Түркістан облысында көктемгі әскерге шақыру науқаны басталды

Түркістан облысында көктемгі әскерге шақыру науқаны басталды

Түркістан облысында көктемгі әскерге шақыру науқаны басталды
ашық дереккөзі
Түркістан облысында көктемгі әскерге шақыру науқанына бағытталған іс-шаралар қызу жүріп жатыр, – деп хабарлады жергілікті Өңірлік коммуникациялар қызметі. 1 наурыздан бастап 18 жасқа толған азаматтар тұрғылықты жері бойынша жергілікті әскери басқару органдарында медициналық комиссиядан, тестілеуден және сұхбаттасудан өтуде. Биыл көктемде Түркістан облысынан 2000-нан астам ер азаматты шақыру жоспарланған. Күні кеше ғана алғашқы 25 ер азамат конституциялық міндетін орындау үшін әскерге аттанды. Олар шақыру комиссиясының отырысынан өтті. Түркістан облысы қорғаныс департаментінің бастығы, полковник Нұрмаханбет Дюсебаевтың айтуынша, облыс жастары әскери қызметке белсенді қызығушылық танытып отыр. Соның есебінен бәсеке туындайды және тек үздіктер әскерге аттанбақ. «Алдағы уақытта әскерге облысымыздан 2000-ға жуық азаматты аттандырамыз. Бұл аз сан емес, бірақ өңіріміздің ер-жігіттері әскерге құлшынысы жағынан әрқашан алдыңғы шепте тұрады, сол себептен біз көктемгі жоспарымызды уақытылы, әрі сапалы орындайтынымызға берік сенемін», – деді ол. Әскерге шақырылушылар мен лауазымды тұлғалар арасында коронавирустық инфекцияның таралмауы үшін жинақ пунктілерде медициналық бекеттер орналастырылды. Облыстық медициналық комиссиялардың құрамына инфекционист дәрігерлер енгізілді. Жастар әскери бөлімдерге кетер алдында міндетті түрде ПТР-зерттеу әдісімен COVID-19-ға зертханалық зерттеуден өтеді. Ал бөлімге келгеннен кейін жастар екі апталық карантинге оқшауланады. Карантин кезінде медициналық тексеру және әлеуметтік-психологиялық зерттеу жүргізіледі. Кейінге қалдыруға құқығы бар әскерге шақырылушылар санатын кеңейту де – маңызды жаңалық. Енді кейінге қалдыру педагогтердің бүкіл жұмыс кезеңіне, сондай-ақ құқық қорғау органдарының білім мекемелерінде оқудан өтіп жатқан адамдарға беріледі.