Сенімге селкеу түссе...

Сенімге селкеу түссе...

Сенімге селкеу түссе...
ашық дереккөзі
«Бейбіт күнде халқымыздың амандығын, береке-бірлігін сақтай алмасақ – мемлекеттігімізге сын. По­лиция тәртіп сақшысы екенін сөз жүзінде емес, іс жү­зінде дәлелдей білуі тиіс». Өткен жылдың соңында Ішкі істер министрлігінің алқа отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деген еді. Жуыр­да аталған ведомствоның басшысы Ерлан Тұрғымбаевты қабылдаған Президент бұл мәселеге қайта оралып, полицияға халық сенімін арттыруға мүмкіндік беретін сапалы реформа жүргізуді тапсырды. Өйткені елдің құ­қық қорғау органдарына деген сенімі жыл өткен сайын азайып барады. Ranking.kz жүргізген сауалнама нәтижелері Қазақстанда тәртіп сақшыларының қыз­ме­тіне сенбейтіндердің қатары көбейгенін көрсетіп отыр. Құқық қорғау органдарына сенім арту – ел тұрғындарының өз қауіпсіздігі мен құ­қығы қорғалатынына күмән келтірмеуін біл­діреді. Соңғы уақытта ішкі істер орган­да­рындағы реформалардың көпшілігі ха­лық сенімін арттыруға, дұрысы ел сенімін «қай­тарып алуға» бағытталуда. Өйткені соң­ғы жылдарда тәртіп сақшыларының қыз­метіне қатысты келеңсіз оқиғалардың, жа­ғымсыз жағдайдың көбеюі құқық қор­ғау органдарының ел қауіпсіздігіне – қал­қан, тұрғындардың құқығына қорған бола ала­тынына сенімнен гөрі күдікті арттыр­ғаны жасырын емес. Ranking.kz интернет-ресурсы жүргізген зерттеудің нәтижесі са­ла қызметіне қатысты қоғам көзқарасын сандық көрсеткіштермен көрсетіп берді. Сауалнамаға 2019 жылы –31 мың, ал был­тыр 18 мың респондент (үй қожалығы) қа­т­ысқан. Өткен жылы өзін толық қауіпсіз се­зінетіндердің үлесі 57,4 пайызды құ­рап­ты. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда (49,6 пайыз) көп. Ал өзін қауіпсіз сезінбейтіндер қа­тары азайған: 2019 жылы 5,4 пайыз бол­са, 2020 жылы – 2,9 пайыз. Осы ретте өзін толықтай қауіпсіз се­зі­нетіндер ерлер арасында 63,4 пайыз болса, әйел­дер арасында 52 пайызды құраған. Ал өз­дерін қауіпсіз сезінбейтін әйелдердің үле­сі – 3,5 пайыз, ерлер – 2,2 пайыз. Олар­дың көпшілігінде далада жүргенде біреу шабуыл жасауы мүмкін деген үрей бар, жал­ғыз жүрмеуге және жарығы жоқ жер­лерге жоламауға тырысады. Бір қызығы, біреу шабуыл жасауы мүмкін деген қор­қыныш әйелдерден (44,6 пайызы) гөрі ер адамдарда (47,4 пайыз) басым болып шық­ты. Сауалнамаға қатысушылардың банк­тегі шотынан немесе карталарынан алаяқ­тар ақшамды алып кетуі мүмкін деген алаң­­даушылығы бір жылда 31,8 пайыздан 41,8 пайызға дейін өскен. Респонденттердің мұн­дай қорқынышын мамандар соңғы кез­де қаржы пирамидаларын құрушылар, банк картасындағы қаржыны түрлі әдіспен  қол­ды қылатындар алаяқтарға қатысты жа­ғымсыз оқиғалардың көбеюімен түсін­діреді. Зерттеу қорытындысына сүйенсек, по­лицияға респонденттердің 37 пайызы то­лық сенеді. Ал прокуратураға – 35,9 пайы­зы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қыз­мет­ке – 24,5 пайызы, экономикалық тергеу қыз­меттеріне 20,5 пайызы шүбәсіз сенім ар­тады. Сондай-ақ сауалнама құқық қорғау ор­гандарына мүлдем сенбейтіндердің саны да артқанын көрсетіп отыр. Полицияға мүлдем сенбейтіндер үлесі 2,7 пайызға жетсе, респонденттердің 1,8 пайызы  жем­қорлыққа қарсы қызметке, 1,6 пайызы про­куратураның қызметіне сенбейтін бо­лып шықты. Өткен жылы құқық қорғау орган­да­рына хабарласқан респонденттердің 92,2 пайызының арызы қабылданған екен. