақ, өткізу үшін шындықты». «Лениншіл жас» газетінде 12 жылдай қызмет атқардым, басылымның Мәдениет және ғылым, Әдебиет және өнер бө­лімдерін басқардым. Сайыпқыран сардар Сей­дахмет Бердіқұловтың сындарлы мекте­бінен өттім. Желтоқсан көтерілісінен кейін «Правда» газетінің меншікті тілшісі Төлеужан Есілбаевтың осында жарияланған «Паутина»  деген мақаласында Әбділда Тәжібаевпен жүр­гізген сұхбатым тілге тиек етілді. Бірақ автор­дың аты-жөнін атамағандықтан, үндеместер­дің үйдей пәлесінен жеңілдеу құтылдым. Ол сұхбатта қазақ мектептерінің тым азайып кеткені, қазақ тілінің жағдайы, қа­зақ­тілді балабақшалардың жоқтығы туралы ащылау айтылған жерлері бар еді. Аласа­пы­ран, алмағайып кез еді. Ондай кезде жолдас болып, құрдас болып жүрген жандар да кейде әлсіздік танытып қалады. Мұндай қилы ке­зеңді де көрдік, сужұқпас сөздің дертінен де, сертінен де  қиналып барып құтылып шық­қан сәт болды, кейін сол бір жандар белгілі қа­ламгер, тәуелсіздік келгенде «ту көтерген қай­раткер» де болып кетті. Мақтанды демеңіз, Кеңес кезінде жарық­қа шыққан 5-6 жыр кітабымның ешқайсы­сын­да «Ленин, октябрь, партия» туралы бір­де-бір өлеңім болған жоқ. Сондықтан болар кі­таптарым кідіріп, қиналыспен шығып отырды. Тәуелсіздік кезеңі – қолың, санаң боса­ған, жан сарайың жаңғырған кезең. Тәуел­сіз­дік жылдарында мемлекеттік органда – Пре­зидент Әкімшілігінде ұзақ жыл қызмет ат­қардым. Қолымнан келгенше ұлт сөзіне, оның әдебиеті мен өнеріне адал қызмет іс­те­дім. Бір ғана мысал, Жұмекен Нәжімеденов пен Шәмші Қалдаяқовқа Мемлекеттік сыйлық алып беруге тікелей мұрындық бол­дым, барынша күрес жүргізіп, марқұмдардың аруа­ғының алдында азаматтық борышымды өтедім. Бұл жөнінде баспасөзде «Мәңгілік елдің марапаты»  деген көлемді мақалам жа­рия­ланған, ол көпшілік сайттарда да шықты. Өйт­кені Ереже бойынша қайтыс болған ав­торларға ондай сыйлық берілмейтін еді, сол ережені жүгіріп жүріп Елбасының  Жарлығы бойын­ша 1 жылға өзгертіп, Әнұран автор­ларына осы сыйлықты алып беруге жан-тә­нім­ді салдым. Ол мен үшін емес, еліміз үшін, ұлылардың әз есімдерін мәңгілік құрметке бөлеу үшін керек еді. Саяси шешім қабылдан­ды.  Қазір осының мәртебесі мен мерейін хал­қымыз көріп отыр,  «көріп жүргендер» бар­шылық. 2018 жылы «Шуақты шақ» деген өлеңдер жинағыма Мемлекеттік сыйлық берілді. Бұл менің әдебиеттегі 50 жылдық өмірімнің тұ­жырымы сияқты болды. Бұл жыр жинағымда тәуел­сіздік туралы талай өлеңдерім бар, со­ның ішінде 3 бөлімнен тұратын кітабымның бірінші бөлімі «Тәуелсіздікке тағзым» деген бір өлеңнен тұрады, түйіні мынау: Кірдім талай теңдік үшін додаға, Қалғаным жоқ жанға жайлы жағада. Қалың елім, қара орманым, Сертім сол: Менің жаным сендер үшін садаға! Егемендікке деген ерекше құрметім мен тағ­зымым осы болар деймін. Қазір зейнет­кер­­лікке шыққанмен, тағдырым болған өлең­нен ажыраған емеспін, жазу үстіндемін. Ұлт­тық руханиятымыздың қайраткерлері тура­лы соңғы жылдары 40-тан астам мақала-эссе, публицистика жазыппын. Оларды да жи­нақтап, көлемді 1 томдық етіп шығару ние­тіндемін. – Қазақ әдебиетіне ғана емес, ұлт бас­­пасөзіне де еңбегіңіз сіңді. Кеше осы са­ланың сайыпқыран