Ақылбек Күрішбаев: Оқытушылар бұйрық пен нұсқауды үнсіз орындаушыға айналды

Ақылбек Күрішбаев: Оқытушылар бұйрық пен нұсқауды үнсіз орындаушыға айналды

Ақылбек Күрішбаев: Оқытушылар бұйрық пен нұсқауды үнсіз орындаушыға айналды
ашық дереккөзі
Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев жоғары оқу орнындағы оқытушылардың жай-күйі және білім сапасына байланысты өте өзекті мәселе көтеріп, Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановтың атына депуттаттық сауал жолдады. 

 Қазақстан Республикасы

Премьер - Министрінің орынбасары

Е.Л. ТОҒЖАНОВҚА

Құрметті Ералы Лұқпанұлы!

Менің депутаттық сауалым жоғары оқу орындарында білікті мамандарды даярлау мәселесіне қатысты. Өздеріңіз білетіндей, бұл -көбінесе білім беру бағдарламаларының сапасына, студенттердің практикалық дайындық деңгейіне байланысты.

Бірақ әлемдегі үздік жетекші университеттердің жетістігінің басты  кепілі – педагогтің жеке басының біліктілігінде, оларда білім беру қызметін ұйымдастырушы профессор-оқытушылар университетті дамытудың қозғаушы күші болып табылады. Білім берумен жемісті айналысу үшін, аталған университеттердің оқытушылары бизнестің өзекті қажеттіліктеріне үздіксіз сараптама жасап, сұраныстағы тақырыптар бойынша ғылыммен айналысады. Олардың ғылыми зерттеулерінің нәтижелері бірден жаңа білім беру бағдарламаларына айналады да, соның арқасында студенттері үнемі заманауи білім алады. Осылайша, әлемдік жетекші университеттердің сәттілік формуласы -  профессор-оқытушыларының заманауи біліктілігінде. Сол себепті олардың әлеуетін дамыту оқу орнының басты назарында болып, қажетті ынталандырулар жасалады және білім беру және ғылыми қызметтің барлық саясатын тікелей оқытушы-ғалымның өзі анықтап, менеджерлерді сайлауға, бюджетті бөлуге қатысады. Нақтырақ айтсақ, оларда университетті басқару жүйесі алқалық және демократиялық қағидаттарға сай қалыптасқан. Олардың ғылыми кеңесі ректордың кандидатурасын ұсынып қана қоймай, ЖОО-на қандай басшы қажет екенін өздері шешеді, яғни оған қойылатын біліктілік талаптарын анықтайды. Аталған жетекші университеттердегі басқару жүйесінің түбегейлі айырмашылықтарын көрсететін көптеген мысалдарды келтіруге болады. Ал біздің бүгінгі жағдайымызда еліміздегі жоғары білім беру сапасының түбегейлі жақсаруын күту қиын. Мәселен, Қазақстандағы мемлекеттік жоғары оқу орнының қатардағы оқытушысының орташа жалақысы шамамен 120 мың теңгені құрайды, бұл мектептегі кейбір мұғалімдердің жалақысына қарағанда аз. Сонымен қатар, көптеген педагоктардың жылдық оқу жүктемесі 700 сағат шегінде (сабаққа дайындалу уақытын есептемегенде), сонымен қатар, ол ғылыммен және куратор ретінде тәрбие жұмысымен айналысуға уақыт табуы тиіс. Егер турасын айтатын болсақ, біздің ЖОО-дағы оқытушылық жұмыс бүгінгі күні конвейерлік өндіріске айналып келеді, ал оқытушының өзі әр түрлі есептер, рейтингтер мен ғылыми мақалаларды (оның ішінде жоғары импакт-факторлы басылымдарда) жариялау бойынша міндеттемелер мен басқа да бұйрық, нұсқауларды үнсіз орындаушыға айналуда.    