Жаңалықтар

«Менің Қазақстаным» әнінің жарық көргеніне биыл 60 жыл

ашық дереккөзі

«Менің Қазақстаным» әнінің жарық көргеніне биыл 60 жыл

  2006 жылдан бастап еліміздің Мемлекеттік Гимніне айналған «Менің Қазақстаным» әнінің жарық көргеніне биыл 60 жыл. Қазақстанды бөлшектеуге, республиканың алты облысын Ресейге, Өзбекстанға беру туралы шешімге қарсылық ретінде 1956 жылдың 25 қазанында жазылған рухты ән 10 жылдан бері егемендігіміздің елшісі, жеңісіміздің жаршысы. Алайда елдігіміздің нышаны – Мемлекеттік Әнұранымызға құрмет өз деңгейінде деп айтуға ауыз бармайды. Гимн қойылғанда қолын жүрек тұсына қоюға ерінетіндер, қосылып шырқауды ерсілік деп білетіндеп көп. Тіпті қайырмасына ауыз жыбырлататындардың арасында әнұранның сөзін толық білетін адам ілуде біреу екенін жасырып қайтеміз?

Әнұран атлеттерге ғана керек пе?

Өткен жылы ақтөбелік әріптестеріміз әрбір жұмыс күнін Мемлекеттік Гимнге құрмет көрсетуден бастайтын ұжым туралы жазды. Қаладағы «Қайсар Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкерлері жұмысқа кірісер алдында қолдарын кеуделеріне қойып, әнұран шырқайды екен. Бұл – олардың «комиссия» келген кездегі көзбояушылығы емес, әдетке айналған күнделікті ісі. Мемлекеттік қызметкерлердің өзі құнттамай жүргенде, еңбеккерлер ұжымының бұл бастамасы мақтауға да, мақтануға да тұрарлық. Өскелең ұрпақты елжандылыққа тәрбиелеуге тиіс білім мекемелері де мемлекеттік рәміздерге жеткілікті құрмет көрсете алмай отыр. Мәселен, жуырда Ақтөбе облысындағы бірқатар мектептерді аралаған аймақ әкімі Бердібек Сапарбаев еліміздің туы мен елтаңбасы ғимараттарға дұрыс орнатылмағанын, әнұранды оқушылар қосыла шырқағанымен, мұғалімдер мен мектеп директорлары жатқа білмейтінін сынға алды. Мектептердің бірінде кірі бес батпан ту ілінсе, келесі бір білім ошағында байрағымыз қисайып, елтаңбамыз қақ ортасынан жарылып тұрғаны белгілі болды. Мемлекеттік рәміздерді пайдалану және насихаттау жөніндегі комиссия отырысында талапты сақтамаған білім ошақтарының басшыларын орындарынан тұрғызған облыс әкімі: «Бұл деген масқара?! Білім ошақтары заңды сақтамай отырғанда жеке мекемелерге не айтуға болады?! Мектепті аралап жүргенде 1 сыныптың оқушылары әнұранды бар шамасы келгенше айтып тұрғанын көрдім. Ал мұғалімдер үнсіз. Әрбір мектепте таңертеңгі сабақтар әнұранның орындалуымен басталуы керек. Кейбір мектептің басшылары 15-20 жыл бойы директор болады. 20 жыл бойы ұйықтап отырады. Менің ойымша, әнұранды мектеп директорларының өзі білмейді», – деді. Аймақ басшысының өңірде мемлекеттік рәміздерге талапқа сай құрмет көрсетілуін бақылауға алғаны құптарлық. Алайда мектеп директорларына шүйліккен Бердібек Сапарбаев әнұранды жатқа білмейтін, білсе де қосыла шырқауды өзіне лайықсыз көретін шекпенділер өз әріптестерінің арасында, яғни билік өкілдерінің ішінде де жетерлік екенін біле ме екен? Өткен аптада Парламент палаталарының бірлескен отырысы кезінде Әнұранға қосылмаған халық қалаулыларына Елбасының ескерту жасағанын көк жәшікке телмірген жалпақ жұрт түгел көрді. Ат шаптырым залға жиналған шенділердің бірлі-жарымы ауыз жыбырлатқаны болмаса, көпшілігі оң қолдарын кеуделеріне қойған күйі мұз боп қатты да қалды. Мемлекеттік Гимн қойылған бойда дауыстап тұрып қосылып, соңына дейін шырқаған Елбасы ән аяқталғанда: «Депутаттар мен үкімет мүшелерінің әнұранның сөзін біліп, әнін айтып тұрғаны жарасады, жөн болады. Үндемей тұрмай…», – деді. «Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда». Президенттің ескертуі Парламент пен Үкімет мүшелеріне ғана емес, өзін Қазақстанның азаматымын деп санайтын, бірақ мемлекеттің рәміздерін құндылық деп білмейтін тұрғындардың бәріне сабақ болар деген ойдамыз. БАҚ өкілі болғандықтан әнұранмен ашылатын ресми жиындарға жиі барамыз. Сонда байқайтынымыз, гимн қосылғанда рухтанып, қосыла шырқап кететіндер жоқтың қасы. Керісінше, әнұранның тезірек аяқталуын тосып, орнына отыра кеткісі келіп тұрғандардың көп екенін аңғармай қалу қиын. Жасырып қайтеміз, бүгінде спортшыларымыз Олимпиада тұғырына көтерілгенде ғана көк туымыз бен Мемлекеттік Гимніміздің қадірі артатындай. Елдігіміздің нышандары тек елдің намысын сыртта жүріп қорғайтын, мемлекетті жатжұрттықтарға танытатын саңлақтарға ғана қажет пе деп қаласың. Олимпиадаға үкілеп қосқан атлеттеріміз алтын медаль алса ғана әнұранды тебірене шырқап, байрағымызға тамсана қарайтынымыз жасырын емес. Тым алысқа ұзамай-ақ, өткен жексенбіде ағылшын боксшысы Келл Брукты ойсырата жеңген боксшымыз Генадий Головкин шеберлігінің өзі неге тұрады? Гена Тұманды Альбион төрінде әнұранымызды шырқатқанда, күллі Алаш бөркін аспанға атты емес пе?

