Жаңалықтар

Камал Ормантаев, ҚР ҰҒА академигі: Адам денсаулығын ақшамен өлшеуге болмайды

ашық дереккөзі

Камал Ормантаев, ҚР ҰҒА академигі: Адам денсаулығын ақшамен өлшеуге болмайды

«Ең бай адам – дені сау адам». Бұл бүгінде 80 жасқа келген Камал Ормантаевтың жақсы көретін сөзі. Мыңдаған баланы өлімнен арашалап, қоғамның қорғансыз мүшесі – сәбилерге пана болған балалар хирургінің үлкен жүрегі мен «алтын қолы» қаншама періштеге өмір сыйлады. Оны жұрт «Балалар хирургиясының атасы» деп атайды. Өмір бойы ана мен баланың жағдайына алаңдап, денсаулық сақтау саласындағы мәселелерге үн қосудан шаршамайтын ғалымның айтары әлі көп. Біз қазақ балалар педиатриясының негізін қалаушы Камал Сәруарұлы Ормантаевпен мерейтойы қарсаңында кездесіп, белгілі дәрігердің ой-пікірін білген едік.

ТМД елдерінде Педиатрия факультеті бізде ғана жоқ

– Алла бұйырып, сексеннің сеңгіріне де шығып отырсыз. Осы уақытқа дейін дәрігерлік антыңызға адал маман ретінде тер төккеніңізге жұрт куә. Шын мәнінде, өмірдің бір белесін сүрген жан ретінде не түйдіңіз? – Айналайын, 80 жылдығымды тойлаймын ба, тойламаймын ба деп көп ойландым. Байқап қарасам, біздің ағайын-туыстарда 80-ге келген ешкім жоқ екен. Әуелі бұл жасқа жетем бе, жетпеймін бе деп те уайымдадым. Құдайға шүкір, әлі күнге №1 балалар клиникалық ауруханасының кафедрасында, университетте шама-шарқым келгенше жұмыс істеп жүрмін. Ал мерейтойды университеттің үлкен залында атап өте салсақ деген ой келген еді. Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек өзі бастама көтеріп, шараны Абай атындағы Опера және балет театрында өткізуге қолқа салды. Өздері құрметтеп, сыйлап жатса, қалайша бас тартамын?! Сонда жасауға келістім. Ал жалпы, 80 деген жаман жас емес. Өмірдің ащысы мен тәттісін де қатар көрдім. Ғылымда да, кәсіби қызметімде де, отбасымда да айтулы жетістіктер мен табыстарға жетіп отырдым. Бұл алдымен табандылығымның, еңбекқорлығымның арқасы шығар. Жақында «Өз тағдырыма ризамын» деген кітабым жарық көрді. Мұнда өткен өмірдің қиыншылығы мен қуанышы, отбасы бақыты туралы толғана жаздым. «Тағдырым қиын болды...» деп бәрін тағдыр-тәлейіне жаба салатындар бар. Өмірде қиындық көрмейтін адам жоқ шығар, сірә?! Бәріміз де сол баспалдақтан өттік. Әлгі «Басы қатты болса, аяғы тәтті болады» деген сөз бар ғой. Әрбір қиындықтың артында өз жақсылығы болады. Бала кезімнен түбі бір игілікке жетелеп әкелетін сабырмен дос болдым. Бұл менің өмірлік ұстанымыма айналды. Әкемнің өтініші бойынша, дәрігерлік мамандықты таңдадым, оның ішінде балалар педиатры болу үшін басымды тасқа да, тауға да соқтым. Аш-жалаңаш жүріп оқыдым, іздендім. Үш ағам, үш апам сәби кезінде шетінеп кеткен соң, жетінші бала ретінде маған үлкен жүк артылды. «Балам бірдеңеге ұшырап қала ма?» деп көзі алақандай болып отыратын анам мен әкемді ойлаймын. Сөйтемін де, «Камал, сен білім алуың керек. Ғалым болып, елге пайдаңды тигізуің керек!» деп өзімді-өзім қамшылап қоямын. Одан жаман болған жоқпын. Ата-анамның өтінішімен 5-курста үйленіп алдым. Бес жылда он үш пәтерде тұрыппыз. Алтыншы жылы аспирант маған үкімет үш бөлмелі үй берді. Ал келер жылы екі баламды қалдырып, Мәскеуге докторантураны оқуға тартып кеттім. Әйтеуір алдымнан шыққан жақсы азаматтардың қолұшының арқасында жатақхананы паналап жүріп, екі жыл докторантураны оқыдым. 35 жасымда Қазақстанда бірінші болып балалар хирургиясынан докторлық диссертация қорғап, балалар хирургиясының іртетасын қаладым. Жылдар бойғы жемісті еңбегім мені «Балалар хирургиясының атасы» дәрежесіне көтерді. 1968 жылы Алматы медицина институтының кафедра меңгерушісі Е.Д.