сарбазы бол­саңыз, бүгін құрметті ардагерісіз. Өк­шеңізді басқан әріптестеріңіздің жаз­ған-сызғанын бақылап отыратын бо­лар­сыз. 30 жылда журналистикамыз азат ойдың айнасына айнала алды ма? – Журналист қай кезде де, қандай уақыт­та да қайраткер тұлға болуы керек. Оның тағ­дыры солай. Мәртебелі мамандық, май­дан­гер мамандық. Дұрыс айтасыз, мен рес­пуб­ликалық БАҚ-тарда 20 жылдан астам қыз­мет істедім. Үлкен мектептен өттім. Қан­дай жағдай болса да халық сөзін сөйлеуге ты­рыстым. Жоғарғы Кеңестің депутаттығына түсіп, Атырау облысын аралағанымда «Ле­нин­шіл жас», «Дала дидары», «Егемен Қазақ­станда» жарияланған мақалаларым алдым­нан шығып, үнемі сенімді өкілі ретінде кө­мектесіп отырды. 6 адаммен сайысқа түсіп, жеңіп шықсам, тілшілік тағдырымдағы жаз­ғандарым бапкерім болды. Азат ойдың айнасы болу да оңай емес. Тәуел­сіздіктің алғашқы кезеңдеріндегі ро­мантикалық-патетикалық ұшқын бірте-бірте праг­матикалық-іскерлік деңгейге қарай ойыс­қанда, көптеген журналистердің аяқ алы­сы бәсеңдеп қалды. Саясат деген сұңғыла нәр­се ғой, оның толқын астындағы иірім­де­рін жастар кейде аңдамай қалып, асығыстық танытады, кейде санасы жетпей сансырап қа­лады. Сын айту қай кезде де оңай. Ал мә­се­ленің мәніне үңіліп, оның себеп-салдарын тану көңіл көзін, таным-таразысын талап етеді. Бұл тұрғыдан келгенде, жастар алдында әлі талай асулар тұр дер едім. Журналистика қазір оқыс оқиғаны теруге, ақпараттық ағысқа қатты икемделіп кетті. Жүйелі, сындарлы, парасатты, ойлы м­а­­қалалар аз. Көшірме көп. Көпірме де аз емес. Қазіргі жастар тілге немқұрайды қарай­тын болды. Тұрақты сөз тіркестерін бұтарлап сындырып, мақал-мәтелдерді ревизиялап, тақырып қоюды немкетті немесе жөн-жо­сық­сыз айқайлатып қоятын болды. Тағы бір айтар нәрсе, журналистік әбжіл­дік пен жігерлілікті «бетбақтық» деңгейіне дейін жеткізу белең алды. Бұл – соңғы 20-30 жыл­да қалыптасып келе жатқан кесірлі үрдіс. Сұхбат алу барысында өзін кейіпке­рі­нен жоғары қою секілді әдепсіздік те бір­ша­ма жайылды. Тіл білмегендіктен, алған та­қы­рыбын толық игермегендіктен, өзін көр­сетуге бейімділіктен тілші сұхбаттасына сұрақты дәлдеп, нақтылап қоя алмай, ауа жайы­лып, сөйлеп кетеді. Бұл әлгі ай­тыл­ған телеарналар мен радиода жиі бай­қалып жүр. Бұлар да азат ойдың жур­налис­тері бола алмайды. Тақырыпты кәсіби тұр­ғы­дан игеру кемшін, мысалы белгілі журна­лис­тер Жарылқап Бейсенбаев ғылыми-сапар­на­малық, Жанболат Аупбаев тарихи тұлғалар мен тарихи жер-су жағдайлары, Бауыржан Омар танымдық-эсселік, Қали Сәрсенбай мә­дениет пен руханияттың көкейкесті мә­селелері, Құдияр Біләл дінтану, теология мә­селелері, Дархан Қыдырәлі түркі дүниесінің тарихи кезеңдері, Амангелді Кеңшілікұлы әдеби-мәдени өмір өзектері туралы сөз қоз­ғап, осы тақырыптарды же­кеменшікке ой­дағыдай бе­кітіп алды. Оқырман олар­дан адас­пайды. Бұлар­дың өзегінде азат ойдың алауы жатыр. Сонымен қатар азат ой­дың алауы лапыл­дау үшін биліктің де құлағы ашық, көзі кө­реген, көңілі береген болуы шарт. Сын айтыл­са сынып кететін, шын айтылса тұрып ке­тетін билік өкілдері Үкіметте де, Пар­ламент­те де аз емес. Әсіресе, қазақтілді басылым­дар­дың