Қысқа жіп күрмеуге келмей...

Қысқа жіп күрмеуге келмей...

Қысқа жіп күрмеуге келмей...
ашық дереккөзі
Былтыр жыл соңында Дүниежүзілік банк Қазақстанда кедейлер саны 1,5 млн адамға көбеюі мүмкін деген болжам жасады. Сарапшылар 2020 жылы Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласы тұрғындары дағдарыстан көп зардап шеккенін атап өтті. Өйткені бұл қалаларда қызмет көрсету, қонақүй, мейрамхана, сауда және транспорттың үлкен шоғыры орналасқан. COVID-19 салдарынан мегаполистегі әр отбасы сәуір айындағы айлық табысының ширек бөлігін жоғалтқан. Алайда банк есебіне сай 2021 жылы экономикада аздаған даму бай­қа­лады және бұл құбылыс 2022 жылы кө­те­ріледі делінген. Биыл экспортқа сұр­а­ныс­тың артуы, ішкі экономикалық бел­сен­ді­ліктің қалпына келуі мен қолда бар та­быс­тың көбеюі нәтижесінде ел эконо­ми­касы 2,5 пайызға көтеріледі деп күтілуде. Сон­дай-ақ вакцина егу жұмыстарының сәт­ті жүргізілуі 2022 жылы экономикалық өсімнің даму қарқынын күшейтеді деп болжанып отыр. Коронавирусқа байланысты ен­гізілген карантин шаралары әлем елдерінде жұмыссыздар санын арт­тыр­ды. Халықаралық еңбек ұйымы ко­ро­на­дағдарыс салдарынан әлемде жұмыс­сыз­дар саны 800 млн-ға жетуі мүмкін деп мә­лімдеген болатын. Ұйым 2020 жылдың ба­сында алғашқы 6 айға жасаған бол­жа­мында 305 млн азамат жұмыссыз қала­ты­нын есептеген болатын. Бірақ шын­ды­ғын­да әлемде 400 млн адам тұрақты та­быс көзінен айырылды. Әлем елдері жұ­мыс­сыздықпен әртүрлі жолмен күресіп ке­леді.  width= Қазақстан Үкіметі карантин ен­гі­зіл­гелі бері жұмыссыз азаматтар жұ­­­мысқа тұрып кеткенге дейін Атаулы әлеу­меттік көмек тағайындады. 2021 жыл­ғы қаңтарда республикалық бюд­жеттен 32,1 млрд теңге, оның ішінде мү­ге­дектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеуге – 25,4 млрд теңге, асы­раушысынан айырылу жағдайына 6,7 млрд теңге төленді. Биылғы I тоқсандағы жағдай бойынша 106 мың отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады. Осы орайда «Атаулы әлеуметтік кө­мек алатындар кедейлік санатына жата ма?» деген сұрақ туындайды. Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров «Мемлекеттен жәр­демақы алып отырғандар кедейлік санатына жатады» деп есептейді. Өйткені бізде кедейшілік деңгейі ең төменгі күнкөріс деңгейімен есептеледі. Елімізде халықты жұмыспен қамту шаралары қолға алынып, бағдар­ла­малар іске асырылғанымен, кедейлер саны азаймай тұр. Экономистердің пікі­рін­ше, халықты АӘК арқылы қолдау жет­кіліксіз,  бұл жағдай қазақстандық­тарға кедейліктен құтылуға көмектеспейді. Өйткені қазіргі кедейлік жұмыссыздық­тан ғана емес, табыстың төмендігінен туып отыр. Былтырғы наурыз айына дейін Үкі­мет ай сайын 572 мың адамға Атау­лы әлеуметтік көмек беріп келген. Бұл көр­сеткіш соңғы 10 жыл ішінде өзгер­ме­ген. Жәрдемақы төлеу талаптарын өзгер­туді тапсырғанда Елбасы Н.