Латынграфикалы қазақ әліпбиі: кірме терминдерді жазудағы ұстанымдар
Латынграфикалы қазақ әліпбиі: кірме терминдерді жазудағы ұстанымдар
2019 жылғы қазанда Ұлттық кеңестің кезекті отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев ғалымдарға жаңа қазақ ұлттық латынграфикалы әліпбиін жетілдіруді тапсырған болатын. Ал 2021 жылғы 28 қаңтарда Премьер-Министр Асқар Мамин қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия отырысында жетілдірілген жаңа қазақ ұлттық латынграфикалы әліпбиін таныстыру рәсімін өткізді. Осылайша, Қазақстан жұртшылығы жаңа әліпбиді талқылауға жаппай ден қойды.
Өзге елдер тәжірибесіндегі тәрізді жетілдірілген әліпби де сөзжасамдағы барлық принциптерге (фонетикалық, фонематикалық, морфологиялық, түпнұсқа, дәстүрлі, «бір дыбыс – бір әріп принципі», цитаталық принцип, т.б.), тілдік бірліктерді үнемдеу мен үндестік заңына, дыбыстардың тіркесімділігі мен жүйесіне сүйеніп, негізделіп жасалынды.
Фонетикалық принцип. Мұнда сөздер қалай дыбысталса, солай жазылады, яғни айтылуы бойынша норма деп ұсынылғандар фонетикалық принципке негізделеді (paról, zarád, púlt, avenü, revü, paraşüt, brusellöz, aktör, amöba, аloі, kanoі, dіploі). Бұл – сөздерді қазақ тілінің фономорфологиялық ерекшелігіне икемдеп, яғни қазақ тілінің үндесім заңына сәйкестендіріп, сындырып жазудың нағыз үлгісі. Аталған принцип жалпы терминжасамдағы «тілдің ішкі мүмкіндігін сарқа пайдалану» принципінің бір тармағы болып саналады.
Жаңа емле ережесі көбіне фонематикалық принципке сүйенеді. Яғни, бұл ұстаным бойынша дыбыстардың сөз ішіндегі немесе сөз тіркесіміндегі өзара әсері ескерілмей, негізгі фонемалық түрі, фонеманың негізгі реңкі сақталып жазылады. Бұл принцип бойынша сөздер басқаша айтылады, өзгеше жазылады (pedagog, sіkl, hirurg, oşerk, polk), яғни көп дыбысты аз әріппен көрсету жүзеге асады.
Морфологиялық принцип – жеке сөздің және күрделі сөз сыңарларының түбір тұлғасы сақталып жазылатын емле ұстанымы. Кейбір сөздердің түбірі сақталып (matematika, pedagogika, statistika, mehanika, gramatika, baza, faza, norma) жазылады. Әдетте төл сөздерде қатаң п (р) әрпіне аяқталған түбірге жалғау жалғанғанда п б-ға ауысатыны (доп-добы, кеп-кебу, теп-тебу) белгілі. Ал кірме терминдерді таңбалауда қатаң п (р)-ға аяқталған сөздерге қосымша жалғанғанда п (р) әрпі өзгеріссіз сақталады (arhetip (-tıŋ, -ı, -ke, -ter), stereotip (-tıŋ, -ı, -ke, -ter).
Жалпы, қазақ жазу жүйесінде фонематикалық және морфологиялық принциптердің бірігетін, тоғысатын, ұқсас тұстары да бар. Кейде екеуін бір принцип деп қарастыру кездеседі. Заманауи тілдің жазу жүйесінде қазақ тілінің заңдылықтарына сай фонематикалық принциптің басшылыққа алынуы заңды. Кез келген елдің жазуында бір принцип басымдық танытып, үстемдік құратыны, қалғандары қосымша қызмет атқаратыны айқын. Фонематикалық принцип жазуда қалыптасқан дәстүрге сүйеніп, дыбыстардың өзара әсерін ескермей, фонемалық мәнін сақтауға негізделеді. Егер морфологиялық принцип сөздің түбір тұлғаларын сақтап жазуға ғана негізделсе, фонематикалық принцип фонеманың сөз ішіндегі де, морфемалар жігіндегі де, сөз аралығындағы да мәнін сақтап жазуға сүйенеді. Яғни, морфологиялық принципке қарағанда фонематикалық принциптің қызметі әлдеқайда ауқымды.
