Алма ҚҰНАНБАЕВА, Стэнфорд университетінің профессоры: Америкалықтар қазақтың киіз үйіне келіп, күйін тыңдауға құмар

Алма ҚҰНАНБАЕВА, Стэнфорд университетінің профессоры: Америкалықтар қазақтың киіз үйіне келіп, күйін тыңдауға құмар

Алма ҚҰНАНБАЕВА, Стэнфорд университетінің профессоры: Америкалықтар қазақтың киіз үйіне келіп, күйін тыңдауға құмар
ашық дереккөзі
АҚШ-тағы әлемге әйгілі Стэнфорд университетінің профессоры Алма Құнанбаева көп жыл бойы америкалық студенттерге қазақ мәдениеті туралы лекция оқыған. Сонымен қатар ол Беркли қаласында Орта Азия елдерінің мәдениеті мен тарихын насихаттауға арналған Silk Road House орталығын құруға себепші болған. Қазір аталған орталықтың президенті болып жұмыс істейтін Алма Бектұрсынқызымен хабарласып, сұхбаттасқан едік.
Біздің анықтама: Алма Бектұрсынқызы Құнанбаева Туған жылы: 1949 Оқу орны: Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерва­ториясы, П.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консер­ва­ториясы, Санкт-Петербург Театр, музыка  және кинематография институты Марапаты: Өз мәдениетін өзге елде насихаттағаны үшін берілетін «Ellis Island Medal of Honor» медалі Қызметі: Стэнфорд университетінің профессоры, Silk Road House орталығының президенті
 width= – Қазір сізді антрополог, та­рихшы деп атап жүргенімен, еңбек жо­лыңызды музыкатанушы ғалым ре­тін­де баста­ға­ныңызды көпшілік біле бер­мей­ді. Бүгін­де Америкада өзіңіз бас­қа­рып отырған Орта Азия елдерінің мә­де­ниетін бір ар­наға тоғыстыратын орталық – Silk Road House-ді ашу идеясын кім ұсынды? – Мәскеу консерваториясында оқып жүр­генімде, ондағы таныстарым мені көпшілікке қа­з­ақ қызы деп таныстырып, мақтай жө­не­летін. Ал бірақ қалада өсіп-өнген, орыс мек­те­бінде оқыған менен өзге ұлттар «Қазақтар қан­дай ұлт? Олар қайдан таралады? Ұлттық му­зыкасы қандай?» деп сұрай қалса, ештеңе біл­мейтін едім. Сөйтіп, оқу бітіріп, Алматыға ора­лған соң, ұлттық музыканы зерттеуге бел будым. Қазақ музыка өнерінің тарихымен таныстырған ұстазым этномузыколог Әсия Есімова фольклорлық экспедицияларға бірге алып жүрді. Ақырында жыраулық дәстүрге қы­зығушылығым ауып, Қызылордада екі жыл­дай жұмыс істедім. Кейін Санкт-Петербургтегі Театр, музыка және кинематография инс­титутының фольклор бөліміне аспирантураға түстім. Оқуды аяқтаған бойда Санкт-Пе­тер­бург этнография музейінде Орта Азия, Қазақ­стан және Кавказ елдері бөлімшесінің мең­герушісі болдым. Сосын Санкт-Петербург пе­да­­гогикалық университетінде жаңадан ашыл­ған этнография кафедрасында жұмыс істедім. Одан кейін қайта құру кезеңі басталып, елдегі саяси жағдай қатты тұрақсызданып кетті. Сол уақытта Американың Мэдисон қаласында орналасқан Висконсин-Мэдисон универ­ситетінде Орта Азия елдерінің мәдениетін, әдебиетін зерттейтін бөлімді басқаратын Юлай Шамильоглу жұмысқа шақырды. Ол кезде америкалық студенттер Қазақстанды Пәкістан, Ауғанстан