11 наурыз: атаулы күндер мен тарихи оқиғалар

11 наурыз: атаулы күндер мен тарихи оқиғалар

11 наурыз: атаулы күндер мен тарихи оқиғалар
ашық дереккөзі
11 наурыз егемен еліміздің тарихында бірқатар маңызды оқиғалармен есте қалды.  2007 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Катар мемлекетінің «Тәуелсіздік» ордені табыс етілді. Бұл шетелдік мемлекеттер басшыларына берілетін ең жоғары награда. 2011 жылы Орталықазиялық-қазақстандық ұсақ шоқылардың бірегей экологиялық жүйесін сақтау мақсатында «Бұйратау» Мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы құрылды. Саябақ Ақмола облысының Ерейментау ауданының аумағында 60 814 гектар және Қарағанды облысының Осакаров ауданында 28 154 гектар жерді алып жатыр. 2014 жылы ғарыш орбитасынан оралған ұшқыштар Олег Котов, Сергей Рязанский және америкалық Майкл Хопкинс Қарағанды қаласының 80 жылдығына орай қала елтаңбасына қол қойды. Бұл елтаңба облыстық өлкетану музейінде сақталады. 2014 жылы Нью-Йоркте Қазақстан Республикасы мен Сейшел Аралдарының Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты Өкілдері Қайрат Әбдірахманов пен Мари-Луиза Поттер екі мемлекет арасында дипломатиялық қатынастар орнату туралы Бірлескен коммюникеге қол қойды. Сейшел Аралдары Республикасы – Үнді мұхитының батыс бөлігіндегі гранит тектес 115 аралдан және Маржан атоллдарынан тұратын аралдық мемлекет. Алып жатқан жер аумағы 455 км2 шамасында. Астанасы – Виктория қаласы. Ресми тілдері – креол (сешелва), ағылшын, француз тілдері. 2014 жылы Берлинде қазақстандық стенд әлемдегі ең ірі халықаралық туристік көрмеде (Internationale Tourismus-Börse Berlin 2014) үздік үштікке енді. Қазақстан Республикасы «Азия, Тынық мұхит аймағы және Австралия» санатында ITB-те үшінші орынды жеңіп алды. Бірінші орынды Оңтүстік Корея қанжығасына байлады, екінші орында – Малайзия. 2015 жылы Испанияның Фигерас қаласында өткен IV Халықаралық цирк өнері фестивалінде Қазақ мемлекеттік циркінің әуе гимнастары Андрей мен Әлия Канахиндер «Күміс піл» атағын жеңіп алды. Әртістер Қазақ мемлекеттік циркінің директоры Дәулет Досбатыров қойған гимнастика жанрындағы «Сен және мен» номерімен өнер көрсетті. 2016 жылы Түркия Республикасында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында ҚР-ның Түркиядағы елшілігінің, Халықаралық Түркі мәдениеті ұйымының (ТҮРКСОЙ) және Анкара қаласы Етимесгут ауданы әкімшілігінің жанынан 200 жылдық мерейтойына орай Тәттімбет атындағы саябақ ашылды. 2016 жылы Қапшағай қаласында қуаты 2 МВт күн электр станциясында EnergyCell инновациялық энергия жинақтаушы жүйесі іске қосылды. Инновациялық технология алғаш рет ТМД және Орталық Азия аумағында қолданылды. 2018 жылы Хельсинки қаласында бокстан GeeBee 37-халықаралық турнирінде қазақстандық спортшылар бес алтын және бір күміс медальға ие болды. Қайрат Ералиев, Абылайхан Жүсіпов, Василий Левит, Қамшыбек Қоңқабаев, Бек Нұрмағанбет – «алтын», Олжас Байниязов – «күміс» иеленді. Осылайша, қазақстандықтар турнирде жалпыкомандалық бірінші орынды иеленді. 2018 жылы жас әнші Данэлия Төлешова «болашаққа көзқарас» номинациясы бойынша бірінші халықаралық «BraVo» кәсіби музыка сыйлығының иегері атанды. Данэлия сыйлығын француз әншісі Zaz қолынан алды. Екеуі бірлесіп «Je veux» хитін орындады.