Өзің құрметтемесең, өзгеден сый күтпе!

Жеңіп тұрып, жерге қараған сәттеріміз де аз емес. Қазақстандық атлеттер топ жарғанда, еліміздің Мемлекеттік Гимнінің орнына мемлекеттік рәміз мәртебесінен айрылған ескі әнұран немесе халқымызды мазақ еткен атышулы «Борат» фильмінің саундтрегі қойылған кезде қалай қызарғанымыз ұмытылған жоқ. Мысалы, 2011 жылы Париждегі әлем чемпионатында алтыннан алқа тағып, Қазақстанның мерейін үстем еткен зілтемірші Зүлфия Чиншанлоның құрметіне еліміздің бұрынғы гимні шырқалғанда миллиондаған жанкүйерлердің өрекпіген көңілі су сепкендей басылған еді. 2014 жылы Верона қаласында өткен волейболдан Қазақстан мен Голландия командалары арасындағы кездесу кезінде де ескі әнұранымыз қойылды. 2013 жылдың қаңтарындағы Ресейдің «ТХК» командасы мен қазақстандық «Сарыарқа» командасының ойынында да спортшыларымыз әлдеқашан тарихқа айналған әуенді аяғына дейін тыңдауға мәжбүр болды. Жарайды, өзге мемлекет қазақтың әнұранын шатастырып алды делік, өз еліміздегі «қателікті» қайтіп ақтап аламыз? 2014 жылдың 7 қыркүйегінде Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өткен «Алматы» және Бейбарыс командаларының кездесуінде дәл осы жағдай қайталанып, спортсүйер қауымды түгел жерге қаратты. Ал 2012 жылы Кувейтте өткен нысана көздеуден Азия біріншілігінде ескі әнұранымызға да зар болып қалдық. Бұл додада қазақ халқының көзіне шыққан сүйелдей болған америкалық «Борат» фильміндегі ән шырқалды. Спортшыларымыз тағы да кірерге тесік таппай қалды. Өткен жылы Шешенстан астанасы Грозный қаласында өткен РФ Президенті Кубогында қазақ елінің ескі әнұраны тағы шырқалды. Алайда Илья Ильин мен Александр Зайчиковтың табандылығының арқасында Шәмшінің «Менің Қазақстанымы» – бүгінгі Мемлекеттік Гимніміз қайтадан қойылды. Егер басқа спортшылар болса, жаңа әнұранды қоюды талап етпестен тұғырдан түсіп кетер ме еді? Мұндай жағдай бұған дейін бір емес, бірнеше рет болды. «Менің Қазақстаным» әнінің Мемлекеттік Әнұран болып бекітілгеніне 10 жылға жуықтаса да, халықаралық додаларда «қателіктің» тоқтамауына өзге емес, өзіміз кінәлі екенімізді мойындауға тиіспіз. Өзіміз қадіріне жете алмаған әнұранды өзгелер керек қылсын ба?! Бір кездері елдің намысын қорғап, қоржынымызға алтын салған спортшылар жеңіс тұғырына көтерілген сәтте әнұранды жатқа білмей, халықтың алдында сүйкімін