9 наурыз: атаулы күндер мен тарихи оқиғалар

9 наурыз: атаулы күндер мен тарихи оқиғалар

9 наурыз: атаулы күндер мен тарихи оқиғалар
ашық дереккөзі
9 наурыз егемен еліміздің өмірінде елеулі орны бар бірқатар маңызды оқиғалармен есте қалды.  2001 жылы Қазақстан мен Ресей шекараны делимитациялауға кірісті. Кездесулер барысында қазақстандық және ресейлiк шекарашылар ұзақтығы 1896,5 шақырым жерді алып жатқан ресейлiк Астрахань, Волгоград, Саратов және Орынбор облыстарының мемлекеттiк шекарадан өту туралы жобалары топографиялық картаға келiсiп енгізілді. 2012 жылы Түркияда Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы күндері өтті. Оны Ыстанбұлдағы қазақ-түрік қоры мен Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы ұйымдастырды. Шара қауымдастықтың және екі ел арасындағы дипломатиялық қатынас орнауының 20 жылдығына орайластырылды. Аталған шараның Ыстанбұлда өтуі кездейсоқ емес, өйткені 1992 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ыстанбұлда қазақ диаспорасымен кездесуде Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығын құру туралы идея айтылған болатын. 2012 жылы Берлиндегі әйгілі «Адлон» қонақүйінің үлкен банкет залында Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасының арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 20 жыл толуына орай ресми шара болды. 2015 жылы 10 жасар алматылық балалар - Әбілқайыр Самбусинов пен Алуа Қарғабаева спорттық және бал билері бойынша Мәскеуде өткен «Grand Prix Dinamo» халықаралық турнирінде бірінші орынды жеңіп алды. Жарысқа әлемнің 19 елінің 124 қаласынан келген 1800 жұп қатысқан болатын. 2017 жылы Берлинде 1905 жылы жазылып алынған қазақ музыкасы табылды. Құнды жәдігер саналатын алғашқы жазба коллекцияны Германия Қазақстанға сыйға тартты. Бұған дейін ең алғаш қазақ музыкасы 1925 жылы Францияда жазылды деп саналған. Алайда Германияда одан де ерте жазылған аудиотека сақталған. Музыканы неміс ғалымы Рихард Карутц фонографтардың көмегімен сақтап қалған. 2018 жылы Оңтүктік Кореяның Пхенчхан қаласындағы Олимпиада стадионында қысқы Паралимпиада ойындарының ашылу салтанаты болды. Онда Қазақстан спорттың екі түрінен: шаңғымен сырғанау және биатлоннан 6 спортшысын жарысқа қосты. 2020 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының 2020-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті. Тұжырымдаманы іске асыру сыртқы саяси сабақтастық стратегиясы аясында Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін, оның халықаралық беделін нығайтуға; ұлттық, өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға; қолайлы халықаралық орта қалыптастыруға, Қазақстанның әлемнің барлық мүдделі мемлекеттерімен және халықаралық ұйымдарымен достық, тең құқықтық және өзара тиімді саяси және экономикалық қатынастарын нығайтуға; Қазақстанның халықаралық қоғамдастыққа және әлемдік шаруашылық байланыстарға интеграциялануының барынша жоғары деңгейіне, оның ішінде ұлттық экономиканы әртараптандыру және цифрландыру негізінде қол жеткізуге; мәдени-гуманитарлық, ғылым, білім беру және басқа да аралас салаларда халықаралық ынтымақтастықтың қарқындатуға; шет елдерде Қазақстан Республикасы азаматтарының жеке және отбасылық мүдделерін, жеке және заңды тұлғалардың іскерлік мүдделерін қорғауды күшейтуге; мемлекеттің сыртқы саясатының ұзақ мерзімді басымдықтары, практикалық қадамдары және нақты нәтижелері туралы қазақстандық қоғамдастықтың және шет елдердің хабардар болу деңгейін көтеруге;қорытындысында – мемлекеттің, Қазақстанның ұлттық бизнесі мен халқының сыртқы саяси қызметтен нақты пайда табуына жәрдем етеді.