сияқты мемлекет деп түсінетін. Сөйтіп, оларға Қазақстанды, қазақ мәдениетін жеке бөліп қарастыру керек еке­нін жеткізу үшін бар күшімді салдым. Кейін­нен Беркли университеті, сосын Стэнфорд университетінің оқытушылары лекция оқуға шақырды. Сөйтіп, екі бірдей беделді уни­верситетте дәріс беріп, көзге түскен соң, көп­шілік маған Орта Азия елдерінің мәдениетін бір орталыққа тоғыстыру керек деп ұсыныс айта бастады. Нәтижесінде, екі университет профессорларының көмегімен 2009 жылы Silk Road House үйін аштық. Бүгінде мен сол орталықтың президенті қызметін атқарамын. – Silk Road House туралы алғаш есті­ген­де шағын мәдени орталық шығар деп ойласам, кәдімгідей үлкен ұйым екен. Рес­ми сайтына кіріп қарағанда, ай сайын түрлі іс-шаралар ұйымдастыр­ға­нын көріп, жұмысыңыз халық ассам­блея­сы атқаратын қызметтен еш кем емес екенін байқадым. Ұжымда неше адам еңбек етеді? – Жалпы, бізде бес директор бар. Сонымен қа­тар  қасымда маған үнемі көмектесіп жүре­тін үш қазақ қызы бар, одан бөлек бір аме­ри­калық қыз жұмыс істейді. Байқа­ғаныңыздай, атқар­ған жұмысымыз орасан. Негізі, орталық тура­лы естіп-білген көптеген ұлт өкілдері өз­дері бізді іздеп келеді. Оларға лекция өткі­зе­міз, концерт ұйымдастырамыз, кино көрсе­те­міз. Наурыз мейрамы сайын мерекелік кон­церт­ке Қазақстаннан бір күйші немесе бір жырау шақыртамыз. Олар келген кезде туындыларын CD дискіге жазып аламыз. Мы­салы, Сыр сүлейлерінің жалғасы Бидас Рүс­тембековтің жырын, Эльмира Жаңабергенова­ның орындауындағы бірнеше термені жаз­дырттық. Сондай-ақ жалпы саны 33 тер­мені ағылшын тіліне аудардық. Жалпы, 12 жылдың ішінде көп қор жиналды. Қазақстандағы білім ордалары оқу құралы ретінде пайдалансын деген мақсатпен екі апта бұрын 1 700 дана кітап пен 5 000  CD дискіні елге салып жібер­дік. Биыл пандемиядан бөлек, Калифорния штаты үшін қиын жыл болды, өрт шарпыды, жер сілкінді. Сол үшін жеткізу қиынға соқса да, кейінге қалдырмайын деп шештім. Ор­та­лыққа Орта Азия елдері өкілдерінен бөлек, америкалықтар, әсіресе зейнет жасындағы про­фессорлар жиі келеді. Сонымен қатар Ор­та Азияға саяхат жасап қайтқандар сол ай­мақтың тарихын, мәдениетін сұрай келеді. Мұ­нымен қоса, біз Америкада өтетін түрлі фестивальға қатысамыз. Бірнеше жыл бұрын Ва­шингтонда бір аптаға жалғасқан үлкен фес­тивальға қатысу үшін Қазақстаннан 18 өнер­пазды алдырып, көшпенділер мәдениетін көр­сетіп қайттық. Елден екі киіз үй сатып әке­ліп, оны күн сайын тігіп, қайта бұзып, әлек­ке түскеніміз бар (күліп). Оның үстіне киіз үйді екінің бірі тіге алмайды екен. Кітап­та киіз үйді жарты сағаттың ішінде екі әйел лезде тігіп тастай алады деп жазылады ғой. Шындап келгенде, бұл біз ойлағандай оңай іс емес екен. Тағы бір қызық айтайын, сол фес­тивальға Қазақстаннан екі түйе алдыртуымыз керек деп байбалам салдық (күліп). Сол уа­қытта аталған аймақта эпидемия өршіп тұр­ған болатын. Сұрастырсақ, Қазақстаннан