Назарбаев атау­лы көмекпен 830 мың адам қамты­ла­тынын айтқан болатын. Алайда төрт ай­дың ішінде Үкімет көмегіне мұқтаждар саны болжамнан екі есе көп болып шық­ты. Атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны бес айда үш есе өсті. Әрбір үшінші қазақстандық – кедей Деректерге сүйенсек, қазақ­стан­дық­тардың 80 пайызы жалақыдан жа­лақыға жығылып жетеді, яғни олардың ке­лер күнге ақша жинау мүмкіндігі жоқ. Мә­жіліс депутаты Айқын Қоңыров:  «Қа­зақ­­стандағы кедейшілік жұ­мыссыздықтан емес, табыстың төмен­ді­гінен туып отыр. Себебі бізде жұмыс іс­теп жүрген адамдар­дың өзі кедейшілікте өмір сүреді. Бұған дейін өмір сүру деңгейі ор­таша саналған адамдар кедейлер қата­рын­а қосылуда. Көпшілік өмір сапасын не­сиелендіру институттары арқылы сақ­тап қалуға тырысуда. Алайда бұл қадам адам­дарды қарызға батырып жатыр» деп мә­лімдеген болатын. Депутаттың сөзінің жаны бар. Был­тыр ranking.kz Статистика агент­ті­гі­не сілтеме жасай отырып, жұмысқа ор­наласқан қазақстандықтардың жарты­сы­ның (3,3 млн) жалақысы 112 мыңнан тө­мен және ең көп таралған айлық көле­мі бар-жоғы 58 мың теңге екені туралы дерек келтірген болатын. Мысалы, бір отбасының тоңа­зыт­қы­шы күйіп кетті делік. Жаңа­сын сатып алу үшін бірнеше ай ақша жи­нау керек немесе несие рәсімдейді. Яғ­ни, бұл отбасы кедей санатына енеді. Сан­дарды сөйлетсек, бұл экономикалық бел­­­­сенді халықтың 70 пайызын құрайды. Ал Еуропалық комиссияның есебі бойын­ша, қазақстандықтардың 50 пайызынан аста­­мы табысының 54 пайызынан артық бө­­лігін азық-түлікке жұмсайды екен. Тұ­тыну­шылық несиенің артуы да осыны дә­лелдейді. Елімізде тұрақты жұмыс көзі жоқ жұ­мыссыздармен қатар «жұмыс іс­­­­тейтін кедейлер» саны көп. «Жұмыс і­с­тей­­­тін кедейлер» дегеніміз – тұрақты жұ­­мысы бар, алайда жалақысы 112 мың­нан төмен, шамамен 75 мың теңге көле­мін­­де айлық алатындар. «Жұмыс істейтін кедейлерге» өз ма­ман­­дығы бойынша біліктілігі жоғары пе­­дагог, дәрігер, мәдениет және ғылым қыз­­меткерлері сынды «айлығы шайлы­ғы­нан артылмайтындар» жатады. Экономика сарапшысы Сергей Дом­нин елімізде ресми жұмыс іс­тей­тін­­дер саны – 2,8 млн адам болса, оның 46 пайызы айына 105 мың теңгеге жет­пей­­тін жалақы алатынын айтады. Са­ла­лар­­ға бөліп айтатын болсақ: 65 пайызы – ауыл шаруашылығында, 27 пайызы өң­деу өнеркәсібінде істейді. Нұр-Сұлтан қа­ласы тұрғындарының 28 пайызы, Сол­түс­тік Қазақстан халқының 57 пайызы айына 105 мың теңгеге жетпейтін жалақы ала­ды. Яғни, жұмыс істейтін әрбір үшінші қазақстандық – кедей. Кедейлікпен күрес Адамзат үшінші мыңжылдыққа аяқ басса да кедейлік, індет пен соғыс мә­селесі мүлдем жойылып кеткен жоқ. Ке­д­ейлік ХХ ғасырда Қытай халқының, ор­та ғасырларда Үндістан тұрғындары мен Ежелгі Мысыр жұртының алдында тұр­ды. Әр заманның адамдары әлеуметтік жүйелердің сан түрін ойлап тапқанымен, бәрі­бір кедейлік, індет пен соғыстан құ­ты­ла алмады. Алайда кедейлікпен күресте түбегейлі өзгерістерге қол жеткізген елдер бар. Осы ретте Қытайды айрықша атап өтуге болады. Тарихшы-медиевист, Иерусалимдегі Еуропа университеті тарих фа­куль­тетінің профессоры Ювал Ноаһ Хара­ри «Болашақтың қысқаша тарихы» атты кітабында: «Сары император мен қызыл ком­мунистерге дейінгі аралықтағы әр би­леушінің тұсында Қытай халқы аш­тық­тан зардап шегіп келді. Бірнеше ондаған жыл бұрын ғана Қытай азық-түлік жұ­таң­ды­ғының нағыз орталығындай көрінген. Үлкен секіріс кезеңінің өзінде 10 мил­лион­ға жуық қытай қайтыс болып, сарап­шы­лар жағдай қиындай түседі деген бол­жам жасаған. 