Қазақстанда апта ішінде болған тағайындауларға шолу

Қазақстанда апта ішінде болған тағайындауларға шолу

Қазақстанда апта ішінде болған тағайындауларға шолу
ашық дереккөзі
Осы аптада еліміздің орталық және жергілікті атқарушы органдарында бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды. Президенттік жастар кадр резервінің төрт өкілі басшылық лауазымға тағайындалды. 1-7 наурыз аралығында болған тағайындауларға жасалған шолуды ұсынамыз. Апта басында ҚР Үкіметінің қаулысымен Ержан Ерікұлы Біржанов ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі қызметіне тағайындалды. Ержан Біржанов 1979 жылы Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Еңбек жолын 1999 жылы СҚО бойынша Салық комитетінің жергілікті салықтар секторының аға инспекторы болып бастады. 1999 жылдан 2004 жылға дейін СҚО бойынша Салық комитетінде жұмыс істеді. 2004 жылдан 2014 жылға дейін ҚР Қаржы министрлігінің құрылымында басшылық лауазымдарды атқарды. 2014 жылғы наурыз-қараша аралығында — ҚР Президенті Әкімшілігі Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің сарапшысы, 2014 жылғы қарашадан 2017 жылға дейін – ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Даму және жаңғырту департаментінің директоры болып жұмыс істеді. 2017 жылғы қаңтардан наурызға дейін — «Қазимпэкс» республикалық орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, 2017-2018 — ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің басшысы, 2018 жылдан 2020 жылдың сәуір айына дейін «ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мемлекеттік техникалық қызметі» РМК директоры болып жұмыс істеді. 2020 жылғы сәуірден қазіргі уақытқа дейін – ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің жұмысын бақылау және үйлестіру департаментінің басшысы болған. ҚР Үкіметінің қаулысымен Дәурен Маратұлы Кеңбейіл ҚР Қаржы вице-министрі лауазымына тағайындалды. Дәурен Кеңбейіл 1984 жылы Қостанай облысында дүниеге келген. Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін, М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін тәмамдаған. Еңбек жолын 2006 жылы ҚР Қаржы министрлігі Қазынашылық комитетінің ақпараттық қауіпсіздік бөлімінің жетекші маманы міндетін атқарушы болып бастаған. 2006-2013 жылдары — ҚР Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитетінде түрлі лауазымдарда жұмыс істеген. 2013 жылы ҚР Қаржы министрлігі концессиялық жобалар басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды. 2017-2019 жылдары — ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік қарыз алу департаменті директорының орынбасары, 2019 жылғы шілдеден қазіргі уақытқа дейін — ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік қарыз алу департаментінің директоры болған. Ал ҚР Қаржы министрінің бұйрығымен Абзал Бейсенбекұлы ҚР Қаржы министрлігі аппаратының басшысы қызметіне тағайындалады. Абзал Бейсенбекұлы 1985 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін, Ноттингем университетін, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетін бітірген. Мамандығы бойынша біліктілігі — экономист, мемлекеттік саясат саласындағы гуманитарлық ғылымдар магистрі, құқық бакалавры. Еңбек жолын 2007 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетінде жетекші маман м.а. қызметінен бастаған. 2008-2010 жылдары ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің Әлеуметтік саланы дамыту департаменті Білім және ғылымды дамыту басқармасының сарапшысы болып жұмыс істеді. 2010-2011 жылдары ҚР Қаржы министрлігінде жұмыс істеді. 2011-2019 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінде түрлі лауазымдарда қызмет атқарды. 2019 жылғы сәуір-қыркүйек айларында «Жасанды зерде саласындағы зерттеулер мен әзірлемелерді қолдау қоры» КҚ басқарма төрағасы болып жұмыс істеді. 