әке­лінетін түйелер бір айға карантинге жі­беріледі екен, ал бізде уақыт аз болды. Сөйтіп, күл­лі Америкадан түйе іздеп, әуре-сарсаңға түс­тік. Ақырында түйе асырайтын аме­ри­калық­ты тауып, Вашингтонға екі түйесін тиеп келуін өтіндік. Біздің жігіттер әлгі түйелердің ті­лін таба алмай, қызыққа «баттық». Сөйтсек, Американың түйелері қазақтардың түйені көс-көс деп шақыратын тілін түсінбейді екен. Содан не керек, жыққан киіз үйді түйеге тиеп, Ва­шингтон төрінде әндетіп, қиқулатып, кө­шені «басымызға» көтеріп, керуен көшін көр­сетіп қайтқанбыз.  width= – Қазақстанда 2018 жылдан бастап шіл­­денің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып белгіленді. Десек те, сіздер Америкада одан бұрын Ұлттық дом­быра жылын бекітіп, бір жыл бойы осы аспапты меңгеремін деушілерге тегін курс өткізіпсіздер... – Иә, бір жыл бойы домбыра жылын той­ладық. Негізі, бұған америкалықтар себепші бол­ды. Орталыққа келгенде домбыраның үнін естіп, елітіп қоя берген олар осы аспапта ойнауды үйретуімізді өтінді. Сөйтіп, арнайы тапсырыспен әзірлетіп, Ақтаудан 10 домбыра алдырттық. Есеп беру концертінде сахнаға америкалықтарды шығарып, күй тартқыздық. Жал­пы, америкалықтар Құрманғазы баба­мыздың «Адай» күйін ерекше ұйып тыңдайды. Қазақ өнерпаздарының өзіне тарту қиынға соғатын сол «Адайды» америкалықтар мүдір­мей орындап шықты. Сосын күйді үйретудің оңай екенін біліп, балаларға үйретуді қолға алдық. Негізі, осы жерде жеке оркестр құрсақ па деген бір ойым болған. Әттең, жастардың қолы тие бермейді. Бос уақытында орталыққа келетін олар оқу, одан қалды жұмыс деп жү­гіріп, мәдени шараларға қатыса алмай қа­лады. Осы 12 жыл ішінде түсінгенім, амери­ка­лық­тардың үлкені болсын, кішісі болсын біздің өнерді өте жоғары бағалайды. Әсіресе, Димаш­тың жаңа әнін ести сала, бізге келіп, мағы­насын, аудармасын сұрастырып жатады. Со­ны­мен қатар біздің сахнада бірнеше рет өнер көрсеткен «Тұран» этно-фольклорлық ан­самб­лінің өнерін ерекше бағалайды. Айтыс­тарды тыңдатсақ, рэпке теңеп, суырып сал­малық өнерді еркін меңгерген ақындардың өнерін көріп, басын шайқайды. Күй тартысты тамашалағанда, тіпті орындарынан түрегеліп, қошемет көрсетеді. Егде тартқанға дейін дом­быраның құлағында ойнаған Дина Нұрпейіс­қызы туралы видеоматериалдарды көргенде, талқыға салып, таңғалыстарын жасырмайды.  width= – Әлемдегі ең беделді оқу орын­да­ры­ның бірі – Стэнфорд университетіндегі оқы­тушылық қызметіңіз туралы әңгіме өр­бітсек. Аталған университетте ІТ, биз­нес жүргізу, мемлекеттік басқару бойын­ша алдыңғы қатарлы мамандар даяр­лай­ты­ны белгілі. Осындай сұранысқа ие ма­ман­дықтарды игеріп жүрген Стэнфорд сту­денттерін қазақ мәдениетінің қай кезеңі қызықтырады екен? – Стэнфорд университетінде оқитын сту­денттер алдын ала дайындық курстарын оқып, көп нәрседен хабардар болатынын біле­сіздер. Бірақ олар Орта Азия елдерінің мә­дениеті туралы бұрын-соңды