Университеттердің Ғылыми кеңесі нақты басқару тетіктеріне ие емес және көптеген университеттерде ректораттың шешімдерін қамтамасыз ету жөніндегі декларативті органға айналды. Ал университетте жұмыс істейтін профессорлық-оқытушылық құрамның өкілдері Директорлар кеңесіне тәуелсіз директор ретінде кіруге құқығы жоқ, өйткені бұл Акционерлік қоғам туралы заңға қайшы келеді. Өткен жылы Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев жоғары оқу орындарының көптен қордаланған мәселесіне назар аударып, мемлекеттік білім беру гранттарының құнын мамандықтарына байланысты 1,3-2,7 есеге көтере отырып, шын мәнінде тарихи шешім қабылдады. Мемлекеттен бөлінген бұл қаражат, сондай-ақ, ата-аналардың ақылы оқу үшін төлейтін ақшасы да оқу бағдарламаларын жаңғыртуға, бірінші кезекте оқытушылар құрамының жалақысын арттыруға нысаналы тәртіппен жұмсалуы тиіс еді. Алайда бірқатар жоғары оқу орындарында жалақының айтарлықтай өсуі болған жоқ, студенттерді оқытуға арналған қаражаттың бір бөлігі құрылысқа, ғимараттарды күрделі жөндеуге және негізгі құралдарды сатып алуға жұмсалуда. Неге бұлай? Себебі біздің жоғары оқу орындарымыздың жоғарыда келтірілген шетелдік университеттерден айырмашылығы - бюджетті жұмсау мәселелері оқытушылармен де, Ғылыми кеңеспен де келісілмейді, оларды менеджерлер жеке-дара шешеді. Университеттерге академиялық еркіндік бере отырып, біз олардың басшылығына сырттан ЖОО ісіне араласуды шектейтін кең өкілеттіктер бердік, бірақ профессор-оқытушылар ұжымының және Ғылыми кеңестердің басқару жүйесіне қатысуын, сондай-ақ, дамыған елдердегідей Директорлар кеңесі құрамындағы өкілдігін қамтамасыз етпедік. Қазіргі уақытта Президентіміздің жаңашыл бастамаларының арқасында елімізде қоғамымызды демократияландыру, қоғамдық бақылауды дамыту, жергілікті өзін-өзі басқару, әкімдердің сайлануы және т.б. бойынша прогрессивті өзгерістер болып жатыр. Еліміздің болашағын қалыптастыратын жоғары оқу орындары бірінші кезекте демократиялық қағидаттарды сақтауымен басқаға үлгі болуы тиіс. Біздің ЖОО жүйесіндегі келесі маңызды мәселе - ұлттық және қатардағы университеттерін білім беру гранттарының құны бойынша екі жікке бөлуі. Бұл сұрақ та өз қарауын талап етеді. Бұрынғы жылдары мамандарды даярлау бағыттары бойынша жоғары білімнің флагманы ретінде ұлттық университеттер үшін ерекше жағдайлар жасау қажеттілігі болған еді. Бірақ қазір көптеген қарапайым университеттерде білім беру қызметтерінің сапасы ұлттық университеттерден кем емес және елде жоғары оқу орындарының академиялық дербестігі заңды түрде қабылданды, енді олардың дамуын тек кәсіби бәсекелестік анықтау керек. Ұлттық университтерге мемлекеттік білім беру гранттарының құнын жоғары қойып және оларға ерекше артықшылықтар жасап, отандық жоғары білім беруде қос стандарт қалыптастыру түсініксіз, тіпті, қисынсыз. Дамыған елдерде университеттерді ұлттық немесе ұлттық емес деп бөлу және осы негізде мемлекеттік білім беру гранттарының мөлшерін әр түрлі белгілеу жоқ. Әңгіме университеттерді ұлттық мәртебеден айыру туралы емес екенін атап өткім келеді. Бірақ жоғарыда айтылғандарға байланысты барлық жоғары оқу орындары үшін мемлекеттік білім беру гранттарының құнын ұлттық университеттер деңгейіне дейін көтеруді және қатардағы университеттер оқытушыларының жалақысын олардың деңгейімен теңестіру туралы мәселені әділетті қарап, шешу қажет. «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 27-бабына сәйкес Сізден депутаттық сауалға заңда көрсетілген мерзімде жауап беруіңізді сұраймын.                        Сенат депутаты                                     А. КҮРІШБАЕВ