1974 жылы өткен алғаш­қы Азық-түлік конференциясында зәрені ала­тын ақырзаман сценарийлері айтыл­ды. Баяндамашылар «Қытай миллиард адам­ды асырай алмайды, ендеше әлемдегі ең халқы көп ел құрдым алдында тұр» де­ген болжам жасады. Шынтуайтында, Қы­тай экономикалық кереметтер алдын­да тұрған еді. 1974 жылдан бері жүздеген мил­лион қытай кедейліктен құтылды. Рас, мұқтаждық көріп, тамаққа жарымай отырған әлі жүздеген миллион қытай бар десек те, бұл ел – аштықты жеңе білген ал­­­ғашқы мемлекет» деп жазады.  width= Биыл қаңтар айында ҚХР басшысы Си Цзиньпин Қытайдың кедейлікті то­лық еңсергенін мәлімдеді. Оның ай­туын­ша, 98,9 млн ауыл тұрғыны мен 128 мың ауыл кедейліктен құтылған. 2012 жыл­дың соңынан бері 9,6 млн адам жағ­дайы нашар аудандардан басқа жаққа кө­шірілген. Былтыр 1 миллионға жуық тұр­ғынға таза ауызсу жеткізілген. Алыс ел­ді мекендерге апаратын жаңа жолдар­дың ұзындығы 4,2 миллион шақырымды құрады. Коронавирус Қытайдан тарағанына қарамастан, ел билігі бірнеше жыл­­ға созылып келген кедейлікті еңсеріп отыр. Осы ретте «Қазақстан кедейлікпен қа­­­лай күресуі керек» деген маңызды сауал­­дың бір жауабын жоғарыда атап өт­тік. Ол – тұрғындардың жалақысын кө­теру. Дүниежүзілік банк сарапшылары ке­дейлікпен күресудің бір жолы – тұрғын үй бағасын төмендету деп есеп­тейді. Банктің Орталық Азиядағы эко­но­мисі Уильям Зейтц  адамдар баспана үшін табысының 30 пайыздан аспайтын бө­лігін жұмсауы тиіс дейді. Алайда қазақ­стан­дықтардың 60-70 пайызы айлық та­бы­сының жартысына жуығын тұрғын үй­ге жұмсайды. Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласын­да­ғы тұрғын үй бағасы Сан-Фран­циско, Сидней және Ванкувер сынды әлем­­дегі ең қымбат мегаполистерге қара­ған­да әлдеқайда қымбат екені бұрыннан айтылып жүр. Биылдан бастап ел Үкіметі азаматтарға зейнетақы қорындағы жинақ қаржысын мерзімінен бұрын алуға рұқсат берген соң тұрғын үй бағасы тіптен ша­рық­тап кетті. Бұл жағдайға байланысты Мем­­лекет басшысы Қ.Тоқаев: «Жыл­жы­май­тын мүлік нарығында бағаны ұстап тұру үшін қажет шаралар қабылдау керек. Мем­лекеттік органдар халық пен құры­лыс компанияларына түсіндіру жұмыс­та­рын жүргізіп, нарықтағы алыпсатар опе­рацияларды тоқтатуы керек», – деді Үкі­мет отырысында. Алайда тұрғын үй ба­ға­сы күн сайын қымбаттап, зейнетақы қо­рын­дағы қаржы құнсызданып барады. Жақында Мәжіліс депутаты Ай­қын Қоңыров әрбір қазақстан­дық­қа 20 сотық жер бөлу арқылы Қазақ­стан­да кедейлікпен күресуге және ауқат­ты қоғам құруға болады деп мәлімдеді. «Байлықтың маңызды бір өлшемі – лайық­ты тұрғын үй, өз жерінде өз үйін салу мүмкіндігінің болуы. Бұл — отбасы­лық жә­не әлеуметтік-материалдық әл-ауқат­­тың негізі. Мәжілісте Қазақстанда тұр­ғын үй бағдарламалары көп қабыл­дан­ғаны жә­не оған қомақты қаражат бөлі­ніп жат­қаны сөз болғанымен, орта от­басын бас­па­намен қамтамасыз ету бойын­ша мақсат қойыл­майды, – деді де­путат. Мақсат СЕРӘЛІ, экономист: Жұмыссыздықпен статистика жүзінде емес, нақты күресу керек
