Жаңалықтар

Жансай Смағұлов: қолда тұрған алтыннан айырылып қалдым

ашық дереккөзі

Жансай Смағұлов: қолда тұрған алтыннан айырылып қалдым

Ташкентте дзюдодан әлемдік "Grand Slam" жарысында 73 келі салмақ дәрежесінде күресіп, күміс жүлдегер атанған Жансай Смағұлов алтыннан қалай айырылып қалғаны туралы айтып берді.  "Жарыс өте жоғары дәрежеде өтті. Өзім де жоспарлағанымыздай жақсы күресіп шықтым. Финалға дейін қарсыластарымның барлығын ұтып, шешуші белдесуде төрешілер шешімімен күміс жүлдеге ие болдым. Финалда негізгі уақытта моңғолиялық қарсыласым екеуміз тең болдық. Қосымша уақытта әдіс жасағанымда төрешілер бірінші ұпай берді. Кейін күресті қайтадан көріп, маған үшінші шидоны (ескерту) берді. Сөйтіп, хансоку (қатаң ескерту- спортшы жарысты тоқтатады) алып, белдесу қарсыласымның еншісіне шешілді. Әдіс жасау барысында қолым қарсыластың жамбасына тиген. Дзюдо ережесі бойынша, белден төмен әдіс жасауға болмайды. Осылайша, қолда тұрған алтыннан айырылып қалдым", - дейді Жансай Смағұлов. Сондай-ақ, ол өзіне деген көрерменнің қолдауы ерекше болғанын айтады: "Жанкүйерлер спортшыға ерекше күш-жігер береді ғой. Жарыс көрермендердің қатысуымен өткізіліп отырғандықтан атмосфера ерекше. Өзбекстан елінде менің біршама жанкүйерім бар екен. Финалдық белдесуден кейін бір кішкентай жанкүйер бала татами маңына жүгіріп шығып, құшақтап жатыр. Жеңіс қарсыласыма берілген кезде де, марапаттау сәтінде де Өзбекстан халқы өте қатты қолдап, ерекше, чемпионға лайық құрмет көрсетті. Шетелдік жанкүйерлер осылай ыстық ықылас танытып жатқанда, Қазақ елінің қолдауын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес шығар. Мені қолдап, құттықтап жатқан баршаңызға алғысым шексіз". "Күміс алдық деп, бір жарыспен тоқтап қалмаймыз. Алда оқу-жаттығу жиындарында осы турнирдегі белдесулеріміздің видеосын қайтадан көріп, саралап, қателермен жұмыс істейтін боламыз. Алда бізді бұдан да жоғары жетістік күтіп тұр деп ойлаймын", - дейді ол.