Жаңалықтар

Бірлескен 50 кәсіпорын 15 мың жұмыс орнын ашады

ашық дереккөзі

Бірлескен 50 кәсіпорын 15 мың жұмыс орнын ашады

ҚР Инвестициялар және даму министрлігі мен "KAZNEX INVEST экспорт және инвестициялар ұлттық агенттiгi Қазақстанда Қытаймен бірлесе салынатын 50 кәсіпорынның экономикалық тиімділігі туралы айтып берді. ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Хаировтың айтуынша, 50 кәсіпорын «Қазақстан-Қытай индустриалды-инвестициялық ынтымақтастық бағдарламасы» аясында салынатын болады. «Ол шамамен 50 жобаны қамтиды. Бірлескен жобалардың жалпы сомасы 26 млрд. АҚШ долларына тең. Бұл «қатып қалған» тізім емес. Қазақстандық тараптан ҚР Инвестициялар және даму министрлігі, Қытай жақтан - Реформалар мен даму мемлекеттік комитеті айналысады. Бізде бірлескен 9 онлайн отырыс өтті. Әрбір жобаны талқылаймыз, экономика өзгеруі ықтимал, мүдделеріміз өзгеруі мүмкін, соған байланысты кейбір жобаларды бұл тізімнен шығарып жіберуімізге болады. Кейбір жобаларды, керісінше, енгізуіміз мүмкін», - деп атап өтті Е.Хаиров отандық журналистермен болған кездесуде. Оның атап өткеніндей, қазақстандық кәсіпкерлер тарапынан үлкен қызығушылық бар. Сондықтан бұл тізім кеңейтілуі ықтимал. «Олар өндірген өнімдер негізінен экспортқа, тікелей Қытайға жіберіледі. Біз үшін бұл - үлкен олжа. Бізде Қытайдың өте үлкен, көлемді нарығы пайда болады. Қытай қазір әлемде ірі инвестор елдердің біріне айналды. Мысалы, Еуропа Одағының мемлекеттері Қытай инвестициясы үшін арнайы бағдарламалар жасап жатқандығын мен білемін. Оларда қолдау мен преференциялардың арнайы жүйесі жасақталуда. Осының барлығы өз елдеріне Қытай инвестицияларын тарту үшін  жасалуда. Қазақстанға бұл мүміндікті пайдаланбау, осындай ірі инвестормен көрші тұрып, оның инвестицияларын тартпау үлкен ақымақтық болар еді», - дейді вице-министр. Вице-министрдің сөзі бойынша, қытайлық кәсіпорындарға арнайы мемлекеттік жеңілдіктер қарастырылмаған. «Бізде инвесторларды қолдаудың жүйесі бар. Бізде қазір негізгі екі пакет бар. Ол барлығына да ортақ. Қазақстан заңнамасында Ұлыбритания үшін бір жеңілдік, Қытай үшін келесі жеңілдіктер деп бөле жарып, қарастыру мүмкін емес. Біз инвесторларды бөлмейміз. Шетелдік немесе отандық инвестор деген түсінік те жоқ. Бірінші пакетке 283 қызмет түрі енгізілген. Оған барлығы еніп отыр десе де болады. Тек алкогольдік және темекі өнімдері сынды акциздік тауарлар ғана кірмейді. Егер инвестор Қазақстанның 6 басым бағытына: химия, мұнай-химия, машина жасау, құрылыс материалдары, тамақ өнеркәсібі салаларына 2 млн. АЕК немесе 13 миллион АҚШ долларын салатын болса, үш салықтан босатылады. Он жылға дейін корпоративті салық, он жылға дейін жер салығы, сегіз жылға дейін меншіктегі мүліктік салық салынбайды. Бұл барлығына таралатын жеңілдік, соның ішінде осы бағдарлама қатысушыларына да», - дейді Е. Хаиров. Айта кету керек, аталмыш жобалардың екеуі Қазақстанда жүзеге асырылған, тағы 4 жоба бойынша құрылыс биыл басталмақшы. «Бұл өте ірі индустриалды жобалар. Олардың барлығы жаңа технологиялардың негізінде салынады. Бағдарлама аясы өте кең, жобалар тау-кен, машина жасау, энергетика, химия, мұнай-химия, жеңіл өнеркәсіп салаларын қамтып отыр, яғни олардың барлығы мемлекеттің индустриалды даму басымдықтарына жауап береді. Бұлардың негізгі бөлігі дайын өнім шығаратын болады. Шикізатты өндіруші  жобалар мұнда жоқ, негізінен, олар - өңдеуші кәсіпорындар. Қытаймен бірлесіп салынатын 50 жоба Қазақстанның барлық облыстарына бірдей көлемде таралады. Екі жоба іске қосылып үлгерді, олар - Павлодар облысындағы полипропилен жасау зауыты мен Қостанай облысындағы ірі торапты көлік құрастыру зауыты. Биыл 4 жоба жүзеге асырылады. Ол жобалар - ірі диаметрлі құбырлардың өндірісі, рапс майын шығару, ұсақ торапты көлік құрастыру, Қазақстандағы қаланың бірінде қолға алынатын көліктік жүйе құру жобасы», - дейді "KAZNEX INVEST экспорт және инвестициялар ұлттық агенттiгi" АҚ басқарма төрағасы Борисбий Жанғоразов. Е.