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен шамалас (92,9 пайыз). Сәйкесінше, 2020 жылы – 7,8 пайыз, 2019 жылы 7,1 пайыз респон­дент­тердің арызы қабылданбаған. Олардың 2,9 пайызының арызын ұсақ құқықбұзушылық (бұзақылық, ұялы телефон ұрлығы және тағы басқалары) деп қабылдамаған болса, 2,4 пайызына мәселесін ауызша шешуге уәде берілген, қалған 1,5 пайызына шағым­да қылмыстық құрамның жоқтығы айтыл­ған. Полиция ел сенімінен неге айырылды? Әлеуметтік желіде біз жүргізген сауал­на­ма да халық арасында құқық қорғау ор­­гандарының беделі төмендегенін аң­ғартты. Ел тұрғындарының көбі пәтері то­налса – ұрының табылатынына, баласы қия­нат көрсе – әлімжеттік жасаушының ұста­латынына, туысы өлтірілсе – қылмыс­кер­дің әділетті жазаланатынына, жері та­лас­қа түссе – жеңіп шығатынына, ең аяғы арыз-шағымы дұрыс тіркеліп қабылдана­ты­на да сенбейтін болып шықты. Тіпті, по­лиция қызметкерлерін қылмыс­кер­лер­мен сыбайлас санайтындардың қатары аз емес екен. Бұған ішкі істер органдарында қыз­меттік тәртіп мәселесінің ушығуы, елі­мізде полицейлер қолымен жасалатын қыл­мыстың көбеюі себеп болса керек. Мәселен, жуырда ғана Атырау об­лы­сында екі полиция қызметкері есірткімен ұстал­ды. Облыстық Полиция департаменті өзін­дік қауіпсіздік басқармасының қыз­меткерлері өз әріптестерін Атырау–Доссор автотрассасының бойында құрықтап, олар­дың қолынан тыйым салынған есірткі заттарын тәркіледі. Күдіктілердің үстінен Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігінде қарастырылған заңбұзушылық белгілері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Аталған баптың бөлігі «ірі мөлшердегі есірткі, пси­хотроптық заттарға, сол тектестерге қа­тысты жасалған іс-әрекеттер» бойынша ж­азалауды қарастырады. Полиция қызметкерлерінің қалтқысыз қыз­метіне сенімсіздікті арттырған тағы бір оқиға таяуда Ақтауда болды. Полиция майоры пандемияға байланысты жария­лан­ған төтенше жағдай кезінде жезөк­ше­лер борделіне «крыша» болғаны анықталды. Бұл қызметі үшін 15 мың теңге алып тұр­ған көрінеді. Тәртіп сақшыларының абы­ройына нұқсан келтірген полицей 4 жылға сотталып кете барды. Құқық қорғау органдарының қыз­мет­керлері арасында парамен ұсталатындар да аз емес. 2020 жылғы алғашқы екі айдың өзінде 16 тәртіп сақшысының жемқорлығы ашыл­ған екен. Одан кейін де талай поли­цей пара алу үстінде ұсталды. Мәселен, был­тыр шілдеде Қызылорда облысының Сы­байлас жемқорлыққа қарсы қызметі об­лыстық Полиция департаментінің есірт­кі қылмыстарына қарсы іс-қимыл бас­қармасы бөлім басшысының жемқорлығын әш­кереледі. Ол есірткі құралдарын өндіру­шілерге көрсеткен «қамқорлығы» үшін 500 мың теңге сомасында пара алған. Дәл осын­ша соманы қалтаға басқан БҚО По­лиция департаментінің көші-қон бас­қар­масы қызметкерінің атағы да жер жар­ған еді. Тәртіп сақшылары жол-көлік оқиға­ларына, тіпті кісі өліміне себепкер болатын жағдай да жиіледі. Мәселен, биылғы жыл­дың қаңтар айында Жамбыл облы­сының Шу қаласында полицей қызметтік көлікпен әйел адамды қағып кетті. Қатты соққыдан 48 жастағы әйел бірден жан тап­сырды.  