жоғалта жаздаған сәттері есте. Жалпақ жұрт көз тігетін дүбірлі додаларда ұятқа қалмау үшін 2014 жылы атлеттеріміз Лондон олимпиадасының жолдамасы үшін жан алысып, жан берісіп жатқанда Парламент арнайы заң қабылдап, халықаралық жарыстарға қатысатын спортшыларымыздың бәріне Мемлекеттік Гимнді жатқа білуді міндеттеді. Талап күшейген соң салаға жауапты шенеуніктер мен бас бапкерлерге атлеттердің физикалық дайындығынан бөлек, әнұранды жаттату міндеті де жүктелді. Осы орайда, футболшыларына елдің гимнін ешқандай заңның, қаулы-қарардың талап етуінсіз-ақ жаттатқан Сербия құрамасының бұрынғы бас бапкері Синиша Михайловичтің елжандылығына еріксіз сүйсінесің. Қайсыбір жылдары елдің ұлттық құрамасы сапындағы Адем Ляич деген футболшыны гимнді қосыла шырқамағаны үшін құрама сапынан аластатты дегенді естігенде, әнұран шырқалғанда аңқиып тұратын біздің футболшылардың қылығын жаратпай жүрген талай жанкүйер «әп, бәрекелді!» десті. Шетелдік басылымдар таратқан ақпараттарға сүйенсек, Михайлович бас бапкерлік тізгінді қолға алысымен қарамағындағы футболшылардың «Тәртіп туралы келісімге» қол қоюларын талап еткен көрінеді. Әлгі келісімнің бір бөлімінде құрама сапына шақыртылған футболшылардың бәрі мемлекеттік әнұран шырқалғанда қосыла орындауы тиіс екендігі жазылған. Ал Адем Ляич Испания құрамасымен жолдастық кездесуде гимнге қосылмаған. Ляичтің мықты футболшы екенін алға тартқан әріптестері бас бапкердің жазасына наразылық білдірді. Бірақ мемлекеттік нышандарға құрметті бәрінен биік қоятын Синиша мырза алған бетінен қайтпады, талапты орындамаған кез келген футболшыны сондай жаза күтіп тұрғанын айтты.

«Елім-айдан» «Менің Қазақстаныма» дейін

Михайловичтің ісі барлық бапкерге үлгі болуға тұрарлық. Бәйгеге шапқан спортшы өз мемлекетінің әнұранын жатқа білмесе, қосыла шырқауға құлық танытпаса, оның қоржынға салған медалінің құны көк тиын емес пе? Гимн мемлекеттің дыбыстық рәмізі ғана емес, әлеуметтік-саяси бірігуге және ел азаматтарын этномәдени тұтастыққа жетелейтін рухты ән. Өзін біртұтас ел, дербес мемлекет деп санайтын кез келген халық туы, елтаңбасымен бірге төл нышаны – әнұранын айрықша ардақтайды. Тіпті, жоңғар шапқыншылығы кезінде де ел басына түскен ауыр тауқыметті арқау еткен «Елім-ай» әні гимнге айналып, мұңы мен мұқтажы, тірегі мен тілегі ортақ халықты біріктірді.