– Пандемияға байланысты карантин шаралары қатаң­да­тыл­ғалы бері бір жылдай уақыт өтті. Осы аралықта еліміздің ша­ғын және орта бизнес саласы айтарлықтай зардап шекті. Өңірлердегі негізгі табыс көзі саналатын мейрамхана, кафе, той­ханалардың жабылуы өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр­ғандарға ауыр соққы болып тиді. Бұдан бөлек, қызмет көрсету са­ласы, сән салоны, оқыту орталығында жұмыс істейтін қыз­меткерлер табысынан айырылды. Жұмыссыз қалған халық­тың басым бөлігі ауылға барды. Ауылда да күн көру үшін бір нәрсемен айналысу керек қой. Бірақ ауылда не жұмыс болсын? Осылайша, ауылда да жұмыссыздар саны көбейді. Өйткені біздің елде ауыл халқын жұмыспен қамтамасыз ететін меха­низм жоқ. Біздің Үкімет пандемия кезінде жастар практикасы сынды жо­баларды енгізіп,  ауыл шаруашылығына қатысты қысқа­мер­зімді онлайн курстар өткізіп, ауылға қайтып келген жас­тарды жұмыспен қамту жолдарын қарастыруы керек  болатын. Жастарды жұмыссыз ретінде тіркеп, 555 мың теңгеден қай­тарымсыз, тегін гранттарды алуына жағдай жасап, жобаларын іске қосса, жұмыссыздықпен нақты күресетін еді. Алайда мұ­­ның бірі жасалған жоқ. Енді наурыз айынан бастап каран­тин шаралары жеңілдесе, ауылдағы жұмыссыз жастар қай­тадан қалаға ағылады. Осыған дейінгі сценарий тағы да қай­­таланады. Біздің мемлекетке экономикалық тұрғыдан ары қарай даму үшін серпіліс керек. Табыс көзінен айырылғандарға пан­де­мияға дейін алып жүрген жалақыға жету үшін әлі кемінде жар­ты жыл уақыт қажет. Пандемияның қай кезде аяқтала­ты­нын білмегендіктен, әлі де жұмыссыз қалу қаупі өте жоғары. Бұрын өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар қазір тоқ­тап қалған бизнесіне салық есептерін 0-мен тапсырады, яғни та­быс жоқ. Оларды да жұмыс­сыз­дар қатарына енгізген дұ­рыс. Дүниежүзілік банк кедей­лік деңгейін нақты фактімен есеп­­тейді. Тұрақты табыс көзі­нен айы­рылғандармен қатар, биз­­несі тоқтап тұрған кәсіп­кер­лерді де есепке алады. Мысалы, фри­лансер бір ай жұмыс іс­тесе, екі ай бос отыруы мүм­кін. Олар да жұмыссыздар қатарына кіреді. Ал біздің өңірлер облысқа, облыс республикаға есеп берер кезде жұмыссыздық деңгейін барынша азайтып көрсетеді. Яғни, статистиканы қолдан бұрмалайды. Көрсеткішті жақ­сарту үшін ауданымызда жұмыссыздық деңгейі 1 пайыз, ары кет­се 5 пайыз деп есеп береді. Шынтуайтына келгенде, ауыл халқының кем дегенде 30-50 пайызы жұмыссыз. Оны көзіміз көріп отыр. Қалалықтардың да мұрты майланып жүргені шамалы. Айлық табысының 50 пайыздан астамы азық-түлікке, 20 пайызы қоммуналдық қызметке, қалған 30 пайызы киімі мен жүріс-тұрысына кетеді. Яғни, халықтың қор жи­науға мүмкіншілігі жоқ. Қарапайым мысал, көптеген қа­зақстандықтарға тұрғын үйдің бастапқы 10-20 пайыз жар­насын жинау қиын болып тұр. Үкімет жоғарыда аталған фактілермен күресуге күш салуы керек. Кедейлікпен күресте мемлекет тарапынан тиімді механизм болуы тиіс. Мәселен, ауылдан келген бала жұмыспен қамту орталығына тіркелмейді. Өйткені жұмыспен қамту орталығының механизмі дұрыс жасалмаған. Жұмыссыз ретінде тіркелгендерге жалақысы 60-70 мың теңге көлеміндегі өте ауыр жұмысты ұсынады. Жастар ондай жұмысқа бармайды. Оларға жұмыс ұсынар кезде жұмыс күші емес, экономикалық ресурс ретінде қарау керек.