Куәгерлер «жүргізуші мас болған, әрі өзінің полицияда істейтінін жасыру үшін қызметтік көлігінің мемлекеттік нөмірін шешіп әкетті» деп дабыл қаққан еді. Алайда Полиция департаменті бұл ақпаратты теріске шығарды. Ресми мә­ліметке сәйкес, қараңғы көшеде жолға атып шыққан жүргіншіні 25 жастағы аға лей­тенант абайсызда қағып өткенін алға тартты. Десе де, полициядағылар өз әріп­тес­тері жазасыз қалмайтынына сендірді. Осыған ұқсас тағы бір оқиға өткен жылдың күзінде Теміртауда болды. Lada Vesta қызметтік автокөлігін тізгіндеген жер­гілікті полицей 65 жастағы ер адамды қағып кетті. Жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен тұр­ғын ауруханада көз жұмды. Тәртіп сақшыларына деген сенімді құлдыратқан тағы бір оқиға 2018 жылы шілдеде болды. Белгілі спортшымыз Денис Тен­нің өлімімен аяқталған оқиғадан кейін жұрт көшеде жүруге қорқып қалды. Алма­ты­ның қақ ортасында ел мақтаны­шының, өрімдей жас жігіттің кісі қолынан көз жұмуы ішкі істер органдарының жұмыс са­пасына қатысты қордаланған мәселе­лер­дің бәрін бір-ақ сәтте жайып салды. По­лиция ел қауіпсіздігіне қорған бола ала­ты­нына сенбейтіндердің қатары күрт өсті. Қазақ полицейі туралы фильм қашан түсіріледі? Антына адалдықты ұмытып, қызметіне салғырт қарайтын тәртіп сақшыларының «ерліктері» полиция формасын киген­дер­дің бәріне бірдей қара күйе жағып, ел құр­метінің төмендеуіне әкеліп соққаны өкі­нішті. Әйтпесе, өз ісіне қалтқысыз беріл­ген, халықтың бейбіт өміріне қалқан болу­ды абыройлы міндетім деп білетін по­лицейлердің қатары аз емес. Мәселен, ел ішін­де бүлік шығарған лаңкестермен бет­пе-бет келіп, көпті құтқару үшін өз жанын пида еткен жамбылдық полицей Ғазиз Байтасовтың көзсіз ерлігі әлі күнге дейін халықтың жадында. Кеудесін оққа тосқан батырын ел ешқашан ұмытпайды. Сондай-ақ жуырда Қостанай облы­сын­да жолда қалып қойған көліктерге ақтүтек боранға қарамастан жаяу жүріп жол көр­сет­кен патрульдік полиция лейтенанты Аман­тай Байжановты бейбіт күннің ба­тыры десті жұрт. Бұл өз қызметіне адал по­лицейдің алғаш рет батылдық танытуы емес. Өткен жылдың сәуір айында ол өз әріп­тесімен бірге жанып жатқан үйден 15 адам­ды құтқарып қалған еді. Өзге өңірлерде де халықтың алғысын алып, ықыласына бөленіп жүрген по­ли­цей­лер көп. Өкініштісі, елімізде олардың ерлі­гін арқау еткен фильм немесе қойы­лым­дар жоқтың қасы. Батыс елдерінде тәр­тіп сақшыларының жағымды бейне­сі­нің қалыптасуына киноиндустрияның ықпалы зор екені көпке мәлім. Мемлекеттік тапсырыспен боевик, триллер, сериалдар тү­сіру жолға қойылған. Әсіресе, АҚШ-та 2001 жылы қыркүйекте болған лаңкестік шабуыл жайлы түсірілген фильмдер аме­рикалықтардың полицейлерге деген құр­метін еселей түсті. Өйткені оқиға кезінде тұр­ғындарға алдымен қол ұшын созған  тәр­тіп сақшылары еді. Полицейлердің қыз­меттік