Алашорданың да өз әнұраны болғанына сол уақыттан жеткен тарихи деректер арқылы көз жеткізуге болады. Алаш ұлттық территориялық автономиясы жарияланған кезде Семей – Алаш астанасы атанып, Алаш милициясы құрылғаны мәлім. Сол тұста Алаштың әнұраны да жазылған. Бір деректерде бұл гимннің авторы Жүсіпбек Аймауытов делінсе, келесі бір құжаттарда Міржақыптың аты аталады. Сәбит Мұқанов өзінің «Өмір мектебі» романында Алаштың әнұраны жөнінде: «Жиналыс биіктеу дөңнің қырқа жотасында ашылды. Жотаға Алашорда адамдары және оларға тілектестердің біразы, — барлығы екі жүзге тарта адам, — салт атқа мініп, әскерше он-оннан сапқа тұрып командирше олардың алдында Дулатов оғаш отырып «Арғы атам – ер Түрік» аталатын Алашорда гимнін әндете қосылып айтып барады...», – деп жазады. Ал Гүлнар Дулатова «Өмір өткелдері» атты естелік кітабында сөз болып отырған Алаштың әнұраны жайлы құлағымен естіп, көзімен көрген жайларды сөз еткен: «Торғайда төңкеріс қызу жүріп жатқан. Әлі есімде, тәтемдер (әкесі Міржақыпты меңзеген) елге келгенде, өлең-жыр ағылатын. Сонда Ғаббас Нұрымов бастап, қалғандар шырқай қостап, мына өлеңді айтып бара жатты: Арғы атам – ер Түрік, Біз – қазақ еліміз. Қаймығып еш жаудан, Қайтпаған бетіміз. Сай-сайлап, мал айдап, Сайраңдап, кең жайлап. Арқада ерке өскен, Сарыарқа жеріміз...» Ресей империясының құрамында болған кезде халқымыздың бірыңғай әнұраны болмады. Қазақты ұлт-азаттық көтерілістерге қарсы қайсар ерлікке рухтандырған ақындар мен жыраулардың жеке әндері ғана ауыздан-ауызға тарады. Ал Қазақ КСР-ының тұсындағы алғашқы Мемлекеттік Әнұранымыз 1943 жылы жазылды. Үздік шығармаға байқау жарияланғанда, гимн болуға лайықты ән ретінде Мұқан Төлебаев, Евгений Григорьевич Брусиловский мен Латиф Абдулхайұлы Хамидидің әуеніне жазылған Ә.Тәжібаев, Қ.Мұқамедханов пен Ғ.Мүсіреповтің мәтіні қабылданды. Кейбір деректер бойынша сол әнұран мәтінінің толыққанды авторы – Қ. Мұхамедханов, ал басқа авторлардың үлесі мәтін басындағы «ер қазақ»-тан «біз қазақ»-қа ауыстыруымен шектеледі деп көрсетілген. Біз қазақ ежелден еркіндік аңсаған, Бостандық өмір мен ар үшін қиған жан. Торлаған тұманнан жол таппай тұрғанда, Жарқырап Лениндей күн шығып, атты таң, – деп басталатын гимн 1945 жылы қабылданып, 1992 жылға дейін елдігіміздің нышаны ретінде қызмет етті. Тәуелсіздік таңы атып, еліміз егемендікке қол жеткізгеннен кейін қазақтың бірнеше ұрпағының көп ғасырлық арманы – азаттық пен зайырлылықты бейнелейтін, Қазақстан Республикасының шынайы рухы мен қуатын, мақсат-мүддесін танытатын жаңа әнұран жазу қажеттігі туды. Сөйтіп 1992 жылы республика гимнінің мәтіні мен әніне конкурс жарияланды. Комиссия іріктеуіне барлығы 750 шығарма келіп түсті. Байқауда белгілі төрт ақын: Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және ақын Жадыра Дәрібаева жазған мәтін үздік деп танылып, қабылданды. Ал әнұранның әні композиторлар Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди бірлесе жазған күйі қалдырылды. Тәуелсіз еліміздің алғашқы гимні 1992 жылдың 4 маусымында бекітілді. 