Жаңалықтар

Алма ҚҰНАНБАЕВА, Стэнфорд университетінің профессоры: Америкалықтар қазақтың киіз үйіне келіп, күйін тыңдауға құмар

ашық дереккөзі

Алма ҚҰНАНБАЕВА, Стэнфорд университетінің профессоры: Америкалықтар қазақтың киіз үйіне келіп, күйін тыңдауға құмар

АҚШ-тағы әлемге әйгілі Стэнфорд университетінің профессоры Алма Құнанбаева көп жыл бойы америкалық студенттерге қазақ мәдениеті туралы лекция оқыған. Сонымен қатар ол Беркли қаласында Орта Азия елдерінің мәдениеті мен тарихын насихаттауға арналған Silk Road House орталығын құруға себепші болған. Қазір аталған орталықтың президенті болып жұмыс істейтін Алма Бектұрсынқызымен хабарласып, сұхбаттасқан едік. Біздің анықтама: Алма Бектұрсынқызы Құнанбаева Туған жылы: 1949 Оқу орны: Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерва­ториясы, П.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консер­ва­ториясы, Санкт-Петербург Театр, музыка  және кинематография институты Марапаты: Өз мәдениетін өзге елде насихаттағаны үшін берілетін «Ellis Island Medal of Honor» медалі Қызметі: Стэнфорд университетінің профессоры, Silk Road House орталығының президенті – Қазақстанда 2018 жылдан бастап шіл­­денің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып белгіленді. Десек те, сіздер Америкада одан бұрын Ұлттық дом­быра жылын бекітіп, бір жыл бойы осы аспапты меңгеремін деушілерге тегін курс өткізіпсіздер... – Иә, бір жыл бойы домбыра жылын той­ладық. Негізі, бұған америкалықтар себепші бол­ды. Орталыққа келгенде домбыраның үнін естіп, елітіп қоя берген олар осы аспапта ойнауды үйретуімізді өтінді. Сөйтіп, арнайы тапсырыспен әзірлетіп, Ақтаудан 10 домбыра алдырттық. Есеп беру концертінде сахнаға америкалықтарды шығарып, күй тартқыздық. Жал­пы, америкалықтар Құрманғазы баба­мыздың «Адай» күйін ерекше ұйып тыңдайды. Қазақ өнерпаздарының өзіне тарту қиынға соғатын сол «Адайды» америкалықтар мүдір­мей орындап шықты. Сосын күйді үйретудің оңай екенін біліп, балаларға үйретуді қолға алдық. Негізі, осы жерде жеке оркестр құрсақ па деген бір ойым болған. Әттең, жастардың қолы тие бермейді. Бос уақытында орталыққа келетін олар оқу, одан қалды жұмыс деп жү­гіріп, мәдени шараларға қатыса алмай қа­лады. Осы 12 жыл ішінде түсінгенім, амери­ка­лық­тардың үлкені болсын, кішісі болсын біздің өнерді өте жоғары бағалайды. Әсіресе, Димаш­тың жаңа әнін ести сала, бізге келіп, мағы­насын, аудармасын сұрастырып жатады. Со­ны­мен қатар біздің сахнада бірнеше рет өнер көрсеткен «Тұран» этно-фольклорлық ан­самб­лінің өнерін ерекше бағалайды. Айтыс­тарды тыңдатсақ, рэпке теңеп, суырып сал­малық өнерді еркін меңгерген ақындардың өнерін көріп, басын шайқайды. Күй тартысты тамашалағанда, тіпті орындарынан түрегеліп, қошемет көрсетеді. Егде тартқанға дейін дом­быраның құлағында ойнаған Дина Нұрпейіс­қызы туралы видеоматериалдарды көргенде, талқыға салып, таңғалыстарын жасырмайды. – Көшпенділер мәдениеті әлі толық зерт­телмегенін, шетелдіктердің бұл тура­лы көп білгісі келетінін айтып қалдыңыз. Өзіңіз секілді сыртта жүріп,  көшпенділер мәдениетін насихаттап жүрген өзге мамандар бар ма? – Көшпенділер туралы зерттеулер енді қол­ға алынып жатыр, тиісінше көшпенділер фи­лософияның парадигмасы өзгеріп жатыр. Қа­зір Кеңес уақытындағы түсініктердің «кісе­ні­нен» босап жатырмыз. Дегенмен, арамызда өз мәдениетіміз туралы зерттеулерді қайта қо­­парғанда мұның бекершілік екенін айтып, артта қалушылық екенін алға тартатындар да бар. Біздің мәдениетті бәсі биік, ертеңгі күннің мәдениеті деп білемін. Көшпенді деген сөзді жағымсыз сипатта түсінбеген жөн. Оты­рықшы мәдениет – ең көне мәдениет, сол ор­тадан шыққан қазақтар