бұл тұр­ғыда «жолы жіңішке». Орыс ті­ліне басымдық беріліп отырған жағдайда азат ойдың алқауы да, арзуы да арзанқол кө­ріне береді. «Тіл өнері дертпен тең» демеу­ші ме еді абыз Абай. Бұдан 150 жыл бұрын айтылған сөзді тағы да қайталап айтсақ, онымыз Абайдан көшір­ме болмас. «Тіл азат болмай, діл азат болмай­ды», «діл азат болмай, сана азат болмайды», жады жаңғырмай, та­рихи сана руханияттың ескі арбасының соңы­­нан ере береді. Сөзіміз де түзелер-ау, тың­­­даушы түзелсін деңіз. – Кез келген мемлекеттің кемел келе­ше­гінің кепілі – саналы жастар. Егемен­дікпен бірге буыны бекіген ұл-қыздың бойында ел күткен жігер мен жасампаз­дық бар ма? – Өте күрделі сұрақ. «Мен жастарға сене­мін» деген Мағжандық пайымды қайталап айтқан сайын, жан-жағымызға қуыстанып қа­райтын секілдіміз. Бұл сөзді қазір айту­шы­лар көп. Көбі тұспалдап, кейбірі мысқалдап, кей­бірі құштарлап айтады. Өсіп келе жатқан жастар баршылық қой. Алдыңғы қатарлы 100 жаңа есімді тізімдеп тастадық. Бірақ со­лар­дың даңқы жер жарып, жұртын жалт қара­тып жатыр ма? Мен күмілжимін. Мүмкін қа­телесермін, бірақ жастардың бойында әлеу­меттік эгоизм мен мансапқорлық моно­лог көбірек секілді. Қай заманда да алдыңғы аға ұрпақ жастарға сын көзімен қараған ғой. Көшеге шығып, жан-жағыңызға қараңыз­шы, тілін, дәстүрін, салтын, тарихын жетік білмейтін, ең өкініштісі білуге құмар емес жас­тар толып жүр. Бұған кім кінәлі? Ең алды­мен, ата-анасы, мектебі, ортасы кінәлі, жас­тар саясатында жігерлі жұмыстар жүргізе ал­май отырған қоғамдық-саяси орта, жауап­ты орындар кінәлі. Әлгі 100 жаңа есім қыз­меттік жағынан бәсекелестікті тудырған шы­ғар, бірақ ұлттық ұлағат, руханият пен зия­лылық тұрғысынан әлі толық бәсекелес­тік  жасаған  жоқ деп ойлаймын. Шетелде көп болдым, талай жастарды көр­дім, кездестім. Бәрі де елге өкпелі, теңдік, әділ­дік, адалдық жоқ деп айтады. Сыбайлас жем­қорлық жайлап кетті деп өкпелейді. 100 жаңа есімді таптық, сонымен қатар 100 жаңа жем­қор да табылып жатыр. Бұдан да көп болуы мүмкін, майданның ақпараты секілді күн­де айтылып жатады. Осыдан кейін жас­тардың бойынан жасампаздық пен жігерді қа­лай талап етеміз? Тәуелсіздік жылдарында шетелдерде «Болашақ» бағдарламасы бойын­ша оқыған, өзімізде білім алған талай жасты министр, әкім қойып, депутат етіп сайлады. Қа­зір ақша жеп шетелде қашып жүргендер көп, кейбірі түрмеде отыр, адалдық жолынан тайып, ағайынын жетелеген жершіл-рушыл топ тағы бар. Қызметін атқара алмай, төр­кінін танымай, менмендіктің буы бетті шар­пығандар және бар. Рас қой, «рас сөз еш­қа­шанда жалған болмас» (Абай). Өнерде жүр­ген өресіз әнші, жүгенсіз жүргізуші, сыпыра сыл­қым, қыдырма қыртың тағы бар. Мөңке би­дің кейіпкерлері – осы. Сұхбаттың негізгі өрімі тәуелсіздік бол­ғасын, осынау ұлы тақырыпты дерек пен дәйек тұрғысында аздап тарата кетсем, ар­тық болмас. Және орайы келген әңгіменің  жас­тарға қатысы бар. 2007 жылы  Елбасының аты­на  Солтүстік Қазақстан облысынан кел­ген бір топ ардагердің  хатын Нұрсұлтан Әбішұлы Мемлекеттік хатшыға жолдап, оған: «Осы мәселені шешудің уақыты келген сияқ­ты, қарап, ұсыныс енгізіңіз» деген пәрмен бер­ген.  