міндеті саналатын күнделікті істе­рі­нің өзін ерлікке пара-пар етіп көрсететін әсерлі туындылар арқылы олардың беделін арттыру түптеп келгенде қоғам тыныш­тығын, ел бүтіндігін сақтауға жол ашары сөзсіз. Кеңес милициясының абыройы да еш­кім­нен кем емес еді. Қамқор да кішіпейіл, өзі тұлғалы милиционер ағай туралы мультфильмдер көріп, заңсыздықтың жолын кескен тәртіп сақшысы туралы кино көріп, кітап оқып жетілген талай ұрпақ­тың санасында Кеңес милициясының жарқын бейнесі қалды. Ресей телеарна­ларын қоссаңыз да полицейлер туралы сериалдар жыл он екі ай көрсетіліп жа­та­ды. Ал қазақ полицейі туралы әсерлі фильм көріп пе едіңіз? Бізде тәртіп сақ­шы­ларының адал қызметі, батылдығы наси­хатталмайтынын мойындауымыз керек. Полиция қызметкерлері жайлы фильм түсір­сек те оларды келемеждейтін коме­дия­дан әрі аса алмаймыз. Бір ғана Батыс Қа­зақстан облысында егемендік алғалы 34 по­лицей қызметтік міндетін атқару ке­зінде қаза тауыпты. Батырлығы мен жан­кештілігі бір-бір детектив, триллерге сұ­ра­нып тұрған ерлер жеткілікті. Мем­лекеттік тапсырыспен осындай тақырыптағы туын­дылар түсірілсе, ел ішіндегі тұрақ­тылықтың, ішкі-сыртқы қауіпсіздік­тің артуына ықпалы мол болары анық. Айлығы шайлығына жете ме? Еуропа елдерінде құқық қорғау орган­дарында жұмыс істеу беделді қызмет сана­ла­ды. Францияда 50 орындық полиция ко­миссары мектебіне оқуға түсуге талпы­на­тындар саны 3 мыңнан асса, Швецияда бір орынға 13 үміткер бәсекелес екен. Фин­лян­дияда одан да көп. Оларда бізде­гідей, аға-көкенің қолдауымен, я болмаса ата-ананың сүйреуімен емес,  үміткерлер криминалдық полицияға (детектив, ФБР арнайы агенттері) болсын, патрульдік қыз­мет пен полиция басқару саласына болсын, ең бірінші заңдылықты қамта­масыз етіп, аза­маттар құқығын қорғау ниетімен ке­ле­ді. Оларды бұл саладағы айлық көлемі де, қызметкерге жасалатын әлеуметтік жеңіл­діктер де ынталандыра­тыны анық. Мәселен, Германияда полиция қыз­меткерлері 1 800-6 000 еуро көлемінде жа­лақы алса, АҚШ-та тәртіп сақшы­лары­ның жылдық табысы 11-15 млн теңге ара­лығында. Жұмыс істейтін штаты, лауа­зымы және жұмыс өтіліне байланысты олардың жалақысы ұлғая береді. Жапон жандармериясы жылына 70 мың доллар алса, БАӘ-нің полиция қызметкерлерінің ең төменгі жалақысы – 2 млн 200 мың теңге. Жоғары лауазымды полицейлер айы­на 7 млн теңге алады. Ал бізде ше? Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жергілікті полиция қызме­тінің патрульдік полициясындағы аға сержант атағы бар қызметкерлер 125 339 теңге жалақы алса, капитан атағындағы пат­рульдік полиция инспекторының ай­лығы – 154 592 теңге. Ал аудандық аумақ­тық органдағы қызметкерлердің айлық табысы 120 мың теңгенің айналасында.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы халыққа Жолдауында да құқық қорғау саласына басымдық бер­гені белгілі. «Құқық қорғау жүйесін толық реформалау – аса маңызды міндеттің бірі. Полицияның мемлекеттік күштік құры­лымындағы бейнесі бірте-бірте өзгеріп, қауіп­сіздікті қамтамасыз ету үшін аза­мат­тарға қызмет көрсететін органға ай­налуы тиіс», – деді Президент.
