Жаңалықтар

Қысқа жіп күрмеуге келмей...

ашық дереккөзі

Қысқа жіп күрмеуге келмей...

Былтыр жыл соңында Дүниежүзілік банк Қазақстанда кедейлер саны 1,5 млн адамға көбеюі мүмкін деген болжам жасады. Сарапшылар 2020 жылы Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласы тұрғындары дағдарыстан көп зардап шеккенін атап өтті. Өйткені бұл қалаларда қызмет көрсету, қонақүй, мейрамхана, сауда және транспорттың үлкен шоғыры орналасқан. COVID-19 салдарынан мегаполистегі әр отбасы сәуір айындағы айлық табысының ширек бөлігін жоғалтқан. Алайда банк есебіне сай 2021 жылы экономикада аздаған даму бай­қа­лады және бұл құбылыс 2022 жылы кө­те­ріледі делінген. Биыл экспортқа сұр­а­ныс­тың артуы, ішкі экономикалық бел­сен­ді­ліктің қалпына келуі мен қолда бар та­быс­тың көбеюі нәтижесінде ел эконо­ми­касы 2,5 пайызға көтеріледі деп күтілуде. Сон­дай-ақ вакцина егу жұмыстарының сәт­ті жүргізілуі 2022 жылы экономикалық өсімнің даму қарқынын күшейтеді деп болжанып отыр. Коронавирусқа байланысты ен­гізілген карантин шаралары әлем елдерінде жұмыссыздар санын арт­тыр­ды. Халықаралық еңбек ұйымы ко­ро­на­дағдарыс салдарынан әлемде жұмыс­сыз­дар саны 800 млн-ға жетуі мүмкін деп мә­лімдеген болатын. Ұйым 2020 жылдың ба­сында алғашқы 6 айға жасаған бол­жа­мында 305 млн азамат жұмыссыз қала­ты­нын есептеген болатын. Бірақ шын­ды­ғын­да әлемде 400 млн адам тұрақты та­быс көзінен айырылды. Әлем елдері жұ­мыс­сыздықпен әртүрлі жолмен күресіп ке­леді. Биыл қаңтар айында ҚХР басшысы Си Цзиньпин Қытайдың кедейлікті то­лық еңсергенін мәлімдеді. Оның ай­туын­ша, 98,9 млн ауыл тұрғыны мен 128 мың ауыл кедейліктен құтылған. 2012 жыл­дың соңынан бері 9,6 млн адам жағ­дайы нашар аудандардан басқа жаққа кө­шірілген. Былтыр 1 миллионға жуық тұр­ғынға таза ауызсу жеткізілген. Алыс ел­ді мекендерге апаратын жаңа жолдар­дың ұзындығы 4,2 миллион шақырымды құрады. Коронавирус Қытайдан тарағанына қарамастан, ел билігі бірнеше жыл­­ға созылып келген кедейлікті еңсеріп отыр. Осы ретте «Қазақстан кедейлікпен қа­­­лай күресуі керек» деген маңызды сауал­­дың бір жауабын жоғарыда атап өт­тік. Ол – тұрғындардың жалақысын кө­теру. Дүниежүзілік банк сарапшылары ке­дейлікпен күресудің бір жолы – тұрғын үй бағасын төмендету деп есеп­тейді. Банктің Орталық Азиядағы эко­но­мисі Уильям Зейтц  адамдар баспана үшін табысының 30 пайыздан аспайтын бө­лігін жұмсауы тиіс дейді. Алайда қазақ­стан­дықтардың 60-70 пайызы айлық та­бы­сының жартысына жуығын тұрғын үй­ге жұмсайды. Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласын­да­ғы тұрғын үй бағасы Сан-Фран­циско, Сидней және Ванкувер сынды әлем­­дегі ең қымбат мегаполистерге қара­ған­да әлдеқайда қымбат екені бұрыннан айтылып жүр. Биылдан бастап ел Үкіметі азаматтарға зейнетақы қорындағы жинақ қаржысын мерзімінен бұрын алуға рұқсат берген соң тұрғын үй бағасы тіптен ша­рық­тап кетті. Бұл жағдайға байланысты Мем­­лекет басшысы Қ.Тоқаев: «Жыл­жы­май­тын мүлік нарығында бағаны ұстап тұру үшін қажет шаралар қабылдау керек. Мем­лекеттік органдар халық пен құры­лыс компанияларына түсіндіру жұмыс­та­рын жүргізіп, нарықтағы алыпсатар опе­рацияларды тоқтатуы керек», – деді Үкі­мет отырысында. Алайда тұрғын үй ба­ға­сы күн сайын қымбаттап, зейнетақы қо­рын­дағы қаржы құнсызданып барады. Жақында Мәжіліс депутаты Ай­қын Қоңыров әрбір қазақстан­дық­қа 20 сотық жер бөлу арқылы Қазақ­стан­да кедейлікпен күресуге және ауқат­ты қоғам құруға болады деп мәлімдеді. «Байлықтың маңызды бір өлшемі – лайық­ты тұрғын үй, өз жерінде өз үйін салу мүмкіндігінің болуы. Бұл — отбасы­лық жә­не