Хаировтың айтуынша, бұл бағдарлама шеңберінде Қытайдан өндірістер көшірілмейді, жаңа өндірістер құрылады. «Біз үшін ең басты мотивация - Қытай нарығы ашылады. ҚХР үшін елдің қарқынды дамып келе жатқан батыс өңірін тамақ өнімдерімен, өндіріске қажетті дайын тауарлармен дер уақытында қамтамасыз ету өте маңызды. Кәсіпорындардағы акция үлестерінің негізгі бөлігі қазақстандық инвесторлардың қолында», - деді вице-министр. Осы ретте Қытайдан өнеркәсіптермен қатар, халық көкейінде қытайлық жұмыс күші де ағылады деген күдік бар. Дегенмен, Б.Жанғоразовтың сөзінше, жұмыс күшін шетелден тарту Қазақстан заңнамасына сәйкес жүргізіледі. «Әр облысқа квота бөлінетінін білесіздер. Тиісті органдардың шетел жұмыс күшін тартуға қатысты келісімі болады. Бұл тұрғыда аталмыш жоба қатысушылары үшін ешқандай жеңілдіктер болмайды. Өздеріңіз білесіздер, қазақстандық мамандардың жалақылары бәсекеге қабілетті. Қазақстандағы орташа жалақы, Қытайдағы орташа жалақыдан екі есеге дейін төмен. Сондықтан жоба иелеріне Қазақстан мамандарын тартқан әлдеқайда тиімді. Егер бізде ондай мамандар мүлдем болмаса, сол кезде ғана шетел жұмыс күшін тарту бойынша тиісті өтініштер беріледі. Заңмен қарастырылған тәртіппен ол өтініштер қаралатын болады», - деді Жанғоразов. Қытаймен бірлесе отырып құрылатын кәсіпорындар Қазақстанға бұрын-соңды болмаған дайын тауарларды шығаратын зауыттардың салынуына септігін тигізеді. Жұмыс орындары ашылып, экспорттық тауарлар саны артады. 15 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Оның негізгі бөлігін қазақстандықтар иеленеді. «Экономикалық әсерін айту әлі ерте, дегенмен егер ол жобалардың жартысы жүзеге асырылса, шамамен 10 миллиард АҚШ доллары Қазақстан экономикасына инвестиция түрінде құйылса, бұл үлкен жетістік, себебі Қазақстанға жылына өңдеуші салаға 0,5-1 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынады», - дейді «KAZNEX INVEST» басшысы. «Жұмыс орындары ашылады, салық түсімі ұлғаяды, технологиялық өндірістер келеді, Қазақстан үшін жаңа өнімдер шығарылады, сонымен қатар экспорт. Экспорттық өнім ол экономика үшін үлкен пайда түсіреді. Сіз білесіздер, қазір индустрияландырудың екінші бесжылдығы қолға алынды. Жақында Елбасы Н.Назарбаев бағдарламаларға өзгерістер енгізу туралы Жарлыққа қол қойды және сонда экспортқа бағытталған тауарлар шығару саласы басымдықтардың бірі ретінде көрсетілген болатын. Осы жобалар аталмыш басымдыққа сай келеді», - деп түйді ойын Е.Хаиров. Оның айтуынша, 2005 пен 2016 жылдар аралығында жалпы инвестициялар көлемі 226 миллиард АҚШ долларын құрайды. Бұл - ҚР Ұлттық банкі тіркейтін тікелей шетел инвестициялары. Оның ішінде Қытайдың үлесінде 13,4 миллиард АҚШ доллары бар. Бұл шамамен 5,9 пайыз. Қазіргі уақытта әлемде инвестициялар ағыны дамушы елдерден дамыған елдерге қарай бағытталуда. Бұл үрдіс Қазақстанды да айналып өтпегені анық. Соған байланысты, Қытайдан келетін инвестициялардың көлемі де кеміді, соңғы бірнеше жылдар бойы оның көлемі 30 пайызға дейін азайып отыр. Еске салсақ, Қытайда өткен G20 саммиті кезінде Синьхуа агенттігі мен басқа да ақпарат құралдарына сұхбат берген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қытайдан Қазақстанға 51 кәсіпорын көшірілетіндігін хабарлаған болатын. Олардың жалпы құны 26 миллиард АҚШ долларына бағалануда.