Қазақстаннан 600-ден астам адам депортацияланды – министр

Қазақстаннан 600-ден астам адам депортацияланды – министр

Қазақстаннан 600-ден астам адам депортацияланды – министр
ашық дереккөзі
Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев заңсыз көші-қонмен күрес жұмысын баяндады. «Қазақстан транзиттік ел болып саналады, көктемде эмигранттар Қазақстан арқылы Ресей бағытына сапарлайды, ал күзде кері қайтады. Осы орайда еліміздің барлық құқық қорғау органдарына елеулі жүктеме түседі», деді министр. Оның айтуынша, көктемде және күзде «Мигрант» жедел алдын алу іс-шаралары ұйымдастырылады. Сонымен қатар көршілес елдердің құқық қорғау органдарына тиісті операция жүргізілетіні туралы ескертіледі. Бұл тұрғыда азаматтарды депортациялау іске асырылады. Мәселен, коронавирус инфекциясы кезінде мигранттардың көбісі Қазақстан аумағынан шыға алмады. Осы орайда Үкіметтің арнайы қаулысы қабылданып, елде болу мерзімі ұзартылды. Сонымен қатар қаңтар-ақпан айларында біздің аумақта қалған барлық азаматтарға қатысты тиісті жұмыстар атқарылды. Қаңтар-ақпанда 133 мың мигрант өз елдеріне қайтарылды. «Қазақстаннан өз еркімен кетуден бас тартқандар және ішкі істер органдарынан жасырынып жүргендерге тоқталсақ, 674 адамды сот тәртібімен депортацияладық. Бұл тұрғыда оларға қатысты бес жыл мерзімде Қазақстан аумағына келуге шектеу қарастырылған. 3,5 мың шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар еліміз арқылы заңсыз транзит арнасы ұйымдастырылғаны үшін 27 қылмыстық іс қозғалды», деді Е. Тұрғымбаев. Бұдан бұрын хабарланғандай, Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.