5 наурыз: еліміздің тарихында қандай айтулы оқиғалар болды

Осыдан 25 жыл бұрын, яғни 1996 жылы 5 наурызда Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театры «Ақан сері-Ақтоқты» пьесасының (режиссер Ж. Омаров) қойылымымен ашылды. Сол жылы театрға Ш.Құсайыновтың есімі берілді. Театрдың алғашқы көркемдік жетекшісі, бас директоры М.Оспанов болды.

Сондай-ақ, 2010 жылы 5 наурыз күні Жапонияның ғылыми-технологиялар орталығы болып есептелетін Хоккайдо аралында орналасқан Саппоро қаласында Қазақстан Республикасы Құрметті консулдығының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

2010 жылы Брюссельде ҚР Елшілігі мен Еуропалық халықаралық қатынастар институты «Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы» тақырыбында конференция өткізді.

2011 жылы Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан әйелдерінің съезі өтті. Съезді ҚР Президенті жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-демография саясаты Ұлттық комиссиясы ұйымдастырды.

2012 жылы Астанада Ұлттық ана мен бала ғылыми орталығы Біріккен халықаралық комиссия (ағыл. Joint Commission International, қысқаша JCI) ресми тұжырымын алды. Бұл посткеңестік кеңістікте осындай мәртебелі дәрежеге жеткен алғашқы клиника. Әлемде JCI аккредитациясынан өткен 300-ге жуық медициналық мекеме бар.

2012 жылы Швейцарияның Женева қаласында Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіруі бойынша келіссөздер өтті.

2013 жылы Қазақстан мен Жетісу өңірінің танымал жерлерін көруге мүмкіндік беретін бірегей туристік маршрут ашылды.

2014 жылы қазақстандық паралимпиадашылар Ресейдің Сочи қаласында өткен «Қысқы Паралимпиада – 2014» ойындарына еліміздің спорт тарихында алғаш рет алты жолдама жеңіп алды.

2018 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» ұсынды. Мемлекет басшысы халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған әлеуметтік бастамаларды алға тартты. Бұл бастамалар: Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру; Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту; Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту; Шағын несие беруді көбейту; Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру.

2018 жылы Бішкек қаласында өткен грэмплингтен Азия Чемпионатында Қазақстан Республикасының құрамасы 30-дан астам медаль (12 алтын, 12 күміс және 9 қола) еншілеп, жалпы есепте бірінші орын алды. Чемпионат алғаш рет Олимпиада ережелері бойынша (грек-рим күресі және еркін күрес) өткен.

Back to top button