Тәуелсіздік тәуекелдері

Тәуелсіздік тәуекелдері

Тәуелсіздік тәуекелдері
ашық дереккөзі
Ұлы далада талай ірі империя болды. Алайда дәуірлер алма­сып, заман өзгергенде олар қайта құрылып, халқы және кө­ле­мі жағынан өзгеріске ұшырап отырды. Ғұндар империясы, Түр­кі қағанаты, Дешті қыпшақ, Алтын Орда, Қазақ хандығы мем­лекеттерінің тағдыры соған айғақ. Бұлардың бәрі тарихи мис­сиясын атқарды. Тек қазақ жерін Ресей империясы жаулап алып, Кене­сары Қасымұлы бастаған Ұлт–азаттық көтерілісі жеңіліс тап­қан соң қазақтар 1847 жылдан 1917 жылға дейін 60 жыл Ресей им­периясының қол астында, 1917-1991 жылдар аралығында 74 жы­лға жуық КСРО құрамында орталыққа бағынышты ұлттық республика-да өмір сүруге мәжбүр болды.   width= 1991 жылы Кеңес Одағы ыдырап, оның орнына құрылған 15 тәуелсіз мем­лекеттің бірі – тәуелсіз Қазақстан Рес­публикасы. 1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қау­лы­сы бойынша қазақ елінің тәуелсіздік алғанын анықтайтын алғашқы құжат Тәуелсіздік декларациясы қабылда­нып, соның негізінде 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республи­ка­сының Мемлекеттік Тәуелсіздігі тура­лы» конституциялық заң қабылданды. Міне, осыдан бастап 144 жылдай бо­дан­дықтың құрсауында болған қазақ хал­қы шын тәуелсіздікке ие болып, ер­кін елге айналды. Әлем картасына өзгеріс еніп жат­қан бұл шақта дүниежүзі бұл өзгеріс­тер­ді зер сала бақылап отырды. Қазақ­стан тәуелсіздігін жа­риялаған соң бір­неше сағат өткенде оны ал­­ғашқы бо­лып Түркия мойын­дады. Келесі 11 желтоқсан күні Қазақстанды Ресей Фе­де­рациясы, 25 желтоқсанда Аме­ри­ка Құрама Штаттары мойындады. 1992 жылғы 3 қаңтарда Қытай халық республикасы мойындаса, ал жылдың соңына дейін тағы 102 мемлекет Қа­зақстан тәуелсіздігін таныды. Ал  1993 жылғы 2 наурызда Біріккен Ұлттар Ұйы­­мы Бас Ассамблеясының пленар­лық мә­жі­лісінде Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйы­мына қабылданып, әлемдік қоғамдастықтың толыққанды мүше­сіне айналды. Қазақстан тәуелсіздік дек­ларация­сын қа­былдаған соң ұзамай елімізде 1991 жылғы 1 желтоқсанда тұңғыш бүкілхалықтық пре­зидент сайлауы өтіп, оған 8 681 276 адам қа­­­тысып, 98,8 пайыз дауыспен Нұрсұлтан Назарбаев қазақтың Тұңғыш Президенті болып сайланды. Ал 1991 жылғы 10 желтоқ­сан­да Алматыдағы Республика са­райын­да Қа­зақстан Республикасы Пре­зидентінің ант беру салтанаты өтті. Ал арада 20 жыл өткен соң, 1 жел­тоқсан – Қазақстан Республи­ка­сы­ның Тұңғыш Президенті күніне айналды. Саяси дербестікке ие болып, жаңа азат мемлекетке айналған Қазақстан енді елдің  саяси-экономикалық құрылымын жаңартып, жаңа өзгерістерге дайындалды. Ең алдымен, Қазақстан тәуелсіз мемлекетке айналған соң ол сол елдің азаматы болу −  барлық халқы үшін маңызды. Осыған орай, 1991 жылғы 20 жел­тоқсанда ел Президенті «Қазақстан Рес­публикасының азаматтығы туралы» заңға қол қойып, ел тұрғындарына Қазақстанның азаматы болу құқығын сыйлады. Ел болған ол елге азаматтарын сыртқы қа­терден қорғау үшін өз әскері керек екені белгілі. 