естімеген. Айта кетерлік жайт, Стэнфорд универси­те­тін­дегі басшылық маған сабақта мына тақырып туралы дәріс оқы, ана тақырыпты талқыға сал деп еш айтпаған. Әдетте, бізде оқу жоспарын алдын ала министрлікпен бекітіп, нақтылап алады ғой. Менде ондай болмады, студенттерге не айтып, не жеткізгім келеді, өзім білетінмін. Оларға дәріс оқумен қатар, қазақтың кино­ла­рын көрсетемін. «Қыз Жібек» фильмін көрме­ген студентім жоқ. Одан бөлек, кейінгі буын режиссерлер түсірген киноларды да көрсеттім. Осылайша, студенттерімнің арасында Қа­зақ­станға асқан қызығушылық танытып, біз­дің ел туралы зерттеу жүргізгісі келеті­н­дердің қа­тары көбейді. Студенттерімнің көпшілігі ме­нің сабағымда көп мәліметке қанық болған соң, Қазақстанға саяхат жасайды. Тіпті, бір сту­дентім Қазақстанға барып, сонда қалып қойды. Осында орыс мәдени орталығындағы әріптестерім «Сіз америкалықтарды Қазақ­стан­­ға жіберіп, қазақ қылып жатырсыз» деп қал­жыңдайды. Студенттер кинодан бөлек, қа­зақтың салт-дәстүрі, ұлттық тағамдары жайын­да білгісі келеді. Жалпы, көшпенділер мә­дениетінің, оның ішінде қазақтардың дәс­түрлі мәдениеті әлі толық зерттелмеген. Сту­денттерімді сол туралы мәлімет қызықтырды. Со­сын мұндағы дінтану факультетінде оқи­тындар исламның қазақ жеріне таралуы ту­ралы көп білгісі келеді. Көп адам «қазақтар ша­ла мұсылман болды» деген пікірді алға тартатындықтан, олар осы жайында толыққанды мәлімет алғысы келеді. Сосын олар қазақтардың  Кеңес Одағы кезінде бастан кешкен қиын­шылықтарын жиі сұрайды. Қазір уни­верситеттегі жұмысым тоқтап тұр. Көш­пен­ділер мәдениеті туралы сабақ негізгі пән емес, таңдау сабағы болған соң студенттер өздері жа­зылатын. Қазір пандемияға байланысты оқу жүйесі де өзгерді. Жағдай түзеліп, қайта дәріс оқуға шақырған күннің өзінде де бар кү­шімді Silk Road House-ге салайын деп тұр­мын. Өйткені ешқандай іс-шара өткізуге рұқ­сат етілмейтіндіктен, орталықтың жұмысы тоқ­тап қалмасын деп әртүрлі жолдар қарас­тырып жатырмын.  width= – Көшпенділер мәдениеті әлі толық зерт­телмегенін, шетелдіктердің бұл тура­лы көп білгісі келетінін айтып қалдыңыз. Өзіңіз секілді сыртта жүріп,  көшпенділер мәдениетін насихаттап жүрген өзге мамандар бар ма? – Көшпенділер туралы зерттеулер енді қол­ға алынып жатыр, тиісінше көшпенділер фи­лософияның парадигмасы өзгеріп жатыр. Қа­зір Кеңес уақытындағы түсініктердің «кісе­ні­нен» босап жатырмыз. Дегенмен, арамызда өз мәдениетіміз туралы зерттеулерді қайта қо­­парғанда мұның бекершілік екенін айтып, артта қалушылық екенін алға тартатындар да бар. Біздің мәдениетті бәсі биік, ертеңгі күннің мәдениеті деп білемін. Көшпенді деген сөзді жағымсыз сипатта түсінбеген жөн. Оты­рықшы мәдениет – ең көне мәдениет, сол ор­тадан шыққан қазақтар өркендеп, бірте-бірте көшпенді өмір салтын ұстана бастады. Көшпенділік деген бір жерден екінші жерге көшу емес, ол – ерекше мәдениет үлгісі. Бірақ біз мұның