Черкасова зейнеткерлікке шығып, орнына менің келгенімді құп көргендер болған екен. Міне, содан бері балалар педиатриясы мен хирургиясы саласында тер төгіп келемін. Бүгінде оқу орны да, №1 балалар ауруханасы да екінші үйіме айналып кетті. Күні бүгінге дейін сан мыңдаған баланың өмірін сақтап қалдым, мыңдаған шәкірт дайындадым. Қарап отырсам, осының бәрі менің ғұмырлық жылнамамның бір-бір парақшасы іспетті. – Әр баланы өз балаңыздай көресіз. Олардың ауырғаны сіздің де жаныңызға бататыны сөзсіз. Балалар педиатриясы мен хирургиясының атасы ретінде аталмыш саладағы мәселені айтып та, жазып та келесіз. Сөзіңіз жетім болып жатқан жоқ па? – Қазақ «Айтылмаса, сөздің атасы өледі» демей ме?! Медицинадағы қордаланып қалған мәселені біз айтпағанда кім айтады? Осы кәсіпке басымды сұққалы бері түйткілмен өмір сүріп келеміз. Енді тартынып қайтемін? Мәймөңкелеп, жағымпазданып сөйлеу әу бастан табиғатыма жат. Қашан да турасын айтуға дағдыланған адаммын. Қазақстан медицинасында оңтайлы жолға қойылмай жатқан тұстар жетерлік. Балаларға ота жасайтын жаңа құрал-жабдықтар сатып алынғанмен, оның өзі ескіріп қалуда. Бала өзінің ауырған жерін айта алмайды, оған диагноз қою үшін ең заманауи аппарат қажет. Тағы бір мәселе, біздегі медициналық оқу орындарының клиникалық ауруханалары жоқ. Студенттер әлі күнге қалалық денсаулық сақтау басқармасына қарасты ауруханаларда іс-тәжірибеден өтіп жүр. Ал шетелде әрбір оқу орнының мың төсектік өз ауруханасы бар. Осыдан біраз жыл бұрын «Егемен Қазақстан» газетіне балалардың денсаулығына қатысты үлкен мақала жаздым. Сонда академик досым Салық Зиманов маған хабарласып: «Біраз статистикалық деректерді келтіріпсің. Сенің мақалаң арқылы балалардың жағдайының төмен екендігіне қанықтым. Денсаулық сақтау министрлігінен біреу-міреу хабарласты ма?» деп ағынан жарылды. Шынын айтсам, ешкімнің оқығанын сезгем жоқ. Билік басындағылар газет оқымай ма? Әйтпесе, қазақ газеттері түрлі ұлттық, әлеуметтік мәселелерді көтеріп жатыр. Мәу дейтін адам жоқ. Кейде үкіметке қарата айтудың да, жазудың да қажеті шамалы сияқты. Бірақ академик деген дардай атым бар. Өмірдің базарынан кетіп бара жатқан адаммын. Балалардың болашағына алаңдаймын. Айту маған парыз. – Мәселенің түп-төркіні еліміздің медициналық оқу орындарында Педиатрия факультетінің жабылуында жатқанын меңзеп отырсыз ғой. Педиатрия факультеті жабылғалы бері талай жерге хат жаздыңыздар. Бірақ «қарнымның ашқанынан емес, қадірімнің қашқанынан жылаймын» дегеннің кебін киген жоқсыздар ма? – Бұл саланы жиырма бес жылдың ішінде оннан астам министр басқарып үлгеріпті. Көп министр тек ұйымдастырушы ғана бола білді. Дәрігерлік дипломы болса да, адамдарды емдеп көрмегендіктен оны дәрігер деп айту қиын. Халықтың жағдайын білмейді. Бірде дәрігерді оқытудың бағдарламасын дайындайтын профессорға: «Сен бір адамды да емдеген жоқсың. Сөйте тұра бізге түсініксіз сабақтарды енгізесің» деп айтқанмын. Өйткені медицинада жүргендердің көбі теоретиктер. Әрқайсысы өзінше реформа жасауға тырысады. Содан сала өзгереді, жақсарады дейді. Білсеңіз, Кеңес үкіметінде денсаулық сақтау жүйесі жаман болған жоқ. Бәрі тегін еді. Емделу де, білім алу да. Ал нарықтық экономикада реформа керек те шығар. Бірақ оны зерттеп, қанша қаржы керек екенін нақты шешу қажет. Осы уақытқа дейін клиникалық медицинада балаларды емдеп келе жатқандықтан мәселенің бәрі жақсы таныс. Сондықтан тек кемшіліктерін ғана айтамын. «Тура айтсаң, туғаныңа жақпайсың» демекші, осы мінезім көбіне ұнамайтын болу керек. Педиатрия факультетінің жабылғанына он жыл болып қалды. ТМД елдерінде Педиатрия факультеті бізде ғана жоқ. Ресей жапқан жоқ. Украина мен Қырғызстан жауып, бұл қадамдарының дұрыс еместігін мойындап, екі жылдан кейін қайта