Мемхатшы Қанат Саудабаев бұл хат­ты сол кездегі Мәдениет және ақпарат ми­нистрі Ермұхамбет Ертісбаев пен Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Серік Біләловке жолдап, Президенттің тапсырмасына орай нақты қарап, ұсыныс енгізуге тапсырма берді. Мемлекеттік хатшының кеңесшісі болғандықтан тапсырма құжаттарды қазақ ті­лінде мен дайындайтын едім. Петропавл қаласының атауын тарихи дерек­ке сай Қызылжар деп атау жөніндегі хат­та барлық дәлел жан-жақты келтірілген бо­латын. Сондай хат Павлодар облысының атауын да өзгерту жөнінде бұрын келгені бар-тын. Іздегенге сұраған, мен сілтеме хатты қуана дайындап, таяу күндерде болады деген жаңалықты сезінген көңіл күймен жүрдім. Құжаттың қаралу, жауап берілу уақыты қарар бойынша 15 күндік мерзім болатын. 15 күн ша­масында  Е.Ертісбаевтан да, С.Бі-ләловтен де жауап хат келді. Онда екеуі бір-бірімен келісіп алғандай: «қазіргі саяси-қоғамдық жағ­дайға байланысты, тұрақ­тылықты сақтау мақ­сатында бұл мәселені әзір қарауға бол­майды, шу шығып кетуі мүмкін, облыс жұрт­шылығының пікірі де осындай» деген маз­мұнда жауап берген еді. Жауап хаттарды оқы­ған Мемлекеттік хатшы түнеріп отырып қал­ды. Ол жауаптар Мемлекет басшысына жол­данып, мәселе  жабулы қазан күйінде қалды. (Бұл құжаттар Елбасының архивінде сақтал­ған болар).  Алдыңғы толқын ары мен жанын салып жазған халықтық хатқа облыс жас­тары немқұрайдылық танытты, осыған орай жергілікті жерде кішігірім талқылау болып, жас­тар «саяси қырағылық» танытып, қала атауын қорғап қалды. Қала атауын ауыстыр­мау жөніндегі үгіт-насихатқа жастар азамат­тықпен, алғырлықпен жауап бере алмады. Министр де, әкім де орыс тілінде берген жауап­тарында әсіресақтық танытқан еді. Әсі­ресақтық – қорқақтық екені белгілі.  «Дүм­ше молда дін бұзар» деген сөз бар, осы орай­да әсірежалтақ діл бұзар деп айтсақ бо­лар. Кейін Мұхтар Құл-Мұхаммед Мем­лекет­тік хатшы болған кезеңде, белгілі ұйғыр жан­жалы шыққанда да, Мемхатшының бел­сенді ұсынысына қарамастан, сол кездегі мем­лекеттік саясатқа  жауап беретін жігіттер тағы да әсіресақтық танытты. Осылайша, өз­ге ұлттың бойында империялық имму­ни­тет қалыптасты. Зырян қаласында болған әпер­бақандық оқиға да сол иммундық жүйе­нің күшейген белгісі болатын. Өз үйімізде өзге­нің айтқанына көніп, айдағанына жүре бас­тап, бізде де қорқақтық қағидасы (симпто­мы) қалыптасты. Осы жерде ақылға жү­гініп, албырттық танытып, жігер мен сая­си толғамды бірдей қамти алатын жастардың  аз­дығы көрініп қалған еді. Жастарды барынша тұқыртып тастайын деген ұстанымда отырған жоқпын. Ақиқатын айт­қанда, қазіргі 55-85 жас арасындағы тол­қынның патриотизмі мен ұлтжанды қасиеті қа­зіргі жастар бойынан сирек көрінетін сияқ­ты. Егер мен қателессем, қуанар едім. Қазіргі жастар дегеніміз кім?  