Өр тұлғалы өңір басшысы
Өр тұлғалы өңір басшысы
Күрделі кезеңдерде республикамыздың бес облысының әкімі болған, Елбасының сенімді сардарына айналған Бердібек Сапарбаевтың атқарған еңбегін, көзбен көріп, көңілге түйген сол облыстардың халқы әлі күнге дейін ерекше тебіреніспен айтады.
«Мен өзімнің барлық білімімді, тәжірибемді Елбасының сенімін ақтауға жұмсаймын. Елбасының, Мемлекет басшысының берген тапсырмаларын қазіргі күрделі кезде халықты қиындыққа ұшыратпай орындау үлкен жауапкершілік жүктейді» деп жауапты қызметтерде жүрген, халықтың жанынан табылған Бердібек Сапарбаевты бүгінде білмейтіндер кем де кем. Тұла бойынан қазақылықтың мейірімі төгіліп тұрған Бердібек Машбекұлы барлық өмірін халыққа, мемлекеттік қызметке арнаған еліміздің ардақты перзенттерінің бірі. Саяси сахнадағы орны ерекше тұлға. Соңғы жылдары ел аузында Бердібек Сапарбаев туралы сөз қозғалғанда «кризис менеджер» атауы бірге аталып жүр. Себебі көшбасшылық қабілеті жоғары білікті басшы ел Президенті жүктеген тапсырмаларды әрқашан тиянақты орындап, халықтың көңілі мен ыстық ықыласына бөленіп келеді.
Күрмеуі қиын мәселелерді реттеудің шебері атанған білікті басшы Мемлекет басшысының тапсырмасымен Жамбыл облысының әкімі болып тағайындалып, сол өңірде қоғамдық-саяси ахуалды тұрақтандыру мен әлеуметтік-экономикалық дамуына еселі еңбек етуде.
Қарапайым отбасында дүниеге келіп, мемлекет және қоғам қайраткері деңгейіне көтерілген абзал азамат еңбек жолын жұмысшы болып бастап, әр жылдары түрлі министрліктерде басшылық қызметтерді абыроймен атқарғаны баршаға аян. Бүгінде Жамбыл облысының әкімі қызметін атқарып отырған Бердібек Машбекұлы арайлы – Ақтөбенің тарихында да өзіндік қолтаңбасын, естен кетпес ізін қалдырды. Пайым-парасаты мен тәжірибесі толысқан білікті басшы «Әкім бол, әкім болсаң – халқыңа жақын бол!» деген аталы сөзді берік ұстанып, кабинетте отырмай, тұрғындардың мұң-мұқтажын халықтың арасында жүріп зерделеп, алғашқы күннен-ақ талапшыл, елжанды азамат ретінде ақтөбеліктердің қолдауына ие болды. Алғашқы келгенде танысу үшін базарларды,нысандарды жаяу жүріп аралап, қызметі ауысқанға дейін өңірдің барлық ауылдарына барып жағдайымен танысты.
Миллиардтаған инвестиция тартылып, мемарандумдарға қол қойылған 20-ға жуық елден көптеген жерлестер жиналған «Туған жер» форумы, Қазақстан мен Ресей ынтымақтастық форумы, «Ақтөбе Инвест» форумы жаңа жобаларға серпіліс беріп, елжанды азаматтардың әлеуметтік маңызы жоғары істердің басынан табылуына жол ашты.
Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодыңды сақтай білу. Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс» деген болатын. Аталған бағдарламаға сәйкес мәдени және туристік әлеуеті жоғары өңірдің ажары күн санап артып, өңірде мемлекеттік-жекешелік серіктестік пен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында 100-ге жуық жоба жүзеге асырылды. «Шығармашылық академиясы», Өнер орталығы, «Тарихи өлкетану музейі» «Жекпе-жек сарайы», «Мұз айдыны» және т.б. нысандар еңсе тіктеді. Осылайша рухани жаңғырудың озат үлгісін көрсеткен облысымыздың әрбір аудандарында киелі өлкемізді мекен еткен ата-баба рухына тағзым ету, ұлы дала батырларының, тәуелсіздік үшін күрескен ерлердің есімдерін есте қалдыру, жас ұрпаққа үлгі етіп көрсету мақсатында ескерткіштер бой тіктеп, кесенелер жөндеуден өтті.
Денсаулық сақтау саласында үлкен медициналық орталық құрылып, нысандар бой көтерді, білікті мамандардың көмегімен көптеген оталар жасалды.
Шалғайдағы ағайынның жерге орақ салып, бау-бақша, егін шаруашылығымен, диханшылықпен айналысуларына жағдайлар жасалып, егіс алқаптары мен суармалы жерлерді игеру, мал басын өсіру, асылтұқымды шаруашылықтарды дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу мақсатында мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асып, облысымыздың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері республика бойынша үздіктердің қатарынан көрінді. Суармалы жерлердің әлеуеті артып, бау-бақша алқабы мен азық-түлік дақылдарының көлемі ұлғайып, мал шаруашылығы қарқынды дамыды.
Еліміздің тәуелсіздік таңын зор қуанышпен, ерекше серпіліспен қарсы алған ақтөбеліктердің тарихи кезеңдердегі республикамыздың жетістіктеріне қосып отырған үлесі де елеулі. Ендеше бұл жолда адал еңбегімен ел құрметіне бөленген Бердібек Машбекұлының елеулі еңбегін ескермесек, азаматтығымызға да, елдігімізге де сын. Ақтөбе облысын басқарған тұста өңіріміз жаңғырып, арайлы Ақтөбенің тыныс-тіршілігінде жаңа леп пайда болғаны баршаға аян.
«Ел құлағы елу» демекші біз елден естіп, көзбен көріп, газет-журналдан оқығанымызды, телеарнадан көріп көңілге түйгенімізді айтып отырмыз. Жақсының жақсылығын айт демейме осы. Білім саласында жұмыс жасап жүргенімізде, ауыл шаруашылығы саласына бет бұрған кезімізде де арнайы келіп жұмыстарымызбен танысып, жағдайымызды біліп көмектерін берген болатын.
Ол кісінің елге деген қамқорлығын, біз сияқты ел ағаларына, ақсақалдарға жасаған қолдауларын көрдік. Б.Сапарбаев сияқты «Елім» дейтін ерлеріміз аман жүрсе, «ерім» дейтін елі батасын беріп, тілеуін тілейтіні айдан анық!
Салық САРҚҰЛОВ, Жанкелді ҚАЛҚАМАН,
Білім беру ісінің үздігі,
Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі иегерлері