Жаңалықтар

Балалар әдебиеті: есейген қаламгер ме, балалар ма?

ашық дереккөзі

Балалар әдебиеті: есейген қаламгер ме, балалар ма?

Балалар әдебиеті – әдебиеттің ең бір елеулі саласы. Халқымызда ежелден балалар әдебиетінің бай фольклорлық үлгісі болды. Ертегі, жаңылтпаш, мазақтама, жұмбақ, т.б. Мұндай қызықты нәрселердің көбін ойын балалары бірінен-бірі немесе үлкендердің айтуы бойынша жаттап алатын. Шын мәнінде, ХІХ ғасырдың екінші жартысына дейін қазақта балалар әдебиеті деген ұғым қалыптаса қойған жоқ. Сондықтан қазақ (жазба) балалар әдебиетін Ыбырай Алтынсариннан бастаймыз. Іргетасы ХІХ ғасырда қаланған балалар әдебиеті ХХ ғасырда С.Дөнентаев, С.Көбеев, Б.Өтетілеуов, Т.Жомартбаев шығармалары арқылы дамыды. 20-жылдардың аяғында І.Жансүгіров, С.Мұқанов, Ө.Тұрманжанов секілді қаламгерлер балалар әдебиетіне қалам тартты. Бұдан кейін М.Әлімбаев, Б.Соқпақбаев, Қ.Мырзалиев, М.Бегалин, Қ.Баянбаев, Ж.Смақов, С.Омаров, Ж.Әбдірашев, М.Қабанбаев, т.б. қаламгерлердің тұсында қарыштай түсті. Ал 90-жылдардың басы, ел нарық ке­зеңі­не кірген тұста балалар әдебиеті ғана емес, жалпы әдебиетке деген қызығушылық бәсең­деді. «Байтал түгіл бас қайғы» заман келді. Қа­зір жаңа технология дамыды, түрлі гад­жеттер пайда болды. Кішкентай оқырманның баяғыдай балалар мен жасөспірімдерге арналған басылымдарға жазылуы азайды. Сөйтіп, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына жет­кенде «елеулі» саланың елеусіздеу қалып қой­ғанын түсіндік. Олай дейтініміз, қазіргі кітап­ханалар мен кітап дүкендерінде бүгінгі ба­лалардың талғамына сай көрнекі құралдар мен әсем безендірілген көркем туындылардың аз екені байқалады.

Мемлекеттік қолдау

Бұған дейін әдебиеттің бұл саласы туралы талай мәселе көтеріліп келді. Дей тұрғанмен соңғы жылдары балалар әде­биетіне деген қызығушылық қайта жандана түс­ті. Сөйтіп, балалар әдебиетін дамыту – өзек­ті мәселе екені жоғары мінбелерден ай­ты­ла бастады. Өткен жылы Парламент Се­на­тының депутаты Нұртөре Жүсіп Үкі­метке жол­даған депутаттық сауалында мемлекеттік тап­сырыспен шығатын кітаптар үшін 2020 жыл­ға 821 млн 615 мың теңге бөлу жос­пар­ланса, оның 46 млн 848 мыңы балалар әде­бие­тіне арналғанын, осыған қарап, басылып шығаруға жоспарлаған кітаптар ішінде бала­лар әдебиетінің үлес салмағы төмен еке­нін атап айтты. «Таралым саны да, сапа жағы да көңіл көншітпейді. Кейбір авторлар кітап­та­рын өз қаражатына шығарады. Баспа ісі, жур­нал­дар балаларға арналған материалдар­ды қызықты етіп жеткізудің жан-жақты жо­лын қарастыруы керек», – деді депутат. Биыл Президент өз мақаласында ба­ла­лар әде­биетін тілге тиек етті. Прези­дент айтпаса қоз­ғалмайтын біздің шенеунік­тер ұйқысынан ен­ді оянғандай күй кешті. Осыдан кейін Мәдениет және спорт ми­­нистрі Ақтоты Райымқұлова Ал­ма­ты қаласындағы Ғ.Мүсірепов атындағы Қа­зақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында ақын-жазушы­лар­мен кездескен жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласында айтылған ба­лалар әдебиетіне ерекше мән беріп: «Тіл игеру үшін балалар әдебиетінің атқаратын рөлі зор. Сондықтан қазақ қаламгерлерінің үз­дік шығармаларымен бірге, балаларға ар­налған шетел жазушыларының да таңдаулы туы­ндыларын аударып, көптеп басып шы­ғаруды және таратуды қолға алған жөн. Оған сұраныс жоғары. Осы орайда министрлік 2021 жылды «Балалар әдебиеті» жылы деп жариялайды. Бұған сіздердің де қосатын үлес­теріңіз зор деп білемін. Мемлекеттік тап­сырыспен шығатын кітаптар бойынша министрлік 1 ақпан мен 1 мамыр арасында құ­жат­тар қабылдайды. Қазір кітап шығару және қа­ламақы төлеу мәселесі жолға қойылды. Осы­ған белсене қатысуға Сіздерді шақыра­мын» деген болатын.