өркендеп, бірте-бірте көшпенді өмір салтын ұстана бастады. Көшпенділік деген бір жерден екінші жерге көшу емес, ол – ерекше мәдениет үлгісі. Бірақ біз мұның өзіндік ерекшелігі туралы көп мәлімет біле бермейміз. Жоғарыда айтып өткен Вашингтондағы фестиваль кезінде көп адам киіз үйге кіріп көргісі келді. Бірақ ішіне адам сыймайтын болған соң, бір күні тек балаларды кіргіземіз деп шештік. Сол күні бір әйел баласының сырқаттанып жүргенін айтып, бірге кіруін өтінді. Біраздан соң, әлгі әйел киіз үйден жылап шығып, маған қарай бет­теп келе жатыр. Бірдеңе болып қалған екен деп, зәре-құтым қашып, қасына жүгіріп бар­сам, «Жүріңізші, мынаны көріңізші!» деп ішке кіргізді. Киіз үйге кірсек, әлгі бала керегенің қасында ұйықтап жатыр екен. Сосын анасы «Менің балам аутизммен ауырады. Ол у-шуды естісе, мазасы қашып, жүйкесі сыр беретін. Ал балаларға лықа толы мына үйлеріңіздің ішін­де пырылдап ұйықтап жатыр. Бұл ғажап нәр­се!» дейді. Бала оянған соң, сол жердегі бір топ ғалымдардан мұның себебін сұрастырдық. Сол фестивальді тамашалауға келген бір мық­ты дәрігер киіз үйдің ішінде дыбыс қабырғаға со­ғылып, жаңғырық болып шықпайтынын айтты. Сол себептен де жүйке ауруларына шал­дыққан адамдар киіз үйдің ішінде релак­сацияда болады екен. Мұны өтірік дейін десек, әлгі баланың жағдайын өз көзіммен көрдім. Осы секілді біз білмейтін заттар өте көп, әлі де зерттей түсу қажет. – Естуімше, америкалықтар асырап алған қазақ балалар да сізбен тығыз қа­рым-қатынаста жұмыс істейді екен. Олар­ды өзіңіз іздеп жүріп тауып ал­дыңыз ба, әлде сіздің орталық туралы ес­тіп-білген ата-аналары өздері ертіп кел­ді ме? – Ата-аналары өздері ертіп келді. Шы­ным­ды айтсам, орталық ашылғанға дейін елден асырап алған балалар туралы естімеп­пін. Біздің орталыққа келген бір топ ата-ана­ның «Оңтүстік Кореядан, Қытайдан асырап алған балалар өскен соң, асырап алған ата-ана­ларына «Біздің кішкене кезімізді пайда­ланып, өз ортамыздан жұлып алып, мәдение­тімізден, тамырымыздан ажыраттыңдар» деп кінә тағады. Балаларымыз өскенде бізді дәл осылай кінәламас үшін оларды осы бастан өз мәдениетімен таныстырғымыз келеді. Бірақ біз бұл мәдениет туралы ештеңе білмейміз. Қандай көмек көрсете аласыздар?» деп көмек сұрағаны бар. Сол себепті оларды жаз сайын арнайы жасақталған лагерьге шақырып, сол жерде көп нәрсені талқылаймыз. Сонымен қатар оларды балалармен бірге біздің орта­лықта өтетін іс-шараларға жиі қатыстырамыз. Өткенде концерт сайын скрипкада небір керемет туындыларды орындап жүрген Мадина есімді қызымыз «Скрипкада қазақша қандай әуенді орындауға болады?» деп сұрай­ды. Оның бұл ниетіне риза болған біз өзі­міздің музыканттардан көмек сұрап, бірнеше туынды тауып бердік. Айта кетерлігі, олар бауырсақты жақсы көреді. Олардың келетінін біліп, бауырсақты молынан пісіріп қойсам да, соңында жетпей қалады, себебі барлығы таласып жейді. Америкалықтар донатс деп аталатын білезік пішінді бәліштерді сүйіп жейді, ал мына балалар бауырсақтың дәмі сол донатстан әлдеқайда өзгеше екенін айтады. Кейде «Бүгін бізге келесіңдер ме?» деп хабар­лассам, «Дастарқанда бауырсақ бола ма?» дейді (күліп). Қымыз, қазы туралы естіп алған олар «Қымыз, қазы қашан әкелесіз?» деп сұрайды. Елден кім, қашан әкеледі деп күтіп жүргенше, осы жерде әзірлеп берейін десең, Америкада жылқы союға рұқсат етілмейді. Дегенмен көрші штатта тұратын үндістердің салт-дәстүрін ескерген жергілікті әкімшілік оларға жылқы бағып, оны сойып алуға рұқсат берген. Осында тұратын қазақтар жылқының етін сол үндістерден түнде келіп, алып кетеді. Ал Наурыз мерекесінде көжеге қосу немесе ет асу үшін сүрлеп сақтаған және елден әкелген қазыларды саламыз.