1992 жылғы 7 мамырда Қазақстан Пре­зиденті Н.Назарбаевтың Жарлығына сәй­кес, Қазақстан аймағында дислокацияланған ТМД Қарулы Күштерінің әскери бөлімдері республиканың жаңадан құрылған Қарулы Күштерінің құрамына енгізілді. Алғашқы Қорғаныс министрі болып даңқты армия ге­нералы Сағадат Нұрмағамбетов тағайын­далды. Тәуелсіз ел болған соң оның рәміздері болуы тиіс. Қазақстан өзінің ерекшелігін ай­шық­ты да, қысқа да түсінікті түрде ұқты­ра­тын символдарын жасау жолында тер төгіп, ұзақ ізденістен соң 1992 жылғы 4 маусымда тәуелсіз Қазақстанның рәміздері бекітілді. Күн астында көкке самғаған қыраны бар көк байрақ пен күннің нұры мен шаңырақ, қа­нат­ты тұлпар кейпіндегі Елтаңба сәтті таң­далып, оларды бүкіл әлем таныды. Елдің құрылымдық жүйесін анықтайтын жә­не саяси тұрғыдан басқаруға мүмкіндік бе­ретін басты құжат − Конституция. 1993 жыл­ғы 28 қаңтарда Жоғарғы Кеңес Қазақстан Рес­публикасының Конституциясын ма­құл­дап дауыс берді. Бұл тәуелсіз елдің тұңғыш Ата Заңы болатын. Жаңа мемлекет, ең алдымен елді басқару­дың өз жолын іздейтіні белгілі. 1993 жылға дейін елімізде қос билік − Қазақстан Пре­зи­денті және Жоғарғы Кеңес бар еді. Уақыт өте келе жас мемлекет үшін мұның тиімсіздігі байқала бастады. Нәтижесінде, 1993 жылғы  9 желтоқсанда Жоғарғы Кеңес «Қазақстан Рес­пуб­ликасы халық депутаттары жергілікті кеңестерінің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы» заңды, ал келесі күні «Қазақ­стан Республикасы Президенті мен жергілікті әкімшілік басшыларына қосымша өкілет­тіктерді уақытша беру туралы» заңды қабыл­дады. Сол күні 360 депутаттың 200-і өз өкі­лет­тігін мерзімінен бұрын тоқтатты да, Кеңес­тер таратылды. Сөйтіп, елімізде КСРО-дан мұраға қалған Жоғарғы Кеңестің қызметі тоқтап, қосарланған билік дағдарысы аяқ­талды. Ал ел Президенті Конституция мен мем­лекет тәуелсіздігінің бірден-бір кепіліне ай­налды. 1994 жылғы 7 наурызда өткен сай­лауда еліміз үшін ол тұрақты негізде жұмыс істейтін Парламенттің негізі салынды. Жаңа құрылған, әлі етек-жеңін жинай ал­май жатқан жас мемлекетке жедел шешім қа­былдау үшін бір орталыққа бағынған билік жүйе­сі қажет екені көріне бастады. Осыған орай, күшті президенттік басқару құры­лы­мын жасау қажеттілігі пайда болды. 1995 жылғы наурызда құрылған Қазақ­стан халықтары Ассамблеясы Президент өкілеттігін 2000 жылғы 1 желтоқсанға дейін ұзар­ту туралы референдум өткізу бастамасын кө­терді. 1995 жылғы 29 сәуірде өткен рефе­рендумда дауыс беруге қатысқан еліміз аза­маттарының 91,26 пайызы Н.Назарбаевтың Президенттік өкілеттігін ұзартуды қолдай­тынын білдірді. Референдумнан соң Қазақстан Президен­ті жаңа Конституция қажеттігі туралы мәсе­лені қолға алды. 1995 жылғы 30 сәуірдегі Үн­деуінде Н.Назарбаев елге не үшін жаңа Конс­титуция керектігі және оның Қазақ­станның бүгіні мен болашағы үшін қажеттігін өз көзқарасымен түсіндірді. 