Бішкекте қандасымызға арналған музыкалық кеш өтті

1 наурызда  Бішкектегі К.Молдобасанов атындағы Қырғыз ұлттық консерва­тория­сында Қыр­ғыз Республикасындағы қазақтардың арасынан шық­қан талантты әнші, қырғыз елінің  мә­дениетіне еңбек сіңірген қайраткер Ержан Му­синді еске алу кеші болды.

Ұлы ақын Абайдың «Өлді деуге сыя ма, ой­лаңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қал­дырған?» деген өлең жолдарын дәл осы Ержан Му­синге қарата айтсақ жарасады. Өмірден ерте озған ән­ші артына өзі шырқаған әндерін, нақтылай түссек әнін шырқайтын  шәкірттер тәрбиелеп,  қал­ды­рып­ты. Ұстаздарына арналған іс-шараны қазір Қыр­ғыз Республикасындағы  әр алуан өнер ордаларында ең­бек етіп жүр­ген, көпшілігі педагогикалық қыз­мет­тегі  шәкірт­тері ұйымдастырды.

Шәкірттерінің естеліктерінен оның ғажап пе­дагог, ұлағатты ұстаз болғанын білдік. Му­син студенттерінің бапкері, ақылшысы ғана емес досы, консерваториядағы әкесі де болыпты. Бұлай деп бір емес, бірнеше шәкірті айтты. Қазір му­зы­кадан сабақ беріп жүрген, ата-анасынан ерте айы­рыл­ған бір шәкірті «Ержан ағай менің әкем мен ше­шемдей болды» деп көзіне жас алды. Тағы бір шә­кірті Қа­нышай Сүйүмбай: «Ағайдан алты жыл тә­лім алдым. Ол кісі мені өз қызындай бауырына тар­тып, қана­тым­ды қатайтты» деп ұстазы екеуі Қа­зақстандағы фес­тивальға арнайы әзірлеген «Елге сәлем!» атты қазақша әнді орындады.

Және бір кереметі, Мусин тәрбиелеген жас ән­шілердің барлығы дерлік халықаралық кон­курстарға қатысып, бас жүлде – Гран-приге ие бол­ған. Сондай шәкірттерінің бірегейі, 2016 жылдың бір күнінде Мәскеудің Бірінші телеарнасының «Дауыс» шоу-конкурсында 1-орынға бір ұпай жет­пей, 2-орынды иеленген Қайрат Пірімбердиев ұста­зына арнаған әнін орындап берді. Бұдан 4 жыл бұ­рын  32 жасында «Қырғыз Республикасының мә­дениетіне еңбек сіңірген қайраткер» құрметті ата­ғына ие болған Қайрат: «Егер Ержан ағайдай ұстазға тап болмасам, менің бағым ашылмай қала берер ме еді» деп ұстазына тағзым етті. Консерваторияның эстра­да кафедрасының басшысы, қырғыздың белгілі саз­гері Рафаил Сарлыков Ержан Мусиннің басқа әр­тістерден бір артықшылығына тоқталды. «Ержан ән­ші ғана емес, мәдени іс-шараларды жүргізуші еке­ні де белгілі. Егемендіктің алғашқы жылдарында мы­надай үрдіс болды. Іс-шараларды қырғызша жүр­гізгендер орысша айта алмайды, ал орысша жүр­гізгендері қырғызша айта алмайды. Ал енді Мусин екі тілде бірдей жүргізетін, егер іс-шара қазақтарға қатысты болса, үш тілде жүргізіп, ара-арасында 5-6 тілде ән салатын», – деді әріптесі.

Әншінің туысқандары атынан сөз сөйлеген әп­кесі Зәуреш Мусина: «Ержаннан айырыл­ған­дай болып едік. Сендердей шәкірттері барда, ол арамызда екен!» деп інісінің шәкірттеріне ризашы­лығын білдірді.

Іс-шараның соңында әншінің шәкірті Бектұр Шаршеналиев ендігі жылдан бастап, наурыз айын­да шәкірттер тобы ұстаздарының туған күні қарсаңында Ержан Мусин атындағы өнер фес­ти­валін жыл сайын ұйымдастырып тұратынын жария­лады. Көңілге түйгеніміз, аяулы отандасымыз, әнші жә­не ұстаз Ержан Мусиннің өшпес өнер айдынында екін­ші ғұмыры басталғандай.

Ержан Сейсенұлы 1958 жылы 31 наурызда Алматы облысының Нарынқол ауы­лын­да дүниеге келген. Бір жасында ата-анасы Фрунзе (Біш­кек) қаласына көшіп келіп, осында тұрақтап қалған. Музыкалық училищені бітірген соң, Ресейдің Қырғыз Республикасындағы шекара әскерлерінің ән-би ансамблінде әнші болған. Бүбүсара Бей­шеналиева атындағы Қырғыз мемлекеттік өнер институтын тә­мамдаған соң, 2019 жылдың қазан айында дү­ние­ден қайтқанға дейін Ержан Мусин осы өнер инс­титутында және ұлттық консерваторияда ұзақ жыл­дар аға оқытушы, доцент қызметтерін атқарып, ән­ші-музыканттардың бірнеше легін тәрбиелеп шы­ғарған. Өзі де Қырғыз Республи­касының белгілі әншілерінің бірі еді.

Назарбек БАЙЖІГІТОВ,

túrkistan-ның Қырғыз Республикасындағы тілшісі (Бішкек)

Back to top button