2019 жылғы қазан айынан қазіргі уақытқа дейін жеке меншік секторда басшылық қызметтер атқарды. Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шешімімен Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының Қазақстан атынан жаңа мүшесі (министрі) болып Руслан Бекетаев тағайындалды. Оның құзыретіне Еуразиялық экономикалық одағында кәсіпкерлік қызметті дамыту, қаржы саясаты, еңбек миграциясы және әлеуметтік қорғау мәселелері кіреді. Руслан Бекетаев 1975 жылы 16 қарашада Шымкентте дүниеге келді. Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін, Бристоль университетін (Ұлыбритания), Оксфорд университетін (Ұлыбритания) бітірген. 1996-2001 жылдары – ҚР Ұлттық құнды қағаздар комиссиясының лицензиялау және қадағалау департаментінде жетекші маман, сектор меңгерушісі, бөлім бастығы, басқарма бастығының орынбасары, департамент директорының орынбасары міндетін атқарушы. 2001-2004 жылдары – ҚР Ұлттық банкінің қаржылық қадағалау департаментінің инспекциялау басқармасының бастығы. 2004-2005 жылдары – ҚР қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігі банктерді қадағалау департаментінің инспекциялау басқармасының бастығы. 2005-2010 жылдары – қаржы органдарындағы, ҚР Экономикалық қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігіндегі қызмет. 2011 жылғы мамыр-тамыз – «Қазақ гуманитарлық заң университеті» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі. 2011-2012 жылдары - ҚР Қаржы министрлігінің қаржылық мониторинг комитеті төрағасының орынбасары. 2012-2014 жылдары – ҚР Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитетінің төрағасы. 2014 жылғы шілдеден бері ҚР Қаржы вице-министрі болып істеді. ҚР Үкіметінің Қаулысымен Мұрат Баритұлы Теміржанов ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды. Мұрат Теміржанов 1977 жылы Ақмола облысында туған. Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетін, Қазақ гуманитарлық заң университетін бітірген. Еңбек жолын 1998 жылы Көкшетау қаласында салық инспекторы болып бастаған. 2001 жылы Зеренді ауданы бойынша салық басқармасы төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы болды. Түрлі жылдары жеке меншік құрылымдарда басшылық қызметтер атқарды. 2013-2014 жж. ҚР Президент Әкімшілігі Қауіпсіздік Кеңесінің ситуация орталығы консультантының міндетін атқарушы, консультанты болды. 2016-2021 жылдары — VI шақырылымындағы ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі, ал биылғы қаңтар айынан қазіргі уақытқа дейін — ҚР ауыл шаруашылығы министрінің кеңесшісі болған. Өңірлерге ойыссақ, Алматы облысы әкімінің өкімімен Жасыбаев Ержан Бәкірбайұлы Талдықорған қаласының әкімі болып тағайындалды. Ержан Бәкірбайұлы 1965 жылы туған. Өскемен жол-құрылыс институтын құрылысшы инженер мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын Жамбыл облысында ҚазССР Автокөлік жолдары министрлігі Жол басқармасының ДЭУ-64 жол шебері болып бастаған. Әр жылдарда ҚазССР Автомобиль жолдары министрлігі Жол басқармасының ДЭУ-64 бас инженері, Жуалы ӨЖУ бастығы, «Жамбылавтожол» КМ-нің, «Казақавтожол» РМКК Жамбыл филиалының, ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Автомобиль жолдары Алматы ММ бас инженері, Алматы облысының автокөлікжолдары жолдары департаменті бастығының орынбасары, Алматы қаласында ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Автомобиль инфрақұрылымын дамыту комитетінің Алматы облыстық басқармасы директорының орынбасары, директоры, Автомобиль жолдары комитетінің Алматы облыстық басқармасының директоры, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Жамбыл облыстық филиалының директоры болды. 