1995 жылғы 22 мамырда Қазақстан Рес­публикасы Конституциясының жобасын қарау және заң тұрғысында бағалау үшін ол арнайы құрылған консультативтік кеңеске жіберіліп, 30 маусымда жалпыхалықтық талқылауға шығарылды. Бір айға созылған талқылау барысында 30 мыңға жуық ес­кертулер мен ұсыныстар қабылданып, Конс­титуция мәтініне 1 100 түзету енгізілді. Сөйтіп, 1995 жылғы 30 тамызда жалпыха­лық­тық референдумға ел азаматтарының 81,1 проценті қатысса, оның 90 пайызға жуы­ғы жаңа Конституцияны мақұлдап дауыс берді. Осылайша, мемлекеттік құрылыс сенімді саяси-құқықтық негізге ие болды. Конституцияға сәйкес, тәуелсіз Қазақстан демократияшыл, зайырлы, унитарлы, әлеу­меттік-құқықтық мемлекет, президенттік рес­публика деп жарияланды. Жоғары заң шы­ғарушы орган – Сенаттан (жоғары палата) жә­не Мәжілістен (төменгі палата) тұратын Пар­ламент болып белгіленді. 1995 жылғы 5 желтоқсанда алғашқы Сенат сайлауы, 9 желтоқсанда Мәжіліс сай­лауы өткізілді. Мәжіліс сайлауында – Қа­зақ­стан халық бірлігі партиясы 67 орынның 24-іне ие болып, Демократиялық партия – 12-орын, Шаруалар одағы – 7, Кәсіподақ феде­рациясы – 5, Жастар одағы – 3, Ин­же­нер­лік академия – 5, Компартия 2 орын алды. Қазақстан халық конгресіне, Халықтық-кооперативтік партияға, Кәсіпкерлер ода­ғына, Қазақстанның қайта құру партиясы мен «Невада – Семей» қоғамдық қозғалысына бір-бір орыннан тиді. Президент ұсынысы бойынша Сенат төрағалығына Ө. Байгелді сайланып, Мәжілісті М.Оспанов басқарды. Жаңа Конституция бойынша Үкіметті Пре­зидент құрып, ол Президентке өз қызметі туралы жауап береді және Парламентке есеп беретін болды. Үкіметті Парламенттің мақұл­дауымен Президент тағайындайтын Пре­мьер-Министр басқарады. Республика­ның Жоғары сот органы – жалпы юрисдик­ция­дағы соттардың қызметін бақылайтын және сот практикасындағы кез келген мәселені түсіндіретін Жоғарғы Сот. Жоғарғы Сот мү­ше­лерін Президенттің ұсынысы бойынша Сенат сайлайды, жергілікті судьяларды Пре­зидент тағайындайды. Міне, осылайша 1995 жылы қабылданған Конституция бойынша елдің құқықтық негізі жасалып, саяси және әкімшілік басқару жүйесі құрылды. Жас мемлекет үшін экономиканы жаңа­ша қалыптастырудың маңызы зор. Осы тұр­ғыдан алғанда, Қазақстан заманға сай на­рықтық экономика үлгісінің негізін қалау, же­кеменшікті қалыптастыру жолында ал­ғашқы қадамдарын жасап, кейін мұны ел экономикасының негізіне айналдыруды көз­деді. 1991 жылғы маусымда Қазақ КСР-інің «Мемлекетсіздендіру мен жекешелендіру туралы» заңына қол қойылып, қыркүйекте соған сәйкес Мемлекеттік бағдарлама бекі­тілді. Ол бойынша сауда мен қоғамдық та­мақ­тандыру, тұрмыстық қызмет және ком­муналдық шаруашылық салаларындағы жекешелендіру, ұсақ кәсіпорындарды, автотранспорт, ауыл шаруашылығы және басқа да кәсіпорындарды жеке қолға беру мәселесі шешілген-ді. Купонды механизмді қолдану арқылы тұрғын үй қорын жекешелендіру шарасы өтіп, қазақстандықтар аз ғана қаражатқа өз­дері тұрып жатқан пәтерлерін жеке­ше­лендіріп алды. «Қазақстан Республикасындағы