ашты. Белоруссияда да солай. Ал Санкт-Петербург пен Ташкентте балалар дәрігерлерін даярлайтын медициналық оқу орны бар. Олар балалар дәрігеріне үлкен құрметпен қарайды. «Қоғамдық қозғалыс» өкілдері еліміздің облыстарына хабарласып, қоғамның пікірін біліпті. Халық Педиатрия факультетін қайта ашу керек деп есептейді. Балалар арасында асқынған аурулар түрі көбейіп кетті. Педиатрлардың көбі қартайған. Жас педиатрлар жоқтың қасы. Өмірге жаңа келген, әлі жүйке жүйесі дамымаған баланы ананың өзі қолына ұстауға қорқады. Мұндайда баланың ағзасын толыққанды білетін педиатр ғана көмекке келеді. Біздің С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінде «педиатр боламын» дейтіндер саны бес пайызға жетеғабыл. Ал бізге 25-30 пайыз керек. Егер студент бірінші курстан педиатрияны жан-жақты оқыса, бұлай болмас еді. Бізде жеті медициналық оқу орны бар. Педиатрия факультетін тым болмаса С.Асфендияров атындағы медициналық университетте қайта ашып, 150-200 студентті педиатр ретінде дайындауды шоғырландырса деймін. Біз неге халқы көп, экономикасы дамыған шетелді үлгі тұтамыз? Олардың ауылдары қалаға бірігіп кеткен. Жерлері құнарлы. Америкада бес рет болдым. Сан-Франциско қаласының балалар емханасына барсам, бір жасар бала шырылдап жатыр екен. Қай жері ауырып жатқанын айта алмайды ғой. Не істер екен десем, дәрігерлер әп-сәтте үш жағынан үш түрлі құрал қойып диагнозын анықтады. – Ал бізде мұндай құралдардың орнын педиатр атқарып келген дейсіз ғой...  – Әрине. Біз неге шырылдап жүрміз? Бұрын педиатрлар бәрін білетін. Бір-екі жастағы бала жыласа, кім оны анықтайды, кім тексереді? Оған диагноз қою үшін белгілі құрал және білімді педиатр керек. «Әлемнің балалар докторы» атанған Леонид Рошаль баланы тек қана педиатр емдеу керек дейді. Қосып-аларым жоқ. «Балалар – болашағымыз» дейміз. Олардың денсаулығы – біздің қолымызда. «Педиатрия факультетін жаппау керек» деп бір емес, бірнеше мәрте хат жаздық. Баяғы өзінің «Педиатрия факультетін» жырлайды десе керек, қазір тіпті шенеуніктер мені көрсе қашатын болды. – Педиатрдың орнына келген отбасылық дәрігерлердің енгізілгеніне де аз уақыт емес. Халық мұның пайдасын көрді ме? – Отбасылық дәрігерлер қажет болса да, санының көбейгенінен еш пайда жоқ. Тек бір дәрігері мен мейірбикесі бар ауылдық жерлерде отбасылық дәрігер қажет болар. Ал аудандық емхана, ауруханаларда салалық мамандар отыруы қажет. Отбасылық дәрігердің ауру туралы жалпы түсінігі болғанымен, нақты білмейді. Бір дәрігер бар ауруды қалай біледі? Дүниежүзінде 14 мың ауру бар екен. Жаңа туған баланың ағзасы өзгеше. Психикасы да ерекше. Баланың ішкі құрылысы жүздеген себеп бойынша ауырады. Оны педиатр ғана анықтай алады. Қазір отбасылық дәрігер ересектерді де, балаларды да қарайды. Ол балаларды қабылдауға, диагнозын қоюға қорқады. Өйткені білмейді. Сөйтеді де, балалар дәрігерін іздейді. Ал олар күннен күнге азайып барады. Мәселен, №1 балалар ауруханасында педиатрдан бастап хирургтерге дейін дайындайтын едік. Қазір мүлдем аз. Оқу орнын жаңа бітірген маман көп қателік жібереді. Бұрын тәжірибелі дәрігерлер жаңадан келгендерді үйрететін. Мұндай сабақтастық та үзіліп қалды. Балаларға салынатын екпенің де, аурудың да түрі көп. Екпе көп аурудан құтқарады. Бірақ екпені жасаудың арнайы ережесі бар. Уақытша екпе жасамайтын аурулар болады. Отбасылық дәрігерлер соның бәрін біле бермейді. Ал өзге елдер балалар дәрігерін дайындауды тоқтатқан жоқ. Еуропа елдерінде отбасылық дәрігерлердің көп болуының себебі, оларда жас балалар халық санының 10 пайызын ғана құрайды. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш – 30 пайыз. Түсінгенім, отбасы дәрігері жүйесі ақшаның үнемделуіне жақсы. Дегенмен адамның денсаулығын ақшамен өлшеуге болмайды. – Жақында, Парламент сессиясында депутаттар Педиатрия факультетін жабудың кері әсерін жіпке тізген еді. Демек, біздің қоғам мұның зардабын тартпаса, рахатын көрмеген сияқты. – Қазір дәрігер болу үшін 8-10 жыл оқиды. Дәрігер – өте қиын мамандық. Жақсы дәрігер бұл жолға өмір бойы күресіп жетеді. Өкініштісі сол, бізде қазір жалпы тәжірибелі дәрігер факультеті ғана бар. Соны оқығаннан кейін, 8-9 курста педиатрларды дайындайды. Ал бұрынғы жүйе бойынша студент бірден Педиатрия факультетіне баратын. Педиатрияның 26 түрі бар. Жаңа туған баланы қарайтын медицина бөлімін неонатология деп атайды. Олар перзентханада істейді. Неонатология – жаңа туған бала, ал перинатология – құрсақта жатқан бала. Бүгінде неонатологтар да, перинатологтар да азайып кетті. Сенесің бе, Балқаш қаласында бір ғана неонатолог маман қалыпты. Одан басқа балалар хирургы, лор дәрігері, гастроэнтеролог, пульмонолог мамандары сынды балалар дәрігерінің тармақтары көп. Медицина қызметкерлері күні қарсаңында министрмен кездескенімде: «Әркім келеді де, реформа жасайды. Өмір бойы сабақ беремін, маманмын, екі рет декан болдым. Менің пікірімді ешкім құлаққа ілмейді» дедім. Мәселен, Украина, Ресейде, Белоруссияда медицинаға қатысты шешім шығарар сәтте осы істің басы-қасында жүрген мамандарды шақырып, ақылдасады. Әркім әр түрлі пікір айтады ғой. Нәтижесінде қолдау тапқан ұсыныстар сарапқа салынады. Ал бізде бұл жоқ. Парламентте депутаттар «Педиатрия факультеті неге жоқ?» деген сауал тастады. Мәжіліс депутаттары Зағипа Балиева мен Дәния Еспаева мәселе көтеріп, Денсаулықты сақтауды дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған бағдарламасы аясында былтырдан бері балалар емханасы ересектер емханасымен біріктірілгендігін тілге тиек етті. Депутат Еспаева «Осының салдарынан барлық медицина мекемесінде жалпы тәжірибедегі дәрігер балаларды да, ересектерді де қабылдай беретін болды. Жоғары оқу орындарында Педиатрия факультетінің жабылуы осыған әкелді» десе, Мәжіліс депутаты Зағипа Балиева: «Біз аурухананы ескі әдіс бойынша ересектер және балаларға арналған деп бөлуіміз керек. Себебі 25 адамның келуіне арналған клиникада жүзден астам адам қаралады. Егер біз емдеу орталықтарын біріктіретін болсақ, ұйымдастыру жағын да реттеуіміз керек. Өйткені туберкулездің ашық түріне шалдыққан адаммен емізулі баласы бар ана бір кезекте тұрмауы керек. Сонымен қатар педиатр мамандығын 5 жыл оқытып, 2 жыл ортақ тәжірибеден өткізсек. Себебі педиатр ересекті де, баланы да емдей алады. Ал терапевт дәрігер ешқашан баланы емдей алмайды. Сондықтан педиатр мамандығын даярлауды қайта қарау керек» деп көптің көкейінде жүрген түйткілді кесіп айтты. Сонда Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің жауабы: «Педиатрларды дайындап жатырмыз. Сағаттарын көбейттік» депті. Оның бәрі жай сөз. Жалпы дәрігер ретінде оқытылып жатқан педиатрлардың сағатын 6-7-курста көбейткені рас. Бәрібір бұл оңды шешім емес. 1980-90 жылдары бір жылда 250-300 педиатр дайындайтын едік. 2014 жылы 58 педиатр ғана оқу бітірді. Ал қазір педиатрдың саны азайып, білімі төмендеп кетті. Әрі бұл мамандыққа баратындар аз. Әсіресе, ана атанбаған қыздар кішкентай баланың жылағанынан шошып, педиатр болуға қорқады. Егер 1-курстан бастап оқыса, ол балалар дәрігері болатынын біледі, сезіне түседі. Психологиялық тұрғыдан дайын болады. Олардың оқу бағдарламасы да басқа. Терапияны, хирургияны меңгереді. Балалар дәрігері – баланың ерекше қасиетін білу. Баланың ағзасы бірте-бірте дамиды. Балалардың ауруы да басқаша. – Демек, балалар арасында ауру-сырқаудың түрі де көп. Әсіресе, шалғайдағы