2014 жылдың қазан айынан – Алматы облысының жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы болды. Алматы облысы әкімінің өкімімен Алмас Сапарғалиұлы Абдинов Алакөл ауданының әкімі болып тағайындалды. Алмас Сапарғалиұлы 1972 жылы туған. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін тарих және мемлекеттік құқық пәнінің оқытушысы мамандығы және юриспруденция бакалавры бойынша бітірген. Еңбек жолын Шығыс Қазақстан облысында №4772 әскери бөлімде қойма бастығы болып бастаған. Кейін Алакөл ауданы әкімі аппаратының әлеуметтік-мәдени сала, білім беру және денсаулық сақтау, ұйымдастыру, мемлекеттік-құқық және кадр бөлімінің, Алакөл ауданының ішкі саясаты бөлімінің бас маманы, Алакөл ауданы әкімінің көмекшісі, Қамысқала ауылдық округінің, Үшарал қалалық округінің әкімі болды. 2016 жылдың мамырдан бүгінгі күнге дейін Алматы облысы Алакөл ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Сондай-ақ, Алматы облысы Талғар ауданының әкімі болып Қайдар Әбдіханов тағайындалды. Қайдар Әлиханұлы 1974 жылы Алматы облысы Талғар ауданы Октябрь ауылында дүниеге келді. 1997 жылы Алматы зоотехникалық малдәрігерлік институтын «мал шикізатын тауарлаушы инженер» мамандығы бойынша, 2003 жылы Экономика және құқық академиясын «құқықтану» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1993 жылы Талғар қаласындағы «Әйгерім» ЖШС коммерциялық қызмет директорының орынбасары ретінде бастаған. 1998 жылы Алматы қаласында «Қару-Жарақ» Республикалық мемлекеттік мекемесінің қара және түрлі-түсті металлдар қалдығын сату бөлімінің инженері, ал 1999 жылдан 2014 жылға дейін ҚР Кеден органдарында қызмет атқарған. 2014 жылдан 2016 жылға дейін ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Қостанай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті «Қостанай-КРО» және «Жетіқара» кеден бекеттерінің басшысы міндетін атқарушы, басшысы қызметінде болған. 2016 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Алматы облысы бойынша департаментінде жұмыс атқарған. 2017 жылдан 2018 жылға дейін Талғар ауданы Кеңдала ауылдық округінің әкімі. 2018 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Талғар ауданы әкімінің орынбасары лауазымында болған. Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары қызметіне Дариға Исмағамбетова тағайындалды. Дариға Исмағамбетова 1975 жылы дүниеге келген. Білімі жоғары, Ақтөбе «Дүние» университетін педагогика және психология мамандығы бойынша аяқтаған. Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Калиновка орта мектебінің кітапханашысы, Ақтөбе облысы Қобда ауданы Калиновка орта мектебінің тәрбиешісі, мұғалімі; Ақтөбе қаласы №19 орта мектебінің мұғалімі; Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Калиновка орта мектебінің мұғалімі; Ақтөбе қаласы №15 орта мектебінің мұғалімі, директордың орынбасары, директоры болды. Кейін «Nur Otan» партиясы Ақтөбе қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары; Ақтөбе облысы білім басқармасы басшысының орынбасары; Ақтөбе облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы; «Nur Otan» Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болып қызмет атқарды. Бүгінге дейін Ақтөбе қаласы Астана ауданының әкімі болған. Д.Исмағамбетованың орнына Астана ауданының әкімі болып Мамырғали Аққағазов тағайындалды. Мамырғали Аққағазов 1964 жылы дүниеге келген. Білімі жоғары, Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын «ауыл шаруашылығын механикаландыру» біліктілігі бойынша аяқтаған. Ақтөбе облысының Алға ауданы «Парижская коммуна» колхозының инженері, бас инженері, колхоз төрағасы; Алға ауданының «Ақай» өндірістік кооперативінің директоры; Алға ауданының «Дәурен» шаруа қожалығының басшысы; Алға аудандық әлеуметтік-экономикалық даму орталығының бөлім басшысы; Алға ауданы Алға қалалық округінің әкімі; Алға ауданының «Алға-Жылу» КММ директоры болды. Кейін Алға ауданы Ильинка ауылдық округінің әкімі; Алға ауданы әкімінің орынбасары; Ақтөбе облысы Байғанин ауданы әкімінің орынбасары; Байғанин ауданының әкімі; Ақтөбе облысының энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы; Ақтөбе облысы Байғанин ауданының әкімі; «Ақтөбе» ӘКК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін атқарды. Жаңа тағайындауға дейін Ақтөбе облысы, Алға ауданының әкімі болды. Сонымен бірге, Ермек Кенжеханұлы да Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Ермек Кенжеханұлы «Болашақ» бағдарламасы аясында Ұлыбританияның​ Рединг университетін «Ауыл шаруашылығы саласындағы экономист», Кореяның Аджу университетін​ «Экономика және бизнес магистрі» мамандығы бойынша​ тәмамдаған.​Еңбек жолын «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ы несиелік өнімдерді әзірлеу департаментінің менеджері болып​ бастаған. Түрлі жылдары Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы әкімінің аппарат басшысы, Ауыл шаруашылығы министрлігі, инвестициялық жобалар және​ қаржылық құралдар департаменті, инвестиция басқармасының басшысы болды. ҚР Ауыл шауашылығы министрлігінің халықаралық ынтымақтастық​ және экономикалық интеграция департаментінің халықаралық ынтымақтастық​ басқармасын, Ақтөбе облысы сыртқы байланыстар және туризм басқармасын,​ Ақтөбе облысы ақпараттандыру және сыртқы байланыстар басқармасын басқарды. 2020 жылы Ермек Кенжеханұлы Президенттік жастар кадрлық резервіне кірді. Бүгінгі тағайындауға дейін Мәртөк ауданының әкімі болған. Ермек Кенжеханұлының орнына Мәртөк ауданының әкімі болып Алмас Салықбаев тағайындалды. Алмас Салықбаев – Т.Рысқұлов атындағы қазақ экономикалық университеті мен Қазақ-орыс халықаралық университетінің түлегі. Ол еңбек жолын 2007 жылы «БанкЦентрКредит» АҚ Алматы қалалық филиалының несие офицері болып бастаған. Кейін «Қазақстан халық банкі» АҚ Мұғалжар аудандық бөлімшесінде менеджер, Мұғалжар аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің бас маманы және сектор меңгерушісі, ​Мұғалжар аудандық статистика басқармасының жетекші маманы, Мұғалжар аудандық экономика және бюджетті жоспарлау, кәсіпкерлік бөлімі басшысының орынбасары, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы болды. Сонымен қатар Ақтөбе облысы әкімі аппаратында ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің бас инспекторы, Ақтөбе облысының сыртқы байланыстар және туризм басқармасы басшысының орынбасары лауазымдарын атқарды. Жаңа қызметке тағайындалға дейін Мәртөк ауданы әкімінің орынбасары болды. Сонымен бірге, Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы болып Жолдас Батырхан тағайындалды. Жолдас Батырхан Ақтөбе педагогикалық институтын, Қазақ-орыс халықаралық университетін тәмамдаған.​ Еңбек жолын 1998 жылы Темір ауданы Сарытоғай орта мектебінде​ бастады. Түрлі жылдары Темір ауданы​ №6 Шұбарқұдық негізгі мектебінің​ директоры, Темір ауданы Тасқопа ауылдық округінің әкімі,​ Темір ауданы Шұбарши ауылдық округінің әкімі, Темір аудандық білім бөлімінің басшысы, Темір ауданы әкімі аппаратының инспекторы болып қызмет етті. Сонымен қатар, Темір ауданы әкімінің орынбасары, Ақтөбе облысы дін істері басқармасының басшысы лауазымдарын атқарды. Бүгінге дейін Темір ауданының әкімі болды. Ж. Батырханның орнына Ақтөбе облысы, Темір ауданының әкімі болып Саламат Аманбаев тағайындалды. Ол Алматы халық шаруашылығы институтының, Мәскеу мемлекеттік заң академиясының түлегі. Еңбек жолын Мұғалжар аудандық қаржы бөлімінің мемлекеттік кірістер бойынша аға экономисті қызметінен бастаған. Әр жылдары Ақтөбе облысының салық органдарында жұмыс істеп, Ақтөбе облысы бойынша еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаментінің басшысы, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің көші-қон комитетінің төрағасы болды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің еңбек, халықты әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің департаментін басқарды. Жаңа тағайындауға дейін Ақтөбе облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқарманың басшысы болды. Жамбыл облысының әкімінің өкімімен облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасының басшысы болып Бейқұт Жаманкөзов тағайындалды. Бейқұт Тілебалдыұлы 1969 жылы туған, білімі жоғары. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін «Дене шынықтыру мәдениеті және еңбек», Қырғыз-Ресей білім беру академиясын «Құқықтану», Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетін «Қаржы» мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын 1990 жылы Қордай ауданы Шарбақты ауылы №36 Н.Сауранбаев атындағы орта мектебінің мұғалімі болып бастаған. 1995-2003 жылдары аталған мектептің директоры, 2003-2008 жылдары Қордай ауданы әкімдігінің білім бөлімі басшысының орынбасары, 2008-2010 жылдары Қордай ауданы әкімінің орынбасары, 2010-2012 жылдары Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы басшысының орынбасары қызметтерін атқарған. 2012 жылғы қыркүйектен бастап бүгінгі күнге дейін Қордай ауданы әкімінің орынбасары лауазымында қызмет атқарып келді. Сонымен бірге Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Руслан Нұрсипатов Меркі ауданының әкімі болып тағайындалды. Руслан Маратұлы 1967 жылы туған. Білімі жоғары. Ол Алматы технологиялық техникумын «тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарының жабдығы», Қазақ ұлттық аграрлық университетін «агрономия», «қаржы» мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын 1989 жылы Қордай аудандық тұтынушылар одағының нан шығаратын цехында жұмысшы болып бастаған. 1989-1994 жылдары Михайловка ауылының наубайхана меңгерушісі, 1994-1995 жылдары Қордай аудандық тұтынушылар одағының нан шығаратын зауыты директорының орынбасары, бірінші орынбасары, 1995-2001 жылдары Қордай ауданының тамақтану орнының директоры, 2002-2004 жылдары «Астық Астана-Қордай 2030» ЖШС-нің директоры, 2004-2009 жылдары Жуалы ауданы әкімінің орынбасары, 2011-2014 жылдары Қордай ауданының Пошта байланысы торабының басшысы, 2016 жылғы қаңтар-наурыз аралығы Қордай аудандық «Нұр Отан» партиясы филиалының консультанты қызметтерін атқарған. 2016 жылғы наурыздан бүгінгі күнге дейін Қордай аудандық мәслихатының хатшысы лауазымында болған. Ал Жамбыл облысындағы Жуалы ауданының әкімі болып Олжас Қаржауов тағайындалды. Олжас Есалханұлы 1983 жылы туған. Ол Алматы экономикалық университетін «қаржы және несие», М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «құқықтану» мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын 2003 жылы жеке сектордан бастаған. 2005-2014 жылдары жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерде басқарушы лауазымдарда, 2014 жылғы шілде-желтоқсан аралығы Қазақстанның ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірлік даму департаментінің эксперті, директор орынбасары, 2015-2017 жылдары Алматы қаласының Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары, Маңғыстау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры, 2017-2018 жылдары «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының департамент директоры-басқарушы директоры, Басқарма төрағасының орынбасары, 2018-2020 жылдары Түркістан, Жамбыл облыстары Кәсіпкерлер палаталарының директоры қызметтерін атқарған. 2020 жылғы мамырдан бастап бүгінгі күнге дейін «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы лауазымында жұмыс істеген. Қарағанды облысының басшысы Жеңіс Қасымбектің өкімімен Советбек Медебаев Ұлытау ауданының әкімі болып тағайындалды. Советбек Медебаев 1965 жылы Қарағанды облысы Ұлытау ауданы Қарсақпай ауылында дүниеге келген. Оның екі жоғары білімі бар. Ө. А. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетін экономист-менеджер мамандығы бойынша және Орталық Азия университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын Жезқазған облыстық халыққа тұрмыстық қызмет көрсету басқармасының Жезқазған учаскесінде шебер болып бастады, Жезқазған геологиялық барлау экспедициясында жұмыс істеді. Жезқазған облыстық тұтынушылар қоғамы одағының аға маманы, күрделі құрылыс, көлік және материалдық-техникалық жабдықтау бөлімінің бастығы болды. 1995 жылы мемлекеттік қызметке келіп, Жезқазған қалалық әкімшілігі басшысының міндетін атқарушы және аппарат басшысы болды. Одан кейін Жезқазған қаласы әкімінің аппаратын басқарды. 2003 жылы Жезқазған қалалық мәслихатының депутаты, Жезқазған қалалық мәслихатының хатшысы болып сайланды. 2008-2011 жылдары – Сәтбаев қаласының әкімі және «Қазақмыс» корпорациясы« ЖШС (Жезқазған қ.) кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары болып жұмыс істеді. 2012 жылдан бастап осы уақытқа дейін Жезқазған қалалық мәслихатының хатшысы болды. Маңғыстау облысы әкімінің өкімімен Маңғыстау облысы ішкі саясат басқармасының басшысы болып Аманғали Нұрдәулетов тағайындалды. Аманғали Сүлейменұлы 1981 жылы Маңғыстау облысында туған. Білімі жоғары. 2000 жылы Ақтау шет тілдер колледжінде ағылшын тілі мұғалімі, реферант – аудармашы, 2006 жылы Е.А.Бөкетов атындағы Карағанды мемлекеттік университетінде заңгер мамандығы бойынша білім алған. Еңбек жолын Ақтау қаласы әкімі аппаратының іс жүргізуші мамандығынан бастаған. Кейін қалалық әкім аппаратында бас маман, жетекші мамандығы бойынша жалғастырған. 2010 жылы Мұнайлы ауданы әкімі аппаратының Мемлекеттік–құқық бөлімінің бастығы, 2012 жылы Ақтау қаласы бойынша судан кұтқару кызметінің басшысы, 2016 жылы Форт-Шевченко қаласының әкімі, 2018 жылы Жастар саясаты жөніндегі баскарма басшысы, 2019 жылы облыстық Мәдениет басқарма басшысының орынбасары қызметтерін атқарған. 2019 жылдан бері осы уақыт аралығында Жаңаөзен каласы әкімінің орынбасары лауазымында болған. Маңғыстау облысы кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы болып Тоқбаева Жанна Жұмабайқызы тағайындалды. Жанна Жұмабайқызы 1980 жылы туған. Білімі жоғары. 2000 жылы – Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетін экономика мамандығы бойынша бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты. Еңбек жолын Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің Ақтау қаласындағы филиалы «Жаратылыстану-ғылыми пәндер» кафедрасының ассистенті болып бастаған. Кейін Е. А. Бөкетов атындағы ҚарМУ Ақтау қаласындағы филиалының «Экономика және құқық» кафедрасының меңгерушісі, аталған жоғарғы оқу орнының оқу-әдістемелік бөлімінің бастығы, «Азия Техно Сервис» ЖШС директорының орынбасары, Маңғыстау облысы тілдерді дамыту департаментінің «Облыстық тілдерді оқыту орталығы» МКК директоры, Ақтау қаласы әкімдігінің «Қалалық кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы бөлімі» ММ басшысы қызметтерін атқарған. 2019 жылдан осы уақытқа дейін «Ақтау теңіз порты АЭА» АҚ аудит қызметінің басшысы қызметін атқарған. Сонымен бірге Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмовтың баспасөз хатшысы болып Гүлмира Әбішева тағайындалды. Гүлмира Әбішева Жамбыл облысында дүниеге келген. Білімі жоғары. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін халықаралық журналист мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық академиясының оқытушысы болып бастаған. Бірнеше республикалық және облыстық БАҚ-да еңбек етті. Республикалық 31-телеарна, «Информбюро» жаңалықтар қызметінің тілшісі, республикалық «Ар.