өзіндік ерекшелігі туралы көп мәлімет біле бермейміз. Жоғарыда айтып өткен Вашингтондағы фестиваль кезінде көп адам киіз үйге кіріп көргісі келді. Бірақ ішіне адам сыймайтын болған соң, бір күні тек балаларды кіргіземіз деп шештік. Сол күні бір әйел баласының сырқаттанып жүргенін айтып, бірге кіруін өтінді. Біраздан соң, әлгі әйел киіз үйден жылап шығып, маған қарай бет­теп келе жатыр. Бірдеңе болып қалған екен деп, зәре-құтым қашып, қасына жүгіріп бар­сам, «Жүріңізші, мынаны көріңізші!» деп ішке кіргізді. Киіз үйге кірсек, әлгі бала керегенің қасында ұйықтап жатыр екен. Сосын анасы «Менің балам аутизммен ауырады. Ол у-шуды естісе, мазасы қашып, жүйкесі сыр беретін. Ал балаларға лықа толы мына үйлеріңіздің ішін­де пырылдап ұйықтап жатыр. Бұл ғажап нәр­се!» дейді. Бала оянған соң, сол жердегі бір топ ғалымдардан мұның себебін сұрастырдық. Сол фестивальді тамашалауға келген бір мық­ты дәрігер киіз үйдің ішінде дыбыс қабырғаға со­ғылып, жаңғырық болып шықпайтынын айтты. Сол себептен де жүйке ауруларына шал­дыққан адамдар киіз үйдің ішінде релак­сацияда болады екен. Мұны өтірік дейін десек, әлгі баланың жағдайын өз көзіммен көрдім. Осы секілді біз білмейтін заттар өте көп, әлі де зерттей түсу қажет. – Естуімше, америкалықтар асырап алған қазақ балалар да сізбен тығыз қа­рым-қатынаста жұмыс істейді екен. Олар­ды өзіңіз іздеп жүріп тауып ал­дыңыз ба, әлде сіздің орталық туралы ес­тіп-білген ата-аналары өздері ертіп кел­ді ме? – Ата-аналары өздері ертіп келді. Шы­ным­ды айтсам, орталық ашылғанға дейін елден асырап алған балалар туралы естімеп­пін. Біздің орталыққа келген бір топ ата-ана­ның «Оңтүстік Кореядан, Қытайдан асырап алған балалар өскен соң, асырап алған ата-ана­ларына «Біздің кішкене кезімізді пайда­ланып, өз ортамыздан жұлып алып, мәдение­тімізден, тамырымыздан ажыраттыңдар» деп кінә тағады. Балаларымыз өскенде бізді дәл осылай кінәламас үшін оларды осы бастан өз мәдениетімен таныстырғымыз келеді. Бірақ біз бұл мәдениет туралы ештеңе білмейміз. Қандай көмек көрсете аласыздар?» деп көмек сұрағаны бар. Сол себепті оларды жаз сайын арнайы жасақталған лагерьге шақырып, сол жерде көп нәрсені талқылаймыз. Сонымен қатар оларды балалармен бірге біздің орта­лықта өтетін іс-шараларға жиі қатыстырамыз. Өткенде концерт сайын скрипкада небір керемет туындыларды орындап жүрген Мадина есімді қызымыз «Скрипкада қазақша қандай әуенді орындауға болады?» деп сұрай­ды. Оның бұл ниетіне риза болған біз өзі­міздің музыканттардан көмек сұрап, бірнеше туынды тауып бердік. Айта кетерлігі, олар бауырсақты жақсы көреді. Олардың келетінін біліп, бауырсақты молынан пісіріп қойсам да, соңында жетпей қалады, себебі барлығы таласып жейді. Америкалықтар донатс деп аталатын білезік пішінді бәліштерді сүйіп жейді, ал мына балалар бауырсақтың дәмі сол донатстан әлдеқайда өзгеше екенін айтады. Кейде «Бүгін бізге келесіңдер ме?» деп