аудан, облыста диагнозы дұрыс қойылмай, соның салдарынан мүгедектікке ұшырап жатқан балалар аз емес қой. – Мысалы, аудандық, облыстық ауруханаларда жағдай күрделі. Отбасы дәрігері 14 мың аурудың астарын білмейді. Бір жасар, екі жасар бала температурасы көтеріліп келсе, ыстығын түсіретін түрлі дәрі-дәрмекті береді. Бұл емге жатпайды. Ал бала неге ауырды? Оны толыққанды дұрыс тексеру керек, емдеу керек. Баланың жасы ұлғайған сайын дерті де асқына береді. Сосын уақыт өте келе созылмалы ауруға айналады. Өз тәжірибемнен айтсам, балалардың іш ауруының жүзге жуық түрі бар. Әсіресе, аудандық ауруханаларда жалпы хирург болғанымен, балалар хирургі аз. Олар іші ауырған балаларда соқырішек бар деп ота жасайды. Кейде бұл нақты диагноз болмай шығатын кездер аз емес. Мұндайда баланың іш ауруы жалғасып, басқа аурулармен ұласып кетуі әбден мүмкін. Демек, әр аурудың пайда болу себебі әр түрлі екенін, көбісінің тұқымқуалаушылық арқылы берілетінін де ескеру керек. Баланың денсаулығы тоғыз ай бойы құрсағында көтерген анасының денсаулығына байланысты болады. Аурудың пайда болуының екінші себебі тамақ ішуіне, үшінші, дене қозғалысына, төртінші, жұмыс істеу түріне байланысты. Соның салдарынан ер балалардың 40-45 пайызын әскерге алмайды. Олардың арасында өкпе, жүрек аурулары мен психикалық ақауға шадыққандар көп. Яғни, бала кезде пайда болған ауру созылмалыға айналып кеткен. Сырқат қоғамды сауықтыру алдымен оның дертке шалдыққан ұрпағын емдеп жазудан басталады. Сондықтан балаға сәби кезінен қатты көңіл бөліп, оның дені сау, салауатты азамат болып өсуіне жағдай жасау қажет. – Мұның алдын алатын жол бар ма? – Бұрын диспансеризация деген болған. Бұл – балаларды туғаннан бастап тексереді. Есепке алып, емдеп тұрады. Қазір бұл жасалмайды. Ал енді ауруды бала кезде емдемесе, өсе келе оның отбасын асырауға шамасы да келмейді. Бұл күрделі мәселе. Тағы да қайталап айтамын, Қазақстанда Педиатрия факультетін неге жапқанын әлі түсінбеймін. Бір жақтан нарық қысып, бір жақтан жаңа туған нәрестелердің сырқаты асқынып тұрған кезде педиатр мамандығының жабылып қалуы, сайып келгенде, болашақты ойламаудан туған шешім. Тиісті орындарға хатты төпелетсек те, олардан мардымды жауап болмады. Біздің шенеуніктер мақтануға келгенде алдына қара салмайды. Шын мәнінде, не жасалып жатқаны белгісіз. Мәселен, таяуда Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсеноваға халық тарапынан көп сауал қойылды. Оның дені Педиатрия факультетінің жабылуына келіп тіреледі. Осыған көздері жетсе де, сең қозғалмағанына қайранмын. Бізге бұл үрдіс Болон конвенциясынан келгені белгілі. Қазір көп ел аталмыш конвенциядан бас тартып отыр. Жақында ғана Ресейдің дәрігерлері «Болон конвенциясын қабылдамаймыз» деп мәселе көтерді. Олар да кезінде Педиатрия факультетін жаппақшы болды. Бірақ өздерінің бас педиатры, академик Александр Барановтың балалар дәрігеріне қатысты алаңдаушылық білдірген мақаласынан кейін райынан қайтты. Ал біз барымызды бағаламай, құрдымға жібердік. – Қалай ойлайсыз, нақты диагноз қоя алмаған дәрігерді жазалау керек пе? Жалпы, білім мен білігі ұштасқан маман дайындаудың тетігі қандай? – Дәрігердің білімі аз болса, алдындағы науқасқа дұрыс диагноз қоймаса, оған кім кінәлі? Бұл тұрғыда әуелі дәрігер дайындауға жауаптыларды жазалау керек. Балалар арасында жүйке ауруы белең алған. Мүгедек боп туған балалардың саны да аз емес. Былтыр Педиатрия факультетінің соңғы түлектері бітірді. Енді бір он жылда балаларға дұрыс диагноз қоя алмайтын дәрігерлер көбейе ме деп алаңдаймын. Қай жастағы балаға қандай өлшеммен дәрі беру керектігін де игеріп үлгермеген шала педиатрлар бала өліміне себепші болуы мүмкін. Қазір көп ата-ана дерті асқынған балаларын шетелде емдетіп жүр. Ал соның өзінде денсаулығы жақсарып кететіндері сирек. Шынтуайтында, бұл ауру өз елімізде емделе ме, жоқ па, ол үшін арнайы комиссия құрылуы тиіс.