Не бар, не жоқ?

Әлбетте, бұл қуанышты хабар! Әйт­кен­мен балалар мен жасөспірімдерге ұсы­натын бізде не бар, не жоғын бір бағамдап кө­рейік. Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы шы­ғарған статистикалық мәліметке сүйен­сек, Тіл комитетінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» бағдарламасы аясында респуб­лика, облыстық кітапханаларға 2017-2019 жыл­дарда 165 млн теңгеге 83 000 дана тара­лым­мен балалар әдебиетін таратыпты. Соны­мен қатар кітап палатасының дерегінше, 2017-2020 жылдары отандық баспалардан 364 кітап балаларға арналған, әрқайсысы 1 000, 1 500 данамен жарық көрген.  364 деген жақ­сы көрсеткіш. Алайда 1 000, 1 500 дана елі­міздегі барлық кітапханаға жетпейді. Сондай-ақ Қазақстан Ұлттық элект­рон­ды кітапхана қорындағы балаларға арналған кітаптар саны – 5 551. Аз емес! Бі­рақ сырты ғана қампайып тұрған мақта се­кіл­ді. Өйткені оның 5 099-ы – мектеп оқу­лық­тары. Оның ішінде, ертегілер – 423, но­та­лық басылым – 21, энциклопедия мен анық­тамалық – 24. Ал Ұлттық академиялық кі­тап­хананың балалар әдебиетіне арналған кі­тап қорында 13 495 кітап бар екен. Бірақ оның қаншасы балаларға қажетті әрі оқы­лымды екенін бағамдау қиын. Өйткені бала­лар ақыны Байбота Қошым-Ноғайдың ай­туын­ша, қазіргі кітап қорындағы балалар әде­биетінің 90 пайызы бұрынғы Кеңес ке­зін­дегі әдебиет, олардың көбі қазір жарамайды дейді. Өткен жылы Ұлттық академиялық кі­тап­хананың шығарған зерттеу нәти­жесі бойынша, балалар әдебиеті кітап қоры­нан үйге кітап берілетін бөлімге сұра­ныстың күн өткен сайын артып отырғанын растаған. Алайда ондағы көркем әдебиеттің саны 5 362-ні құраса, балалар кітапханасының оқырман саны – 7 908. Бұл статистикаға қа­рап жас оқырманға қажетті кітаптың әлі де жеткіліксіз екенін байқау қиын емес.

Қазіргі балаларға лайықты шығарма жазылып жүр ме?

«Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін де қа­зақ балалар әдебиеті тоқырап, дағдарып қал­­­ды деуге болмайды. Көркемдік талап­тар­дың жекелеген параметрлері бойынша іл­ге­рілеу нышандары сезіледі. Солай бола тұр­­­ға­нымен, ауыз толтырып айтарлықтай тұ­­­шым­ды шығармалардың ұсынылуы сирек», – дейді балалар әдебиетін зерттеуші Нұрдәу­лет Ақыш. Педагогикалық, психологиялық тұр­ғыдан алып қарағанда, «бала» деп атап жүрген кіш­кентай адамдардың өз ара­сында көп өзге­шелік бар. Мәселен, бес жас­тағы бала мен он жастағы баланың мінезі, ұғы­мы, дүниетаны­мы әртүрлі. Соған қарай ба­лалар әдебиеті өз ішінде бірнеше салаға жік­теледі. Зерттеу­ші­лер­дің дерегінше, бала­лар әдебиетінде 20-дан астам жанр бар. Ке­зінде академик Серік Қирабаев, одан кейін фи­лология ғылымдары­ның докторы, про­фес­сер Құлбек Ергөбек қа­тарлы әдебиетшілер ба­лалар әдебиетін зерт­теп, әр кезде сыни ма­қалалар жазып, сол кез­дегі кішкентай оқыр­манға қаламгер қауым не ұсынып жатыр, оның сапасы қандай дегенді бағамдап отыратын. Қазір балалар әдебиетінің сыны түгілі жалпы әдебиетте сын жоқ. Балалар әдебиетінің білгірі С.Маршак: «Ба­­­лалар балалық пен даналықтың екі ор­тасында өмір сүреді», – дейді. Демек, бала­лар қаламгері бала да, дана да болуы тиіс. Бұған қоса заман талабы бар. Сондықтан да ба­лалар қаламгеріне жүктелетін жүк жеңіл емес, барынша сергектікті қажет етеді. Сөйте тұра «бізде неге Даниель Дефо, Генри Хаггард, Жюль Верн, Доктор Сюс, Жоан Роулиң секілді жазу­шы жоқ?» дейміз. Жазушы Дулат Иса­беков: «Қазақ қаламгері ерте есейіп кетті» деп­ті бір сөзінде. Бәлкім, есейіп кеткен қа­лам­гер емес, жаңа заман балалары шығар?..