Дәстүрлі принцип – кірме сөздерді қазақтың байырғы сөздері бұрын қалай қалыптасса, сол үлгі бойынша бұзбай жазу. Мысалы, емледегі tauar, nömır, stansy, kepkı, siez (тауар, нөмір, стансы, кепкі, сиез) осы ұстанымға негізделген.
Түпнұсқа принципі бойынша жазылуы мен айтылуы қазақ тілінің табиғи заңдылықтарына сәйкес келетін терминдер топтастырылады (planşеt, senat, раrlamетt, рrezidеnt, dеputat). Мұнда кірме сөздерді өзгертіп жазудың қажеттілігі тумайды, ал оларды болашақта аударып беру басқа проблема болмақ.
Сөз басындағы оомицет (omiset), ооцит (osit), ооцис (оsis), ортасындағы (patison, komisar, simetria, amiak), соңындағы (klas, hol, bal) қайталама дыбыстарды таңбалайтын әріптердің бірі түсіріліп жазылуы, қосарлы әріптердің (ий, ст, сть, зд, вт, дж, фт, нд, пт әріп тіркестері) бірінің түсіріліп жазылуы да (alümini, kafeteri, reali, kolej, kotej, astronav, siez) жоғарыда көрсетілген ұстанымдарға негізделген және тілдегі үнемдеу заңына сәйкес келеді.
Сөз мағынасына әсер ететін жағдайда, сондай-ақ өлшем бірлік атауларында қайталама дыбыстар сақталып жазылады: massa, tonna, kassa және dollar, brutto, netto, million, millimetr. Қосымша соңғы буынға үндесіп жалғанады (бұл ескертпе емле ережесінде көрсетілген). Қос әріптерді түсіру барысында мұқият болған дұрыс. Әйтпесе, сөз мағынасы әлсірейдı немесе тіптен (целла-села, эссе-есе) бұзылады. Сондықтан сөз мағынасына әсер еткен жағдайда қос әріптерді сақтап жазу қажет.
Цитаталық принцип. Кез келген тілдің әліпбиінде кейбір сөздерді таңбалау үшін әліпби құрамына енбейтін қосалқы таңбалар болады. Жетілдірілген емледе де ондай үш әріп (С, W, Х) бар. Олар халықаралық марка, бренд атауларын жазуға арналып қолданылады. Мысалы, Саmel, Canon, Coca-Соla, Twitter, Word, Windows, WһаtsАpp, Yandex, Playtex, Kimex, Coneх, Xerox.
Ұлттық тілдің емле ережелерін жасауда тілдің жалғамалы (аглютинация), ықшамдалу, үнемдеу заңдылығы, тілдегі дауыстылар мен дауыссыздар үндестігінің және дауыссыздардың өзара үйлесімділік заңы қатаң ескерілген.
Кейбір ғалымдарымыз «осы тарихи кезеңді пайдаланып, сөздерді тек фонетикалық принцип, яғни айтылуы бойынша жазалық, и мен у-ды таратып жазайық» деген пікір білдіруде. Ойлап қарасақ, олар да тілдің сұлулығын, үндестігін, әуезділігін сақтауды көздейді. Әрине, түсінуге болады. Ондай пікірді жақтаушылар да нағыз ғалым, тіл жанашырлары екені даусыз. Десек те, ол үрдіспен жазар болсақ, мынадай келеңсіздіктер, бейберекеттік, ретсіздік пайда болары анық:
- сөздегі әріптер саны тым көбейіп, сөздің тұрқы (формасы) бұзылады, көзшалымға тұрпайы көрінеді (мысалы, қиюластыру (қыйыуластырыу), килігу (кійлігіу, т.б.);
- әркім өз дыбыстауы, айтуы бойынша жазып, бір сөзді бірнеше нұсқада таңбалау үрдісі (мысалы, бару-барыу, барұу) етек алады;
- әлемдік тілдермен ықпалдасу (интеграциялану) нашарлайды;
- өзге ұлттармен тілдік қатынасымға (коммуникацияға) түсу мүмкіндігі болмайды, тілдік оқшаулану (изоляция) орын алады, тілді дамытуда ілгерілеуге (прогреске) емес, кері кетуге (регреске) тап болуымыз мүмкін.