14 жыл қызмет еткеннен кейін бұл ән ел тарихының құнды ескерткішіне айналып, алтын қордан орын алды. Парламенттің гимнді өзгерту туралы шешім қабылдауына халық арасында, баспасөз беттерінде «Менің Қазақстаным» әнін елдің гимніне айналдыру жөніндегі ұсыныстардың жиі қылаң беруі себеп болды. Өйткені ресми һәм бейресми жиындардың бәрінде ерекше шабытпен, жігермен шырқалатын ән исі қазақтың «тіліне жеңіл, жүрегіне жылы тиетін». «Менің Қазақстанымның» бұқаралық сипат алуының сыры да осы қасиетінде. Тіпті, 2005 жылы өткен президент сайлауы кезіндегі сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу мақсатында өткізілетін жиындардың бәрі осы әнсіз тарқамайтын. Ешкімнің нұсқауынсыз-ақ халық өзі бұл әнді әнұран қылып алды. Елдің «Менің Қазақстаным» әніне деген ықыласы билікті жаңа шешім қабылдауға итермеледі. «Менің Қазақстаным» әнін гимн ету туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Парламентке жолдаған хатында: «Еліміздің қай түкпіріне барсам да, кәрі де, жас та әнұрандық мәртебесі болмаса да, аса көрнекті композиторымыз Шәмші Қалдаяқовтың ақын Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазылған «Менің Қазақстанымды» әнұран есебінде шырқағанының талай куәсі болдым… Біріншіден, әнұранда ғасырлар бойы Тәуелсіздік үшін күрескен бабалар ерлігі көрсетілуі тиіс. Екіншіден, мәтінде сол ата-бабалардан қалған асыл мұрамыз – жеріміздің кең байтақтығы орын алуы керек. Үшіншіден, еліміз бен жеріміздің байлығы біздің ұрпақтарымыздың болашағына жарқын жол ашатыны да айқын көрініс тапқаны жөн. Ең бастысы, біздің Тәуелсіздігіміздің алтын діңгегі – ел бірлігі баса көрсетілуі керек. Осы уақытқа дейін бейресми әнұран қызметін атқарып келген бұл әнге ресми мәртебе беретін күн жетті деп есептеймін», – деп жазған еді. Сөйтіп, 2006 жылы 6 қаңтардағы Парламент шешімімен «Менің Қазақстаным» әні Мемлекеттік Гимн болып бекітілді. Жаңа әнұран баспасөзде жарияланған күннен, 10 қаңтардан бастап күшіне енді. 11 қаңтарда, Қазақстан Республикасының Президенті болып қайта сайланған Н.Ә. Назарбаевты ұлықтау рәсімі кезінде «Менің Қазақстаным» алғаш рет мемлекеттік рәміз ретінде орындалды. Тәуелсіз Қазақ­стан­ның жаңа Әнұранының тұсаукесеріне әлемнің 70 елінен келген мәртебелі қонақтар куә болды. Содан бері 10 жыл сырғып өтті. Халықты біріктіретін ұран әнді таңдауда қателеспегенімізді уақыт-сыншы дәлелдеп берді. Ол шырқалғанда бойды Қазақстан дейтін ел, қазақ дейтін халық үшін мақтаныш кернейді, егеменді мемлекеттің жарқын болашағына деген сенім нығая түседі. Қазақстандықтардың бәрін бір мүддеге жұмылдыратын рухани қазынамыздың қадірі төмендемесе екен!  

Анар ЛЕПЕСОВА