Балаларды басқаша қалай қызықтыруға болады?

Қазіргі технология заманында оқудан гөрі, аудио тыңдауға, олардың көз ал­дына әке­ліп беретін комикс кітаптар, ил­люстрация немесе визуалды нұсқалар ар­қылы балалардың қызығушылығын арттыру қа­жет дегенді айтып жүргендер көп. Соның бірі – жазушы Өміржан Әбдіхалық: «Балалар әдебиеті – ең ұлы әдебиет. Оны қартайған қа­рия да, әріп танитын жас бала да оқи ала­ды. Бірақ біз әлі күнге соғыс кезінде өткен бала­лық шақ туралы жазылған «Жусан иісі» сияқты шығармаларды оқимыз. Демек біздің әдеби санамыз 60-70-жылдарда қалып қой­ған. Біздің балалардың ой-қиялы дамы­май қалды. Оларды батырлар жырымен қызық­тыру мүмкін емес. Біз мына телефонды кере­мет жақсы көреміз, соған қолымыз жетсе дей­міз. Бұл – көздің өлшемі. Бізде ойдың, қиял­дың өлшемі жоқ. Баяғыда радиодан кі­тап оқушы еді ғой, бұдан шығудың бір жолы ре­тінде енді соның теленұсқасын жасау ке­рек пе, білмеймін. Адамдарға көздің ар жа­ғын­­да да көз бар екенін түсіндірсек дейміз», – дейді. Осы ретте Balapan арнасының төрайы­мы, ақын Мақпал Жұмабайдан «ба­ла­ларға кітап, журнал оқыту насихаттала ма?» деп сұрап көрдік. Ақын ба­лалар телеар­на­сы қазір балаларға әде­биет­тің визуалды нұс­қасын ұсынып отырғанын айтады.

Балаларға арналған үздік 10 кітап

Қазір елімізде балалар әдебиетін тұрақ­ты түрде басып шығарумен «Фо­лиант», «Аруна», «Алматыкітап», «Мектеп», «Ба­­­лалар әдебиеті», «Балауса», «Кітап-Дәуір», «Шұ­ғыла» баспалары және «Атамұра» кор­по­рациясы айналысады. Аталған баспалар кө­­біне дерлік мемлекеттік бюджеттік бағ­дарламаларға қарайды. Кейбір баспалардың әр өңірде кітап дүкендері бар. Сонымен қатар кейінгі жылдарда мемлекеттік бюджетке қарамайтын, коммерциялық баспалар да балалар әдебиетіне көңіл бөле бастады. Со­ның ішінде Steppe & world баспасын ай­рық­ша айтуға болады. Баспа Жоан Роулиңнің «Хәрри Поттер», Элен Дельфорждің «Мама», Жу­лия Дональдсонның (Ғалым Боқаш аудар­ған) «Ақын қоян», Жефф Кинниндің «Тентек бала­қай­дың күнделігі» және  америкалық жазу­шы Эрик Карлдың «Қомағай жұл­дыз­құрт» қатарлы балалар кітабын аударып шы­­ғарды. «Фолиант» баспасы балаларға А.Гриннің «Алқызыл желкен. Хикаят. Толқын перісі» кітабын оқуға кеңес берді. Одан кейін Жо­натан Свифттің «Гулливердің саяхаты» кіта­бы мен М.Твеннің «Том Сойердің басынан кеш­кендері» бар. Төртінші сатыда В.Обру­чевтің «Жұмақ жері» тұр. Ондыққа Эрих Рас­пенің «Мюнхгаузеннің хикаялары» мен А.Линдгреннің «Ұзыншұлық Пипиі» кірген. «Қазақ халық ертегілері» жинағы мен Әлия Бер­кімбаева жазған «Дәуіт атайдың ертегі­лері» де үздіктер қатарында. Баспа аударған Тулин Көзікоғлудың «Арман керек адамға» еңбегі мен Баянғали Әлімжановтың «Өлең-Әліппе» жинағы бар. Раиса Сайранқызы ҚАДЫР, Steppe & World баспасының директоры:

Әр бала – идеалист

– Балалар мен жасөспірімдерді кітапқа қалай қызықтыру керек дегенде, ең бірінші ойға отбасы оралады. Бәрі отбасынан басталады. Балаға «бүйт-сүйт» дегеннен гөрі, іспен берген тәрбиенің мәні зор. Үй­де кітап, газет-журнал болса, ата-ана оны оқып жатқанын көрсе, ба­ланың қызығушылығы сонда оянады. Мысалы, біздің үйде өте көп кітап бар еді. Әсіресе, әкеміз кітапты көп оқитын. Менің кітап оқуыма әкем үлгі болды. Қазір өзім де балаларыма кітап көп алып бере­мін. Балаларыммен бірге кітап дүкендеріне барамыз. Біз көп жыл Еуропада тұрдық. Сонда аптасына екі рет кітап дүкендеріне баратын едік. Өйткені онда адамға жайлы. Балалар да ол жерде өздерін еркін сезінетін. Олар кітап дүкенінде жүріп, кітаптарды көріп, оқып қызық­тайтын. Екінші, мектептегі мұғалімдері де оқушыны кітапқа ынталандыруы қажет. Кез келген кітапты қызық энтузиазммен айтып берсе, қызықпайтын бала болмайды. Сосын ауылдық, аудандық кітапханашылардың балаларға деген қарым-қатынасы, олардың кіріп келгенде немқұрайды қатынасуы, салқын амандасуы, қабағын түйіп тұруы кері әсер етеді. Балаларды үнемі жылы қарсы алатын  қандай кітаптар қызықты екенін айтып беретін, жанға жайлы атмосфера қалыптастырып, қызмет сапасын жоғары қою керек. Қазіргі балалардың қызығуы 10 секундтай ғана.  Мысалы, бір мультик ұнамаса екіншісіне өтіп кетеді. Сондықтан кітапқа өте шыдамдылық керек. Алғаш кітап оқитын кезде ата-ана бірге отырған жөн. Балама алғашқы кезде кітапты өзім оқып беремін, одан кейін әріп тани бастағанда, кезектесіп оқитын едік. Балаларды  қызықтырудың тәсілі көп қой. Біздің баспа көбінде аудармаға мән беріп отырғандықтан, қазір еуропалық және аме­рикалық жазушыларды оқып жүрмін. Қазақстандық қазіргі жас қаламгерлердің көбін тани бермеймін. Менің ойымша, талантты жазушылар бар. Баспагер ретінде менің қаламгерге қоятын талабым, әрине шығарма мықты болуы, бүгінгі баланың ойында не бар, не нәрсеге қызығады, соны өте жақсы білуі керек. Қазіргі коронавирус пандемиясынан кейін  қоғамда, отбасында болсын  жалғызсырау, күйзелу, үрей көп. Мысалы, қоғамдағы түрлі әділетсіздікті, бай мен кедейдің арасындағы айырмашылықты қазіргі балалар қалай қабылдайды? Қоғамдағы құбылысты балалар да білуі керек, жасөспірімдер қалай қабылдап жатыр,  соның бәрін түсіну – бұл өмірдің реализмі. Сосын балалардың идеалы не дегенді білу керек. Өйткені әр бала идеалист болады. «шіркін сондай болса ғой» дейтін өзінің ішкі идеясы бар. Сон­дықтан реализм мен идеализмнің симбиозын тауып жазған қаламгер ұтады. Қазақстандағы қаламгерлердің іздену аясы тар сияқты көрінді. Екінші тіл – орыс тілі. Одан ары қарай жоқ. Оқыса орысша оқиды. Сонымен шектеліп қалады. Мысалы, Роулиң ханымды айтайын, ол өзінің ағылшын тілін мықты білді, оның сыртында француз, неміс, португал тілдерін еркін меңгерген. Сондықтан біздің қаламгерлер де сондай болса, шамасы келсе шетке шығып, жақсы идеялар әкелсе, жас қаламгерлер сын қабылдай білсе, сосын жазғанын 100 рет өзгертуге дайын болса деймін. Барлық жазушы кітабын шығарып қана қоймай, әр өңірге барып, кездесулер өткізіп, кітабын өзі таныстыруы керек.