Жарайды, 18 бен 25 жас аралығын әлі балаңдыққа ба­лайық, бірақ 30 бен 40 жас арасындағы жас­тардың бойынан осынау ұлы қасиеттер атой­лап тұр ма? Қайдам... Тәуелсіздік тари­хында талай жас шетелдерден оқып келгені көбірек, министр болды, әкім болды, тіпті де­путат болды. Солардың 80 пайызы орыс­тілді, қазақ тілін меңгеру деңгейі өте төмен еді. Қазір 14 министрдің, 14 әкімнің де, іші­нара болмаса, қазақ тілі қатып тұрған жоқ, мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі әліппенің ар жақ, бер жағы. Халық алдында есеп бергенде, Парла­мент­ке келіп заңын қорғағанда қазақша қойыл­ған сұрақты мүлде түсінбей, басқаша жауап беретін министрлер мен олардың орын­басарларын қалың қауым күнде көріп отыр. Жаттап алған мәтінін зорға дегенде оқып беріп, маңдай терін сүртіп, ентігіп тұр­ған оларды көргенде қазақ тіліне жылап кө­­ріскендейсің. Өзге ұлттың өкілдері қазақ­ша сайрап қоя бергенде қуана тұрып, өкіне­сің. Жаңадан министр не әкім тағайын­дал­ғанда «бұл қазақ қазақша біледі екен» деп сүйін­ші сұрайтын болдық. Осылардың көбі 30 бен 40-тың ішіндегі жастар. – Мемлекет басшысы Тәуелсіздіктің 30 жыл­дығын той-томалаққа емес, та­ғы­лымды істерге арнауды тапсырды. Ел өмі­ріндегі кезекті мерейлі белестен абы­рой­мен асу үшін нақты қандай игі шара­лар ұйымдастырылуы керек деп ой­лай­сыз? – 30 жылдық ерекше кезең болуы тиіс. Мұ­ны ойдағыдай атап өту, өткізу жөніндегі Үкі­меттің арнаулы қаулысы бар. Ол кезең-ке­зеңі­мен жүзеге асады. Тойды той деп емес, қоры­тынды жасар ой деп өткізу туралы Пре­зидентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәр­мені бар. Ең басты айтар мәселе, бұл тек Үкі­­­меттің, не болмаса Мемлекет бас­шы­сы­ның ғана тірлігі емес, бұл жалпыұлттық жұ­мы­лыс, мемлекеттік  майдан болмағы шарт. Әрбір қазақ баласы өз тойым деп атсалысуы ке­рек. Әрбір депутат, әрбір министр, әрбір әкім бұған ортақ жұмыс деп қарап, жер-жер­де жұмыла жұмыс жүргізу керек. Еңбектеген ба­ладан еңкейген қартқа дейін бірлесіп, бірі­гіп келелі іс-шара атқарса, 30 жылдықты та­бысты тарихи белесіміз деп марқая қарсы ала­мыз. Ыбырай Жақаев атамыздың «малшы ма­лын бақсын, диқан егінін жайласын» деген сөзі бәрімізге қатысты. – Тәуелсіздіктің 30 жылдығынан бө­лек, биыл ұлт ұстазы, қазақтың біртуар қа­ламгері Ыбырай Алтынсариннің – 180, дүлдүл ақын, КСРО Мемлекеттік сый­лығының лауреаты Жамбыл Жа­баевтың – 175, ғұлама ғалым, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, «Алаш» қозғалысының көсемі Әлихан Бө­­кейханның – 155, халқымыздың даңқ­ты палуаны Қажымұқан Мұңайт­па­совтың 150 жылдығын лайықты атап өту міндеті тұр. Еліміздегі ұлт мақта­ныш­­тарының мерейтойын тойлау дәс­түрін ескі сүрлеуден арылтатын кез кел­ген сияқты... – Мұның бәрі Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында өтетін игі іс-шаралар. Қалыптасқан дәстүрге сай, экономикалық-әлеуметтік жағ­дайға байланысты өтетін мүшелтойлардың барлығын жаңаша жағдайға бейімдеп, маз­мұнды-мақсатты етіп жүзеге асыру – осыған жауапты орындардың басты міндеті. Ақпарат үшін емес, ақиқат үшін ұйымдастырылған іс-шаралар елдің еңсесін көтеріп, тәуелсіздік­тің тарихына жаңа беттер қосады. Жүйелі жоспар жасалып жатыр. Орындаушы кім? Бәрі соған байланысты. Тойшыл халықпыз ғой, ойшыл халық бол­сақ деп армандайық. «Өзім дегенде, өгіз қара күшім бар» дегендей, өз тойымыз өзгеге үлгі-өнеге болсын. Халқымыз қыран болсын, Бірлігіміз ұран болсын! Ұлттық мерекенің ұла­ғаттары  ұлтымыздың ары мен нәрі бол­ғай! – Әңгімеңізге рақмет! 

Сұхбаттасқан

Анар ЛЕПЕСОВА