8 наурызға 18 кітап
8 наурызға 18 кітап
Көктемнің алғашқы шуақты мерекесі жақындаған сайын көпшілігімізді, әсіресе ер-азаматтарды жақындарыма «не сыйласам?» деген сауал мазалайтыны белгілі. Кітап сыйлаңыз. Жақсы таңдалған құнды кітап басқа жанның өмірін өзгертуі мүмкін. Жақыныңызды жаңа бастамаларға жетелеп, рухани байлыққа, білім жинауға себеп болатын, ғаламды шарлауға мүмкіндік беретін құндылық қашанда кітап екені белгілі.
Сапалы әдебиет – нәзік жандылар үшін құнды сыйлық, ал кішкентай ханшайымдар үшін әлемді танудың таптырмас құралы. Осы мақсатта, біз «Фолиант» баспасынан жарық көрген, жақыныңызға көктемнің алғашқы мерекесінде керемет көңіл-күй сыйлайтын кітаптар топтамасын жасадық.
Памук әлемі
Орхан Памук – Нобель сыйлығын иеленген (2006) түрік жазушысы, сонымен қатар бірнеше ұлттық және халықаралық әдеби сыйлықтардың лауреаты. 1969 жылдан 2012 жылға дейінгі Ыстамбұлға саяхат жасағыңыз келсе, «Менің оғаш ойларым» кітабын таңдаңыз. «Үнсіз үй» – Орхан Памуктың екінші кітабы. Бір түрік отбасының тарихы, үміті мен мұң-мұқтажы, сенімі мен сезімдері шебер баяндалған. Ал «Сезім музейі» романында бизнесмен жігіт Кемал мен жас сұлу Пүсін арасындағы тартысқа толы махаббат хикаясы, өмір белестері, адам жанының нәзік иірімдері баяндалады. 2008 жылы жарық көрген Памуктың бұл романы әлем әдебиетінде үлкен қызығушылық туғызып, махаббат тақырыбындағы үздік роман атанды.
Ескі көзқарастағы әке мен жаңа өмір салтына аяқ басқан бала арасындағы түсінбеушілік ұлғая түсіп, олардың үзіліп түскен күзгі жапырақтай туған шаңырақтан алыстауы «Үзілген жапырақтар» романында шебер сипатталған.
Әзиз Несин – әлемдік әдебиет айдынында өзіндік қолтаңбасы бар тұғырлы жазушы. Бүкіл адамзатқа ортақ құнды дүниеге айналған оның әңгімелері белгілі жазушы, сатирик, аудармашы Ғаббас Қабышұлының көркем баяндауымен «Сиқыр айна» атауымен қазақ тілінде өз оқырманымен қауышты.
Үзілмес үміт: Жарқыраған мың күн
Халед Хоссейнидің «Жарқыраған мың күн» романы жарыққа шыққан соң алғашқы аптасында миллионнан астам данамен сатылып кеткен. Оқиға Ауғанстандағы 20-ғасырдың екінші жартысындағы азаматтық соғыс төңірегінде өрбиді. Автор соғысты бізге әйелдер және аналар көзімен көрсетеді. Ауған халқының арманы мен қорқынышын, үміті мен қасіретін баяндайды. Мінезі мен әлеуметтік жағдайы әртүрлі, қасіреті мен мұңы бір екі әйелдің тағдыры ешкімді бей-жай қалдырмайды.
Алқызыл желкендер
Александр Гриннің «Алқызыл желкендер. Хикаят. Толқын перісі» романтикалық шығармасы романтизмді сүйетін нәзік жанды арудың көңілінен шығады деп білеміз. Туынды – махаббат пен үміттің, үлкен армандар мен батыл қадамдардың символы. «Ғажайыпты жасайтын өзіміз», «Арманыңызға адал болыңыз», «Өмірде шынайы махаббат бар» деген қағиданы осы кітаптан табасыз.
Өз үйім: жылылық пен әдемілікті сүйетін ханымдарға
Дүние жүзінде ең танымал Италия, Жерорта теңізі аймағы, Франция, Мексика, Үндістан, Қытай, Тай елі және Вьетнам елдерінің 150-ден аса қарапайым тағам түрлерін дайындауды «Әлем халықтарының тағамдары» кітабы үйретеді.
«Мен және менің тігін машинам» кітабында тігін ісі күрделі техникалық терминдерсіз мазмұндалған. Карантин уақытында жаңа мамандықты меңгеруге көмекші болмақ. Кітаптағы жан-жақты нұсқаулықтар мен суреттер тігін машинасын таңдауыңызға, жұмыс орнын ұйымдастыруыңызға, ең бастысы, әр түрлі бұйымдарды тіккен кезде қолданылатын техникаларды меңгеруіңізге көмектеседі.