мемлекетсіздендіру мен жекешелендірудің ұлттық бағдарламасы» соңынан 1993 жылғы 5 наурызда қабылданып, ол 1995 жылы аяқталған жекешелендірудің екінші кезеңін бастап берді. Қысқа мерзімде жүзеге асырыл­ған кіші жекешелендіру жеке қолға негізінен жылжымайтын мүлік түріндегі 6 мыңнан астам объектіні берді. Осылайша, қазақ кәсіп­керлерінің қатары көбейе түсті (1991-1992 жылдары елде әртүрлі қызметтермен ай­налысатын 34 мыңнан астам жаңа фирма пайда болған еді). Тәуелсіз экономиканы жүргізу үшін төл ұлттық валюта керек екені белгілі. Осы орай­да Қазақстан басшысы Н.Назарбаевтың ба­тыл шешімі аса маңызды болды. 1993 жылғы 1 қарашада ел билігі алғаш рет елдің алтын валюта қоры туралы ақпаратты жариялады, ал келесі күні ресми түрде рубль аймағынан шығатынын мәлімдеді. 12 қараша күні Пре­зидент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Рес­публикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды. Сөйтіп, тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің қалыптасуы мен дамуының өтпелі сәті болған кезеңнен өтіп, жаңа уақыт басталды. Әрине, төл валюта саясатын жүзеге асыру үшін мемлекет банк жүйесін жасау керек. 1990 жылғы 7 желтоқ­санда Қазақ КСР Мемлекеттік банкі – жоғар­ғы деңгейде, ал төменгісінде коммерциялық банктер мен басқа да несие мекемелері тұрған қос деңгейлі жүйенің негізін қалаған «Банктер мен банк қызметі туралы» заң шықты. 1991 жылғы 20 маусымда Қазақ КСР Мемлекеттік банкі мемлекет меншігіне өтті және Ұлттық мемлекеттік банк болды. 1993 жылғы 13-14 сәуірде Жоғарғы Кеңес «Қа­зақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы», «Қазақстан Республикасындағы банктер мен банк қызметі туралы» жаңа заңдар қабылдады. Дегенмен олар да Ұлттық банктің тәуелсіздігіне кепілдік бере ал­май­тын. Іс жүзінде елдің банк жүйесін жүйелеуші үш деңгейге – Президентке, Үкіметке және Жоғарғы Кеңеске бағынатын еді. Ұлттық банк мәселесін шешудің сәті 1995 жылы ғана түсті. 1995 жылғы 30 наурыздағы «Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі туралы» Жарлық Ұлттық банкті тек Президентке ғана бағынышты етті және сол арқылы оны әр тараптан жасалатын саяси қысымдардан қорғады. Тәуелсіздік алған Ұлттық банк сол жылдың өзінде инфляция қарқынын төмендетіп, оны 56 процентке дейін азайтқан қатаң монетарлы саясат жүргізе алды. Елдің қаржы-қаражат жүйесін реттейтін саланың бірі − салық саласы. 1995 жылғы 24 сәуірде «Салықтар және басқа да бюджетке түсетін міндетті төлемдер туралы» Жарлық күшіне енді. Салықтар саны 11-ге дейін қыс­қарып, олардың орнына кірістің кор­пора­тивті салығы енді. Оның орташа мөл­шері кезең-кезеңмен төмендетілді. Салыққа байланысты көзқарастың өзі де өзгерді – енді мемлекет одан мемлекеттік бюджетті толтыруды ғана емес, сондай-ақ инвести­цияларды ынталандырудың, соған сәйкес өндірісті дамытудың тетігін көрді. Тәуелсіз экономикасын дамытуды енді қол­ға алған мемлекетке сырттан инвестиция тарту маңызды. Бұл жөнінен Қазақстан