әлеуметтік-материалдық әл-ауқат­­тың негізі. Мәжілісте Қазақстанда тұр­ғын үй бағдарламалары көп қабыл­дан­ғаны жә­не оған қомақты қаражат бөлі­ніп жат­қаны сөз болғанымен, орта от­басын бас­па­намен қамтамасыз ету бойын­ша мақсат қойыл­майды, – деді де­путат. Мақсат СЕРӘЛІ, экономист: Жұмыссыздықпен статистика жүзінде емес, нақты күресу керек – Пандемияға байланысты карантин шаралары қатаң­да­тыл­ғалы бері бір жылдай уақыт өтті. Осы аралықта еліміздің ша­ғын және орта бизнес саласы айтарлықтай зардап шекті. Өңірлердегі негізгі табыс көзі саналатын мейрамхана, кафе, той­ханалардың жабылуы өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр­ғандарға ауыр соққы болып тиді. Бұдан бөлек, қызмет көрсету са­ласы, сән салоны, оқыту орталығында жұмыс істейтін қыз­меткерлер табысынан айырылды. Жұмыссыз қалған халық­тың басым бөлігі ауылға барды. Ауылда да күн көру үшін бір нәрсемен айналысу керек қой. Бірақ ауылда не жұмыс болсын? Осылайша, ауылда да жұмыссыздар саны көбейді. Өйткені біздің елде ауыл халқын жұмыспен қамтамасыз ететін меха­низм жоқ. Біздің Үкімет пандемия кезінде жастар практикасы сынды жо­баларды енгізіп,  ауыл шаруашылығына қатысты қысқа­мер­зімді онлайн курстар өткізіп, ауылға қайтып келген жас­тарды жұмыспен қамту жолдарын қарастыруы керек  болатын. Жастарды жұмыссыз ретінде тіркеп, 555 мың теңгеден қай­тарымсыз, тегін гранттарды алуына жағдай жасап, жобаларын іске қосса, жұмыссыздықпен нақты күресетін еді. Алайда мұ­­ның бірі жасалған жоқ. Енді наурыз айынан бастап каран­тин шаралары жеңілдесе, ауылдағы жұмыссыз жастар қай­тадан қалаға ағылады. Осыған дейінгі сценарий тағы да қай­­таланады. Біздің мемлекетке экономикалық тұрғыдан ары қарай даму үшін серпіліс керек. Табыс көзінен айырылғандарға пан­де­мияға дейін алып жүрген жалақыға жету үшін әлі кемінде жар­ты жыл уақыт қажет. Пандемияның қай кезде аяқтала­ты­нын білмегендіктен, әлі де жұмыссыз қалу қаупі өте жоғары. Бұрын өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар қазір тоқ­тап қалған бизнесіне салық есептерін 0-мен тапсырады, яғни та­быс жоқ. Оларды да жұмыс­сыз­дар қатарына енгізген дұ­рыс. Дүниежүзілік банк кедей­лік деңгейін нақты фактімен есеп­­тейді. Тұрақты табыс көзі­нен айы­рылғандармен қатар, биз­­несі тоқтап тұрған кәсіп­кер­лерді де есепке алады. Мысалы, фри­лансер бір ай жұмыс іс­тесе, екі ай бос отыруы мүм­кін. Олар да жұмыссыздар қатарына кіреді. Ал біздің өңірлер облысқа, облыс республикаға есеп берер кезде жұмыссыздық деңгейін барынша азайтып көрсетеді. Яғни, статистиканы қолдан бұрмалайды. Көрсеткішті жақ­сарту үшін ауданымызда жұмыссыздық деңгейі 1 пайыз, ары кет­се 5 пайыз деп есеп береді. Шынтуайтына келгенде, ауыл халқының кем дегенде 30-50 пайызы жұмыссыз. Оны көзіміз көріп отыр. Қалалықтардың да мұрты майланып жүргені шамалы. Айлық табысының 50 пайыздан астамы азық-түлікке, 20 пайызы қоммуналдық қызметке, қалған 30 пайызы киімі мен жүріс-тұрысына кетеді. Яғни, халықтың қор жи­науға мүмкіншілігі жоқ. Қарапайым мысал, көптеген қа­зақстандықтарға тұрғын үйдің бастапқы 10-20 пайыз жар­насын жинау қиын болып тұр. Үкімет жоғарыда аталған фактілермен күресуге күш салуы керек. Кедейлікпен күресте мемлекет тарапынан тиімді механизм болуы тиіс. Мәселен, ауылдан келген бала жұмыспен қамту орталығына тіркелмейді. Өйткені жұмыспен қамту орталығының механизмі дұрыс жасалмаған. Жұмыссыз ретінде тіркелгендерге жалақысы 60-70 мың теңге көлеміндегі өте ауыр жұмысты ұсынады. Жастар ондай жұмысқа бармайды. Оларға жұмыс ұсынар кезде жұмыс күші емес, экономикалық ресурс ретінде қарау керек.