Ата-ананы әуре-сарсаңға салмау үшін сондай дерттерді емдейтін дәрігерлерді өзімізде даярлау керек. Бұл – бір. Екінші, нақты диагноз қоя алмайтын дәрігерлер де адам емдеп жүр. Білімсіз дәрігерлер көбейіп кетті. «Жылағанның көзі, айтқанның аузы жаман» дейтін шығар, қазір маған ештеңенің керегі жоқ. Тек ойлайтыным – болашағымыз деп жүрген балалардың денсаулығы. Бұрын бір облыста бірлі-екілі адам өлетін. Бірақ оны дабыра етіп, сыртқа шығармайтын. Қазір бір адам қайтыс болса, у-шу. Өлім бұрын да болған, қазір де бар. Тіпті ақпарат құралдары анықталмай жатқан оқиғаға дәрігерді кінәлі етіп қояды. Қайғыдан қан жұтқан ата-ана не дейді? Олар да бас салып «дәрігер кінәлі» дейді. Адам өмірін сақтап қалғымыз келіп, ауруға араша түсеміз. Науқасқа жаңа өмір сыйлаймыз. Бірақ дәрігер – еңбегі еш, тұзы сор мамандық. Бүгінгі жастардың дәрігер болғысы келмейтіндігіне бірден-бір себеп осы шығар. Қателеспейтін адам жоқ. Үкімет басшылары да «бізден де қате кетті» дейді ғой. Олар қателессе бір адам емес, тұтас халық қиналады. Оның жанында адам өмірін сақтайтын дәрігер неге қателеспейді? Сорақысы сол, адамдардың көбі медицинадан гөрі халық емшілеріне сеніп алған. Есесіне, ауруын асқындырып алады да, қайтадан ем іздеп медицинаға келеді. Ал бұл кезде ем қону-қонбауы екіталай. Сөйтеді де, бар кінәні медицинаға аудара салады. Үшіншіден, білікті дәрігер азайып барады. Біздің елді дамыған елдермен салыстыруға болмайды. Оның үстіне оларда медицинаға қыруар ақша бөлінеді. Елімізде денсаулық сақтауға бөлінетін қаражаттың үлесі ЖІӨ-нің 3,8 пайызы ғана. ДСҰ-ның ұйғарымынша, 6 пайыздан кем болмауы тиіс. Мысалы, Америкада 15 пайыз, Германия мен Францияда 8 пайыз бөлінеді. Демек, өркениетті елдерде ең құрметті де, ең жоғары табыс иесі дәрігер екенін жақсы білетін шенеуніктердің еңбекақы тағайындауға келгенде сараңдығы ұстап қалады. Дәрігердің айлығы өте төмен. 9-10 жыл оқығанда еңбектерінің 50 мыңға бағаланбайтындығына жас мамандар неге өкпелемесін. Дәрігерге төленетін еңбекақы көлемі ұлғаймай, білікті, білімді дәрігерлер қатарын толықтыру мүмкін емес. Денсаулықтың сақшысы – дәрігер мен білімді ұрпақ дайындауға жауапты мұғалімдерге мардымсыз жалақы беру әлеуметтік жағынан алғанда әділетсіз шешім. Білім-біліктілігін арттырғанша, дәрігер мен мұғалім ашқұрсақ өмір сүруі керек пе?

Ана бала десе жанын береді

 – Қазір дені сау баланы өмірге әкелетін көптеген ананың да денсаулығы мәз емес. Алайда ресми статистика өлім-жітімнің жыл санап төмендегенін айтады. Сіздіңше қалай?  – Баланы ата-анадан артық жақсы көретін жан жоқ. Әсіресе, ана баласымен туғаннан бастап бірге. Ауруханаға бір, екі жасар баласын құшақтап әкеледі, өмір бойы құшақтап өтеді. Ана бала десе жанын беруге әзір. Ананың рөлі ерекше. 9 ай, 9 күн көтерген баласы науқастанып қалса, құрақ ұшып жүреді. Табиғаттың заңы солай ма, әкесі аптасына бір мәрте келеді, болды. Әке анасы сияқты қатты жаны ашымайды. «Балам өлсе, мен де өлемін» деп басын соққан талай ананы көрдім. Аналардың денсаулығы төмен. Қазір еліміздегі ана мен баланың денсаулығы сын көтермейді. Мұның бір себебін әлеуметтік жағдаймен байланыстырар едім. Әсіресе, қазақтар көп шоғырланған өңірлердің тұрмысы нашар. Жағдайы жоқ болған соң, ананың денсаулығы да төмен. Бала туу жасындағы әйелдерде қан аздық, дәрумен жетіспеушілігі көп. Бұл дұрыс тамақтанбаудан туындайтыны белгілі. Ет жемеген, жеміс-жидек көрмеген адамның денсаулығы қайдан оңсын?! Ана ауру болғаннан кейін бала да іштен ауру болып туады. Аналардың 85 пайызы анемияға шалдыққан. Бұл іштегі баланың өсіп-өнуін тежейді. Соның әсерінен балалардың 40 пайызы салмағы аз, шала немесе кемтар болып туылады. Бұл мәселе мені қатты қиналдырады, ойландырады. Ол ол ма, балалар арасында миға қан құйылу ауруы (инсульт) асқынып барады. Мысалы, он жылдай бұрын 4-5 айлық нәрестелердің арасында сирек кездесетін бұл ауру бойынша әрі кетсе он бала ғана түсетін. Бір жылда 95 бала түскені жанға батты. 