дер­бес ел атанғаннан бастап тез іске кірісті деуге болады. Елімізде экономикалық дағдарыстан алып шыға алатын және инвестиция тартуға ыңғайлы мұнай-газ саласы еді. Алғашқы жұ­мыстар осы тарапта жүрді. Американың «Шев­рон» корпорациясымен ұзаққа созылған келіс­сөз жүргізу нәтижесінде 1993 жылғы 6 сәуірде Алматыда «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнын құру туралы келісімге қол қойылды. Әр тарап акцияның 50 пайызын алды, оның үстіне америкалықтар кен ор­нына ең кемі 20 миллиард доллар салуға мін­деттенді. Бұл жас Қазақстанның бірінші ірі инвестициялық табысы болатын. 1993 жы­лы жеке жоба бойынша жекешелендірілген кә­сіпорын – жағдайы қиын Алматы темекі ком­паниясы. Жаңа меншік иесі Philip Morris бюд­жетке 100 миллион доллардан астам қар­жы құйды және өндіріске тағы да 240 мил­лион қосуға міндеттенді. Қысқа мерзімде жаң­ғыртылған кәсіпорын дағдарыстан шы­ғып, жүйелі түрде жалақы төлеп, әлеуметтік бағ­дарламаларға белсенді түрде қатыса бас­тады. Әлемдік металл нарығында берік орны бар тек ірі компания ғана комбинатты дағ­дарыстан шығара алатыны белгілі болатын. 1995 жылы оның жаңа меншік иесі – Қар­мет­комбинаттың 350 млн доллар көлеміндегі борышын жапқан үнділік алып – Ispat International N.V болды. Домна пештері қайта жөн­деліп, технологиялық тораптар ре­конструкцияланды. Жан біткен комбинат екпінді түрде дами бастады. 1998 жылы ыстық мырыштау және алюминийлендіру цех­тары қатарға қосылды. Осындай алып кә­сіпорынды электр қуатымен, жылумен және шикізатпен қамтамасыз ету үшін Ispat International N.V 1996 жылы Қарағандыдағы ТЭЦ-2 және жергілікті мұнай шахталарының көп бөлігін сатып алды. Бұл компанияның 10 жыл­дың ішінде Қазақстан өнеркәсібіне сал­ған жалпы қаржысы 1 миллиард доллардан асты. Міне, осындай жүзеге асқан жұмыстар көп ұзамай жақсы нәтиже көрсете бастады.  1995 жылы өнеркәсіп 13 пайызға өсті. Экс­порт импорттан 1 миллиард 250 миллион дол­ларға артты. Отандық ауыл шаруашылығы өнім­дерін сыртқы нарықта сату долларға шақ­қанда 2,5 есе өсіп, импорттан 1,7 есе ар­тық болды. Әлеуметтік-экономикалық ахуал­дың жақсарғанын қазақстандықтардың есеп­шотындағы ақша салымдарының өсу үр­дісі дәлелдеді. 1995 жылы тұрғындардың банк салымдары 5-тен 12 миллиард теңгеге дейін өсті. Қандай мемлекетте болса да қоғам мен сая­сатта тұрақтылыққа қол жеткізбесе, қа­был­данған шара мен істелген істің, жеткен же­тістіктің бәрі баянсыз. Қазақстан бас­шы­лығы осыны тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарын­да-ақ мықтап қолға алған. Сондықтан Қазақстан өзінің ішкі саясатының – бей­біт­шілік, келісім және бірлік деген негізгі үш прин­ципін қалыптастырды. Қазір айтуға жеңіл болғанмен, сол күрделі кезеңде оны жү­зеге асыру әлдеқайда қиын болатын. Алай­да нәтиже көзге ұрып тұр: біздің жас мем­ле­кетіміз 126 ұлт өкілінің (1989 жылғы халық санағы) берекелі ортақ шаңырағына, туған Отанына айналды. 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан Президенті Қазақстан халқы Ассам­б­леясын құру туралы Жарлыққа қол қойды. Сол арқылы басты міндеті мемлекет пен азаматтық қоғам институттарының әріп­тестігі негізіндегі этностар мүдделерінің бірігуін қамтамасыз ету, тиімді этносаралық қа­рым-қатынас жүргізу және ортақ саяси, құқық­тық, мәдени орта қалыптастыру болып табылатын жаңа консультативті-кеңес органы құрылды. Тәуелсіздікке қол жеткізу мен қоғамның де­мократиялануы бұқаралық ақпарат құрал­дарының дамуына айтарлықтай әсер етті. Егер 1990 жылы елімізде 500-ге жуық БАҚ тір­келсе, 1992 жылы олардың саны екі есе өсті. Ал қазір олардың саны 4 мыңға жуық. Биыл өз Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өткелі отырған Қазақстанның мемлекет ре­тінде жасаған бірнеше батыл қадамдары бар. Солардың арасында мемлекет, ұлт үшін аса маңызды және тұтас мемлекеттің же­тістігі саналатын бірнеше ірі оқиғаны айтып өт­кен дұрыс. Ядролық қарудан бас тарту − тәуелсіз Қа­зақстан тарихында алғашқы аса ірі тарихи оқи­ға деуге болады. Қазақстанның Семей өңі­рінде орналасқан ядролық сынақ полигон КСРО кезінде аса маңызды стратегиялық объек­ті ретінде саналған. Оны құру үшін 18 млн гектар жер бөлініп, сол жерге құрылған по­лигонда атом бомбалары сынақтан өтті. Тіпті, адамдарға, жануарлар мен табиғатқа тікелей зардабын тигізген ашық сынақтар жа­салған. Кейін жарылыстарды жерастына жа­саған. Семей маңындағы радиациялық әсер аймағында тұратын жарты миллиондай адам осы сынақтан азап шекті. 1989 жылғы ақ­панда Семейдегі атом полигонын жабуды мақ­­сат тұтқан «Невада–Семей» қозғалысы құры­­лып, оны ақын Олжас Сүлейменов бас­қарды. Қазақстан Республикасының егемендігі ту­ралы Декларацияда ел аумағы ядросыз ай­мақ деп жарияланған. Қазақстан Президенті Н.Назарбаев 1991 жылғы 28 тамызы күні Се­мей полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. 1991 жылғы  29 тамызда Семей яд­­­ролық полигоны жабылып, 1992 жылғы ма­мырда оның базасында Курчатов қа­ла­сындағы Ұлттық ядролық орталық құрылды. 2009 жылғы 30 қазанда БҰҰ Бас Ассамб­лея­сының бірінші комитетіне Қазақстан 29 та­мызды Бүкіләлемдік ядролық қарудан бас тарту күні деп жариялауды ұсынды. Қазақ­стан­ның бастамасымен, БҰҰ Бас Ассамб­лея­сының қолдауымен бұл күн БҰҰ-ның күн­тізбесіне енгізілді. Қазақстанның мемлекеттік шекара­сы­ның бекітілуі − еліміздің ең басты жетістігінің бірі. Бұл – еліміз тәуелсіздігінің басты кепілі. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мемлекеттік шекараны делими­тациялау жұмысын 2007-2008 жылдар шама­сында тәмамдауды жоспарлаған. Дегенмен ел басшылығының жанкешті ерік-жігерінің арқасында көп жылға созылған осы ауқымды жұмыс 2005 жылға қарай аяқталды. Осы­лай­ша, Қазақстан Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қыр­ғызстан, Түрікменстан елдерімен сәтті к­е­лісім жасап, мемлекеттік шекарасын ха­лық­аралық құжаттар негізінде бекітіп алды. Сөйтіп, Қазақстан заңды түрде рәсімделген 14 мың шақырымдық құрлықтық мем­ле­кет­тік