хабар­лассам, «Дастарқанда бауырсақ бола ма?» дейді (күліп). Қымыз, қазы туралы естіп алған олар «Қымыз, қазы қашан әкелесіз?» деп сұрайды. Елден кім, қашан әкеледі деп күтіп жүргенше, осы жерде әзірлеп берейін десең, Америкада жылқы союға рұқсат етілмейді. Дегенмен көрші штатта тұратын үндістердің салт-дәстүрін ескерген жергілікті әкімшілік оларға жылқы бағып, оны сойып алуға рұқсат берген. Осында тұратын қазақтар жылқының етін сол үндістерден түнде келіп, алып кетеді. Ал Наурыз мерекесінде көжеге қосу немесе ет асу үшін сүрлеп сақтаған және елден әкелген қазыларды саламыз.  width= – Әңгіме басында қазақ жастарының елден көшуіне алаңдайтыныңызды ай­тып қалдыңыз... – Жастардың шетелге шығып, ел кезіп, жер көргені дұрыс. Алайда, таяқтың екі ұшы бар деген секілді, мұның да кереғар тұсы бар. Олар қандай ауыр жолға түскендерін байы­бына барып түсінбейді. Жас болған соң, олар­ға барлығы қызық, барлығы тартымды көрі­неді. Таныстарымның Google, Amazon ком­панияларында жұмыс істейтін қазақ балалары бер­ген тапсырманы жоғары деңгейде оры­н­дайды, алғыр, ерекше мәдениет өкілдері деп айтқанын жиі естимін. Қазақ балаларды асырап алған ата-аналар да олардың оқуға құмар, қағілез екенін айтады. Бәлкім, өзім қазақ болған соң маған солай айтатын шығар. Дегенмен қазақ «Үйден қырық қадам шыққан адам мүсәпір» дейді. Адам баласының туған же­рін сүюі –  табиғи заңдылық! Мені алаңда­татын жағдай – мұнда балаларға қазақ тілінде оқуға мүмкіндік жоқ, сәйкесінше балалар ана тілін ұмытып қалады. Қазір қазақша сөйлей алмаса да, түсінетін балаларды кездестірсек, соған риза болатын жағдайға жеттік. Ана тілден ажырап қалуға болмайды, ана тілін ұмытқан адам мәдениетінен қол үзіп қалады. Шетелдегі жұмыс бізде де бар, елдегі оқу сапасы шетелдік жүйеден кем түспейді. Қазақстанда да әлем университеттеріне тең білім ордалары жетерлік. Алматы мен Нұр-Сұлтандағы ірі университеттерді айтпағанда, Түркістан қаласындағы университеттің ерекшелігі туралы көп естиміз. Сол универ­ситетті бітіріп келген балалар ағылшын, түрік тілін жетік біліп қана қоймай, қазақ мәдениеті туралы көп мәліметтен хабардар. Ал шетелге келіп, шынығамын, тәжірибе жинақтаймын деген қазақ ең болмаса жүрген жерінде қазақ тілінде сөйлеп, қазақ екенін айқындайтын құндылықтарды ұмытпаса екен деймін. Өзге елде жүріп, өз ұлтымның мәдениетін насихат­тағаным үшін «Ellis Island Medal of Honor» медалімен марапатталдым. Америкада қазақ мәдениеті туралы көптеген жыл бойы тынбастан наси­хаттап жүрген жалғыз мен шығармын. Десек те, сыртта жүріп, қазақ халқын әлемге таныту үшін қыруар жұмыс істедім деп  мақтан­баймын. Тек еңбегім зая кетпесін деймін. Хал­қы­мыз «Маңдайыңа жазылғаннан аспай­сың, пешенеңе не бұйырса соны көресің» дейді. Менің маңдайыма жазылғаны осы – шетелде қазақ мәдениетін насихаттау болса керек.

Сұхбаттасқан

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