1 жасқа дейін қайтыс болатын балаларды «балалар өлімі» деп атайды. ТМД елдерімен салыстыра қарасақ, 1000 балаға шаққанда, Ресейде – 10 бала, Украинада – 8, Белоруссияда – 6, ал Қазақстанда 15 бала өледі. 17 миллионнан астам ғана халқы бар еліміз үшін бұл дабыл қағарлық жағдай. Турасын айтсақ, еліміз педиатр мамандарының тапшылығын тартып отыр. Келешекте бұл жағдай тіпті, ушыға түседі. Егер Педиатрия факультетін қайтармасақ, ертеңгі күні балалар өлімі күрт өсуі мүмкін. Тіпті, педиатрларды сырттан шақырту жағдайына жетпесімізге кім кепіл?! Жыл сайын статистика өлім-жітім азайды дейді. Азайды ма, көбейді ме, ешкім білмейді. Бірде туберкулез ауруына байланысты үлкен жиналыс болды. Оңтүстік Қазақстан облысы туберкулез диспансерінің бастығы: «Бізге мына пайыздан жоғары болмасын дейтін бұйрық келеді. Біз көрсеткіш көбейсе де, жасырамыз» деген еді. Шыны керек, бізде қай ауруды алсаңыз да, көрсеткіш төмендеп жатқан сияқты. – Он төрт мың балаға ота жасап, екінші өмір сыйладыңыз. Соның ішінде қандай ағзаға ота жасау қиын? – Егде тартқан қарт та өмірді қимайды, әрі қарай да өмір сүргісі келеді. 60, 70 жастағы ересек адамға ота жасасаң, жазылып кетеді, рахметін айтады. Ал балаға ота жасасаң, ол ертеңгі күні өсіп-өнеді. Соларды көріп қуанамын, ерекше рахатқа бөленемін. Осындайда біз болашаққа жұмыс істеп жатқан сияқтымыз. Алғыс жаудырып, баласына, немересіне менің атымды қойғандары көп. Атап айтсам, кеңестік кезеңде он жеті жыл прокурор болған Өтеген Сейітовтің немересіне ота жасадым. Бүгінде Камал Сейітов 40 жасқа келіп қалды. Қазір Камалдың Исламбек, Исмайлхан деген екі ұлы бар. Сол сияқты елімізге танымал тұлға Яхия Әубәкіров те бір немересіне Камал деп ат қойды. Көбі үлкен азамат. Кездескен жерде сәлемін беріп тұрады. Ал қандай ағзаға ота жасау күрделі дегенге келсем, түрлі сынықтар көп, әсіресе жол апатынан миға келетін жарақат көп. Миға біткен ауруларға көп жыл бойы ғылыми зерттеу жасап, ота жасадық. 1982 жылы Ленинградта «Тежелая мозговая травма у детей» деген кітабым жарық көрді. Жиырма шақты ғалым кандидаттық, бір ғалым докторлық диссертация қорғады. Миға ота жасағанда жаңа методикаға сүйендік. Мидың сүйегін алып тастап, оның орнына титандық пластинка қоятын. Бұл балаларға келмейді екен. Титан пластинкасы ересектерге ғана болады. Ал біз баланың жағдайы бір-екі айдың ішінде жақсарғаннан кейін тоңазытқышқа салып қойған әлгі мидың сүйегін қайта жабамыз. Сосын балалар арасында қол-аяқ сынығы көп. Қазір ата-ана дереу сынықшыға жүгіреді. Қазақ жалпы сенгіш халық қой. Әрине, сынықшының да білімдісі бар. Білетін сынықшы болса аяқтың, қолдың ұзын сүйегін салуы мүмкін. Ал буынға байланысты ішкі сынықты рентгенмен қарап салғанның өзінде дұрыс болмай жатады. Бәрібір бізге қайтып келеді. Жақында сынықшыға барып, ақыр аяғында сынығы дұрыс бітпеген отыз, қырық бала бізге қайта келіпті. Енді оларға ота жасалуы керек. – Қазір де ота жасап жүрсіз бе, әлде... – Жоқ, үш-төрт жыл болды, тоқтаттым. Бірақ көп кадр дайындадым. 