шекараға ие болды. Оның 7 591 шақы­ры­мы – Ресеймен, 2 351 шақырымға жуығы – Өз­бекстанмен, 1 783 шақырымы – Қытаймен, 1 242 шақырымы – Қырғызстанмен, 426 ша­қырымы Түрікменстанмен түйісіп жатыр. Қазақтардың дүниежүзілік құрыл­тайы – тұрақты түрде өтетін  Дүниежүзі қа­зақтары­ның қауымдастығының ең жоғары органы. Ал­маты қаласында 1992 жылы 28 қыркүйек пен 4 қазан аралығында дүниежүзі қазақтары өкілдерінің қатысуымен құрылтай өтті. Құрыл­тай қарсаңында қазақ ұлтының саны 10 млн 537 мыңға жеткен еді. Дүниежүзі қа­зақтарының құрылтайына ТМД елдерінен 350 адам және көптеген шетелдерден делегат қатысты. Осы құрылтай негізінде Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылып, оның төрағасы болып Н.Назарбаев сайланды. Құ­рылтай одан бері Түркістанда, Астанада өтті. Бұл орган дүниежүзі қазақтарының өзара байланысын нығайтып, шеттегі қазақ­тардың елге оралуына зор ықпал етті. Елге оралған қазақтар туралы қысқаша айтсақ, 1991 жыл мен 2019 жылғы 1 қазандағы жағ­дай бойынша 314 017 отбасы немесе 1 057 343 қандасымыз елге оралды. Қандас­тары­мыз­дың негізгі бөлігі Өзбекстаннан (61 пайыз) оралды. Одан бөлек, 13,2 пайыз – ҚХР, 11,3 пайыз – Моңғолия, 7 пайыз – Түрік­мен­стан, 3,7 – Ресей және 3,8 пайыз басқа елдер­ден. Елге келген қандастарымыздың орна­ласуы­на келсек, Түркістан облысы – 21,2 пайыз, Алматы облысы – 17,6 пайыз, Маңғыс­тау облысы – 12,9 пайыз және Жамбыл об­лысы – 9,2 пайыз. Қазақстанға келген қан­дас­тардың 56,4 пайызы еңбекке жарамды, кә­мелет жасына толмағандар – 38,8 пайызды, зей­неткерлер 4,8 пайызды құрады.  width= Ел астанасының Арқаға көшірілуі − Қа­зақстанның Тұғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың аса маңызды саяси шешімі еді. ХХ ғасырда қазақ елінің астанасы Орынбор, Қызылорда, Алматы қалаларына кезек-кезек ауысып, бірнеше рет өзгерген. Бірақ бұлардың бәрі де геосаяси жағынан тиімді болған жоқ. Әлем­де «тоғызыншы территория» аталатын жер көлемі аса үлкен Қазақстанды біресе ана ш­е­тінде, біресе мына шетінде тұрып басқару оң­тайлы емес еді. Осыны ескерген Нұрсұлтан Назарбаев халқы аз, жері үлкен елді оңтайлы бас­қарудың жолы − ел астанасы елдің орта­сын­да тұру керек деп шешті. Сөйтіп парла­мент­тің қолдауымен Қазақстан Президенті ел астанасын Ақмола қаласына көшіруге ше­шім қабылдады. 1995 жылы 15 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Респуб­ликасының астанасы туралы» заң күші бар Жарлығы жарияланып, 1997 жылы 20 қа­занда Қазақстанның жаңа астанасы Ақмола қа­ласы болғанын ресми түрде жариялады. 1997 жылы 8 қарашада Қазақстан Республика­сы­ның мемлекеттік рәміздері мен Президент байрағын Алматыдан Ақмола қаласына шығарып салудың салтанатты рәсімі өтті. 1997 жылы 3 желтоқсанда Қазақстан Респуб­ли­касының Премьер-Министрінің кеңсесі Ақмолаға көшті. Сол жылғы 9 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Ақмолаға ресми түрде аттанды. 