Ішкі істер министрлігін реформалау үшін мемлекет бұл саланың үш жылдағы мақ­сат-міндеттерін орындауға 173 мил­лиард теңге бөлді. Бұл қаражат қызметкер­лердің еңбекақысын көбейтуге, баспананы жалға алуға, халыққа қызмет көрсету қа­ғидаты бойынша полицияның заманауи фронт-офистерін ашуға жұмсалады. Өткен жылдың соңында өткен Ішкі істер ми­нистр­лігінің алқа мәжілісінде ведомство бас­шысы Ерлан Тұрғымбаевтың 2021 жыл­дан бастап полиция қызметкерлерінің жа­лақысы артатынына сендірген. «Келесі жылдан бастап жалақы кө­тері­леді. Сонымен қатар үйді жалға алу үшін өтемақы алушылардың саны өседі. Өйткені полиция қызметкерлері өз ісінде адал, тұрақты, қарапайым азаматтарға көмек беру үшін материалдық жағдайы дұрыс болуы тиіс. Сол кезде ғана олардан нақты жұмыс талап етіп, сервистік модельге көшу бойынша жоспарды жүзеге асыра аламыз. Әрбір қызметкер тұрғындардың мұң-мұқ­тажын тыңдап, оларға кез келген уақытта көмек беруге дайын болуы керек» деген еді министр. Жалақылары көбейіп, жағдайлары жа­салса, ел полициясы қуатты қалқанымызға айналар деп сенеді жұрт. Айлығы шайлы­ғына жетіп тұрса, полицейлер арасында жемқорлық жойылып, тәртіп сақшылары адалдықтың айнасына айналар деген үміт көлбеңдейді көкейде. Роза ЖАҢАБЕКОВА, кәсіпкер, Алматы облысы: Полицейлер қалтаңды қаққысы келіп тұрады
– Бірнеше жылдан бері базарда ет сата­мыз. Базар болған соң ұрлық-қарлықтың көп болатыны белгілі. Телефонымыз, сатып тұр­ған етіміз ұшты-күйлі жоқ болып к­е­тетін жағдай жиі кездеседі. Бұрын поли­ция­ға шағым жазып, жоғалғанымызды із­деуге тырысатынбыз. Алайда нәтиже шық­қан емес, ұры табылмайды. Осы күні бір затымыз ұрланса, «бар жамандық соны­мен кетсін» деп ешкімге айтпай жылы жаба салатын болдық. Жол-көлік оқиғасына тап болсақ та, кінәлі немесе жәбірленуші тарап­пен өзара мәмілеге келіп, мәселені по­лицияның қатысуынсыз шешуді ойлап тұра­мыз. Өйткені құқық қорғау орган­дарына жүгінсең, қаншама уақытыңнан, жүйкеңнен, қыруар ақшаңнан айырыла­сың. Полиция өкілдері кейде кінәлі бол­масаң да кінәлі етіп шығарып, қалтаңды қаққысы келеді. Сондықтан тәртіп сақ­шы­ларымен мүмкіндігінше байланыспауға ты­рысамыз.
Нұркен ӘБДІРОВ, доғарыстағы полиция майоры, Жамбыл облысы: Тәртіп сақшылары халықпен қарым-қатынас жасауға қорқады
– «Құқық қорғау қызметі туралы» ҚР заңын­да бір-біріне кереғар норма көп. Шы­ны керек, бұл заң сала қызметкерлерінің құқы­ғына қорған бола алмайды. Полиция қыз­метіне қойылатын талаптың күшей­тілуі, шектеудің көбеюі тәртіп сақшыла­ры­ның халық алдындағы беделін төмен­дет­кендей. Полицейлер осы күні қай жерде сүрі­ніп кетер екенбіз деп аңдап басуға мәж­бүр. Өйткені сәл бірдеңе болса, тұр­ғын­дар фото, видеоға түсіріп, желіге салып жі­беруге құмар. Монтажбен дұрыс әреке­тіңнің өзін бұрыс қылып көрсететін неме­се әдейі арандатып, ашуға берілген сәтіңді таспалап алуға тырысатындар аз емес. Сон­дықтан полиция қызметкерлері ха­лық­пен қарым-қатынас жасауға қорқады. Заңым­­ыз осал болғандықтан, бұл қызметте тұрақ­тай алмай, басын ала қашқандар көп. Өзім де зейнетке абыроймен шығуға асық­тым. Полицейлердің жалақысын да жеткі­лік­ті дей алмаймыз. Мойынға артылған мін­дет пен жауапкершіліктің жүгі жеңіл емес екенін ескерсек, сала қызметкер­лері­нің айлығын көбейтпесе болмайды. Әлеу­меттік мәселесі шешілген, санасын тұрмыс би­лемеген тәртіп сақшысы өз қызметін ынта-шынтасымен атқарары сөзсіз. Полиция қызметкерлерін жемқор­лық­қа итермелейтін – халықтың өзі. Жазадан, айыппұлдан жалтарғысы, істі оңай жаба сал­ғысы келіп тұрады. Қолымен істегенін мой­нымен көтеріп, заң бойынша әділ жаза алудан қашпайтындар ілуде біреу. Пара бердің бе – сен де заң бұзушысың. Соны ұмыт­пау керек.