120 ғылым кандидаты, 16 ғылым докторын дайындадым. Ақыл-кеңесімді аямаймын. Педиатрия институтында Нұрлан Ақбаров деген мықты хирург бар, Астанада бас дәрігер Расул Аюповтың да болашағы зор. Қазір олар да шәкірт тәрбиелеп жүр. – Әкемнің айтуымен педиатр болдым деген едіңіз. Ол кісі сіздің дәрігер болғаныңызды көрді ме? – Әкем соғысқа барып келді. Сонда айтқаны ғой. «Балам, мен қанқырғын соғысты көрдім. Үш ағаң, үш апаң кішкентай кезінде қайтыс болды. Сондықтан да сен балалар дәрігерінің оқуына бар, балаларды емде» деген еді. Ол бір ел басына күн туған нәубет жылдар ғой. Аштық, жалаңаштық. Акушерка деген атымен жоқ. Біздің шешелеріміз киіз үйде туатын. Балалардың денсаулығы туған кезде жақсы болған, сосын 2-3 жасқа келгенде шетіней берген. Өзім де балаларды жақсы көретінмін. Бесінші курстан кейін әкем «Қашан үйленесің?» деп сұрай берген соң, үйлендім. Алтыншы курсты бітіргеннен кейін ұлымды ауылға апардым. Дәрігер болған ұлын да, менен туған немересін де көріп кетті. – Қолыңыз қалт еткенде, жұмыстан шаршағанда домбыра тартатын өнеріңіз де бар екен... – Сыр өңірі – жыршы, жыраулар мекені. Ерте жасымнан музыкаға әуес болып, әрдайым Тұрмағанбет Ізтілеуовтің термелерін тыңдап өстім. Мектеп және институт қабырғасында домбыра оркестріне белсенді қатыстым. Домбыраны анда-санда қолыма алып, балалық шағымды еске аламын. Құрманғазының «Байжұма» деген күйі бар. Шалқыған өмірді көз алдыңа әкеледі. Ең бастысы, дәстүрлі өнердің жауһарларын тыңдай бергім келеді. – Адам болған соң, арман да түгесілмейді ғой. Өмірде қолыңызды мезгілінен кеш сермеген өкініш жоқ па? – Біз кеңестік кезеңнің тәрбиесін алдық, оқыдық. Ол кезде бәрі тегін еді. Медицина да тегін. Қазір нарықтық экономикаға байланысты заман қиындап бара жатқан сияқты. Біздің қарнымыз тоқ, көйлегіміз көк. Ал заман осылай кете берсе, балаларымыз аш қала ма деп қорқамын. Екіншіден, білім мен ғылым сапасы төмендеп барады. Оларды медицинаның теориясымен дайындағанмен, саны да, сапасы да төмен. Біз үшін Ғылым академиясының рөлі ерекше. Кезінде сапа жағынан үшінші орын алдық. 2003 жылдан бастап академия жоқ. Қоғамдық ұйымға айналды. Үкімет қаржы бөлмейді, институттары да жоқ. Рөлі төмен 17 қоғамдық академия бар. Ғалымдар ұлттық академияға келгісі келеді. Ол академияны қайта қарап, қалпына келтірсе жаман болмас еді. Бүкіл кеңестік мемлекеттерде Ғылым академиясы бар. Ғылыми зерттеу институттарын қайта құрса, сонда ғылымның дамуына ерекше көңіл бөлінер еді. Бізде төрт жылдан бері кандидаттық, докторлық қорғалмайды. Ал Мәскеуде, Германияда кандидаттық, докторлық қорғалып жатыр. Ғылым докторын дайындауды қазір PhD деп жүрміз. Медицинада тәжірибелі дәрігерлер бар. Оларға «ағылшын тілін білмейсіңдер!» деп қорғатпай жатыр. «Сен тимесең, мен тимен» деп жайбарақат жүре бергенді қалаймыз. Педиатрия факультетін қайта ашу жөнінде 120 балалар дәрігері мен осы саланың ғалымдары қол қойған хатты жоғарыға әлденеше рет жолдасақ та, жауап алмадық. Үшіншіден, өмірімде анама бір дұрыс сый-сияпат көрсетпеппін. Өмір жолы қызық қой. 1953 жылы білім қуып, үйден алшаққа кеттім. Дәрігер мамандығын игеру оңай емес. Күні-түні талмай іздендім. Қызылорда өңірі шалғайда орналасқандықтан, елге сирек барушы едім. Туған жерді сағынып келгенде анам алдымнан шығып, кемсеңдеп жылайтын. «Апа, неге жылайсыз?» деп сұрай беретін едім. Сөйтсем, ана құлыншағын көргенде қуаныштан көзіне жас үйіріледі екен ғой. Менің осындай биікке жетуіме өмірлік рухани нәр беріп кеткен ата-анамның үлесі өлшеусіз. Бірақ оларға жақсылығымды, қызығымды көрсете алдым ба? Қазір 80-ді еңсерген шақта көкірегімді бір өкініш кернейді. Анама қанша алғыс айтсам да, қазақтың жөн-жоралғысын сақтап, көңілін аулап, бір тәуір көйлек те кигізбеппін-ау. Бұл мәңгі өкініш болып қалды. – Әңгімеңізге рахмет! Алла сізге күш-қуат берсін!  

Сұхбаттасқан

Динара Мыңжасарқызы