Жаңалықтар

Тәуелсіздік тәуекелдері

ашық дереккөзі

Тәуелсіздік тәуекелдері

Ұлы далада талай ірі империя болды. Алайда дәуірлер алма­сып, заман өзгергенде олар қайта құрылып, халқы және кө­ле­мі жағынан өзгеріске ұшырап отырды. Ғұндар империясы, Түр­кі қағанаты, Дешті қыпшақ, Алтын Орда, Қазақ хандығы мем­лекеттерінің тағдыры соған айғақ. Бұлардың бәрі тарихи мис­сиясын атқарды. Тек қазақ жерін Ресей империясы жаулап алып, Кене­сары Қасымұлы бастаған Ұлт–азаттық көтерілісі жеңіліс тап­қан соң қазақтар 1847 жылдан 1917 жылға дейін 60 жыл Ресей им­периясының қол астында, 1917-1991 жылдар аралығында 74 жы­лға жуық КСРО құрамында орталыққа бағынышты ұлттық республика-да өмір сүруге мәжбүр болды.  Ел астанасының Арқаға көшірілуі − Қа­зақстанның Тұғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың аса маңызды саяси шешімі еді. ХХ ғасырда қазақ елінің астанасы Орынбор, Қызылорда, Алматы қалаларына кезек-кезек ауысып, бірнеше рет өзгерген. Бірақ бұлардың бәрі де геосаяси жағынан тиімді болған жоқ. Әлем­де «тоғызыншы территория» аталатын жер көлемі аса үлкен Қазақстанды біресе ана ш­е­тінде, біресе мына шетінде тұрып басқару оң­тайлы емес еді. Осыны ескерген Нұрсұлтан Назарбаев халқы аз, жері үлкен елді оңтайлы бас­қарудың жолы − ел астанасы елдің орта­сын­да тұру керек деп шешті. Сөйтіп парла­мент­тің қолдауымен Қазақстан Президенті ел астанасын Ақмола қаласына көшіруге ше­шім қабылдады. 1995 жылы 15 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Респуб­ликасының астанасы туралы» заң күші бар Жарлығы жарияланып, 1997 жылы 20 қа­занда Қазақстанның жаңа астанасы Ақмола қа­ласы болғанын ресми түрде жариялады. 1997 жылы 8 қарашада Қазақстан Республика­сы­ның мемлекеттік рәміздері мен Президент байрағын Алматыдан Ақмола қаласына шығарып салудың салтанатты рәсімі өтті. 1997 жылы 3 желтоқсанда Қазақстан Респуб­ли­касының Премьер-Министрінің кеңсесі Ақмолаға көшті. Сол жылғы 9 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Ақмолаға ресми түрде аттанды. 1998 жылы 6 мамыр күні Президент Жарлығымен Ақмола қаласының аты Астана болып аталды. Қаланың Қазақстан Респуб­ликасының астанасы ретіндегі ресми тұсау­кесері 1998 жылы 10 маусымда болып өтті. 2019 жылы наурыздың 20 жұлдызында Аста­на қаласының аты ресми түрде Нұр-Сұлтан деп өзгертілді. Ел астанасының Арқаға көшіп − елдің қақ ортасына орналасуы стратегиялық жақтан өте маңызды болды. Сол арқылы солтүстік өңірге қазақтардың шоғырлануы артты. Және жаңа астана Қазақстанның брен­діне айналып, елді әлемге танытуда зор рөл атқарды. Қазір ел астанасы Нұр-Сұлтан қа­ласы халқы миллионнан асып, қысқа уа­қытта мегаполиске айналған әлемге танымал қа­лалардың бірі. Қазақстанның әлемдік ұйымдарға жетек­ші­лік етуі мен Қазақстанда өткен әлемдік шара­лар еліміздің әлемге танытқан оқиғалар бол­ға­ны анық. Ретімен тізбелеп көрсетсек, 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ын­тымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) – Еуропада, Орталық Азияда және Солтүстік Америкада орналасқан 56 елдің басын біріктіретін ірі аймақтық ұйымға төрағалық етті. 1995 жылы Ислам ынтымақтастығы ұйы­мының толық құқылы мүшесіне айналған Қа­зақстан, Астанада 2011 жылғы 28-30 мау­сым­­да Ислам ынтымақтастығы ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің (СІМК) 38-сессиясы өткеннен халықаралық ұйымға төрағалық етуге кірісті. Бұл тарихи басқосуда Ислам конференциясы ұйымы атауын (ИКҰ) Ислам ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ) деп өзгерту туралы шешім қабылданды және Адам құқықтары жөніндегі тұрақты комис­сия құрылды. Алғаш рет ИЫҰ-ның Орта­лық Азиямен ынтымақтастық жөніндегі іс-әрекет жоспары қабылданды. 1996 құрылған халықаралық ұйым − Шан­хай ынтымақтастық ұйымына Қазақстан екі рет (2010-2011, 2016-2017 жылда) төраға­лық етті. Құрамында Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан елдері кіретін және Үндістан, Пәкістан, Иран, Моңғолия бақылаушы ретінде қатысатын бұл ұйым 2004 жылы ШЫҰ БҰҰ-ның Бас Ассам­блеясында бақылаушы ұйымы мәртебесін алды. 1992 жылғы 2 наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелікке қабылданып, 2016 жыл­ғы 28 маусымда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі бо­лып сайланған Қазақстан 2018 жылы 1-31 қаң­тар аралығында тарихта тұңғыш рет Бі­рік­кен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңе­сі Төрағасының өкілеттілігін орындады. Еуроазияның кіндігінде орналасқан Қа­зақстанда 2010 жылғы 1-2 желтоқсанда өт­кен ЕҚЫҰ Астана саммиті, VII Қысқы Азия ойын­дары (Азиада 2011 жылғы 30 қаңтар-7ақпан аралығы, Алматы мен Астана), Әлем­дік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері (2003, 2006, 2009, 2012), EXPO-2017 – (Қазақстанның елордасы Астана қаласында Халықаралық көрмелер бюросы (ХКБ) ұйымдастырған Халықаралық көрме) секілді үлкен жиындар да елімізді әлемге танытқан оқиға болды.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті –

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың

еңбектері негізінде дайындаған

Ахмет ӨМІРЗАҚ