1998 жылы 6 мамыр күні Президент Жарлығымен Ақмола қаласының аты Астана болып аталды. Қаланың Қазақстан Респуб­ликасының астанасы ретіндегі ресми тұсау­кесері 1998 жылы 10 маусымда болып өтті. 2019 жылы наурыздың 20 жұлдызында Аста­на қаласының аты ресми түрде Нұр-Сұлтан деп өзгертілді. Ел астанасының Арқаға көшіп − елдің қақ ортасына орналасуы стратегиялық жақтан өте маңызды болды. Сол арқылы солтүстік өңірге қазақтардың шоғырлануы артты. Және жаңа астана Қазақстанның брен­діне айналып, елді әлемге танытуда зор рөл атқарды. Қазір ел астанасы Нұр-Сұлтан қа­ласы халқы миллионнан асып, қысқа уа­қытта мегаполиске айналған әлемге танымал қа­лалардың бірі. Қазақстанның әлемдік ұйымдарға жетек­ші­лік етуі мен Қазақстанда өткен әлемдік шара­лар еліміздің әлемге танытқан оқиғалар бол­ға­ны анық. Ретімен тізбелеп көрсетсек, 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ын­тымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) – Еуропада, Орталық Азияда және Солтүстік Америкада орналасқан 56 елдің басын біріктіретін ірі аймақтық ұйымға төрағалық етті. 1995 жылы Ислам ынтымақтастығы ұйы­мының толық құқылы мүшесіне айналған Қа­зақстан, Астанада 2011 жылғы 28-30 мау­сым­­да Ислам ынтымақтастығы ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің (СІМК) 38-сессиясы өткеннен халықаралық ұйымға төрағалық етуге кірісті. Бұл тарихи басқосуда Ислам конференциясы ұйымы атауын (ИКҰ) Ислам ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ) деп өзгерту туралы шешім қабылданды және Адам құқықтары жөніндегі тұрақты комис­сия құрылды. Алғаш рет ИЫҰ-ның Орта­лық Азиямен ынтымақтастық жөніндегі іс-әрекет жоспары қабылданды. 1996 құрылған халықаралық ұйым − Шан­хай ынтымақтастық ұйымына Қазақстан екі рет (2010-2011, 2016-2017 жылда) төраға­лық етті. Құрамында Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан елдері кіретін және Үндістан, Пәкістан, Иран, Моңғолия бақылаушы ретінде қатысатын бұл ұйым 2004 жылы ШЫҰ БҰҰ-ның Бас Ассам­блеясында бақылаушы ұйымы мәртебесін алды. 1992 жылғы 2 наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелікке қабылданып, 2016 жыл­ғы 28 маусымда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі бо­лып сайланған Қазақстан 2018 жылы 1-31 қаң­тар аралығында тарихта тұңғыш рет Бі­рік­кен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңе­сі Төрағасының өкілеттілігін орындады. Еуроазияның кіндігінде орналасқан Қа­зақстанда 2010 жылғы 1-2 желтоқсанда өт­кен ЕҚЫҰ Астана саммиті, VII Қысқы Азия ойын­дары (Азиада 2011 жылғы 30 қаңтар-7ақпан аралығы, Алматы мен Астана), Әлем­дік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері (2003, 2006, 2009, 2012), EXPO-2017 – (Қазақстанның елордасы Астана қаласында Халықаралық көрмелер бюросы (ХКБ) ұйымдастырған Халықаралық көрме) секілді үлкен жиындар да елімізді әлемге танытқан оқиға болды.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті –

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың

еңбектері негізінде дайындаған

Ахмет ӨМІРЗАҚ