Бірнеше дыбысты бір әріппен ықшамдап, яғни үнемдеу заңдылығына негіздеп жазу – әлемнің барлық елдерінің тәжірибесінде бар үрдіс. Заманауи жаһандану (глобализация), әлемдік ықпалдасу (интеграция), жылдам ақпарат пен жаңа технологияларды меңгеру мен енгізу, ғарышты игеру жағдайында ешқандай ел бұл үрдістен тыс қалмасы анық. Басқа елдермен «терезесі тең», бәсекеге қабілетті боламыз десек, қазақ ұлты да, тілі де өз ерекшеліктерін сақтай отырып, әлемдік өркениет көшінен қалмауға тырысуы керек.
Жазудағы ретсіздікті, емле төңірегіндегі бітпес айтыс-тартысты, желдей ескен алыпқашпа дауларды, екіұшты пікірді болдырмаудың, емлені халықты сауатсыздыққа ұрындырмай тез әрі қиындықсыз меңгертудің жолы қандай? Айтуға оңай. Меніңше, ол үшін дыбыстардың жазылу, айтылу ерекшеліктерін «тайға таңба басқандай» нақты көрсетіп беретін, сапалы әрі қолдануға оңай, тиімді жазылым (орфографиялық), айтылым (орфоэпиялық) сөздіктерін жасау қажет болады. Бұл екі сөздікті қатарлас («тел өскен егіз қозыдай») қолданған дұрыс. Тіпті, екі сөздікті бір кітап етіп шығаруға да болатын шығар. Сонда оқырман кез келген сөздің жазылуы мен айтылуын салыстыра отырып, жылдам үйреніп алары хақ. Айтылым мен жазылымда нақты нормалар жүйесі қалыптасады, тіл сұлулығына, үндесімі мен үйлесіміне еш нұсқан келмейді. Әрине, мұны уақыт еншісіне қалдырайық.
Сөздерді дұрыс айту, оны дұрыс жазу ережелерін сонау балабақшадан бастап үйрету керек. Мектепте, ЖОО-ларда жалпы емлеге, тіл ұстартуға, шешендікке үйретуге арналған сағаттар санын арттырған да оңды болар еді. Белгілі бір әріптің таңбалануын үйреткен кезде оның түрлі айтылу нұсқаларын да бала жадына қондырған абзал.
Соңғы ұсынылған әліпби, соның негізінде жасалған емле ережелерінің жобасы кірме терминдердің құрамындағы өзге тілге тән әріптерді таңбалауда да оңды жоба болды. Жаңа емле ережелері бекітілетін болса, тіліміз үндестік заңына бағынып, айтылатын әрі жазылатын және үнемдеу мәселесі де оң шешілетін болады. Дегенмен кейбір сөздерді таңбалауда мұқият болу қажеттігі туады. Өйткені әлдебір сөздерді өзгертіп жазу кезінде сөздің бастапқы мағынасы күңгірттенуі немесе жоғалуы мүмкін. Бұл, өз кезегінде тілде омоним сөздердің көптеп пайда болуына әкеліп соғады. Ендеше сөздерді дұрыс транслитерациялау мен транскрипциялау бүгінде өте өзекті мәселе болары сөзсіз. Қазақ тілі – үндестік заңын қатаң сақтауды қажет ететін тіл. Сондықтан сөздерді бірыңғай жуан, бірыңғай жіңішке буындармен жазуға тырысуымыз керек. Жаңа әліпбиді, соған сәйкес жасалынған емле ережелерін әлі де бүкіл қоғам болып талқылап, кеңесе отырып жетілдіре, ширата түскеннің еш артықтығы жоқ.