Әнші Диляра Дидарқызы «Украина дауысы» байқауына қатысады

Қазақстандық Диляра Дидарқызы «Украина дауысы-11» жобасындағы сынақтан өтіп, Олег Винниктің командасына қабылданды, деп хабарлайды украиналық ТСН арнасы.

Диляра әлемдік жұлдыз Мэрайя Кэридің «My All» әнін орындаған. «Жаңа ғана Қазақстаннан келген қатысушы «Украина дауысы-11» тыңдалымының соңғы кезеңін жапты. Осылайша, 4 мың шақырымнан астам жол жүріп келген Диляра Дидарқызы Олег Винниктің командасына соңғы қатысушы болып енді. Өткен жылы өзінің отандастары Индира мен Ерланға жанкүйер болған бойжеткен қазір өз бағын сынап көрді», – деп жазды ТСН арнасы.

Диляраға жаттықтырушылар да, көрермендер де тік тұрып қол соққан. Ән соңында Олег Винник түймені басып, Диляраны өз командасының соңғы мүшесі ретінде қабылдады. «Сенің үмітті ақтамауға еш мүмкіндігің жоқ, сондықтан да осында келдің, мен де осында келдім. Мен мұнда бірінші рет жаттықтырушы болып отырмын. Мен әрқашан адамдарға бақыт сыйлаймын деп айтамын, мен бақыттымын және сенің де бақыт сыйлағаныңды қалаймын. Біз мұны бірге жасаймыз», – деп қолдау көрсетті О. Винник.

Айта кетейік, «Украина дауысы» жобасының он бірінші маусымының жеңімпазы Киев аудандарының бірінен пәтер алады және ATLAS WEEKEND музыкалық фестивалінде өнер көрсетеді.

«

 

Back to top button