кз» газетінде журналист, «Азаттық» халықаралық радиосының, «Тумба» қалалық газетінің журналисі болды. 2008 жылдан бастап «Хабар» агенттігінің Маңғыстау облысындағы тілшісі, тілшілер қосынының жетекшісі болды. 2018 жылдан осы күнге дейін Маңғыстау облыстық «Қоғамдық коммуникация орталығы» КММ басшысы қызметтерін атқарды. Павлодар облысында екі басқармаға жаңа басшы тағайындалды. Павлодар облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болып Нұрболат Мақашев тағайындалды. Нұрболат Мақашев 1982 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. 2003 жылы Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінде «инженер-сарапшы» мамандығында білім алды. 2010 жылы «Тұран-Астана» университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша, ал 2016 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша «Шпайер» Неміс Әкімшілік басқару университетінің магистратурасын бітіріп, мемлекеттік басқару магистрі дәрежесін алды. Нұрболат Мақашевтың Павлодар облысының ауыл шаруашылығы басқармасында жұмыс тәжірибесі бар. 2018 жылы ол ведомство басшысының орынбасары қызметін атқарды. 2019 жылы Тереңкөл ауданы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Бұған дейін 10 жыл бойы Нұрболат Мақашев ауыл шаруашылығы министрлігінің жүйесінде түрлі лауазымдарда жұмыс істеді – қайта өңдеу және аграрлық азық-түлік нарықтары департаментінің сарапшысынан бастап, стратегиялық жоспарлау және талдау департаменті директорының орынбасары болған. Сонымен қатар, Павлодар облысының қала құрылысы және жерді бақылау басқармасын Арман Бекбосынов басқаратын болды. Арман Бекбосынов 1973 жылы ШҚО-да дүниеге келген.1995 жылы Өскемен жол-құрылыс институтын «инженер-құрылысшы» мамандығы бойынша, ал 2014 жылы экономика және бизнес магистрі дәрежесін Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінен алды. Еңбек жолын ШҚО автомобиль жолдары қазыналық кәсіпорнында инженер болып бастады, онда 1996 жылдан 1999 жылға дейін жұмыс істеді. Кейін «Қазақавтожол» РМҚК филиалында бас маман болды. 2000 жылы Арман Бекбосынов Мемлекеттік қызметке ауысты – алдымен ШҚО автомобиль жолдары басқармасына, содан кейін – ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің автомобиль жолдары комитетіне (ККМ). 2005 жылы осы комитеттің басқарма басшысы болды. Сол жылдың қыркүйек айында «Казахдорстрой» ЖШС директорының орынбасары болып тағайындалды. 2006 жылы Арман Бекбосынов Атырау облысы көлік инфрақұрылымын дамыту комитеті басқарма бастығының орынбасары болып, ККМ құрылымына қайта оралды. 2008 жылы ККМ басқармасын басқарды. Бір жылдан кейін ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы болды. 2010-2013 жылдары – ШҚО Катонқарағай ауданының әкімі, 2013-2014 жылдары – «Ертіс» ӘКК басқарма төрағасы, 2014-2016 жылдары - ШҚО Глубокое ауданының әкімі, ал 2017 жылдан 2020 жылға дейін автомобиль жолдарының құрылысы бойынша «Теміржол жөндеу» ЖШС дивизионын басқарды. Солтүстік Қазақстан облысында «QazAvtoJol» ҰК» филиалына жаңа басшы болып Қуаныш Ескендіров тағайындалды. Қуаныш Рахымжанұлы Ескендіров 1985 жылы Уәлиханов ауданы Кішкенекөл ауылында дүниеге келген. 2007 жылы Қазақ ұлттық техникалық университетін «тау-кен инженері» мамандығы бойынша бітірген. 2017 жылы Л.Б.Гончаров атындағы Қазақ автомобиль-жол академиясының магистратурасын «көлік құрылысы» мамандығы бойынша тәмамдап, «техника ғылымдарының магистрі» біліктілігін алып шықты. Еңбек жолын 2007 жылы «Mercury Trade» ЖШС Атом өнеркәсібі басқармасының инженері болып бастаған. Кейін көптеген жекеменшік компанияларда басшылық қызметтерді атқарды. Тағайындауға дейін «QazAvtoJol» ҰК» АҚ СҚОФ директоры болып, компанияның Алматы филиалы директорының орынбасары болып жұмыс істеді.